Жәудір мұң
Теледидарға үнсіз телміріп отырған әйелдің жанары бір нүктеге қадалған. Экранда не болып жатқанын өзі де аңғармайды. Жасы алпыстан асса да, жан дүниесінде әлі күнге дейін бүлдіршін қыз өмір сүріп жатқандай. Иә, ол әлі де сәби. Өйткені оның жүрегі ешқашан қатаймаған. Ішіндегі бала жүрек осы өмірден әлі де мейірім, махаббат, жылылық күтеді. Ол адамдардың бәрін өзіне ұқсатады. Өзі ешкімге қиянат жасамаған соң, ешкім де жамандық ойламайды деп сенеді. Тіпті ұшқан шыбынға да зиянын тигізбейтін жан еді. Өмір оны талай рет сынады. Тағдыр талай мәрте сүріндірді. Адамдар да жүрегіне ауыр сөздерін аямады. Бірақ ол ешкімге қарсы дауыс көтерген емес. Ешкімнен кек алған жоқ. Себебі оның өмірлік ұстанымы біреу ғана еді:
«Менен ешкімге зиян тимесе екен…» Көзін ашқалы естігені — ауыр сөз, көргені — мұң мен қадірсіздік. Сонда да ол жер бетінде мейірімнің сәулесі, шынайы махаббат бар екеніне сенуден танбады. Көзінен ыстық жас сырғып кетті. Ол өткен өміріне сапар шекті…
***
Жастық шағы… Өмірінің ең әдемі, ең алаңсыз, ең бақытты кезеңі. Алматыға оқуға түскен күндері көз алдынан кино лентасындай өтіп жатты.
Ол ерекше сұлу болатын. Аққұба жүзіне күннің нұры төгілгендей. Ұзын қара шашы белінен асып төгіліп тұратын. Күлген кезде екі бетінде пайда болатын шұңқыры оның сұлулығын бұрынғыдан да ажарландыра түсетін. Дауысы сондай жұмсақ еді. Тыңдай бергің келетін. Бойы ұзын, талдырмаш, қимылы нәзік. Ол баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанда айналасындағылар еріксіз бұрылып қарайтын. Жігіттер ұзақ қарап қалып, қыздар қызыға да, қызғана да қарайтын. Бірақ ол өзінің сұлу екенін ешқашан сезінбеді. Өйткені оның жүрегі адамдардың сыртқы келбетіне емес, жан сұлулығына ғашық еді. Ол бәрін әдемі көретін.
Бір күні оқу орнынан қайтып келе жатқанда алдынан сыған қызы шықты. — Қолыңды көрсетші… Болашағыңды айтып беремін, — деді.
Алтынай қолын бергісі келмеді. — Болашағымды тек Алла біледі. Айтпаңызшы, — деп алақанын тартып алды. Бірақ сыған қыз күбірлей сөйлеп үлгерді. — Сен өте бақытсыз боласың… Сұлулығың өзіңе сор болады. Өз балаң болмайды. Жалғыздықпен өмір сүресің…
Қорқып кеткен Алтынай автобусқа қарай жүгірді. Автобустың ішінде отырып алақанына қайта-қайта қарады. «Өтірік шығар… Ол қайдан білсін? Болашақты бір Алла ғана біледі…» деп өзін жұбатты.
Уақыт өте келе ол Асқар есімді жігітпен танысты. Асқар оны жан-тәнімен сүйді. Күн сайын соңынан қалмай жүретін. Жаңа жыл қарсаңында достарының үйінде көңілді кеш болады дегенде, Алтынай да сәнді көйлегін киіп барды. Бірақ сол кеш оның тағдырын өзгертті. Асқар оны алып қашты. Осылайша ол Шымкенттің келіні атанды. Әке-шешесін қимаса да, сүйген адамы үшін жаңа өмірге қадам басты.
Жылдар сырғып өте берді. Алтынай мектепте ұстаз болды. Өз ісінің нағыз маманына айналды. Барлығы оны сыйлайтын. Бірақ бір ғана арманы орындалмады. Сәби…
Дәрігерлерге қаралды.Ем қабылдады. Үміттенді. Күтті. Бірақ Алла оған ана болу бақытының басқа жолын дайындап қойған еді. Асқар кейде мұңын ішімдікпен басатын. Алтынай ешқашан ренжіген жоқ. Керісінше өзін кінәлі сезінетін.
Бір күні көшеде үсті-басы кір, қарны аш, көзі жәудіреген жеті жасар қызды көрді. — Ата-анаң қайда? — деп сұрады. — Әкем қайтыс болған… Анам жоқ… Ата-әжемнің қолында тұрамын… Олар да ауырады…
Алтынайдың жүрегі езіліп кетті. Ол қызды үйіне ертіп келді. Ыстық тамақ берді. Жаңа киім алып берді. Мектепке орналастырды. Уақыт өте келе ата-әжесі де дүниеден өтті. Қыздың барар жері қалмады. Алтынай мен Асқар оны заңды түрде асырап алды. Қыздың есімі — Айна еді. Сол күннен бастап олардың үйіне күлкі кірді. Үйге бала иісі келді. Өмірге қуаныш келді.
Жылдар тағы өте шықты. Айна бойжетіп, оқуын аяқтап, өз теңін тауып, ұзатылды. Ал Асқар… Бір күні өмірден ерте кетті. Жалғыздық тағы да Алтынайдың табалдырығын аттады. Қазір ол алпыстан асқан. Терезе алдында үнсіз отыр. Көз алдынан бүкіл ғұмыры өтіп жатыр. Кенет баяғы сыған қыздың сөзі есіне түсті. «Бақытсыз боласың..!»
Алтынай баяу ғана жымиды. — Жоқ… Сен қателестің… Мен бақытсыз болған жоқпын. Иә, мен өз құрсағымнан сәби сүймедім. Бірақ Алла маған аналық жүрек берді. Асқар мені шын сүйді. Мен де оны жан-тәніммен сүйдім. Біз бір-бірімізге махаббат сыйладық. Айна менің өмірімнің жарығына айналды. Бақыт деген тек туған баламен өлшенбейді екен. Бақыт — біреудің өміріне жарық бола білу. Бақыт — мейіріміңді жоғалтпау.
Бақыт — жүрегіңнің адам болып қалуы. Ал мен жүрегімді ешқашан жоғалтқан емеспін…
Терезенің ар жағында күздің сарғайған жапырақтары баяу ғана жерге қонып жатты. Әр жапырақ дәл бір өткен күндердің естелігіндей үнсіз сырғып түседі. Алтынай да сол үнсіздікке құлақ түріп отыр. Үй іші тым-тырыс. Баяғыда Асқардың күлкісі жаңғырып тұратын бөлмелер бүгінде мүлгіген тыныштыққа айналған. Қабырғадағы суретке көз тоқтатты. Жап-жас кездері… Асқардың иығына сүйеніп, бақыттан бал-бұл жанған өз бейнесі. Көзінен тағы бір тамшы жас үзіліп түсті.
— Сағындым… — деді сыбырлай. Осы кезде есік қоңырауы соғылды. Есікті ашса, қарсы алдында гүл құшағын көтеріп Айна тұр екен. Жанында жұбайы мен екі кішкентай немересі. — Анашым! — деп Айна құшағына ұмтылды. Алтынай бір сәтке қатып қалды. Жылдар бойы естуге зәру болған бір ауыз сөз тағы да жүрегін елжіретті.
«Анашым…» Бұл сөзді естіген сайын ол өзін әлемдегі ең бақытты жан сезінетін. Немерелерінің бірі жүгіріп келіп мойнына асылды.
— Әже, сізді сағындық! Алтынай оларды құшағына қысып, көз жасын жасыра алмады. Бұл жолғы жас мұңнан емес… Бұл жолғы жас – шүкіршіліктің жасы еді.
Кешке бәрі қайтқан соң, ол баяғы сандықтың түбінен ақ қағаз алып шықты. Ұзақ ойланып отырып, соңғы хатын жаза бастады.
«Қызым Айна! Егер бұл хатты оқып отырсаң, демек мен өмірдің ұзақ жолын аяқтаппын. Мен сенен ештеңе сұрамаймын. Тек бір ғана өтінішім бар. Жүрегіңді ешқашан қатайтпа. Өмір саған әділетсіз көрінген күндердің өзінде мейіріміңді жоғалтпа. Біреудің көз жасын сүртсең, Алла сенің де жасыңды сүртеді. Мен ана болуды көп күттім. Кейде тағдырыма өкпелеген кездерім болды. Бірақ кейін түсіндім… Алла маған сені жіберген екен. Мен сені дүниеге әкелмесем де, жүрегіммен өмірге әкелдім. Сен менің қызымсың. Ал мен сенің анаңмын. Махаббат бізді жақын етті. Адамды адам ететін де – сол махаббат. Егер бір күні мені сағынсаң… Жылама. Мені гүлден ізде. Таңғы самалдан ізде. Немерелеріңнің күлкісінен ізде. Өйткені мен сендерді сүйіп өмір сүрдім. Мен бақытсыз болған жоқпын. Керісінше… Өте бақытты өмір сүрдім. Сені сүйген анаң…»
**
Айна хатты оқып отырып, көз жасын тыя алмады. Ол анасының орындықта отырып терезеге ұзақ қарайтын сәттерінің мәнін енді ғана түсінгендей болды. Сол күні кешке Айна анасының сүйікті ақ орамалын иығына жапты. Терезені ашты. Самал жел ақырын ғана үй ішін аралап өтті. Сол сәтте жүрегіне бір жылы тыныштық орнады. Оған анасының үні естілгендей болды. «Бақыт деген – дүниеге өз балаңды әкелу ғана емес. Бақыт – біреудің тағдырын жарық ету. Біреудің жүрегіне үміт сыйлау. Мейіріміңді өміріңнің соңына дейін жоғалтпау…»
Айна аспанға қарады. Көк жүзінде күннің соңғы шапағы баяу ғана сөніп бара жатты. Бірақ дәл сол шапақтың артында жаңа таңның жарығы тұрғанын ол анық сезді. Өйткені шынайы махаббат ешқашан өлмейді. Ол жүректен жүрекке көшіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ал Алтынайдың өмірі артында қалған қызының, немерелерінің және өзінен жылулық көрген жүздеген шәкіртінің жүрегінде мәңгілікке жалғасып қала берді.
