Дәурен Қуат: Aспан таулардың аясында (әңгіме)
Бөлісу:
Қабырғасы таспен өріліп, балшықпен сыланған аласа үйдің іргелете соққан қорасы да келте тұрқын кесектен тапқан қыстау болатын. Тас қора, тас үй... Көздің алмасын қарып түсетін, қар жамылған аспан таулардың әлдебір тар қолтығына тығылған әлгі қыстауды қапылысқан тірлік, қайшыласқан қара нөпірге толы өмір Ай мен Күн айналмайтын уақыттың әлдебір қиян шетіне тастап кеткен сияқты. Өріс тілеген мал соңында жүріп, қарғалардың қар бетінде қалдырған ізін бағып оралатын отағасы: «Бүгін «шисыланың» нешесі? Мына «кәлендердің» төрт-бес парағы қайрылмай қалған ба өзі?» – дейтін. Бұл – бір мезгіл ырғағынан адасқан мекен еді. Мәңгіліктің ұйығына батып, ұйықтап кеткен алыптарға ұқсас тәкаппар таулар қыстаудың әнтек қимылын қалт жібермей қадағалап, тас бүркеп алған дерсіз. Әйткенмен де, қыстаудың қыбыр-жыбыры ертеден қара кешке дейін таусылмайтын; ертеңінде де сол қалпын қайта тауып, жалғасып жатушы еді.
Үйде үш жан. Көкесі, апасы және Дәрмен дейтін бала. Үйдің іші үнсіз таулардың әміріне бағынып, үндемеске келіскендей мүлгіп тұрады. Бұрыштағы асадалдың маңынан орын сайлаған қаптағы ұн, қара күмізек, жез құман, жиегі жемірілген итаяқ, адалбақанға ілінген буылтық түйіншек, келте тон, кенеп сулыққа дейін тыныштық сұрап, артық қимылдайтын қолға іліксе, дүние дүр сілкініп, анау адырайған шыңдар ашу шақырып, тәңірдің уысындағы, таудың қуысындағы қыстаулық үй мен қораны көшкін басардай үрей аңдатады.
Көкесі қойын қоралап, үйге кірген соң, дыбыссыз тұрған бойы сыртқы қалың киімінен бойын жеңілдетеді де, жайлап басып, төрге озатын. Апасы алакөлеңкеде бір көрініп, бір көрінбеген күйі дөңгелек үстелді ортаға қояды да, бетіне дастархан жапқан соң, жарығын молайтып, білтелі шамды әкеле жатады. Сол кезде апасының жүзі жылынып, ажарланып сала беретін.
– Төңірек ит-құстан аман ба? – деп сұрайды апасы.
– Сұрама, үйір-үйірімен жортып жүр, – дейді көкесі. – Түс әлетінде Сарнауға қарай отарды қайыра бере, алдымнан шықты. Он. Ай, оннан асады. Құр айқайға қыңар сыңай танытпаған соң, мылтық аттым. Аздап ыққан болды да, Шағанбұғының жалына шығып алып, кеш батқанша ұлып, жатты да қойды. Ұйлығысып кеп, қарды тепкенде ақтүтек боран соқтырады түге.
Осындай әңгімелерден соң Дәрмен көкесінің жон арқасында тігілген көлеңкеге қарайтын. Көлеңке көкесінен әлдеқайда зор. Көкесі сәтке қозғалса, ол да әрі-бері көшіп, тыным таппайды. Байқатпастан бас салардай ту сыртына жабысып алған.
– Өздерің не қылдыңдар?
– Сиырларды өріске айдап қайтқан бетте бір дағар қар арқалай кеп, ерітіп алдым. Кір жудым, нан пісірдім. Жортарың жортып кеп қала ма деп, Дәрменді қыдитып, ана қабаққа отырғыздым да, жаман қойларды күзеттірдім. Кім біледі, жортарыңды?..
– Е-е, жөн.
– Жаман қойлар жайылатын сайдан қасқырдың ізін көрдім. Дәу. Міне, мынандай. – Бас бармақтары мен ортан теректерін түйістіреді. Кішкентай ма, қалай? – Жоқ, мынандай. Ұшы түйіскен бас бармақтары мен саусағының ортан терегін аша көрсетеді. – Міне, осындай, – деп Дәрмен де әңгімеге араласады.
Қыстаудың жылтыр қағаз тұтқан терезесі сарнай жөнелген, сыртқы есік те жақтауына сарт-сұрт соғылды. Саршұнақ аязды жел қуалап бара жатса керек. Үшеуі жарыса айтқан қорқынышты әңгімелерінен тыйылып, тысқа құлақ тігеді. Қоздап біткен шоғы қоламтаға айналған тезектің күлін ошақтың өңешінен суырып боздаған мұржа үйдегі үшеуге мұң шаққандай үн салады. Төменгі қолаттан жылқылар шұрқырасты. Күйіс қайырып, ыңыранған сиырлар «сыртта біз бармыз» дегенді білдіріп, дыбыс беріп қояды.
– Бастасаңшы, – деді апасы.
– Бастасақ, бастайық, – деді көкесі.
Апасы білте шамның жарығын молайта түскен. Шамның жарығы жайылып, көкесі қолына алған кітаптың бетіне үңілген мезет жайнап сала берді. Бір қырындап тізе бүккен апасы бұған әредік қарап қояды. Дәрмен көкесіне: «Көке, дауыстап оқыңызшы», – дейді күндегі әдетіне басып.
«Заманнан көп замандар өтті дейді,
Біреудің жалғыз ұлы бопты дейді».
Бозжігіт. Жеті жасында хат таныды. Қарашаш деген хас сұлуға ғашық еді. Екеуі бір-бірін түсінде көріп, тілдесіп жүрді. Сөйткенде Бозжігіт ғайып болды. Бозжігітті анасы жоқтап аңырайды.
– Түйе неге боздайды? – Ботасы оның жоқ шығар.
– Жылқы неге кісінейді? – Құлыны оның жоқ шығар.
Мынау апасы ғой. Апасының даусы. Апасы жіп иіріп, шұлық тоқып отырғанда осы зардың әуенін үзбей ыңылдайтын. Көбіктен қалқып алып, үрлеп жасағандай бүйірлі, жұқа көзе желкелігіне қонған білтелі шам кенет самаладай жарқырап, төңірек түкпірлей ашылды. Дәрменнің тас қора, тас үй деп жүргені кең сарай екен. Апасы мүлде басқа жан. Көкесі де бөгде біреу. Бұлар кімдер? Дәрменді мынау қиян қыстауға алдап әкелген ғажайып адамдар ма? Солай сияқты. Көкесі дейтін кісі таққа жайғасыпты. Апасы дейтін әйел алтын күміске малынып, күймеге мініп кетіп барады. Қайда? Айтпайды. Дәрмен мұнда адасып келгенін ұқты.
– Сен кімсің?! – деп ақырды тақтағы хан.
– Дәрменмін.
– Дәрмен емессің!
– Иә, Дәрмен емес, Бозжігітпін. Түсімде ғана тілдесетін Қарашашты іздеп келдім. Мен де бір ханның ұлы едім. Ғайыптан тайып, осында тап болыппын.
– Әй, Дәрмен! Дәрмен, тұр енді. Оян!
«Ояны» несі? Бозжігітке «оян, тұр», – деген кім?
– Дәрмен деймін, шай қайнады, көкең малын өргізеді. Қане тұр, дастархан жаямын.
«И-и, апасы екен». Көкесі кітаптан мақамдап оқыған қиссаны тыңдап отырған еді, қисайып ұйықтап қалыпты ғой.
Таңғы асын ішіп болғаннан кейін көкесі мылтығын асынып, ерттеулі атына мінеді. Апасы әне, қой қораның аузын ашты. Найза мүйіз ақ серке керіліп, алдымен шықты. Сүр боп қатқан қарға тұяғын қарш-қарш қадап көсем жүрісіне басты. Қойлар соңынан ерген. Қалың тұяқ қадалған сайын түнімен аяз ширықтырған сүрлеу беті сырт-сырт сынып, айнала түгел жамырап кетті. Қыстаудың күнделікті тірлігінен белгі беретін күбір де, күмбір де – осы. Енді апасы екеуі отарға ілеспейтін арық-тұрақ, ақсақ-тоқсақ жаман қойларды тұғылға жеткізіп, шөп шашады. Алдымен апасы үйдің төбесінде үйілген шөптен бір бау буады да, иығына артады. Жаман қойлар сүйретіліп еріп отырады. Еруге ерінетінін Дәрмен таяқтап жүріп, отарға қосады. Содан тұғылдың беткейіндегі тас шоқыға шығады да, күн ұзақ жаман қойларды бағады. Әредік шәңкілдеп, дауыс шығарып, қара танытып қоятыны бар. Апасы айтқан: «Айқайлап тұр» деп. Әлгі шәңкіл – Дәрменнің айқайы. Айқайлағанда Дәрмен өзін батыр сезініп кетеді. Дәрмен – батыр. Үй орнындай үлкен кесеге толтырып құйған қымызды төбесіне бір-ақ көтерген екен... батыр болып шыға келді. Батыр адам анау-мынау шыны-шәйнекті қолына ұстамайды. Қырық өгіздің еті қабат сиятын қазаннан ас ішеді. Әйтпесе, аш өзегі толмайды. Ал, міне, үстінде мұз сауыт. Басында дулыға. Көкесі оқитын кітаптардан көрген. Дулығаның төбесіндегі айдары қандай айбатты! Сауыт-сайманы қанжығасында бөктерулі қара қасқа аты кісінеп, жер тарпиды. Батырға жау керек. Батырымыз Дәрмен ғой. Алқам-салқам таулардың арасынан жау табылар ма, мұндайда? Жау қайда? Жау алыста. Ано-о-оу таулардың ар жағында. Қызылбас дейтін жау жатыр. Қара қасқа атты тебінтіп жетіп барады. Қызылбастың елінде қырғын майдан. Аспанында арылдаған самолеттер, жерінде шынжыр табан танктер, аузынан от құсқан зеңбіректер. Өй, мыналар батырмен батырша соғыспай ма? «Жекпе-жек!», «Жекпе-жек!». Садағын керіп, найзасын толғаған. Бұны бірақ жау жағы көзіне ілмеді. Қап! Сосын арыстандай ақырған. «Мен мұнда егескелі келгенмін, батырыңмен алысып, теңескелі келгенмін».
– Сайтанның сапалағындай боп мына бала қайдан жүр? – деді сонда жау ішінен біреу қарқ-қарқ күліп.
– Сайтанның сапалағы өзіңсің. Мен – батырмын. Дәрмен деген дөдеңмін.
– «Дөде», желкең қиылып, жер жастанбай тұрғаныңда, табаныңды жалтыратсаң қайтеді, бұл арадан?
Дәрменді ыза кернеді. Бұла күші бойына сыймай бұлқынғанда, сауыты дар-дар айрылып кете жаздаған. «Мә, саған сайтанның сапалағы!». Қолындағы күрзісімен сөз таластырып, намысына тиген сорлыны, қақ маңдайдан қойып қалып еді, байғұс неме бақ етті де бақиға аттанды. Сол кезде айырплан мініп, анталаған жау аңтарыла қалды да, бұған оқты боратты-ай келіп. Дәрмен батырға атса оқ, шапса қылыш өтпейді екен. Жау қара бұлттай түйіліп кеп жабылғанымен, батырымыз ортасын қақ жарып, ешкімге есе бермеді. Садағын тартқанда, сансыз қол, қылышпен шапқанда, қырық мың қол қырылып, Қызылбастың даласы өліктер үйіндісіне толып жатты. Жауды түгел жайратқан соң Дәрмен батыр қара қасқа тұлпардың белінен түсіп, алшайып тұрды. Бұлай тұруды да Дәрмен көкесі әндетіп оқитын кітаптардан көрген. Жауын жеңген батырлар міне, осылай тыныс табады. Оң қолын ат жалына артады. Белінде қанжар. Батыр сөйтіп дамылдап тұрғанда бұлаң етіп былқ етіп, сылаң етіп сылқ етіп, ақ үйден ақ маңдайы жарқырап бір қыз шығады.
«...ақ маңдайы жарқырап бір қыз шығады» деп, қиялымен қиялап, қызды ауылға тарта жөнелген беті еді, сай табанындағы қойлар үркіп, дүр-р ете қалды. Жүні жалбыраған арық, жүдеу қойлар тыраңдай қашып, оппа қарға омыраулай батқан күйі ессіз маңырасқан. Сонда көрді: тік құлақ көкшулан ит қарны жер сызған көтерем тұсақты жотасынан тістеп, басып қалыпты. Жортар! Қасқыр! Қасқырдың нақ өзі! «Әй, әкеңнің аузын ұрайын, қасқыр ғой мынау!». «Жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабасының аузын ұрайын, қу қасқыр, келдің бе?!». «Қасқыр», «қасқыр» дегенге қасқая берме, қасқа тісіңді қағып алып, қағатын жеріңе қағып жіберермін!». Бала беймәлім хал кешіп, қатты қызынды. Өзі – өзі емес, өзге жанның рухымен сөйлесіп кеткендей, алағызып тасынған. Тау жаңғырықты. Иттер сақ-сақ үріп, айқай естілді. Көкесі екен. Сон-оу тауды қиялай жалдап, құйғытып келеді. Мылтығын ат үстінде оқтап, әуелете басып-басып та жіберді. Тік құлақ көкшулан ит тамақтап үлгерген саулықты арқасына атып ұрып, қабырғалай қашып барады. Ымырт үйіріліпті.
Кешкі ас үстінде көкесі мырс-мырс күлген: «Мына неме тау арасында жалғыз жүріп, боқтық сөздерді қайдан, кімнен үйренген? Қашқан қасқырды қатынындай сыбады. Қасына таяғанымша тоқтамай, жортар жарықтықтың жон терісін сыпырды келістіріп. «Жә, жетер», – дегенімше боратты ғой». Апасы мейірлене тіл қатты: «Батыр болды деген осы, жарығым».
Бағана, қызыл іңірде, айнала аспан тауларды түйдек-түйдегімен жөңкіліп кеп, қара сұр бұлттар басқан. Көз ұшында самсаған қарағайлар қалың тұманның құшағында жұтылып, Дәрменге соңғы рет қол бұлғағандай көрініп еді. Содан кейін-ақ, бала көңілі құлазып, әлдеқандай қорқыныштың қамауында шырқырайды. Жым-жырт табиғаттың жарығында, үлкендердің қас-қабағын бағып қана күн кешетін Дәрмен баладай уайымшыл жан бар ма екен, бұ жалғанда? «Әлгі қасқыр үйірін бастап, қайта соқса не болады?» – дейді ол білте шамның көзесінде өлеусіреген сәуледен алабажақтана қалған тас үйдің қабырғаларына қарап жатып. «Апам ауырып қалса қайтемін?» – дейді көрпесін қымтай түсіп. «Биік таулардың ұшар басында қой бағатын көкесінің аты тайып кетсе ше?».
Иттер абалай үрді. Көкесі сыртқа ұмтылған. Қара пимасына аяғын шұлықсыз, қоңылтаяқ сұқты да, келте тонын жамыла, іргедегі шолақ мылтықты ала салып, үйден айқайлай шықты. Айт! Ай-и-ит! Алыпсоқ, Ақтөс! Ай-о-оуу! Оу-у! У-у! Көкесінің ит қосып шақырған айтағын, ысқырып соққан ақбасқын боран жұлып әкетіп, қысқа, шолақ дыбыстар ғана үйдегілерге жетіп жығылады. Кейде үзіп-үзіп тастайды. Алып... соқ! Ақ... төс! А-а-а... у! Иттердің абалаған даусы аздан соң, кәнігі арсылға ұласып, біреулер дабырласа сөйлескендей болды. «Түн қатып жүрген кімдер екен?». Апасы басын жастықтан жылдам көтеріп, құлақ тосқан. «Өгізшілер-ау?..». Дәрменнің құйттай жүрегі тулай соқты. «Өгізшілер!». «Өгізге жем-тұз артқан ағалар». «Қыстың қақ ортасында, ауылдан өгіздерге жем-тұз артып жететін ағалар». «Әй, қандай жақсы ағалар еді!». Ағалар емес, аталар екен. Табалдырықтан: «Ассалаумағалайкө-ө- ө-м!» – деп аттаған бойда аппақ сақалдарына қатқан мұзды ұсатып тұрып, жарқын-жарқын үн қатады.
– Ұйықтап қалғансыңдар ма?
– «Тым кеш қой. Нұрмұхамбеттің үйіне қона салайық», – деп едім, мына Сәден таз қузап болмады.
– Е-е, қайдағы кеш? Қыстың түні тұсауын шешіп қоя береді. Әйтпесе, ақшам қайда, біз қайда?
– Төрлетіңіздер, – деді апасы.
– Жоғары шығып жайғасыңыздар, – деді көкесі.
– Жоғары шықпастан бұрын, саптамамызды сыпырып тастайық. Кәне, тартып жіберші.
Шөкелей отырғанда, шөмеледей үйілген қарт жамбастай бере, тізесін жазған. Көкесі жұлқылап тартса да, шешілер түрі байқалмайды.
– Тарт, – деп қояды жотасы күжірейген қарт. – Әлің жетпей ме, немене? Апыр-ай, мына Сарытаудың жынды желі сені қалай жетелеп кетпей жүр? Тарт!
Түнгі қонақтар шешініп төрге озғанда, Дәрмен ұшып түрегеліп, қос қолын ала жүгірді.
– Әссаумайкүм!
– Уағалайкүмассалам!
– Оу, бұ қай батыр?
– Дәрмен бе?
– Дәрмен ғой.
– Дәрмен болсаң, дәрменді бол!
Аузы-мұрнынан алдымен ыс теуіп барып оталатын мосқал пештің іші гүрілдеп, үстіндегі қоңыр шәугімнің қақпағы қақпақыл ойнады. Апасы қазан көтерді.
Өгізші шалдар шешіліп, әңгімеге кіріскен.
– Ауылдан ерте-ақ аттанғанбыз. Қарасайдың қойнындағы қарға қамалып, ұзақ әурелендік. Сөйтіп, малтығып, кіші Сарытауға түс әлетінде ат басын тіредік. Нұрмұхамбеттің малына тиесілі тұз бен жемді тастап, өгіздердің белін арылтқан соң, Әмина келіннің шайын ішіп, бойымыз жылынып, жан шақырдық. Дәлеңкеде қойдың құйрық майы жатыр екен, Сәден екі кесегін, мен үш-төрт кесегін кеңірдекке тастап жіберіппіз. Содан кейін-ақ, мына таздың қайраты тасып: «Үлкен Сарытауға барып жығылайық», – демесі бар ма? Мен айттым: «Әй, қой. Сарнауа жақтан жел тұрыпты. Арты боранға ұласады. Жолда адасып, ақсөңке болып қатып қалмайық», – деп. Дігерлеп қоймады. Содан «Тәуекел Аллалап» бері салдық. Ақтүтек боранға киліктік. Алды-артымыздың бәрі алақұйын. Түк көрінбейді. Қаңтардың шілдесі деген – осы. Қаңтардың шілдесі шықпай, аяз бен боранның беті қайтпайды біздің жақта.
– Қаңтардың соңғы шілдесі қазір, – деді манадан үнсіз отырған Сәден қария. – Боран бүгін жұмада тұрды. Ертең – сенбі. Күн ашылады. Далаң жылмиып жатады. Бірақ, аяз буады. Сосын бірер күн өте аспан көк шатырланып, жаздағы кемпірқосақтың белгілері байқалады. Ұзақ келеді. Бұл өлкеге алдымен оралатын көктемнің хабаршысы қараторғай емес, ұзақ қой. Ірі малдың үстіне қонып алып, өлі жүнін шоқитын құс, сол – ұзақ. Күнді қарға адым ұзартатын да – ұзақ.
Көктем келе жатыр! Жым-жырт табиғаттың жарығында, үлкендердің қас-қабағын бағып қана күн кешетін Дәрмен баладай көктемді сарыла күтетін жан бар ма екен, бұ жалғанда? Сірескен қары ертең-ақ сылқ-сылқ еріп кете беретін таулардың тынысынан көктемгі көрікті дүниенің нұржамалын сезініп, қуанатын жүрек Дәрменде ғана бар шығар... Соқпағы мен сүрлеуі мың түлеп, мың түрленген өмірді адам қай нүктеден бастағанын ұмытпаса, Дәрмендей балақайдың тас қыстауына түбі бір соғар еді. Соғар еді де, қайта табысар еді. Өзімен. Сонда ол, бір кезде көңіліне байланған, көкейіне қонақтаған ыстық ұясын мүлде ұмытқанына ұялып: «Апыр-ау, мен қайда кетіп қалғанмын?» – деп ойланатын да еді. Дәрмен ертең-ақ ер жетерін, ер жеткен соң, бүгінгі күндерін сағынып, «Сарытау» деп аталатын қыстауына қиялымен келіп-қайтып жүретінін білетін-ді. Оған дейін әлі көп күндер, айлар, жылдар бар, әрине.
– Соның бәрін адам ұмытады екен ғой, – деді Қызайбек қарт. – Осындайда өткен-кеткеннен әңгіме қозғап қоймасақ, мына жұрт бізді сақалы сапсиып дүниеге келе салған біреу деп ойлайды.
Ауылдан өгіздерге жем-тұз артып әкелген қарттар жігіттерден әрмен қайрат танытып, қар басқан шөмелелерді аршып, үйдегі мал мен түздегі аңға шөп шашып, қиян қыстауда үрпиіскен үшеудің қасында аялдап қалған.
– Сақалымыз сапсиып дүниеге келе салған жоқпыз. Біз де бала болдық, – деді Қызайбек. – Әй, бірақ, бізге сол балалық шіркін дұрыстап бұйырмады-ау, тегі... Үркіншілік заман еді. Апыл-тапыл аяқ басып, есіміз енді кіріп келе жатса да, ел көзіндегі жасты көріп, жүрегіндегі үрейді түйсікпен сезетінбіз. Еркелеуді, жылауды, қияңқылықты білмейміз. Бір түнде қауырт жиналып, үдере көшкеніміз есімде. Ұшы-қиырын пенде баласы ұғып болмайтын қараңғы, дүлей түзге қара қиықтай ілініп, ләм-мим дыбыс шығармай, сіңіп барамыз. Мен – егіздің сыңарымын. Қоржынның бір басында – мен, келесі басында – сыңарым. Ұзын, иір мойнына біткен басын изеңдетіп, жұмсақ аяңдайтын түйенің өркешіне бізді таңып тастаған. Балпанақтаймын. Сыңарым, апам жарықтық айтып отырушы еді, тірі жүргенде сенен де зор, кеуделі, жігіттің нағыз нартайлағы болар еді деп, бейнесі көз алдымда: беті жалпақ, шүйделі, бадырақ көз, сары бала болатын. Ұйықтап кетіппіз, ұйлығысқан жұрттың у-шуынан ояндық. Мұсабек марқұм: «Таста, тастап кет! Алдағы жаудың талауына түсіреді бұ заржақ», – деп бәйбішесіне қадалып тұр екен. Әлдебіреу Мұсабек мінген аттың сулығына оралып, сауға сұрап жалынады: «Ауру, аш бала ыңырсымағанда қайтеді? Жыламағанда қайтеді? Мұсабекжан, аяй гөр қарашығыңды. Зарлатып, мынау иен далаға қалдырып кетсең, ит пен құсқа жем болмай ма?».
– Белден үзілген бір тамшы қан – садаға. Бұның жаны мына қалың елден артық емес. Шекара бетте орыстың әскері бағып жатыр бізді. Әр дыбысқа құлағы түрулі оның. Балаңмен қоса бақырауық түйеңді тастап қашатын күн туады әлі. Өзі ауру, сүйегі жасық бала адам бола ма? Одан да басыңның амандығын ойла, есіл елім-оу, – деп Мұсабек егіліп кетті. Алла-ай, сонда екі-үш жастағы сәбимін ғой, Мұсабектің әлгі айтқан сөзі әлі құлағымда. Соны «солай еді» деп, бүгінгі баладарға айтсаң, сене ме? Баланы кәйтесің, осы күнгі үлкендер сене ме десеңші?.. – Мұсабек жарықтық айтқанынан қайтпайтын, біртоға жан еді. Бәйбішесінің құшағынан баласын жұлып алды да, сонадай жерге тымақ құрлы көрмей атып ұрды. Жан қимақ оңай ма, әлжуаз бала бауырымен жылжып: «Ауа, ауа, мені ала кетші», – деп жанұшыра ышқынды. Ауасы, Мұсабекті ұл-қызы, «ауа» дейтін, артына қайрылған жоқ. «Құдайдың зауалы шығар, қайтейін?» – дегенде даусы жарықшақтана шығып, күңіреніп кете барған. «Ауалап», «апалап» шырылдаған баланың үні біз Зәуре сайдан өткенше, құлағымызға талып жетті де тұрды. Сөйтіп, үдере көшудің алғашқы сұмдығын артқа тастап, Ақсуды жағалап, Демікпеге таяғанбыз.
Түн еді. Жаздағы айлы аспанның астында ақ күміс шыңдарымен айбат шашып алдымызда Жоңғар Алатауы жатты.
– Орыстың әскерін кейінге қалдырдық, енді таң Шолпаны тумай атқа қонамыз. Жоңғар түнде асу бермейді, – десті көш бастаған ағалар. Түйелерді айналдыра шөгеріп, ортасына қатын-баланы үйген жігіттер де жапырыла аттарынан түсе бастады. Әр тұстан келте, шолақ бұйрықтар естіледі: «Сақ жатайық», «Ұйқыға бой алдырмайық», «Аттарды тұсап, қалмақша матастырып тастаңдар, ұзап кетпесін!». Кейде шерлі, назалы дауыстар да шығып қалады: «Ақпен, қызылмен атысып несі бар еді?», «Үдере ауып қайда барамыз?», «Е-ей, қайран жер, қайран мекен, қайрылып соғар күн саған туар ма екен, жоқ па?!».
– Шекара әскерімен ұшырасып, ел қырылғанды айтасың ба? – деді Қызайбектің әңгімесіне көлденең сұрағымен киліккен Сәден шал.
– Ақсу Ақсу емес, Қызылсу боп ақты, – дейтін бұрынғылар. Қызайбек нарт қызыл жүзі күреңітіп, Сәденге қараған:
– Соны көзімен көрген мен пақыр тірі жүрмін, әйтеуір. Кейін естідік: арттағы ел ішінен шыққан бір жансыз әскерге хабар беріп үлгерген көрінеді. Тасбекеттен тоқтамай, заулатып жеткен қарулы жасақ Алтыншаңырақ тауының бауырына бізді қойдай иіріп қойып, пүлеметпен жусатып салды. Ойпырмай, сонда Нұрмұхамбет, Ғұсман дейтін боздақтар жауға жалаң қылышпен шауып, бөрідей тиіпті. Әйткенмен, айлалы, күші басым, қаруы мол әскер қоя ма, еркек кіндіктіні қойдай бауыздап, шетінен қырып келе жатқанда, байғұс анам көйлегінің ұзын етегін айырып жіберіп, мені қызға ұқсатып, орай салған екен. Сыңарымды қылышпен турап тастаған кәпір маған да таяп келіп, тап қасымнан тайқып өте шығыпты. Көретін жарығым бар да әншейін... әйтпесе, Алтыншаңырақтың етегіндегі Қора аңғарында шашылған қаңқалармен бірге сүйегімді мүк басып жатар едім осы күні.
Бурыл қабақ бұғыдай кісі күндердің күнінде Алтыншаңырақ тауының басынан түсіп, әңгіме айтатын шығар дейтін қиялында Дәрмен бала. Анығында, сол кісі Қызайбек ата болғаны ғой. Міне, ол жерін тастап, ауған елдің тағдырын сыңарынан айрылған сәбидің көргені етіп баяндап отыр. Сол заманды өз басынан өткергендей сөйлейді. Тегінде, бұл атаның білмейтіні жоқ-ау...
– Біз көріп, біз білген сұмдықты ендігі елдің басына бермесін. Қаңқа сүйегін мүк басқаны көз алдына елес бергендей түршіккен қарт кенет серпіліп:
– Бізді күңіренте бересің бе? Уа, Сәке, бәйтіңді айт! – деді әңгімесін доғарып.
– Қайсысынан бастап сілтейін? – деді Сәден қария тас тамның ішін толтырып, танау астында жүгірген сүрдің иісінен көңілі көтерілгендей жадырап.
– Сілтеген соң ұзағынан сілте, – деді Қызайбек.
Осы кезде апасы қазанда асылған еттің пісіп дайын болғанын білдірген. Көкесі:
– Ал, ақсақалдар, қол жуып дастарханға жақындаңыздар, – деп шақырды. Дәрмен жез құман мен жез легенге қарай лып ете түсті.
Жеңді білектен жуан қазылар мен жал-жая ағаш астаудың бетінде сарыала жоңқадай үйіліп, алдыға буы бұрқыраған ет келгенде, екі шал жан қалталарынан бәкілерін суырып, алақандарын жайды:
– Басыңа амандық, асыңа адалдық берсін Тәңірім. Не тілесең, тілегіңді қабыл етсін Жаратқан ием. Шаңырағың жанға, өрісің малға толсын! Аллаһу-акбар!
Ас ішіліп, аяқ босаған соң, Сәден қарт бәйіт айтуға кіріскен. Қызық. Бұндайды Дәрмен бұрын көрмепті. Қарт оң иығын сәл ілгері тастап, алақанын жаяды екен де, кітап бетіне үңілген адамдай, жайылған алақанына қарап алып, мақамдай жөнеледі екен. Әуезді қоңыр үні алыстан естіліп, алысқа кетіп жатқандай баппен, бірқалыпты, үзілмей есіледі.
– Бұл ертек – «Ибн Сина, Әбілхарис»,
Жайылып заманында шашқан дабыс.
Тарихта бес жүз сексен бесінші жыл,
Ол заман бір мың төрт жүз бұдан алыс.
Бұхара қадим кезден үлкен қала,
Самарқан қатарынан Ташкен жаңа.
Сол Бұхар қаласында бір кісінің
Әйелі туған екен егіз бала.
Жеткенде сол екеуі төрт жасына,
Жаспын деп, отырмапты от басында.
Алғыр боп зейіндері, мектепте оқып,
Ақылға болды дария көп қасында.
Мінезі Әбілхарис ауыр, таза,
Жастармен жарыса оқып, асыпты оза.
Ересен Ғалисина үздік, алғыр,
Айрықша бір сабақты етті бәжа.
Сәден қарт расында ұзағынан сілтепті. Егіздер туралы қиссаны ол төрт күн жырлады. Күнде осылай: сырттан көкесімен бірге мал жайғасып үйге кіретін қариялар кешкі ас ішіліп, дастархан жиыла «Ғалисина мен Әбілхаристің» хикаяттарына көшеді. Жырлаушы – Сәден. Бәйіттің арасына сөз қосып, бас шайқап, кейде түйіліп, кейде шалқып: «Е, бәсе!», «Уай, пәле-ай!» – деп Дәрменді, Дәрменнің көкесі мен апасын еліктіріп, оқиғаға үйіріп отыратын тыңдаушы – Қызайбек.
Жайшылықта адамның көзіне түсе бермейтін, көрінбейтін әлдебір ғажайып нәрселер таулардың терең шатқалдарында бұғып жатады деп ойлайтын Дәрмен. Солайы солай сияқты. Мына екі шал: Ғалисина мен Әбілхарис. Қоржынның қос басына таңылып үдере босқан елдің көшіне ілескенде бір-бірінен көз жазып қалған. Бірақ, кейін табысқан. Осы таулардың арасында табысқан. Алыстан арып-ашып жеткен, сосын қарт адамдардың кейпіне еніп, Дәрменнің үйіне келіп отыр.
– Балаңның адамға қарағаны біртүрлі екен, – деді таңғы шай үстінде Қызайбек, – аузы салпиып, көзі алайып, бетіңе телміргенде қарадай қысыласың.
– Сенің бесті айғыр шабатындай далиып жатқан бетіңнен бірдеңе іздейді ғой дейсің бе? Бұ баланың ішінде Ғалисинаның небір хикметтері бар. Сол хикметтеріне ұқсайтын адам іздейді айналасынан. Аман болсын, аман болса бір жерден шығады.
Өгіздерін қомдап жүргелі отырған қарттардың Дәрмен туралы сөзіне ден қойған көкесі:
– Осы балаға бата беріп аттаныңыздаршы, – деп қолқа салды.
– Қыдыралы бидей қаракөктің тұқымы сенсің, Сәден, сен бер батаны, – деді Қызайбек. Томағадай түйілген қарт тосылмады:
– Қас қыранның баласы ұшса – қонбас ұяға. Ұшпа! Ұшсаң – алысқа ұш! Әмин!
– Өй, сенің мынауың балаға емес, балапанға берген батаға ұқсап кетті ғой, – деп кеңк-кеңк күліп жіберген Қызайбек құрдасын кезекті рет қағытып қалды.
Қыстаудағылардың көңілін демегендей әзілдесе жүріп, өгіздеріне аяқ артқан қариялар:
– Енді аз күннен соң малдың қиын ойып, көң тазалайтындар келеді, – дегенді айтты.
Қариялар өгіздерін тыпыңдатып, қабырға жолға түсіп, тұмсықты айналып кеткен соң, Дәрмен қыстаудың желкесіндегі қырға шыққан. Өгіздер аяң жүрістерінен жаңылмай, аппақ қар жамылған қоянжон белдерге шұбатылған із тастап, шұбырып барады. Көз ұшында. Аз күннен кейін сол ізбен қи оятын ағалар келеді. Көңілді, әңгімешіл ағалар. Дәрменді жандарынан қалдырмайды. «Кекілік қайда бар? – деп сұрайды бұдан, – Ұлар көрдің бе?». Дәрменнің ағалары шетінен мерген: кейде кекілік, кейде ұлар атып әкеледі. Қауырт жұмысты бастамастан бұрын қыстаудың сыртындағы жақпар тасқа есімдерін қашап жазады. «Жолдасхан», «Сәбетхан», «Төлеухан», «Шәріпхан». Ыңғай «хандар». Хандардың қатары «ғалилармен» толығады: «Жұмағали», «Несіпқали». Аты-жөндерін тасқа қашап жазады да, оған өздері қызықтап қарап тұрады. Олар да осында біраз аялдайды. Олар да ауылға аттанып бара жатып: «Күн жылынды. Енді аз күндерден соң көктеуге көшесіздер. Көшірушілер келеді», – дегенді айтады.
Тұп-тұнық ауада тыныстаған аспан тауларына қарап тамсанып, тағы бір таңғажайып қиялдың жетегіне ере бергенде құйттай жүрегін белгісіз қуаныш толқытқан бала қыстауға қарай құлдыраңдай жөнелді. Кішкентай пимасының табаны тиген қар буыны босап, балқығандай былқ-былқ етеді.«Көшірушілер келеді». «Көктеуге көшеміз!».
Бөлісу: