Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
Үмітхан Мұңалбаева: Кітапхананы бағзы заманда «Даналық үйі» деп атаған

Блогтар

13.07.2021
5645

Үмітхан Мұңалбаева: Кітапхананы бағзы заманда «Даналық үйі» деп атаған

2021 жылдың  бірінші  жартыжылдығындағы жұмысын қорытындылау мақсатында Ұлттық академиялық кітапханада арнайы брифинг өткізілді. Жиынның ашылуында кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева былай деді:

-Біз бүгін бас шаһардағы руханият ордасы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының жартыжылдық жұмысын қорытындылайтын боламыз. Өздеріңізге белгілі, Ұлттық академиялық кітапхана қаншама жылдардан елдің мәдениеті мен әдебиетінің ошағы болып келеді. Біздің қасиетті орда тек қана рухани-мәдени жұмыстармен ғана шектелмей, халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, келісімді нығайтуға қызмет етіп келеді. Сол себептен, қай заманда болсын кітап пен кітапхананың орны да, жөні бөлек. Барлық атқарылатын іс – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосылған үлес. Бұл – «кітапханашы» деген маманның Отанымыздың дамуына қосқан тамшыдай үлесі ғана. Кітпахананы бағзы замандарда «даналық үйі» деп атаған. Сондықтан, ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан, оқырмандардың қажеті мен сұранысын орындаған алып қазына мәдени ошақтың бірі – Ұлттық академиялық кітапхана болып саналады.

 

Ұлттық академиялық кітапханаға жыл сайын елу мыңнан аса оқырмандар тіркеледі. Келушілер саны орта есеппен алғанда алты жүз мыңнан асады. Кітап қорының саны – 1,5 милиионнан асады.

 

2021 жыл-мерейтойлар мен тарихи даталарға толы жыл. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуы, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевқа 90 жыл және тағы басқа қазақ халқының көптеген тұлғаларының мерейтойлары болып табылады. Осы бағытта көптеген іс-шаралар онлайн және офлайн режимінде ұйымдастырылып тұрады. Кітапхананың бірінші жартыжылдығында жылдың маңызды оқиғаларын көрсететін бес жүзге жуық бұқаралық іс-шаралар өткізілді.

 

2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялау кітапхана қоғамдастығы үшін маңызды оқиға болды. Осы жоба аясында Ұлттық академиялық кітапханада бірқатар халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, әлемнің 50 елінен қатысқан кітапханашылар мен балалар жазушыларының кездесулері өтті. Балалар оқуы мәселелерін шешу жолдарын ұсынатын мастер-класстар мен тренингтер, сондай-ақ, балалар әдебиеті дамыту бойынша түрлі форматтағы бес мыңнан аса іс-шара өткізілді.

 

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдаланушылар саны – 19841 болса,  кітап беру – 1 527 496-ны құрады. Негізгі бақылау көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Әсіресе электронды және қашықтан кітапхана пайдаланушыларының онлайн режиміндегі қызметтерге деген сұранысы артып отыр.

 

Ашаршылықтың 100 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада қазақ тарихындағы сұрапыл ақтаңдақ жайлы «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: АШАРШЫЛЫҚ зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстелді Парламент Сенаты, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастырды. Кітапхана аталмыш дөңгелек үстел аясында «ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛЫ АПАТ» кең көлемді ақпараттық-кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме 7 бөлімнен тұрды. Көрмеге ашаршылық тақырыбын зертеген, әдебиетте көркемдеген, публицистикалық мақалар арқылы мерзімдік басылымдарда мәселелер көтерген авторлардың шығармаларынан 250 құжаттар қойылды. Көрмені дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері тамашалап, пікірлерін ортаға салды. Көрмеге тарихи құжаттармен қатар сирек кітаптар да қойылды.

 

«БалаTIME» кітап фестивалі Қазақстандағы «2021- Балалар әдебиеті жылы» аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «БалаTIME» кітап фестивалі өтті. Фестиваль аясында кешенді шаралар ұйымдастырылды: фейсбук, инстаграм әлеуметтік парақшаларында «Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық онлайн-челленджі белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер, оқырмандардың қатысуымен өтті. Балалар әдебиетінің кітаптар көрме-жәрмеңкесі күні бойы ұйымдастырылып, оған Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, Рустем Сауытбай, Акпар Разия, Ирина Әкімжанова сынды т.б. көптеген жекелеген балалар авторларымен қатар, «Самға», «Мұқаба», Steppe&World», «BRK press», «Фолиант» баспалардың өнімдері де көрмеге қойылып, сол жерде авторлармен «Автограф party» ұйымдастырылды.

 

Қазақстандық ақын-жазушылар – Ұлы Отан соғысына қатысушылардың күнтізбесі және майдангер-жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың библиографиялық көрсеткіші мен екі тілде күнтізбе баспадан шығарылды.

 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы 2016 жылдан бастап ТМД және әлемнің ірі кітапханаларында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» орталықтарын ашу бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда 39 орталық ашылды. Атап айтатын болсақ,  Корея, Қырғызстан, Венгрия, Түркия, Ресей, Финляндия, Армения, Малайзия, Қытай, БАӘ (Дубай қаласы), Франция, Жапония, АҚШ, Болгария, Швеция, Италия, Германия, Испания, Алтай Республикасы, Латвия, Моңғол Республикасы, Беларусь, Египет, Италия және т.б. Биыл жақын арада Сербия, Черногория, Хорватия, Босния және Герцеговина, Португалия, Оңтүстік Африка республикасы, Эстония, Молдова, Украина ұлттық кітапханаларында осындай орталықтар ашу жоспарлануда.

 

Брифингке педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының жетекшісі Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары Әлия Мамбайқызы Қожабекова, электрондық ресурстарды басқару қызметінің басшысы Саулеш Сапабекқызы Назырова, ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің басшысы Жансұлу Қалиқызы Мукатаева және т.б. кітапханашы мамандар қатысты.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: