Қосыл Омаров: Таптырмайтын тұлға.
Бөлісу:
Үстіміздегі жылдың қаңтар айының аяғына қарай облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханұлы ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығын өткізу комиссиясының мәжілісін өткізген еді. Өзінің кіріспе сөзінде Қуекең: Мағжан тойы басталап та кетті, мысалы Түркияда ақынға арналған бірталай шаралар іске асылырылып жатыр, - деп хабарлады. Шынын айтсам, алғашқыда тыз етпе патриоттық па, түрік ағайындардан қызғанғандық па, әлде жалған намыс па бір түсініксіз сезім баурап алғандай күй кештім. Бірақ сабама түсіп, әсіре сезімді ақылға жеңдіріп ойласам менікі қызбалық екен. Мағжан қазақтың ғана ақыны емесбүкіл түркі тілдес халықтардың да ардақтысы. Өйткені ол түрікшіл ақын еді. Мағжанның бұл көзқарасын оның көптеген шығармаларынан кездестіреміз.
Мысалы:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан - әр түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік әнші алысып таласқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Түрікшіл бағытта жазғандары бірталай, соның ішінде Орал тауы, Қазақ тілі т.б. Сондықтан Мағжан тойын түркі мемлекеттерінің қайсысы бастаса да еркі, намысқа тиер сөкеттігі жоқ. Мағжан тек қазақ халқының ақыны емес, бүкіл түркі тілдес елдерге, қала берді алты алашқа ортақ тұлға. Бірақ той дегеніміз ықылық ата ет жеп, қарын шерте қымыз ішу немесе балуандар жарысын, ат шабысын қызықтау емес. Мағжантану ісін бір белеске көтеру.
Рас, Мағжанның шығармаларын жинақтау, өмір жасын зерттеуісі қолға алына бастады. 1989 ж. шығармалары, 1992 ж. таңдамалы шығармалар жинағы, 1995 ж. үш томдығы жарық көрген болатын. Енді, міне, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша Мағжанның көп томдық жинағының 1 кітабы қолымызға тиіп отыр. Бірақ Мағжанның қамшының сабындай қысқа ғұмырының ақтаңдақ болып беті ашылмаған сырлары, саф алтындай көркем асыл жырлары таптырмай келеді. Мысалы, 1929 ж. алғашқы тұтқындау (1918 ж. Омсбыда 4 ай түрмеде отырғанын есепке алмағанда) кезінен айдаудан оралған 1936 жылға дейін ақынның 1 шумақ өлеңін де таба алмай жүрміз. 1918-1920 жылдардағы қызметі де көмескі қалып келеді.
Осы олқылықтарды жою үшін біздің Мағжантану ғылымымен айналысып жүрген ғалымдарға септігіміз тиер деген ниетпен бір топ ел ақсақалдары құлағымызды түре сұрау сала жүрдік. Нәтижесіз деп айтуға болмайды. Мағжан шығармаларын жан-жақты зерттеп жүрген белгілі ғалым-әдебиетші Шерияздан Елеукенов Мақаңның көп томдық шығармалары жинағына жазған алғысөзінде осы бір ауыр кезең 18 жылдың жартысынан 19 жылдың күзіне дейінгі) туралы былай деп жазыпты: 1918 жылы маусым айында Омбыда Кеңес үкіметі құлап, оның орнына Колчак келгенде Мағжан абақтыдан шығып, біраз уақытын ауылда өткізеді. Ал біздің көнекөз қариялардың естерінде қалған әңгіме-естеліктері бойынша анықтағанымыз басқаша. 1918 жылдың маусымында билігін орнатқан Колчак үкіметі алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мүшелерін қуғындай бастайды. (Алаш партиясы Орынбор қаласында 1917 жылдың 21-22 шілде күні құрылған). Осы кезде Мағжан да жасырынуға мәжбүр болады. Ақынды 3-4 жолдасымен Омбы уезінің Құрсары керейінің болысы болған Шәмел Бөртебаев қала шетіндегі бір үйдің подвалында жасырған. Мағжанның қасында болғандар Жүніс Бекмұхамбетұлы, Бекмұхамбет Серкебайұлы деген мұғалімдер (қалған екеуінің аттарын білуге мүмкіншілік болмады). Шәмел Мағжанмен ақылдасып, қаладан алып шығудың жолын ойластырады, тіпті Қызылжар асып кетуді жөн көреді. (Қызылжар ақтардың қолында болатын). Мағжандардың Петропавлдан әрі асудағы мақсаты Мамлют станциясына жақын Вознесенск селосында большевиктер жиналып қызыл әскер отрядын құрып жатқан болатын. Қазақ жігіттерінен де отряд құру жұмысын ұйымдастырушы болыстың военкомы Айсарин Әбдірахман деп естіген ғой. Және отряд командирі 65 жастағы Орынбордың қазағы Досай деген адамды Шәмел біледі екен. Досайға, Әбдірахманға хат жазып Мағжанды Омбыдан алып шығып, қызылдарға қосылуына жәрдем берулерін сұрайды. Әбдірахман мен Досай екі арбаға көсем салып, 10 шақты салт атты азаматтарды ауыл адамдарындай киіндіріп Омбыға аттандырады. Олардың ішінде Жүнібаев Рахым (Түмен облысының Қазан ауданында 1987 жылы қайтыс болған), Қожахмет Ұсаұлы, Нұрғожа Тырқай (Нұрмұхамбетұлы), Құсайын Сатыұлы, Баяхмет Құсайынұлы (бәрі де осы күнгі Жамбыл ауданында тұрды, 70 жылдың аяғы 80 жылдың басында қайтыс болған адамдар) т.б. болған. Сонымен қызыл әскер жігіттері Мағжанды 3-4 жолдастарымен Омбыдан ұрлағандай алып шығып, жолшыбай Сасықкөлге соғып, Мамлют түбіндегі штабқа келіп жетеді. Петропавлды ақтар басып алғанда қаланы тастап шыққан губревкомның кеңсесі де осы штабта екен. Шымнан салған үйлер, шатырларға орналасқан екен. Досай мен Әбдірахман Мағжанды ревком бастығымен (Гозак В.И. болу керек) таныстырады. Ол Мағжанды сырттай біледі екен. Ревком төрағасы әзірше Мағжан мен оның жолдастарларына қазақ жауынгерлерінің алдында лекция оқып, олармен әңгіме өткізу сияқты саяси жұмысқа араласуды ұсынады. Кейін Омбы ақтардан тазартылмай тұрғанның өзінде, мұғалімдер дайындайтын курстың (бұрын Мағжан өзі басқарған) архивтерін ұрлатып алады да, қызылдар Қызылжардан ақтарды қуған күннен Омбыдағыдай кусты басқаруды Мағжанға тапсырады. Курс педтехникум, педучилище, педколледж болып өз облысымызды ғана емес, көршілерімізді де мұғалім кадрларымен қамтамасыз етіп келеді. Кедей сөзі, Бостандық туы болып өлке қазақтарының көкірек көзін ашқан осы уақытқа дейін сүйікті басылымымыз болып келе жатқан Солтүстік Қазақстан газетінің алғашқы нөмірінен бастап Мағжанның қолтаңбасын көреміз.
Мағжанның 100 жылдығынан кейінгі тағы бір олжамыз Қызылжар мұрағатында 1997 ж. табылған ақынның куәлігі. Ол туралы Ана тілі (13 наурыз 1997 ж.) газетінде шағын хабар басылған болатын. Совет үкіметі орнасымен 1921-22 ж. болған аштық бүкіл одаққа жайылып кеткені белгілі. Сол кезде жер-жерде, мысалы, Қызылжарда аштықпен күрес жүргізетін губерниялық комиссия құрылыпты, төрағасы Д.Данилов, орынбасары Мағжан Ескенұлы Жұмабаев 1922 ж. шілденің 14 күні толтырылған куәлік – құжат табылған болатын. Сонымен бірге М.Жұмабаевтың Ақмола губерниясының Петропавл, Көкшетау аудандарына бекітілсін деген мандаты да шаң басқан құжаттардың арасынан табылды.
Комиссияның мақсаты: аштыққа ұшырағандардың нақты тізімін алу, кедей, жүдеу ауылдар мен аудандарға әлді аудандарды көмекке бекіту, ашыққандарға әлден қайырымдылық көмек жұмысын ұйымдастыру т.б. міндеттер жүктелген екен. Комиссия мүшелерінің құжаттарында Мағжанның да қолы бар. Қағазы сарғайып, сиясы көмескі тартса да ақынның қолтаңбасы көзге оттай басылады. Жуырда Петропавл мұрағатында ұлы жерлесімізге байланысты тағы бір айғақ табылды. Ол Кирглавлитоның Ақмола губерниялық мекемесіне жазған құпия хаты екен. Онда: Түрікгосиздатта (қырғыз, қазақ) тілінде басылған М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағын тез арада айналымнан тәркілеп, ерекше нұсқау болғанша сақтауды жүктейді. Хаттың бұрыштамасындағы жазу: ж.Иванов тез арада жинауды тапсырамын. Жұмысты педтехникумнан, мектептерден, кітапханалардан бастаңыз. Қолы түсініксіз.
Ақынның тойы қарсаңында ғана емес, жалпы жұртшылықты жұмылдыра істейтін шаруамыз Мағжанның белгілі себептермен жоғалып кеткен мұраларын іздестіру, табу. Бұл оңай жұмыс емес. Үкімет жау десе де көкірегі сенбей, жадында жаттап, жүрегінде сақтап келген қариялар жоқ. Қазіргі аға буын Мағжан шығармаларының шырынынан татпай, атының өзін 60 жылдары ғана еміс-еміс естіп өскендер ғой. Дегенмен бар үміт осы көнекөз қарияларда.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Сегіз серінің шығармаларын жинау, өмір жолы туралы тереңірек білейік деген ниетпен Қазақ тілі қоғамының бір топ ынталы тобы Жамбыл, Тимирязев аудандарында болып қайтқан едік. Сол жолы қариялардан Мағжанның Сегіз сері баһадүр деген дастан жазғанын, ол шығармасын Дос көлінгің маңындағы жайлауында отырған Сегіздің баласы Мұсайынға 1915 ж. жазында арнайы келіп, табыс еткені туралы естідік. Мағжанның қасында Біржан Берденов болған. Мұсайын екеуіне де астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып аттандырған екен. Ал сол дастан қайда? Сегіздің ұрпақтары мен ауылдастарынан жөні дұрыс жауап ала алмадық. Негізі сол өзіміз бұрыннан топшылап жүрген жобамыз жөн сияқты. 1922 ж. сәуір айында ақ бандылар Қожамжар ауылын шауып өртегенде Сегіздің ән-күй аспаптары мен қолжазбалары сақталған сандық та жанып кеткен ғой.Сегіз сері баһадүр дастаны да сол жолы өртеніп кеткенге ұқсайды. Сол жолы біздің жолымыз болмады. Бірақ ақын қолжазбаларын, барлық мұраларын іздестіру жұмысын тоқтатпаған абзал. Өйткені, Мағжанның атты әскерлер полкында саяси жұмыспен айналысып жүргенде жазған Жауынгер бауырларыма деген өлеңі әнмен әскери шеру кезінде айтылып жүріпті. Бірақ бұлшығарманың ізіне түссек те, мәтіні таптырмай жүр.
Қосыл Омаров
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Бөлісу: