Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Юй Хуа. Соқыр ішек...

10.12.2024 894

Юй Хуа. Соқыр ішек 14+

Юй Хуа. Соқыр ішек - adebiportal.kz

Әкем бұрын хирург болған, ол дауысы күндей күркіреген, өр тұлғалы адам еді. Операция үстелінде неше ондаған сағат жұмыс істесе де жүзінен қалжырағандықтың нышаны байқалмайтын. Үйге қайтқанда нығыз басқан аяқ дыбысы сонадайдан естілетін. Есік алдына таяғанда дауал түбіне барып, рақаттанып тұрып шаптыратыны бар,онысы бейнебір нөсер суындай сарылдап естілуші еді.

Әкем жиырма бес жасында тоқыма фабрикасында істейтін айдай аруды алақанына қондырыпты. Тойдың келесі жылында бір ұлды болады, ол менің ағам. Екінші жылы тағы бір ұл тауыпты, сол мен едім.

Мен сегіз жасқа толғанда қайраты тасыған сыртқы аурулар маманына бірнеше жылдық діңкелеткен жұмыстың әредігінде бір күндік демалыс бұйырды. Үйінде түске дейін рақаттанып, ол түстен кейін екі ұлын ертіп бес шақырым жол жүріп, теңіз жағасына барып үш сағаттай серуендеп, қайтарында бірін мойнына мінгізіп, енді бір баласын құшағына алып тағы да бес шақырым жол басып, үйіне қайтуға тура келген. Кешкі астан соң қарабарқын ымыртта әйелі және екі ұлымен бірге ауладағы шынар ағашының түбіне жайғасқан. Сол сәтте айдың сүт сәулесі төгіліп, жапырақтар арасынан теңбілденіп бізге түсіп тұрды. Жайлап ескен желемік жан жылытарлық еді.

Сыртқы аурулар маманы уақытша жата тұруға арнап жасалған бамбук төсекке жайғасты да, әйелі қасындағы шағын креслоға отырды.

Олардың екі ұлы, яғни, ағам екеуміз ұзыншақ орындықта иық тіресе қаздиып отырып, адамның барлығында соқыр ішек болатындығы туралы әкеміздің әңгімесін тыңдауға кірістік.

Ол әр күні жоқ дегенде жиырма шақты адамның соқыр ішегін алып тастайтынын, оған бар болғаны он бес минут кететінін, сол мезетте науқастың соқыр ішегін лып еткізіп кесіп алатынын айтты.

- Кескеннен кейін не істейсіз? - деп сұрадық.

- Кесіп алғаннан кейін бе? 

Әкем қолын бір сілтеп, кесіп алғаннан кейін лақтыра саласың.

- Не үшін лақтырасыз?

- Енді соқыр ішек түкте керегі жоқ нәрсе ғой.

Сонан соң әкеміз бізден:

- Осы өкпенің қандай рөлі бар, білесіңдер ме? - деп сұрады.

- Тыныс алу үшін - деді ағам.

- Және де? - деді әкем.

Ағам сәл ойланған соң, - дем шығаруға деді.

- Асқазан ше, оның қандай рөлі бар?

-Асқазан – жеген тамақты қорытады - деді ағам.

- Жүрек ше?

- Жүрек – дүрсілдеп соғып тұрады - деп іле жауап бердім мен.

Әкем маған қарап отырып, сәлден соң:

- Енді сенің айтқаныңда жөн, жалпы алғанда, дұрыс айтып жатырсыңдар. Өкпе, асқазан, жүрек, тағы он екі елі ішек, ащы ішек, тоқ ішектің бәрі керекті ағзалар. Тек осы ішектің басындағы соқырішек ғана қажетсіз нәрсе.

- Соқырішектің қандай рөлі барын білесіңдер ме?

Ағам әкемнің жаңағы айтқанын айнытпай қайталап:

- Дұрыс, бұл соқырішектің түк те қажеті жоқ, - деді.

Әкем қарқылдай күлді, ана жақтан шешем де қосыла күліп жатыр.

Әкем іле сөйлеп:

- Иә, түк те қажеті жоқ, сендердің тыныс алу, ас қорыту, ұйқыларыңа дерлік, ешқандай пайдасы жоқ. Тіпті, тамаққа сіреп алып, кекірсең де, ішіңді босатып осырсаң да соқырішектің титтей қатысы жоқ. Әкемнің кекіру мен осыру дегеніне ағам екеуміз ішегіміз қатқанша күліп жырғап қалдық. Осы кезде әкем бойын тіктеп отырып, бізге өзгеше ықласпен:

- Алайда, соқырішек қабынатын болса, ішің барған сайын шеңбектеп ауырады. Егер іш пердесі қабынып, жарылып кететін болса, өміріңді жалмайды, ұқтыңдар ғой, жаныңнан жүда боласың - деді.

- Иә, өлесің - деді ағам елпек қағып.

Суық сөзден жүрегім дір ете қалды. Әкем менің үрейлі кейпіме қарап, басымнан сипап отырып:

- Іс жүзінде, соқырішекті алып тастау деген тікен алған сияқты жұмыс. Тек, ол іште жарылып кетпесе ғана болды - деді.

- Баяғыда бір англиялық хирург болыпты… Әкем сөзін жалғап, шалқалай жатты. Біз оның бір әңгіме бастамақ болғанын байқадық. Ол көзін жұмып, рақаттанып бір есінеп алып, оң жамбасына қарай аунап түсіп, бізге қарап, - сонымен әлгі англиялық хирург бірде шағын бір аралға саяхаттап барыпты. Сол жерде аяқ астынан оның соқырішегі ұстап ауырыпты.

Бұл иен аралда не емші не емхана жоқ. Тіпті, дәрі-дәрмегі де жоқ. Ол жанына батқан ауруға қарысып, кокос ағашының түбінде жарым күн бүк түсіп жатыпты. Ақыры операция жасамаса соқырішегінің жарылып кететінін сезіпті…

- Ал, жарылып кетер болса не болар еді? - деп әкем бойын тіктеп отырып бізден сұрады.

- Өледі - деді ағам.

- Жоқ, ішкі ағзасы қабынады, сосын барып өледі, - деп әкем оның сөзін түзете сөйледі.

- Сонымен, әлгі англиялық хирург ақыры амалсыздан, сол жерде тұратын жергілікті екі адамға үлкен айна алдырып, оны өзінің қарсы алдына ұстатып қойып, айнаға қарап отырып, өзіне-өзі операция жасауды бастапты. Әкем өз құрсағының оң жағын нұсқап:

-міне, осы жердегі теріні тіліп жіберіп, майын қайырып қойып, қолын ішіне жүгіртіп, соқырішекті іздеп тауып алғаннан кейін барып, қабынған жарамсыз ішекті дәл кесіп алып тастаған екен.

Англиялық доғдырдың өзіне-өзі операция жасаған ерлігін естіп, аузымыз аңқиып қалған біз, әкемізге таңырқай қарап:

- Егер, сіз болсаңыз, сол англиялық сияқты өзіңізге операция жасай аларма едіңіз? - деп тосын сұрау қойдық.

- Мәселен, қандай жағдайда дейсіңдер, егер мен сол иен аралда қалып, соқырішегім қабынса, аман қалу үшін, әрине, менде өзіме операция жасар едім - деді әкем.

Әкемнің жауабы бізді әжептәуір желпіндіріп тастады.

Айтқан әңгімелері оны біздің алдымызда тіпті де биіктетіп, қайратты да теңдессіз жан екенін терең сездіріп, біздің оған деген сенімімізді бекемдей түсті.

Енді басқа балаларға сенімді түрде: «Әкеміз өзіне-өзі операция жасай алатын болды», - деп мақтана алатын болдық.

Ағам мені нұсқап:

- Енді былай, мына екеуміз бір үлкен айнаны ұстап тұрамыз ғой - деп қосып қойды.

Одан соң да екі ай уақыт өте шықты. Сол жылы күзде әкемнің соқырішегі аяқ астынан ұстап, ауырып қалды. Ол дәл бір жексенбі күнгі түстің алды еді. Шешем фабрикаға жұмысқа кеткен. Әкем түнгі кезектен келген қалпы болатын. Ол есіктен кіргенде шешем де дәл жұмысқа шығып бара жатты. Есік алдында шешеме:

- Түнімен ұйықтамадық, басынан жарақат алған бір адам, сүйегі сынған екі науқас және пенициллин аллергия беріп уланған науқас келді. Түні бойғы қарбалас жұмыстан, қатты қалжырадық. Кеудем шаншып аздап аурып тұрғаны-деп жатты.

Содан соң көкірегін басып жатып ұйықтап қалды, ағам екеуміз өз жатын бөлмемізге барып, орындықтарды үстел үстіне бірде шығарып, бірде түсіріп ойнап жүргенде төрт сағаттай уақыт өтіп кеткен екен. Осы кезде әкеміздің бөлмесінен ыңырсыған, қиналған дауыс шықты. Біз есікке жақындап барып, ақырын тыңдап көрдік. Сәлден кейін ол біздің атымызды атап шақыра бастады. Дереу бөлмесіне кіріп бардық. Әкеміз бейне аңшының тазысы сияқты иіріліп жатыр екен. Бізге ернін тістене қарап:

- Ойбай, ішім-ай! Бүйірім ауырып жаным көзіме көрініп барады. Өткір соқырішек сияқты. Екеуің жылдам біздің емханаға барып, Чын дәрігерді тауып келіңдер-деді.

- Ваң дәрігер болса да болады, болыңдар. Тездетіңдер - дей берді.

Ағам мені жетектеп ғимараттан түсіп, далаға шықтық та тар көшемен тартып кеттік.

«Мен сол сәтте әкемнің соқырішегі ұстап қалды, ағам екеуіміз емханаға келе жатырмыз, сосын Чын дәрігерді немесе Ваң дәрігерді іздейміз. Сосын оларға жағдайды айтамыз. Ал олар не істеуі керек? - дегенді ой елегімнен өткізе бастадым. Әкемнің бүк түсіп қиналып жатқан бейнесін ойлағанда жүрегім атқалақтай соқты. Меніңше, оның соқырішегі қабынып кетті, ендеше, әкем оған өзі де операция жасай алады ғой, ондай жағдайда үлкен айнаны әкеп, қарсы алдында ұстап тұрсақ болды ғой деп ойладым.

Көшенің аузына жете бере, ағам тоқтай қалып маған:

- Осы дәрігерлерді іздеп қайтеміз? - деді.

- Не үшін?

- Ойласаңшы,оларға барсақ келіп операция жасайды.

- Иә, - дедім, бас изеп.

- Есіңде ме? Әкем өткенде өзіне-өзі операция жасай аламын демеді ме?

- Иә, мен де солай етуін қалаймын - дедім.

Біз емханаға жеткен кезде, олар дерлік асханаға түскі асқа кеткен екен. Операция бөлмесінде тек бір медбике ғана отыр екен.

- Сен оған жақындап барып,оны-мұны айтып назарын аудара тұр - деп сыбырлады ағам.

Мен медбикеге жақындап барып:

- Апай, қандай сұлусыз! - дедім.

Ол сықылықтап ұзақ күлді. Осы аралықта ағам операцияға керекті жабдықтарды да жымқырып үлгерді. Сосын үйге қайттық.

Әкем үйге кірген аяқ дыбысын сезіп:

- Чын дәрігер,Чын дәрігер, Ваң дәрігерсің бе? - деп әлсіз дауысымен үздіге шақырды. Әкемнің бөлмесіне кірдік. Ол жүзінен тер шүмектеп, арсы-күрсі болып, қатты қиналып жатыр екен. Ол кіріп келген Чын дәрігер де, Ваң дәрігер де емес өзінің екі ұлы екенін көргенде:

- Чын дәрігер қайда? Неге келмейді? - деп қинала сұрады.

Ағам маған операция қапшығын ашқызып, өзі шешем әр күні қаранып бой түзейтін үлкен айнаны алып келді. Әкем түкке түсінбей аңтарылып:

- Ваң дәрігер де жоқ па екен? - деп сұрады.

Біз қапшықты ашып оның оң жағына қойдық. Мен еңбектеп төсектің іргесіне қарай бардым. Осылайша, ағам екеуміз біріміз іштен, енді біріміз сырттан айнаны көтеріп тұрдық. Ағам еңкейіп, әкемнің айнадан өзін толық көре алатынын тексеріп жатты. Сосын біз оған:

- Әке тезірек болыңыз - дедік.

Әкем жанын қинаған аурудан өңі бозарып, ентігіп, бізге қарап, әлі сол әріптестерінің атын айтып «құтқара көріңдер» деп жатыр. Біз оған:

- Жылдам, тезірек болыңыз! Әйтпегенде, соқырішегіңіз жарылып кетеді - дедік.

Ол әлсіз үнмен:

- Немене тез…

- Әке, енді тез өзіңе операция жасамайсың ба? - дедік.

Ол сонда ғана түсінгендей болып, бізге тесірейе қарап:

- Жоғал, о, құдай, иттің күшіктері-ай! - деп боқтап жіберді.

Нені қате істеп қойдық деп, мен қорқып ағама қарасам, ол да шошып кетіпті. Ағам үнсіз оған қарай берді. Осы кезде әкем жанына батқан аурудан тіпті тілден де қалып, тек бізге өлеусіреген жанарымен тесіле қарап жатты. Ал, ағам болса, оның бізді неге боқтап жатқанын енді ғана білген кісіше:

-Ой, әкемнің шалбарын әлі шешпеген екеміз ғой деді. Ол маған айнаны ұстатып қойып, өзі әкемнің шалбарын шешуге ыңғайланды. Алайда әкем бар күшін жинап, ағамның бетіне шапалақпен осып жіберді де, бар дауысымен:

- Ой, ақымақ, иттер! - деп тағы да тілдеді. Зәресі ұшқан ағам төсектен секіріп кетті. Мен де әкемнің аяқ жағынан ырғып түстім. Сосын екеуміз әкеміздің ашулы бейнесіне көріп:

- Сонда операция жасауға қорқып жатыр ма? - дедім ағама қарап.

- Білмеймін.

Соңынан ол сорасы шығып жылап, бізге жалынышты үнмен:

- Балам,тез!тез! шешелеріңді шақырыңдаршы - деді.

Біз әкемізді батырлардай рухпен өзіне-өзі операция жасайды деп жүрсек, оны қойып, ол баладай жылап жатыр. Екеуміз аз кем аңтарылып тұрдық та, дереу ағам мені жетелеп төменге түстік.

Тар көшеге қарай зытып келеміз. Бір жақсысы осы жолы өз бетімізбен шешім жасамай, шешемізді шақырып келдік.

Операция бөлмесіне кіргізгенде әкемнің соқырішегі әлдеқашан жарылып кеткен екен. Іші қанды іріңге толып, ішкі ағзалары қабынып кетіпті. Сонымен әкем аурухана төсегінде табандап бір ай жатты.Одан соң үйге шығарып алып және бір ай күтімше алдық. Тәуір болғасын ақ халатты қайта киіп, жұмысына шықты. Бірақ ол қайтып хирург бола алмады. Өйткені, бұрынғыдай күш-қуаты жоқ. Операция үстелінде бірер сағат тұрса, басы айналып, көзі шұбартатын болып қалды. Әкем содан қатты жүдеп-жадап арықтап кетті де қайтып бұрынғы қалпына келе алмады. Жол жүргенде де бұрынғыдай алшаңдай басатын күй жоқ. Үнемі ілгері басқан аяғы кейін кете береді. Сонымен бірге қысты күндері жиі-жиі тұмауратып қалады. Қысқасы ол өзінің осы жағдайына байланысты ішкі аурулар бөліміне ауысты. Ол әр күні үстел басында тапжылмай отырып, ауруларға кеңес береді ретсеп жазады. Жұмыстан түсер кезде қолына бір спиртті мақта таяқшасын алып, оны қолына сүйкеген қалпы, мимырттап үйге жетеді. Ал кеште ұйықтар алдында үнемі шешеме ренжіп айтады:

- Сен маған екі ұл тауып бердім дегеніңмен, іс жүзінде, екі ұл емес, екі соқырішек тауып берген екенсің. Әдетте көк тиын пайдалары жоқ немелер, ал шешуші сәтке келгенде олар мені жанымды жаһаннамға кетіре жаздады ғой.

Қытай тілінен аударған: Тұрдыхан Айдарханұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар