Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЖАҢАЛЫҚТАР
Халықаралық балалар оқуының форумы өтті

Блогтар

27.11.2020
4985

Халықаралық балалар оқуының форумы өтті

25-26 қараша күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастыруымен «Кітап әлемі: балалықтан – даналыққа» атты Халықаралық балалар оқуының форумы өтті.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда кітапханалар маңызды рөл атқарады.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысында қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ екенін, Қазақстан оқушыларының әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтінін,оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін атап өткені белгілі. Бұл міндеттерге жету жолында қазақ және әлем балалар әдебиеті өкілдерінің жұмыс жасауы қажет.

 

Қазақ тілінде жазылған отандық балалар әдебиетін жетілдіру және жас жазушыларға қолдау көрсету мақсатымен ұйымдастырылатын форумда балалардың қазіргі сандық дәуірде оқу мәдениетін дамытудың тұжырымдамалық тәсілі мен оқитын ұрпақ өсірудің әдістері айқындалды. Балалар жазушыларының Халықаралық Форумында балаларды кітап оқуға ынталандыру, қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін, қазіргі заманғы балалар жазушыларын көпшілікке таныту, ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.

 

Үмітхан Мұңалбаева,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы:

- Қазіргі кезде балалар әдебиетінің проблемаларын жедел шешу – уақыт талабы болып отыр.

 

Балалардың кітапқа деген қызығушылығы бүгінгі технологиялар заманында оқудан гөрі, визуалды және аудио тыңдау жағынан қатты дамыған және осы үлгідегі жанрларға қызығушылығы басым болып келеді. Сондықтан  оқиғаларды визуалды түрде көзалдына әкеліп беретін комикс жанрындағы кітаптардың жасалуын, олардың авторлары мен иллюстраторларын қолдау арқылы осы мәселенің шешімін ұсынамыз.

 

Кітапхана – білімнің ордасы. Мұндағы балаларға арналған залдың кішкентай оқырмандары кітапты оқып қана қоймай, танымын дамытып, рухани баи түсуіне барлық жағдай жасалған. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласынан жеке Балалар кітапханасын ашу да – бүгінгі заман талабы болып отыр.

 

Бүгінгі күні сіздердің әрқайсыларыңыздың балалар әдебиетіне қосып отырған үлестеріңіз зор! Бүгінгі халықаралық деңгейде өткізіліп отырған форумда дүниежүзілік балалар әдебиетіне қатысты мәселелерді талқылап, идеяларыңызды ортаға сала келе, біздің Ұлттық академиялық кітапхана ұсынған «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» деп белгіленсін деген ұсынысымызды қолдауларыңызды сұраймын.

 

Серікбол ХАСАН, балалар ақыны, «Мұнара» газетінің бас редакторы:

 

-Бізде мүмкіндігі бар көптеген авторлар бар. Олардың кемшілігі ізденбейді, қазіргі қоғамның сұранысын, балалардың талғамын зерттемейді. Әйтпесе ел арасында жақсы шығармалар тудыра алатын жақсы авторлар бар. Доктор Сюс, Джоан Роллинг секілді авторларды біз де жасауымыз керек. Ол үшін жеке дара шаппай, команда болып жұмыс істеуіміз қажет. Ол командада автордан бөлек, қоғамның тамыршысы – әдеби агент, балалардың қызығушылығын зерттеуші – психолог, кітаптың өтіліміне тікелей жауапты маркетинг, менеджмент мамандары болуы керек. Себебі бүгінде біз мақтап жүрген шетелдік авторлардың бәрі де осылай қалыптасты. Бізге де бұл бағытты қолға алатын уақыт жетті.

 

Нұрдәулет Ақыш, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, филология

 ғылымдарының докторы

 

- Дәстүр бойынша алдымен назар аударатынымыз – әдебиетіміздің бастау көзі болып келе жатқан поэзиялық туындылар. Аса көп болмағанымен, көзді ғана емес, ұлттық суреттерді бейнелеп жеткізетін, сөйтіп көңілді де қуанта алатын жырлар кездесіп жатады.

 

Балалар поэзиясында тер төгіп жүрген кәнігі ақынның қаламынан ғана туатын жыр жолдары жалпы көркем әдебиетіміздің де олжасы. Көркемдік өлшемнің үдесінен толығымен шыға алмай жатқандықтан, талапқа сай емес, азды-көпті кібіртіктері бар жыр жолдарының кездесуі, әрине, таланттың жетіспеушілігінен немесе ізденістің аздығынан туындайды.

 

Балаларға арнап көркем туынды жазудың бір қиындығы мүмкіндігінше әдеби тіл нормаларын дұрыс ұстана білуге байланысты. Бәлкім, көркемдіктің жүйесін бұзып, ерсілі-қарсылы сөйлей беретін ересектер үшін қалам тербейтін авторларға кейде аздап кешірім болатын шығар. Ал тілі енді қалыптаса бастаған балалардың аузына теріс тіркестерді, үйлеспейтін сөздерді салып жіберсек, тілбұзарлықтың көкесі болатыны сөзсіз. Сондықтан біреулер ойлап жүргендей, балалар қаламгерлеріне артылатын жүк тіпті де жеңіл емес.

 

Маржан ЕРШУ ақын, филология ғылымдарының кандидаты

 

-Бүгінде елімізде кітапхана ісінде кітапханалық педагогика саласы да дамып келеді. Педагогикалық міндет кітапхана ісіндегі маңызды міндеттердің біріне айнала бастады.  Қазіргі заманғы кітапханашы жай кітапханашы емес, педагог-кітапханашы. Кітапханалық  әдіс-тәсілдер кітап оқуға үндеу, қызықтыру арқылы  балаларды ой-санасын  дамыту мүмкіндігін  жетілдіреді. Сондықтан да  биыл ҚР Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Балалар  кітапханасы ашылған еді. Ертегітерапия бұл күнде  еліміздің  оқу мен тәрбие саласына таныс болғанмен, кең қолданысқа енген жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған еңбектің  мән-маңызы жоғары . Ертегі терапия   туралы ұлттық тәрбиеге негізделген тұңғыш әдістемелік құрал  еліміздегі  балалар мен жасөспірімдер  кітапханаларының кітапханашыларына,  педагогикалық сала мамандары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға  арналып отыр.

 

Толқын Сұлтан

Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі

 

-Осы орайда мен өз тәжірибеммен бөліссем деймін. Өзім театрбөліміне сахна тілінен сабақ беремін. Жалпы сахна тілі сабағының басты құралы – қазақ халық ауыз әдебиеті.Қазіргі мектеп бітірген балалардың көпшілігінде қазақ әліпбиіндегі төл әріптер жоқ. Ал ол әріптерді айтызу үшін техникалық жаттығулардан бөлек жаңылтпаш айтудан бастаймыз. Сондай-ақ, мақал-мәтел, өтірік өлеңдер де баланың өз ойын жеткізіп айтуға әкеледі.Баланың әріптері, демі, үні бір қалыпқа келгенннен кейін терме-толғаулар, батырлар жыры, тарихи жырларға ауысамыз. Осы  бөлімді игергеннен кейін бұрын ауыз әдебиетіне мән бермеген баланың көңіл ұлттық құндылықтарға ауыса бастайды.

 

Сонымен қатар іс-шара барысында жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», жас ақындар мен жазушылар Алишер Рахат, Берікбол Батан, Сұлтанқожа Айжарықтардың жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті.

 

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, тарих ғылымдарының кандидаты,  Оңтүстік Корея Республикасы Мәдениет, Спорт және Туризм министрлігінің Халықаралық Орталық Азия мәдениет орталығы бөлімі директорының  орынбасары Dr. Jeon Bongsu (Сеул, Оңтүстік Корей Республикасы), жазушы, Беларусь жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Стельмах Елена Анатольевна (Минск, Беларусь), ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Славян жазбасының күніне арналған байқаудың лауреаты Дария Түкенқызы Джумагельдинова, ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, балалар жазушысы Баянғали Әлімжан,  балалар жазушысы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі  Толымбек Әбдірайым, ақын, «Балапан» телеарнасының директоры Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері Мақпал Жұмабай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлы және балалар әдебиетін зерттеуші ғалымдар, әдіскер-педагогтар, оқулық авторлары, баспагерлер, аниматорлар, Қазақстан балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының басшылары мен мамандары, журналистер, тележүргізушілер, мәдениет және білім мекемелерінің жетекшілері, кітапханашылар қатысты.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: