Арайлым Мұратәлиева: "Махаббат, сенiң атың Кiм?"

Бөлісу:

12.11.2015 4275




Арайлым Мұратәлиева

***

 

Жанымды көрдім жайып та,

Жалынымды осы сезді кiм ?

Сағыну, айтшы, айып па

Сары өлеңдердiң мезгілiн?

 

Пенделігi үшiн пенденің

Тәңірге кiнә тағам ба?

Бақыттан осы кенде кiм,

Бұлттарды жұбата алам ба?

 

Тамшыларға әлгі жасанды

Көңілдер неге көмілді?

Жүреді екенмiн қашанғы

Ұната алмай Өмірді.

 



Ғұмырға мен де ғашықпын

Қысқалығындай шашымның.

Өзiңе қарай асықтым,

Махаббат, сенiң атың Кiм?

 

Тыя алмай тұр ғой әнін бақ,

Сөздерін жазған Сары үмiт.

Күз келе жатыр адымдап,

Арайлым қызды сағынып...

 

 





***

 

Бақтардан тағын іздеп,

Қалыпты тағы Күз кеп.

Жапырақ мұңаюда,

"Жылайтын тағы Біз" деп.

 

Жұбатпас еш үмітті,

Сағаттың несі күшті?

Өмірді сүю қиын,

Не деген өкінішті...

 

Бір өлең келді гулеп,

Сырымды ел білуде.

Терезе арналмаған

Тек қана телмiруге.

 

Кінәсіз көшелердің,

Жанынан өте бердім.

Сағындым сағынышты,

Мұңымды еселер кім ?

 

Мендегі бағын іздеп,

Қалыпты тағы Күз кеп...

 

 

***

 

Тырналардың тырауында құр кеткен

Көбелектің көктемi емес бұл көктем.

Көгершіннiң көңілімен дос қылған

Секундтарға көз тастадым құрметпен.

 

Мына қала,

Мына шамдар,

Мына түн,

Ұйықтатпауға шығарған-ау,  сiрә,  үкім.

Мендiк сырға қанық едi олар да,

Мендiк мұңға ғашық әлi бiр ақын.

 

Бiр бейбақтың ала беріп мазасын,

Бiр тыңбайды,  сыртылдайды сағатым.

Батырхан да айтып едi наласын -

"Бақытсыздың бәрі - ақын".

 

Балалықтың маңдайында кекiлдi,

Қатесі көп сөйлемдер бар не түрлі.

Жылғасынан жол таба алмай жыраққа,

Бұлақтар да жылап жатқан секiлдi...

 

Ақындарға қарамайтын құрметпен,

Ақылсыздың көктемi емес бұл көктем.

Бақытсыздың барлығын да кешiрдiм,

Бақшасында аша алмаған бүр көптен.

 

Махаббаттың көктемi ғой бұл көктем...

 

 

Өлеңге өтініш

 

Мен неден қауіптенем?

Қалтырап жүргенім жоқ қайықпенен.

Шындығымды айтайын, ел сенер ме?

Ешкімнің де алдында айыпты емен.

 

Біреулер жүр аяғын басып кердең,

Қалам ұстағандарын бақыт көрген.

Мақтанышы - мыңғырған том-том кітап,

Ақын болмаушы еді ғой пасық келген.

 

Кітабы көп, жоқ бірақ оқырманы,

Шошитын да жоқ түрі, шошынбады.

Том-томдардың иесін танымайтын,

Мүмкін, мына қауымның соқыр бәрі.

 

Ниеттердiң мәлім ғой сыры бүгін,

Төге алмаған жырлар көп жылылығын.

Майда-майда қиыршық жиналып ап,

Тасаламақ таулардың ірілігiн.

 

Мен содан қауіптенем.

Мұз үстінде жасанды тайып келем.

Саясаттың шапанын сән қып алмай,

Дертiңнен сауықшы, Өлең!

Өтiнем!

 

 

Жадыраған жаздың да күйi осал тым,

 Мезгiлi өттi. Құс жүдеу, ұя салқын.

 ...Күздiң жырын жазады бiр Құдірет,

 Бiр ғажаӣып қаламмен сиясы алтын.

 

 

 Қалқаман Сарин

 

КҮЗГI МҰҢ

 

 

 Сиясы алтын қаламның сыры басқа,

 Сыры басқа ақынның мұңы басқа.

 Жүрегiмнен төр бергем күзгi мұңға,

 Жанарым да бердi ерiк жылы жасқа.

 

 Бiлемiн, мен бекерге жыламадым,

 Күнiм, оның себебiн сұрамағың.

 Көңiл-күйiм құлазып сала бердi-ау,

 Жапырақтың көргенде құлағанын.

 

 Күзiм менiң, менiмен егестiң бе?

 Жаурап тұрмын, жылытар жоқ ешкiм де.

 Мiнезiң өзгерген бе, тым суықсың,

 Жағдаӣыңды жырлауға керекпiн мен.

 

 Балапаннан обал-аӣ ұядағы,

 Аянышты екен тым күйi ананың.

 От болып жылытар ем, амал нешiк,

 Менiң де күйiм осал, ұяламын...

 

 Түсiнемiн, қала да тұр қалтырап,

 Жетiм ұлдай меӣiрiм тұрған сұрап.

 Сенiмдiмiн мен-дағы, сенiмдiмiн,

 Жағарыма бiр күнi мұңнан шырақ.

 

 Жапыраққа көмiлiп бақ тұр анау,

 Сән бергенi қалама жақсырақ-ау.

 Бiрақ, бiрақ... Күз қатал биыл неге?

 Көзден емес, жүректен жас құлады-ау...

 

 Жүрегiң тұрған шығар жара құшып,

 ...Сағыныштың суретiн салады шық.

 Күт, аяулым, самалмен өзiң жаққа

 Ұясынан торғаӣ-жыр барады ұшып...



Бөлісу:

Көп оқылғандар