Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Аюдың айла-тәсілдері

Блоги

22.11.2019
4866

Аюдың айла-тәсілдері

Қазығұрттық қарияның көргені

 

Ол былай деп еді:

 

«Тау бөктерінде жалғыз үй бар еді. Анасы мен қызы ғана тұрады. Сол тұстан өтіп бара жатқанымызда анасы алдымыздан шығып: «Біздің үйді бір аю төңіректеп жүр. Түнде қорқамыз. Қаракемердегі қайныма хабар беріңдер, бізді малымызбен қоса көшіріп әкетсін. Аю әр түні бір қойдан әкетіп жүр», – деді. Мен аң-таң қалдым. Қызы мен анасын аюға қалай тастап кетуге болады, қауіпті ғой. Жанымдағыларға «Сендер бара беріңдер», – дедім де өзім қалып қойдым.

 

Әлгі үйдің бес-алты жүз қойы бар еді. Қызы мен анасы соны жайып келіп, түнде киіз үйдің алдына иіріп түнетеді. Хат танып, қызметке араласа бастаған жалғыз ұлы қалаға ауысып, елге сирек келетін болған. Бұл үйдің отағасы бір жыл бұрын дүниеден өткен. Малымыз қоңдансын деген болуы керек, анасы мен қызы елге жақынырақ көшуге асықпай отырған. Мен қалып, оларды аюдан қорғамақ болдым.

 

Қойдың сүті мен айранына ештеңе жетпейді. Ал құртаба деген тамақты бүгінде ешкім жасай алмайды. Түн қараңғылығында киіз үйдің түндігін қайырып, ұйықтамай жаттым. Қолымда мылтық. Үйдің бұрышында анасы мен қызы жатыр. Олар да ояу. Әр нәрсені еске түсіріп, ұйқы қашырып жатырмын. Ай жарық, төңірек анық көрінеді. Кенет ит үрді де айдалаға қашып кетті. Екі көзім қойда. Ар жағынан қараңдаған бір сұлба көрінді. Аю адам сияқты екі аяғымен жүріп келе жатыр екен. Қой үріккен жоқ. Аю: «щ-үү, щ-үү» деп дыбыс шығарып келеді. Атуға қорықтым. Өлуі қиын екенін білемін. Жарақат алғаннан кейін қойдың да, мына үйдің де астаң-кестеңін шығарады. Сондықтан демімді ішіме тартып, аңдып жата бердім. Аю топтанып жатқан қойды айналып жүріп өтті де еңкейіп біреуін көтеріп алды. Қой тыпыршып, сәл ақ маңырады да қойды, аюды адам деп ойлаған балар. Аю екі аяғымен жүрген бойда қолтығындағы қойымен бірге ұзай берді. Осының бәрін үй иелері де көріп жатқан екен, анасы: «Қалай екен, байқадың ба?» – деп сұрады менен. Осымен сегізінші қойын әкетіпті.

 

Таң атысымен сол аюды сыртынан аңдуға шықтым. Ізімен келемін, итті ертпедім. Тауға қарай кеткен ізі бір түкпірдегі тоғайға алып барды. Оған жақындағанда астымдағы атым секем алып, іркіле бергесін оны ағашқа байлап, ары қарай жаяу кеттім. Тоғайға желге қарсы жағынан кіріп, айналамды шола бастадым. Көп ұзамай аю көзіме түсті. Ол жабайы алманың сай жағына тас қалап отыр екен. Жасырынған жерімнен аңдып отырмын. Тасты қалап болып, өзге алманың түбіне жиналған шіріп кеткен алманы екі қолымен асап жеді. Ол алманың түбіне де тас қаланған. Жерге түскен алмалар домалап кетпей, әлгі қаланған тастың түбіне жинала береді екен. Оны көп күн шірітіп жейтінін, сөйтіп шарап ішкендей рахатқа бататынын байқадым. Шіріген алманы жеп тауысқан аю орнынан қозғалып,  қойдың жанына келді. Оны қысылып өскен екі ағаштың ортасына қыстырып қойыпты. Қанша бұлқынғанымен сытылып шыға алмайды. Аю қойды ағаш ортасынан суырып алды да тырнағымен тамағынан осып-осып жіберді. Оны алдыңғы аяғымен басып тұрып, тамағынан қан ағып болғанын күтті. Содан кейін тырнағымен терісін ірей бастады. Оның тырнағы пышақ сияқты, теріні шапшаң ірегені соншалық, қимылына көз ілеспейді. Басын ажыратқан жоқ. Бас терісі мен денесінің терісін тұтастай іреп алды. Оны түгін сыртына қаратып жалпақ тасқа керіп жатқызып қойды. Ал теріден арылған қойдың денесін қарнын жармаған күйі өзі алдын-ала дайындап қойған шұңқырға көмді. Содан кейін тасқа отырып, адам сияқты ойға шомды. Біраз отырғаннан кейін сәл әрірек барып, бұрын көмілген басқа қойдың денесін қазып алды. Әуелі қарнын жарып, ішек-бауырларын жеді, содан кейін басы мен кеудесін жеп, қалғанын қайта көмді. Қойдың сүйектерін бір жерге үйіп жинайды екен. Осыдан кейін аю тоғайдың қалың жеріне кірді. Ол жерде апаны болса керек, ұзақ уақыт шықпады. Мен күте-күте шаршап, кері қайттым.

 

Адамдармен жабылып атып алуға болатын еді. Бірақ соған дәтім шыдамады. Мен оны күн сайын аңдып шығып жүрдім. Күн сайын әлгіндей көріністі тамашалап қайтамын. Үйдің қызы да қызығып, бірінде маған ілесіп шықты. Демімізді ішімізге таптып аңдып отырмыз. Қыздың көзі оттай жанып, таң-тамаша қалды. Аю сол баяғысынша «шарап ішіп», қой сойып, ет жеп болғасын апанына бармай, бұл жолы бұлақ басына кетті. Біз де соңынан ілесіп отырдық. Ол барып бұлақтан су ішті. Содан кейін бұлаққа басын тықты, аяғын салып біраз отырды. Демалып болғасын сол маңдағы долана ағашына жақындап, екі аяғымен тік тұрған бойда оның жемісін жұлып аузына сала бастады. Тойынғанан кейін құмырсқаның илеуіне басын тақап жатты. Үңіліп, анықтап қарасақ, ол сала құлаш тілін құмырсқаның илеуінің аузына қарай шығарып ұстайды екен. Құмырсқалар оның тіліндегі долананың тәтті дәміне жиналып, қаптап кетеді. Тілі құмырсқаға толды-ау дегенде аю оны тартып қалады да құжынаған құмырсқаны жұтып жібереді. Осылайша бес алты рет құмырсқа жұтқаннан кейін ғана апанына оралып, демалуға жатты. Қасымдағы қыздың таңданысында шек болмады. Осы әңгімені көпке дейін айтып, елді таңдандырып жүргені есімде.

 

Ертеңіне туыстары келіп ол үйді көшіріп әкетті».

 


Поделиться:      
Оставить комментарий: