Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ. Жаңа жыл кешінде (әңгіме)...

10.01.2025 217

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ. Жаңа жыл кешінде (әңгіме)

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ. Жаңа жыл кешінде (әңгіме) - adebiportal.kz

І

Алда келе жатқан даяшы қыз ұзыннан-ұзақ сопайған залдың терезе жақ бұрышындағы бос үстелдің біріне бастап әкелді.

Бір шыныаяқ кофе мен тәбет ашар жеңіл ішкілікті аперитивке тапсырыс бердім де, Ерболдың келуін күттім.

Досым өзінде жоқ әдетті бастап, он бес мүйнеттей кешігіп келді. Әлденеге бұрынғыдай тапыраңдап кеп бас салмады, ат кеуделетіп қағысып, бір-біріміздің қабырғамызды да санамадық. Алғашқы қалбаң-құлбаң амандықтан соң:

– Оу, тәртіп сұрайтын қатаң кісі, шаруа шат па? – деп тамырын басып көргім келіп еді, рюкзагін орындыққа торс еткізіп тастай салды да, көңілсіздеу етіп:

– Пенсионердің таңертеңгі ұйқыдан тұрған кезі ғой, – деп қысқа қайырды. Сосын даяшыны шақырып, капучиноға тапсырыс берді.  Кофе келгенше өткен-кеткенді қозғап, кәкір-шүкір бірдеңелерді әңгіме еткен болдық. Байқаймын, досым бүгін көңілсіздеу. Сырдың сірі сексеуіліндей қоңылтақ қақпыш денесі де құнысыңқырап кеткендей болып көрінді. Інгенше қайқаңдайтын жүрісінен жаңылғанын бағана үстелге беттеп келе жатқанында аңғарғанмын. Ендігі отырысында да дуадақтың үстіндегі қаршығадай қаздиятын баяғы әдеті жоқ. Әлденеге ішімдікті де жақамады.

Сөйлескен кісінің бетіне сұхбат алып отырған тілшідей көзін тура қойып алатын ғадетінен ғана танбаған екен. Оны-мұны әңгіменің басын шалып отырғанның бір ішінде, кішілеу өткір қой көзін маған тесіле қадап кішкене отырды да, кенет:

– Дүзелхан, – деді. – Дүзеке, Шаттық маған жақпай қалды... 

Сосын қапелімде айналайын ана тілінен қажет сөзді таба алмай қалғандағы дағдысымен орысшалап жіберді:

– Моя псевдожонушка подарила мне прекрасные ветвистые рога... Өз әйелімнен көрмегенді басқа әйелден көрдім, епт... Үстімнен жүрді...

Досымның мені мына жерге неге шақырғанын енді ғана шамалап, өзіме де тосын әсер еткен «хисториді» тыңдамаққа ыңғайланып отырдым.

– Қай күн екені дәл есімде жоқ, әйтеуір бір күні, осыдан бір ай шамасы бұрын, кеш түскеннен бастап түннің бір уағына дейін телефоны өшірулі болды, – деп бастады әңгімесін Ербол. – Менің есебімше, төрт-бес сағаттай. Жоқ, дәл төрт сағат, қырық бес минут. Айфоны содан кейін барып ашылды. Ванныда, екі көзі жайнап жатыр екен. – Суыңқыраған капучиноның тарап кеткеннен қалған көбігін шыныаяқтың шетіне сырыңқырап бір жұтты да, түзеліңкіреп отырды. – Өзің білесің, жас жеңгең (Ерболдың менен алты-жеті айдай үлкендігі бар еді) жатқан бір кербез керік қой. Айнаның алдында отыз жасын зерттей қарап тұрғанын талай көргенмін. Бірақ бұл жолғы ванныда жатысы оның біреуіне де ұқсамады. Мен кісіні беттен оқимын ғой: көзін төмен салып фальцетпен сөйлегені, өтірік айтқан адамша құрғап кеткен ернін жымқап жалай бергені көңіліме жақпады. Қу ішім бірдеңені сезді. Алқымнан алып, сұрақтардың бірнешеуін төпелетіп жібердім. Не керек, жиырма мүйнеттей қинағаннан кейін шынын айтты. – Осы кезге дейін талай дөтенді көрген отырғыш ағашы шамырқана сықырлады. – Түйсігім алдамаған екен. Ағатсыз. Неғып сүтке тойып алған мысықтай үлпілдеп жатыр десем, шаруаны пісенттеп келіп құлаған екен ғой!..

Досым кәнігі оқытушы секілді берілген материалды сіңіруім үшін аздаған кідіріс жасады да, сөзін кульминациялық екпінді баса қойып аяқтады:

– Мен қылмыстық ұйқыға батып жатқанымда, бұл оңаша пәтерде бөтен еркекпен жатып келіпті...

Аққұбаға да, қоңырқайға да телігісіз өңі қабыздап, жүзі құбыла түсіп, сәтке тұңғиық отырып қалды.

– Телефонмен көп нәрсені айта алмайсың ғой, екеуміз істі бір баянға жеткізбек болдық та, ертесіне жүзбе-жүз отырып сөйлестік. Әне, сол жерде айрылысар қазан жасадық. – Ол бар денесімен арт жағына бұрылып, тағам беретін сөреге таяу сырмақтай алаңқайға қойылған екі кісілік үстелді нұсқады. – Әне, сол жерде отырып бүркемей, ашық сөйлестік. Тәжірибелі еркекпіз ғой біз деген. Мұндайда адамның не ойлағанын, не ойлайтынын білгің келсе көзбе-көз жолығып сөйлес, сонда көп нәрсеге көзің жетеді. «Сендіріп, толық ашылып, күлбілтесіз айтқан бір ауыз сөз он бет жазылған қағаздан салмақтырақ» дейтін әңгіме бар еді ғой...

– Достоевский, – дедім мен.

– Солай ма?!. ...Жә, қойшы, не керек, сол жерде... беті ашылған, басы қатты тарланым болған жайды еш сұңқылдамастан айтып берді. Тамаққа тапсырыс бергізбеді, «сухой» отырдық. Бұрынғыдай өрекпіп, өзінің ақ екенін, адал екенін өліп-тіріліп дәлелдеп бақпады. Енді не жасасаң да мейлің деген кісіше топырақбеттеніп отырып баяндады, болған жайды.

– Қалай танысыпты, кім екен? – дедім дегбірсізденіп.

– Бірталай уақыт бұрын бір құдағиы құрбысының інісімен таныстырған. Орал жақтан көшіп келген екен. Әйелі өліп, екі баламен қалған тұл еркек. Келгесін шағын бизнеспен шұғылданған, фирмаларға бір инженерлік қызмет көрсетеді. Оны кезінде сөз арасы етіп маған да айтқан. Бойы мықыр екен, иығымнан келеді деп менсініңкіремей отырғасын, әрі мен тұрғанда бөтен еркекке назарын аудара қоймас деп әлгі хабарға аса мән бере қоймап едім ғой. Сөйтсем, сыры құмның суы секілді тереңде екен. Мен жазған ішін көрмей, сыртына сеніп далақтап жүргенімде бұл – менің аққудайын адал болонкам – әлгі еркекпен жасырын көрісіп жүріпті...

Ербол енді езуін жымқап, ащы жымиды:

– Екі жыл бойы! Түсінемісің?! Бір ай емес, алты ай емес, бақандай екі жыл!

– Енді... жақсы көріп қалған шығар, – дедім, тағы да шыдамай.

– Тоқтай тұр, айтып болайын. – Досым шыныаяғын үстелге қойып, құнысқан денесін тіктеп, шалқайыңқырап отырды. – Осыдан оншақты жыл бұрын ғой деймін, қазіргідей уатсап, мессенджер деген жоқ, компьютердегі «агент мэйл рудан» хат жазысатын едік қой. Бір үйлі-баранды жігітпен жазысқан хаттарын кездейсоқ оқып қалдым. Екеуі әлгі жігіттің мәшінімен тауға шығып, таза ауа жұтып келген. Бірақ айтуынша, араларында ештеңе болмаған. Екіұшты сендім. Әлденеге подозрение ұстадым. «Тайында тасқа байла» дейді ғой үлкендер, содан кейін-ақ жанымнан екі елі ұзатпауға, көзден таса қылмауға тырыстым. Күндіз-түні телефонмен бақылау режиміне қойдым. Бұдан кейін көлденең нәрселері байқалмады да, біртіндеп мен де бұрынғы қалпыма түсіп, бұранданы босатыңқырадым. Ай, тізгінді аттың мойнына алаңсыз іліп жіберген өзімнен де бар! – Ербол ақ пен бурыл шұбатыла араласқан ақшулан басын қатты сілкіп жіберген кезде жасанды тістері бір-біріне тиіп, зік-зік ете қалды. – Бауырым-ай, білесің бе, біреу өткір сүңгіні кеудеме бойлата сұғып, сол күйі қалдырып кеткендей болды. Жүрек кенет ескі лифтінің кабинасы секілді төмен – қара құрдымға салдыр-гүлдір зырлай жөнелгендей күй кештім. Мұндайда не адам болып қалады екенсің, не ішіңде отырған құбыжық тіріледі екен. Өзің де білесің ғой, еркектік намысын қорлаған әйелді еркек аяй қоймайды. Өзін, бойындағы бар асылын аямай берген адамды нәйеті біреуге айырбастап кеткенін білген шақта зығырым қайнап, уытым жетті. Бұрын мені сүйші деп түріліп тұратын шоқ еріндері енді ит мүжіген итаяқтың жиегіндей болып қалды, әшейін. Еркімше уалайтын жас, жұмыр тәні дәрігердің стетоскопы тәрізді сұп-суық тартты... – Талай дөтен сезген емен отырғыш ағашы нығыздалған салмақпен тағы да зарлап қоя берді. – Енді айта берсем де болады: бір мезет сол жерде өзімді ұстай алмай, шапалақпен жандыруға шүйт қалдым. Бірақ ойладым, енді төске ұрып ыдыс-аяқ уатқаннан, таяққа жығып, жыртылып-айырылысқаннан не пайда деп. Әлгі қылығын жете түсінбегеніммен, сол үшін оны іштей айыптағым да келмейтінін сездім. Духым, тәуекелім жетпегеннен емес. Шындап келгенде, оның да жағдайын түсіну керек қой – кәртейіп отырған жоқ, көрік десең көрік, ақыл десең ақыл бар. Сынық қанат көбелек – ол да өмір іздемек. Ажарының барында, бір жерінің тарында тасымаса кейін кімге керек?! Әйел байғұс өзі түстікке кешігіп қалмас па екен деп күтетін біреу болса деп қолындағысын, бойындағысын түгел беруге бар ғой. Сондай бір өмірлік серік болатын адамды кездестіргісі келсе несі бар? Басы бос. Колхоз – дело добровольное. Балалар үшін, шаңырақ шайқалмау үшін дейтіндей заңды әйелім емес. Үлкен жеңгеңді тастап кетуге құдайдың алдындағы хаққым жібермейтінін өзің де білесің. Мына жасымда өмірді күрт өзгерту оңай нәсте емес. Ал анау – кездесіп жүрген жігіті, дәл мен күдіктенген кеште бұған сөз салыпты. Бірге тұрайық деген. Ванныда бетінің ұшы нұрға боялып жатқаны да сол екен...

Түсінем бәрін де. Бір ғана нәрседе ренжідім оған. «Әкең өлгенді де естіртеді» дейді ғой, маған бір ауыз айтпастан осыншама уақыт алдап келгені қатты батты шымбайыма. Соны айтсам, «Мое тело – мое дело» дейді. Солай деуге бола ма?! Екіжүзділік, сатқындық қой бұл! – Ербол кофе құйылған стақанын үстелге тақ еткізіп қойды. – Сонда да, ақылға салып жазалауға шамам жетіп тұрса да, кеуіліне келген ниетін қабыл алайын, бағын байламайын, қоя берейін дедім. Еһ, Дүзелхан, біздің жағдайда жас адамды ұстап отыру азапты жұмыс екенін кім білген?!.

Ербол сөзінің екпін-қуатымен төменгі жақтағы, бір кезде өздері отырған үстелге бұрылып көз салды.

– Түбі бір айырылысатын болғаннан кейін бір-бірімізді қинамай, риза-қош айтысқан жөн деп шештік. Мезгілі келгенде бастан жақ та ажырайды. Мен оған бақыт тілеп... ол маған рақмет айтып, кешірім сұрап... кешірдім. Батыстағыдай «қош» деп бойсақтадық әлгі жерде. Битте шон, мархаматыңыз...

Ербол бір сәт осыдан бір ай бұрынғы қоштасу әңгімесінің егжей-тегжейін есіне түсіргендей бөгелді.

– Жиналып кетерінде сынық сөз тіл қатпады. Тек көзіме әдеттегіден ұзағырақ қарап қалғандай болды. Қоштасқаны шығар деп түсіндім. Тізем дір ете қалды. Бітті шабаш!..

Бетінің әжім сызықтары тереңдеп, жыраларға айналып, жүзін терезеге қарай бұрып әкетті. Біз отырған кофехананың Almaty Arena-ға қараған беті түгел шыныланған еді, Ербол сол жаққа назар салған кезде мен де еркімнен тыс терезеден тысқа қарап қалған екенмін.

Жоғарыда – оңтүстіктен Алатаудың алыста жал тартқан қарлы асқарын артқа тастап, қорғасындай ауыр бұлт тізбек-тізбек жөңкіліп келеді. Төменде – кептеліс кепілге алған көлік нөпірі. Бір сәт көз алдыма көше бойлап, ішін жегідей жеп жантақтаған ауыр ойлардың салмағымен екі иығы салбырап, ойсоқты кетіп бара жатқан Шаттықты елестеттім. Тіпті, қысқасалымның көкөксалпағында етігінің шылп-шылп еткен дыбысы да естілгендей болды...

Ойымды бағана баяу ойнап басталып, күшейе түскен музыка бөліп жіберді. «Эх, жаным, саған сенгім келмейді, алдаған соң үмітті; жоқ-жоқ, жаным, саған сенгім келмейді, жараладың жүректі» деп безілдейді Калифарния. Ербол одан даусын асыра әңгімесін жалғастырып кеткен екен.

– ...тізем дір ете қалды, әкесс... Біреу қабырғамды суырып әкеткендей болды.  Төрт күн телефоным үнсіз қалды. Дисплейге қанша көзімді талдырып қарасам да одан аты көрініп, өзі қойып берген рингтон «Пардоне муа»-ның сазы естілмейді. Төрт күн... кетейін десем кете алмай, өлейін десем өле алмай – тірі өлік – жаттым да қойдым. Бұрын да талтақтасып, керісіп қалатын едік – шың басында шынардай жалғыздық кімге жарасқан. «Ендігі өмір – салынды шөптей. Ықтырма жетер. Сен қалдың, мен кеттім, енді сені естен мәңгіге шығарам» дегенмін. Қателесіппін. – Ербол сөзді кенет бұрып жіберді. – Білесің бе, менің сол күндері нені көбірек ойлағанымды?..

Қазан ұрмай, қар жаумай тоналған ағаш – сонда сұры кетіңкіреп отырып айтқаны:

– Сол күндері бір көрініс... өзеннің табанына шөккен қайыртопырақтай, мыйымның бір бұрышына барып жатып алды. Алдында, бойы мықыр дегенге тапқаны бір жойпан қара шығар деп ойлағам. Сөйтсем, спорт шеберлігіне кандидат екен. Күрестен бой өспей қалады ғой, а бірақ борецтер мен боксерлерде әйелдердің бойында нәпсінің қалауын оятатын еркектік дөкір тартымдылық болады. Ал жас жеңгең бір алдырса – сол жемсауынан алдырар еді... Енді, әлгі тапқанының – Оралдың пельменқұлақ балуанының құшағында өзім ешкіммен бөліспедім деп жүрген ләззат-бөлмеміздегі ақжайманың мыж-мыжын шығарып, қитықсыз өртеніп жатқаны, компрессор тәрізді жұмысшы еріндері көз алдыма елесше тартылып, кетпей тұрып алатын болды... Жә, қойшы соны, нәлеті... Тамақ ішесің бе? Жүрек сазып кетті ғой. – Ербол жауабымды күтпестен, шалт қимылмен үстел үстіндегі шақыртқы қара эбонит түймені басып қалды.

Жамбасынан бұрылып даяшы қыз келді.

Ербол – табиғатынан кінәз жігіт. Тақа бір қатты қажеттілік тумаса көшенің тамағын жей бермейді. Соның ішінде жұмбақ фарш салып пісірген түшпаралармен арасы тіпті жақсы емес. Бұл жолы да өзі сүйіп жейтін манго қосқан тауық қанаттарына заказ берді. Ал соған тұздалған карамелді және жаңғақ дәндерін үстеген чизкейк қосылған кезде жақын маңдағы үйімнен келіп отырған менің өзім малта сорғандай тамсанып қалдым. Және ескі итальян рецептісімен джиззеде қайнатылған аффогато кофесі..

– Мұның барлығын бір уақытта әкелмеңіз. Әуелі аффогато, біз оны ыстық тамақ келгенше асықпай ішіп отырамыз, – деп нықтап қойды кірпияз досым. Қос бұрымы омырауына жөңкіп түскен даяшы қыз кірпігін птеродактиль секілді жапақ еткізіп, тапсырысты орындауға кетті.

Бар пәле осы тамағы құрмағырдан шығады деп сол сәтте кім ойлаған.

Көбейгір даяшы қыз кофе мен ыстық тамақты қатар әкелді. Досымның дәлдікке құрылған алгоритмдік зердесі даяшыны қолға түскен торғайдай дір-дір еткізіп тікаяқ қоюды жөн деп таппады да, біздің үстелімізге қатар үстелдің жанында тұрған орындыққа отырғызды. Отырғанда қыздың қысқа униформа көйлегінен қоңырқай толық сандары көрінді. Көйлектің омырау тұсы астынан әлдебір беймағлұм құстар балапан басын шығармаққа желімдеп жапсырып жасаған кішкентай қос ұя іспетті қос төмпек үргелектене көтеріліп-басылады. Досым сөйлеп отыр. Жо, өктемейді, үстелді тоқылдатпайды, бірқалыпты  қаражусан жүз, шегелеген, шегендеген шешімтал үн.

– Міне, сіз... бізге кофе мен ыстықты бірге әкелдіңіз. Ыстықты бастап жесек, аффогато суып қалады. Кофеден бастасақ, манго крылышки мен чезкейк суып қалады. Тауықтың қанатын кофемен жей алмаймыз. Біз мұнда тамақтан ләззат алуға келдік. Тағамның әр түрінен, жеке-жеке. Мына жерде енді кофе артық. Әкете беріңіз. Сіз кешіктіңіз, кофемен.

Даяшы қыз аффогатоны алып кетті. Ұлттың поднос көтеріп жүрген алтын ресурсын аяп кеттім.

– Марстан келген марсиансың ғой өзің! – дедім ақыры шыдамай. – Мұндайда мен былай етемін. Алдымен кофе әкелдірем, сол кезде ыстық тамаққа тапсырыс беремін. Ол даяр болғанша кофемді асықпай ішемін. Даяшылар да адам баласы және олар да өздері сияқты кеудесінде жаны бар адамдармен жұмыс істейді. Сірә, даяшы разнарядканы бариске беріп, біздің заказды көкинәға апарып тапсырған. Міне, осы арада баристен бір кінәрат кеткен. Не табиғатынан асықпайтын салқам немесе тапсырыс көп болып, қолы тимеген. Бұл – өмір, Ербол! Мың бояудан тұратын өмір. Қой, асқа қарайық. Сосын кредиті жоқ адамдай жадыраңқырап отырайықшы. Мә, мына лықыған қара табақты алдыңа ал, содан соң айтарсың әңгімеңді. 

Сен – монстр, кәрі дрыш, күдіктің көбі күнә екенін білмеуші ме едің? Мына кісі өлтіретін философияң мен полицайлық қамқорсуыңнан Шаттықтың есі ауып кетпей қалай жүр екен? (Соңғы сөздерді ішімнен айттым, әрине).

Досым мен ұсынған тефалды үлкен кісілердің шаршаңқы рақмет-мезіретімен алды.

Вау, шағын кафенің ыстық асы дәмді болып шықты. Су-шеф табаны керекті қызуда қыздырып ұстағаны көрініп тұр. Түбіндегі сары май да оттан көйлек киінбей, бірқалыпты шыжылдайды, содан да мангоның, тауық қанаттарының құсеттенген қабығы алтын жалқынданып тоқ тартады. Тұзды да ыбылжыта барып қосқан-ау.

Сөзім өтіп кетті ме, Ербол асқа біртүрлі шамырқана кірісіп, тефалдағыны ақырда тұрған ат сияқты лезде жоқ қылды. Бір-біріне ары тұрлап сығылысып жатқан тәрелкелерді даяшы қыз жинап әкеткеннен кейін самайдан аққан терін қағаз сүлгімен андыздата сүртіп алды да, бір бокал аперитивті тауысып ішіп, әңгімесіне қайта кірісті.

– Иә, дұрыс айтасың, бауырым. Шынында да, бұл – өмір. Қазір қыс, ертең көктем келеді. Одан кейін орнын жаз басады. Өстіп тоқтау жоқ зымырай береді жаратылыс. Адам да сондай...

Сол бір қатты қиналып жатқан күндерімде, бесінші тәулік болуы керек, бір ой түсті. Шаттықты алғаш кездестіргенім, бірінші таныстық-білістік айлары, акварель бояумен салынған сүгіреттей мөлдіреп тұрғаны... Негізі, жеңілтек қыз емес ол. Жаңылысқан адам таңдауда, жастықпен жаңсақ басқан. Содан кейін, өмірдің өрін көздеп жалғыз келе жатқан жолында мен кез болыппын. Сезім мастығын кештік, бақыт әнін шырқадық, аспанда қанатсыз ұшып жүрдік деп айта алмаймын, бірақ едәуір жас айырмашылығымыз екі араға соншалық үлкен кедергі бола қоймады. Екеуміздің бұл райластығымыз өмірдегі қиындықтарымыздың кейбір ортақтастығынан, жалғызсырау сезімінен де шығар. «Әйел де өлмегенге бір татар дәм» депті ғой бір ақын, оны алғаш жолықтырған шағымда мына дөдең аватаркаларына бегониялар мен азалияларды қадап қоятын әпшелерді көзге іле қоймайтын сал дәуренде жүр еді ғой. Жас әйелді жақсы ат сияқты көріп сәндікке мінгің кеп тұрады, тіпті әрбердесін тоқалым жас деп, мәшін алған кісіше мақтанып та қоясың. Шугар дейтинг, екі жақ өзіне керегін алатын балды күндер. Қылқылдап ақша сұрау, еркекті күніге піскілеу Шаттықтың әдетінде жоқ. Бірақ еркек өзіне сезім буырқанысын сыйлаған, сүйіспеншілік рақатын қайыра басынан өткерген әйелден қолындағы барын аямайды емес пе?! Сол жағдай бара-бара бір-бірімізге ешқандай бақай есепсіз жақсылық жасауға ұласты. Құдай бір күйеу қарыз қазақтың қызы ғой деп жаным ашып, жан-жүрегімді қалтама қосып сығып жәрдемдесетін болдым. Қылтиып көрінген жаңғыз ұлын да қанатымның астына алдым. Бала да тышқандайынан жанымда болғаннан кейін бе екен, мені әке орнына әке көріп, жақын тартып кетті. Күннің өзі теңізден коректенеді емес пе, өстіп елбесіп-селбесіп жүріп біте қайнаса келе ұлып жүрген тағдыр қара ешкі мүжіген ағаштай қайыра гүлдеді. 

Жастар ғой жүрекпен сүйетін, ал біз осы жасымызда жан-тәнімізбен сүйетін болуымыз керек. Әйтеуір, аялдамам жақын қалды ғой деп ешкімге көңіл бөлмей, сезімге жол бермей жүрген өзіме де өзгеше бір сезім – сірә, үйренісіп қалу, бауыр басып қалу сезімі келді. Ен бақытқа кенелдім дей алмаймын. Бақыт дегеннің не екенін де білмеймін. Біздің жағдайымызда ол екі адамның біз сияқты жаттан жақын болуы шығар. Міне, әлгі бес күн сол асылымды, ең асылымның бірін жүрегімнен жапырақша жұлып әкеткендей болды...

Ол бір сәтке үнсіз қалды. Жаңағы сөздерді – еш түңіліс табы жоқ – бәріне де көнген, кемпір үнмен айтты. Мен тағы да терезеден сыртқа көз салдым. 

Сиыр сәске мезгілінде келіп едік, ұзақ әңгімемен отырып, тыста қараңғылық толық түсіп болғанын да байқамаған екенбіз. Үлкен қаланың оттары бірі самаладай, біреусі өлімсірей, әйтеуір түгел жағылыпты. Жарқ-жұрқ еткен неон маңдайшалар мен жарнамалар ғана таңғажайыптарға толы еліміздің ең дөкей қаласында өмір сүріп жатқанымызды еске салып тұрғандай. Күндіз күн сүркейлеу еді, енді іңір түсе қарақұрықтана бұзылыпты. Тау жақта кенет көтерілген жел түтілген жүндей қазбауыр бұлттарды Алатаудың аламыш-аламыш басынан бері, түстікке қарай мамырлата айдап барады екен. Қар аралас жаңбыр бір төгіп өткен сияқты. Биылғы сырдаң күз аяз әкеліп, жердің тоңын ерте түсіріп кеткен, содан да әлгі жылбысқа қылау жерге сіңбей, көшенің ойпаңдау, ойық тұстарына көлкіп тұрып қалыпты. Әзір үлкен қар жоқ, бірақ қардың лебі бар. Осының өзі күйбең тірліктің дүрбең шуларына соныдан тыныс қосып, әсіресе жаңа жыл қарсаңындағы жағымды әурешілікке өзгеше өң бергендей еді.

– Мен саған сол күндері, Раббым Алланың хикметімен не нәстені жіті сезінгенімді айтайын, егер құлақ салып тыңдасаң...

Мен жүзімді терезеден бұрып, өз кеудесінен өзі абақты жасап алып отырған досымды бар зейіліммен таңдайтындай қалып таныттым.

– Дүзеке, саған мынадай бір сұрақ, – деді Ерболым тамағын кенеп алып. – Егер сен менің орнымда болсаң, өзіңе опасыздық жасаған адамды кешірер ме едің?

Сұрақ оқымаған жерімнен тиді.

– Енді, кешіруге болады ғой, ал ұмыту...

– Міне, міне, мен де осыны айтайын деп едім. Кешіру қиын емес екен. Ұмыту, қайыра сену қиын екен. Календардың аударылып кеткен парағын орнына әкеліп қоюға болады, ал мына кеудеңдегі жұдырықтай бұлқыныңды... – Ербол әлденеге дәл жүрек тұсын емес, одан былай, кеудесінің  иықтан төмендеу тұсын нұқып қалды. – Мына жерді қайтпексің? «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді ғой, бір сынған кесені қайтып бүтіндеу соншалықты қиын болады деп бұрын ойламаппын. Баяғы аталарымыздың айнымас, азбас жарлары келмеске кетті ғой бұл күнде. Есіңде ме, әнеу бір жылы маған ютубтан бір кино тауып беріп едің ғой. Жасанды интеллектінің операциялық көмекшісі – қызбен күніге сөйлесіп жүріп, соңында оған өлесі ғашық болып қалатын жігіт туралы...

–Е, «Она» дейтін фильм ғой.

– Иә, сол фильм. Жігіт «Онасының» өзінен басқа да бірталай пайдаланушымен махаббат құратынын біліп қалған кезде жүрегінің пошақ-пошағы шығатын еді ғой. «Сүйген жан әрқашанда кешірімді» деп жатамыз. Бұл – сөз ғана. Жай сөз, моралите. Сатқындықтың, опасыздықтың сабағын қанша шапқаныңмен бәрібір тамыры қалады. Рәтін көрдің ғой, бақыт тілеп қала бер дейтін сөз де басына жағдай түспегендер айта салатын философия ғана. «Қоя берсең, өзі-ақ оралады», «Қатесін, күнәсін жуып-шаю үшін адал болады» дейді тағы да. Келер өзі-ақ, болар адал-ақ. Күлкімді келтіреді...

Ербол біраз үнсіз қалып, әңгімесін жалғастырды:

– Ие, адамшылық жолымен келгенде түсіну, сосын кешіру жақсы-ақ нәрсе. Іштен шыққан шұбар жылан дейсің де, беліңе орап аласың. Еламан ба еді осы, бір үлкен кітапта, көзіне шөп салған Ақбаланы кешіріп, тіпті өмірден өз орнын табуына көмектесетін?! Ал мен алғашқы төрт күнде сол Ақбала сияқты жақсымды Тәңірбергенге – жат көзіне қия алмайтынымды сездім. Тіпті де қия алмадым! Қатты бауыр басып қалған екенмін. Бұл – бір. Содан соң... – Ербол маған тесіле қарады. – Сосын, ой жүгіртіп көрсем, осы уақытқа шейін оған дәрменім үзіліп кеткенше көмек көрсетіп келген екенмін. Кредитпен болса да үй алуына, мәшін алуына қол ұшымды беріп бағыппын. «Проблемам аз еді, енді соған «Бериван» қосылды» деп ауылдың хатундары айтпақшы, соның бәрінде де жоқ қайғыны құдайдан сұрап алдым-ау, атан түйенің белін үзер жүкті – тым ауыр жүкті еңсеме артыппын-ау деп ойламаған да, айтпаған да екенмін. Енді, жылдар бойы маңдай терімді үгіп жүріп тұрғызған сол құрылысымды бір күнде тәрк етіп кетіп қалар болсам, одан маған не марқадам?! Соның бәрін сәтте керексіз келсаптай тастап жүре берсем, ал оған еккенде жоқ, тіккенде жоқ біреу келіп иелік етсе, сонда менің кім болғаным?! Қытайда ма, бір жақта бір бай еркек өліп, миллиардер атанған әйелі ұзамай күйеуінің шопырына шығыпты. Сонда шопыры «Апмай, мен бастығыма жұмыс істедім бе деп жүрсем, бастығым маған жұмыс істеген екен ғой» деген екен. 

Ербол ызалана күлді.

 – Сонсоң, тұрғызған үйімнің біреуін тастап, екіншісін бастайтындай мен деген әмірі күшті Давид Құрылысшы, не болмаса қуаты тасып тұрған жас жігіт емеспін ғой! Бұл екі. – Ербол құмды жердің жыңғылының көгеріштене тарбиған жалаңаш шыбығындай салалы да қақпыш екі саусағын төбеге безеді. – Дүзелхан, шыныңды айтшы, осы сен, әрине әйеліңнен басқа біреумен көңіл қоса қалсаң қандай әйелді қалар едің?

– Білмедім ол жағын, – дедім, қапелімде сұрақ тағы да оқымаған тұстан тигесін.

– Білмеймін деген сөз бе екен!? Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп бірдеңе десей, кісі көріп сұрап отырмын ғой!

– Бізді қойшы, қол жетсе бізге бәрі де лайық. Таңдайтын мұрша қайда, – деп қуландым.

– Тағы да жақауратып отырсың. Өзін сыйлайтын кез келген еркек – ол мейлі жас болсын, жасамыс болсын, тіпті кәрі болсын – ең алдымен бұл дүниенің әтірі мен жұпары теңесе алмайтын әйелдің жас тәнін уалағысы келеді. Өтірік емес қой?

Мен күліп, қоштағандай басымды изедім.

 – Ақыры әңгіменің ұзағына кеттік қой, Дүзеке. Осы жерде өзіңе тағы бір сұмдық жаңалығымды ашайын... Сол күндері мен айға қарап қасқырша ұлуға шақ қалдым. Ұлығым келіп жатқанымда, түн көрпесі түсе оны және бір рет, бәлкім соңғы рет төсекке қарай сүйрегім келді. 

Шаттық жасырақ уағында сәмбі талдай солқылдаған  мүсінді болған ғой, сүгіреттерін көргем. Ал отызға тақағанда денесі жұмырланып, кінәмшіл мүшелері  анадайдан көз тартып, сынына толды. Білесің, өзің де көрдің ғой?! Сирақ әлі дертеге айнала қоймаған, шексіздікке жұтылып кетіп жатқан ұзын, түп-түзу үсітті аяқ... Алтайы қызыл түлкіні ақиық келіп ілгенде, жел өтіндегі жапырақтай бүткіл денесімен қалтыратып, көздерін жайнатып, ернін дымдап, ауған жүктей алдыма жайратып салып, торға түскен балықтай ыршытсам шіркін... деп алағызыдым. Жо-жоқ, бұл сен ойлағандай ашқарақ нәпсінің әрнеге құмартуы, тоят тілеуі емес. Мені сол кезде жаңғыз ғана ой меңдеді. Мен енді мына жалғанда сондай жастағы әйел баласын қайтып таба алам ба, кездестірем бе ендігі жерде таңдайыма таматын кәусарды деген бір ғана сұрақ. Сол кезде өзіме өзім «маған басқа еркектерді қызықтырмайтын әйелдің не керегі бар?» дедім. Басқа еркектер де құмартсын оған. Бірақ ол бәрібір тек менікі ғана болады! – Сана түкпірінде жылт етіп өше қалған қастанды бір ойдан қуыстанғандай жымсия күлімсіреді. – Бернард Шоу айтып кетіпті ғой, «Егер біреуді жақсы көруді соның жолында өзіңді құрбан етуден бастасаң, онда құрбан берген әлгі адамды жек көрумен аяқтайсың» деп. Қандай жақсы айтылған! Ұнатпаумен емес, жек көрумен...

Менің көзім жеткен нәрсе – әйелдің еркегінің үстінен жүруі  дүниедегі опасыздық атаулының ең бір сұмырай, сұмпайы түрі. Біздердің, еркектердің де оңып тұрғанымыз шамалы...

– ...пашпортың баяғыда жұлым-жұлымы шыққан, – деп сабақтап қойдым осы тұста досымның сөзін.

– Иә, оңып тұрғанымыз шамалы, алайда әйелдердің опасыздығының бізден ерекшелігі сонда, әйел оны жүрегімен жасайды. Ол сенен өңдірек, сенен денесі мығымдау, сенен мінезі де жақсырақ еркекке эмоциямен беріледі. Сондықтан, Дүзеке, басыңа осындай іс түсе қалса, есіңде болсын, ондай адамды кешіруші болма!

– Дұрысы, кешіре білу де керек, кешіре білмеу де керек дегің келіп отырған шығар?

– Жо-жоқ, жек көріп тұрып кешіру керек, міне, сол сенің кешірмеуің! – Ербол үшінші саусағын ербитті. – Жек көріп тұрып кешіру... Бесінші күні... Сұлқ түсіп жатқан бесінші тәулікте мені осы ой – табан астында ақыл зерегім қорытып шығарған жаңалығым аяғымнан тік тұрғызды. Менің ұлығым келді. Міне былай: у-уу, у-уу деп. Осылай ұлып өш алғым келді одан. Кек емес, кек қайтару емес. Өш алу. Намысымды шабақтағаны, аяғының астына салып таптағаны үшін. Дәл солай. Шахмат тақтасында қарсы жүріс жасау. Әлгі өш алуымды оның алдына қорда тамақ сияқты салқын күйінде сый табақ етіп тарту. Екі иығыма мыйлы басты қондырғаны рас болса, дәл осылай жасамасам оңбай кетейін деп серт еттім өзіме-өзім сол күні...

Мен оның кенет өзгеріп кеткен түріне үрейлене қарадым.

– Алдымен жанашыр ыңғайда тіл қатқан болып, бетін еппен бері қаратып алу керек болды. «Мен сені жете түсінемін», «күйем», «сүйем», «пәлен де түген» деп келетін нарратив қой, қысқасы. Алдында, осындағы қоштасу кездесуіміз кезінде әлгі... оралдық пельменқұлағының жағдайын – материалдық жағдайын суыртпақтап отырып біліп алғанмын. Шағын бизнесі бар дедім ғой, бірақ басында үйі жоқ болып шықты. Жалпы, жылжымайтын мүлік дегеннен таза тақыр. Жігіт болып қалған екі ұлы өзімен бірге жұмыс істейді, үшеуі пәтер жалдап тұрады. Ұлдың үлкені қайтыс болған әйеліне – ұлты орыс – еріп келген бала, кішісі екеуінен туған. Үлкені әне-міне үйленейін деп жүр екен. Шаттықтың сөзінен байқағаным, әлгі адюльтерінің – атын айтпай-ақ қойды ақыры – бизнес жағдайы жықпа-жығылма. Әнеу бір әкетіп бара жатқан табысы жоқ жігіт, маусымдық жалданба жұмыстағыдай анда-санда ошаң ете қалатын сияқты кірісі. Бір рет банкротқа ұшырап, қайта көтерілген.

Бесінші күні әбден ұлып болып, енді не істеймін деп үйдің төбесіне ойлана қарап жатқанымда әлгі әңгіме мыйыма сарт ете қалды. Тағы бір күн ойымды әбден қорыттым, жинақтадым. Сосын телега арқылы (уатсапты блокқа қойған) Шаттыққа хат жазып жібердім. Барлығы екі хат. Оқып берейін тыңдасаң?..

Ұлықсатымды алғаннан кейін дауыстап оқи бастаған, бірақ залдағы шудан назарымды онша жыға алмадым да, телефоныма жіберуін сұрадым. Қысқа тұжырып жазған екі жазба екен. Үйге келген соң асықпай оқып шықтым.

ІІ

Ерболдың Шаттыққа жазған бірінші хаты «Шаттық, экономикада риск деген бар ғой, алдағы қатерлер. Сол төңіректе ойландым осы күндері» деп басталып, одан әрі әлгі қатерлердің мән-жайы айтылады:

«Білуімше, бұл жігіттің ең үлкен бас ауруы – ұлының үйленуі болса керек. Келін-баласымен тұру оңай емес. Енді не істеймінге кеп тірелгенде тапқан шешімі – саған барып тұру, қолыңа кіріп алу болса керек. Үш ұлды (өзіңнің балаңды қосқанда) бағу, жағдайларын жасау оңай шаруа емес. Мұндай жағдайда үйленген ұлына ипотека рәсімдеп, ақысын екеуі бөліп төлеп тұрады. Екінші ұл жалданба пәтерде қала береді, бірақ оған да қарайласпаса болмайды. Ендігі мәселе – екеуіңнің үй жағдайларыңды жақсарту. Қаланың орталық бөлігіне жақындау, әрине, ипотека арқылы. Айтуыңа қарағанда, жігітің кәсіпорнына деп кредит алған, олай болса ипотека оған емес, сенің атыңа рәсімделеді. Ол үшін қазір тұрып жатқан сенің пәтеріңді құнын толық төлеп, ипотекадан босатып аласың да, сатып және ипотеканың алғашқы жарнасын төлейсің. Бірақ тұрып жатқан пәтеріңді босатып алу ұзаққа, мысалы, 6-7 жылға кетуі мүмкін. Жігітіңнің бизнесінің кіріс жағы тұрақсыз, кездейсоқ клиентураға тәуелді, тағы да банкротқа ұшырау қатері жоқ емес. Бір жеңілдеу жолы бар. Ол – балама деп жатақханадан алып қойған бөлмеңді сатып, қазір тұратын пәтерді босатып алу, қалған ақшаны ипотеканың жарнасына төлеу және сол пәтерді жалға беріп, түскен ақшамен ипотеканы жауып отыру. Сен осыған көнуге мәжбүр боласың. Басқаша айтқанда, бүкіл проблеманы шешу сенің мойныңа түседі. Осыған көндім десең, онда тағдырыңды біржола байлайсың осы жолға. Тек бір нәрсені ұмытпа, мұндай жағдайда сенде кейін қайтар жол болмайды. Шаттық, мен айтарымды айттым, ендігәрі бұл тақырыпты қозғамаймын. Шешімді тек өзің қабылдайсың. Тек қана өзің». 

Хатты оқып отырып, өз басым досымның келтірген уәждеріне тәк тұрдым. Дәлелдемесі мықты, мығым. Қысқа да екпінді сөйлемдермен жазылған, қауашағында бірдеңе бар кімге де болсын ой салмай қоймайды. Әйтеуір әлденеге Шаттықтың мына хатты оқып, қатты ойға түскеніне шәгім қалмады. Шәгімнің қалмауының екінші, ең елеулі себебі – оқиғаның немен тынғанын хатты оқымай тұрып, кафеде отырғанымызда досымның айтуынан біліп алдым ғой. 

– Соқсам қасқыр соғам, атсам ондыққа тигізем ғой мен деген, – деп мақтанған сол жолы қоппа досым миығынан күліп. – Сүйіктім әлгі хатымды оқып, күн аралатып әдепкі ойынан айныды. «Сенікі дұрыс екен, ой сарабына салдым, бүкіл проблема менің еңсеме артылып, қазіргі күніме зар болып қалады екенмін» деді. Вот, солай!

Айтқандай, екінші хатты ұмытып барады екенмін. Ол бірінші хатқа іле-шала, жаңа жылдың алғашқы күндері Шаттықтың ауылына, ата-анасына барып алдынан өтпекші болған Оралдың ақиығын әлгі сапардан тоқтату үшін Ерболдың қолымен арнайы әзірленген арзу. Орысы жын атқан жердің жігіті болуы себепті өзімізге талай жыл әке-көке болған халықтың тілінде жазылыпты. Ерекемнің – ерен жүйрігімнің қаламы онда былай көстеңдейді:

«Здравствуй! У меня к тебе есть ряд вопросов. Во-первых, я не знаю тебя достаточно хорошо, у меня совсем мало информации касательно финансового положения, я нетвердо убеждена, что ты в дальнейшем сможешь содержать семью. Во-вторых, мне не понятно, почему ты до сих пор не имеешь собственное жильё?  Как, каким образом ты намерен обустроить своих детей, обеспечить их квартирой? Ведь понятно же, что ты не можешь вечно жить в моей квартире. Не окажется ли так, что твои проблемы в скором времени станут моими проблемами и я буду корпеть над их решением? Обо всех обстоятельствах ты мне должен говорить максимально открыто. До того времени будет целесообразным, если ты повременишь своей поездкой для встречи с моими родителями. Пойми меня правильно».

Қолда бар деректерге қарағанда, оралдық жігіт бұған ләм-лим деп үн қатпаған. Содан соң Шаттық мыс тиын пайдасы жоқ «партизанды» үнсіздікке қойып, Ерекеңе қайтып оралған.

– Білесің бе, Дүзеке, мен осы аз күнде басымнан өткізгенімнен көп нәрсе алып шықтым ғой, – деді табанды пәлсапашым тақырыпты тағы соныға бұрып. – Әйелдің жанын түсіндіру кванттық физиканы түсіндіруден де қиын екенін түсіндім осы жолы. Адам жанының қараңғы қалтарыстары көп деп жатады ғой, ал мен айтар едім, әйелдің жаны қара түнек деп. «Еркек итке де иеді» деген бар емес пе, шынында біз, еркектер әйел қарнымызды тойғызса немесе жылы сөз айтса төсегіне аунай кетеміз ғой. Ал әйел өйтпейді екен. Иә, рас, еркекке біткен құмарлық әйелге де біткен, бірақ әйел сойылдай бір себебі болмаса қараптан қарап көлденең жүріске бармайды, еркектің бірінен екіншісіне тегіннен-тегін кете бермей ме деп қалдым. Әлгіндей мықты себебі пайда болды ма, онда әйелді ештеңе тоқтата алмайды. Доберман жалдап күзет, темір қисан кигізіп қой, бәрібір дегенін жасайды. 

Әлі есімде... Соңғы кездесуімізде, осында, Шаттықтан «Сен әлгі жігітті жақсы көресің бе?» деп сұрадым. Үндемей қалды. «Білмеймін. Бұл жерде басқа бір жағдай бар... Қалай түсіндірсем екен саған...» деп, бөгеліңкіреп барып ашты қорқынышты Пандора жәшігін. Сонда мен не естідім дейсің ғой?!.

Ербол әңгіменің қызуымен алға ентелей ұмсыныңқырады, ал мен дәл осы сәтте көмейіме кеп тірелген сөзді – бағанадан бері ойлап отырғанымды айтпай қала алмадым:

– «Көкшолақты» сабай-сабай қу жауырын болып қалған шығарсың?!

Ұңғыт досым сөзімнің «мүмкін проблема өзіңде шығар, енді Шаттықты бар пәленің басы қылып шығармақ боларсың» деген астарын анық аңғарды.

– Заткнись хлебало! – деді ысылдап. – Ондай проблема жасы келген еркектің қайсысында да болады, бірақ ерден түпкілікті ауып қалған ештеңем жоқ. Мәселе басқада екен... – Тас қылып түйіп алған қос жұдырығын үстелдің тақтай бетіне қойып, бұл жолы маған тура қарамай, жүзін бұрып отырып сөйледі. – Соның алдында, ота жасататын болып ауруханаға түскен, негізінде мен қапелімде көмек бере алмай қалғанмын. Сол кезде бұл әлгі танысынан жәрдем сұрапты. Беріпті онысы көмекті. Тіпті ауруханадан мәшінімен шығарып алып, үйіне әкеліп салған. Қонып қалған... Содан бастап бұрынғы таныс-білістік ашынажайлыққа ұласқан. Қанша ақша бергенін білмеймін, біздің жемқор медицинаны өзің де білесің ғой, едәуір сома кеткен сияқты...

Мен досымның бұл айтқанымен үнсіз келістім. 

– Шынында да, қарап отырсаң, әлемдегі бүкіл әйелдің бір-бірінен айырмашылығы жоқ: күйеулерінің телефонын барлығы бірдей чектейді, бірдеме көріп қалса барлығы бір түрде айқай шығарады, өзіне үнемі көңіл бөліп отыру талабы да егіздің сыңарындай – жағдай жаса, төбеңе қойып ханшайым етсең тіпті жақсы, – дедім мен досымның айтқандарымен келісіп. – Тіпті, Иранның хатун-қыздарына дейін, пәренже, нихап секілді дресс-кодтары бүгінде аңыз боп таралған осы бір шығыстық қара түнектегі әйел затының өзі солай болған соң не қайыр?! Сөйте тұра, құдай шебер-ай, Хауа анамыздың дүние жаратылып, су аққаннан бері келе жатқан конституциясының бір жері – жағдайға бейімделу, еркекке икемделу қабілетінің қылдай өзгермеуі қабағат қайран қалдырады...

– Абдан жакшы айттың, досым, – деді сөзінің басын қырғызшалап жіберген Ербол санын шапаттап. – Жаңа жылда тауып сөйлегенің осы болды! Дөп, ие, дөп! Тангодағыдай құшағыңда келе жатып мың бұралып, жүз иіледі ғой жарқындарым. Соның барлығында да еркектен бірдеңе сығып қалуды ойлап тұрады және әдемілеп сығады да, өзіне қажет болса! Айтатындары: әйел еркек үшін көзге елеусіз көп нәрсе жасайды және соны күніге жасайды, осынысымен ол туғанында-ақ еркекке сыйлық болып туған. Яғни, әйел – тұрған бойы сыйлық. Енді сол сыйлыққа сияпат жасайтындай мүмкіндік болмаса, немесе ол мүмкіндік шектеулі болса, сарқылып қалсаң, ондай жағдайда сен френдзонаға қойыласың. Қояды да, басқа банкомат іздеп кетеді. Банкомат-карта халық, каспи, тіпті санкциядағы газпромдық юнионпай болса да мейлі. Негізі, банкомат әйелге ең алдымен не үшін керек екенін мен түсінем, ақымақ емеспін ғой. Үлде мен бүлдеге орау шарт емес, отбасы тарықпаса болды. Сосын, әрине, шопингтерде екі көзі төркініне келгендей жайнаса... Меніңше, осы біздің әйел сезімі деп жүргеніміз алдымен әйелдің бойындағы үй-ішін аман сақтау инстинкті болу керек. Бір кино бар еді ғой, бас кейіпкері әйел адам, ашаршылық кезінде күйеуі, бала-шағасы аштан өлмесін деп ауқатты біреуге күйеуге шығып, үйіне тамақ әкеліп тұрады. Қалай еді, атын ұмыттым...

– Фильм емес, әңгіме. Бейімбет Майлин. «Күлпаш».

– Ие, Күлпаш... Ойлаймын, әйелдің ең таңдаулы әтірі мен жұпары адам айтқысыз шынайы жүрегі шығар деп. Ал еркектің ең мықты парфюмі – әйелді, үй-ішін баға алуы, осы жөнде әйелдің көзімен қарағанда, оның жүрегіне сенім ұялататын ер-азаматтың табыскерлігі болуы керек.

– Махаббат өздігінен келмейтіні сияқты, өздігінен кетпейді. Оны екі адам бірлесіп дүниеге келтіреді. Екі кісінің арасындағы ілгергі қызу сүйіспеншілік, одан кейін келетін сыйластық – ошақта қоздап жатқан шоқ сияқты. Оған уақытымен тамызық тастап тұрмасаң бықсып барып сөніп қалады.

– Дәл солай. Өшеді. – Ербол төрт саусағын бірдей шошайтты. – Әйел желге тимейді, ерге тиеді. Еркек үшін әйелді баураудың ең төте жолы –   жағдайын жасау. Мен де сөйттім. Екі хатпен бетін бері қаратып алғаннан кейін екінші жүріспен – ақшамен көміп алдым. Пассив кірістерімді іске қостым. Қанжілік болып сабылып, көз майымды сығып беріп, қосымша таптым. Бұл дөдең керек болса дүниенің астын үстіне төңкереді, арыстанды жалынан күзейді, айдаһарлардың езуін тіледі, әйтеуір табады тиын-тебенді. Өкінбеймін соныма, еш өкінбеймін!

– Дегенмен, тез қайтып келгеніне қарағанда жақсы көру де бар шығар, қайткенде де басыңыз таз, болашағыңыз алда ғой, – дедім бұл жолы да келіп қалған сөзді ірке алмай, бірақ досым қыжыртпа сөзімді сезе тұра шынтән жауап берді:

–  Иә, ол да бар шығар, мұны кейін өзі де айтып қалды. Енді, оңай ма, он екі жыл бойы жынымыз араласып кетті ғой. Ал мен сақина кигізе алмадым ғой оның саусағына, ақ түсті алтынмен апталған неке жүзігін... Есесіне қалған өмірімнің мәнін жоғалтпай ұстап қалдым. Өмірімнің шаттығын...

Ербол маңдайын сығымдап отырып қалды. Екі көзінің арасына тігінен бойлап, бұрын болмаған бір терең сызық түсіпті. Осы сәт ол бір кездегі, жаратылысындағы мейірім мінезділігін қайта тапқандай еді.

Біртүрлі жалғызсырап кеттім.

ІІІ

Ол әлдеқашан суып қалған аффогатосынан аузын толтыра бір ұрттап, шыныаяқты үстелге қойды да, орнынан тұрды. «Дбай, на хабаре». Мен кішкене отыра тұрмақшы боп қала бердім.

Дауасы жоқ кешті бастап Ай туыпты. Ай – жұмақтың жері, онда да тіршілік, өмір бар, бірақ оны астронавтар мен тайконавтар көрмейді. Биыл қыс шық-шыламды болады-ау – Алатаудың алыста жал тартқан қарлы асқарын артқа тастап жеткен қарақошқыл бұлттар ақыры ойлағаны болып, Аяз ата қоржынынан үлестірген тәттідей аққанат көбелектер жерге қалықтап қонып, дүн-дүниені, гирлянд келбетті үлкен қаланы аппақ көрпемен тұмшалап орай бастапты. Сұрғылт аспан төбеден салбырай төніп тұр.

Мен досымды аялдамаға жеткенінше көзбен ұзатып салдым. Үлкен қалада онсыз да адамнан мәшін көп, ал бүгінгі нөпір тіптен қалың – он балдық кептелістен сытылып шығып, арасында автобустар ауыр күрсініп алып, көлік біткен екі жаққа тоқтаусыз ағылып жатыр. Ербол – ойлағанымдай – кафеден шамалы өрлеп барып, қарсы беттегі «Алатау» театрының алдындағы аялдамаға апаратын жаяу жүргінші жолағына түсті. Қарасуық ызғардан қорынып, қылқиған шілмойынын ішіне тартып алған ол жан-дүниесін жегідей жеп, жантақтаған ауыр ойлардың салмағымен бүкшиіңкіреп кеткендей көрінді. Қар мен су аралас қоймалжың ботқаға тиген кездегі етігінің шылп-шылп еткен дыбысына шейін құлағыма келгендей болды…

28.ХІ – 02.ХІІ 2024. 

Қаскелең шатқалы. 

Сарқора.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар