Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
Жұмекеннің күнделігі. 3-қыркүйек

Блогтар

19.03.2019
5111

Жұмекеннің күнделігі. 3-қыркүйек

Жұмекеннің күнделігі. 3-қыркүйек

3 сентябрь

 

 

Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деуге келер ме екен) бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім.

 

Творчествоның бір ғажабы: сен бірдеңені солай етіп жасағың келгенімен, ол мақсатыңа 99 процент жағдайда жете алмайды екенсің. Ал аракідік, осыны осылай етейін деп ұмтылған мақсатың орындала қалған жағдайда – ол шығарма болмай шығады. Қ.Мырзаның трагедиясы, меніңше, сол: өз заказын өзінің мүлтіксіз орындай алуы. Мен, мәселен, бір жолды бастағанда, төртінші жолдың (ұйқастың) қалай шығатынын алдын ала біліп көрген емен. Білсем, тура жаңағы айтқанымдай, нашар жансыз шығады.
 

1960 – жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген («Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі) ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әнгіме (лер) деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын...
 

Осы күні сюжетті дүниелер жазуға (притча песенно-балладного характера) құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс (еркімнен тыс десем жұрт сенбейді) солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ, немесе почти («Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең) жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын.

 

1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет, журнал беттерінде де мол- мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұқтар мен Қадірдің бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой?

 

 

 

ҰҚСАС МАҚАЛА: Жұмекеннің күнделігі. 31-тамыз

 

 

 

Мен шыққанда («Балауса», 1961) әдебиетте Төлеген, Мұқтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым (бәлкім, бағым да шығар) қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де –қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой-бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді.


Өткенде бір жігіт (ақын) менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме-өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да (Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған) өзім болып шыға келем. Ал біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай қалады. Ғафу аударған Мақтымқұлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С. Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді (әттең, культура). Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті - Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай қойды. Қолдан келмесе – амал не.


Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек. 1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. Біз, (өзімде бармын) ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өлеңді А.Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген. Ақша тауып отырған (бәрімізде табамыз ғой, дегенмен...) менің досым Қайрат Жұмағалиев секілді. О кісі Маяковскийден де көп сындырады. Жарасқан екеуі. Бірақ ептеген мағына, ақындық күш-қуат деген секілді ұғым-түсініктерді сызып тастаса – екеуі де ешкімнен кембіз деп жүрген жоқ..


«Жалын» баспасының директоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талант ашып ек, келесі жылы олардың санын 40-50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне біздің творчестволық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді.

 

Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!

 

Ж.Нәжімеденов


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: