Серік Негимов: Өлең менің шолпаным, айым, күнім!

Бөлісу:

12.02.2016 8637


Cерик Негимов.jpg


Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданында (ескіше Ақмола облысы, Қызылжар уезі, Бейнетқор ауданында) туған. Ел ішінде арабша оқыған. Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде, Омбы мұғалімдер семинариясында, В.Я.Брюсов атындағы жоғары көркем әдебиет институтында оқиды. Ақынның әдеби қызметі 1909-1910 жылдары басталады. 1912 жылы Қазан қаласында Кәрімовтер баспаханасынан Мағжанның «Шолпан» атты өлеңдер жинағы басылып шығады. Мұнан соң жыр жинақтары Қазан (1922) мен Тәшкентте (1923, 263 б.) жарияланады. Бастауыш мектепке арналған «Ана тілі методикасы» (1925) және «Сауатты бол» (1929) деген педагогикалық еңбектерін ұсынған. Мағжан Жұмабаев Омбы қаласында шыққан «Балапан» қолжазба журналы мен «Бостандық туы» газетінде редактор, Күншығыс баспасында аудармашы болып істеген. «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Ақ жол» газеттерінде еңбек жасаған. В.И.Лениннің кейбір еңбектерін тәріндімалаған.


Ақын Қызылжар совет-партия мектебінде, Бурабайда қазақ тілінен сабақ береді.


М.Жұмабаевтың өлең жырлары, хикая-дастандары мен мақалалары «Шолпан», «Сана» секілді журналдарда жарық көрген.


Түркияда шығатын «Түрік мәдениеті» атты айлық басылымның 1988 жылғы 307 санында (695-700 беттер) М.Жұмабаевтың өмірі мен творчествосы хақында материалдар берілген.


Ол фольклоршы әрі этнограф Әбубәкір Диваевтың қазақ ауыз әдебиетінің айтулы үлгілерінен құрастырылған «Тарту» (Ташкент, 1923) жинағын басқарады.


Мағжан Жұмабаев орыс, Европа және Шығыстың классикалық әдебиетін жетік білген.


Әлемдік әдебиеттің кәусар бұлақтарынан және халқының ғасырлық даналығынан сусындағаны оның рухани-интеллектуалдық мәдениетінен, поэзиялық шеберлігінен жарқырап көрінеді.


Мағжан Жұмабаев поэзиясы сыршыл, таза, мөлдір сезімге, жан-дүниенің соншалықты нәзік иірім-құбылыстарына, сөз сұлулығына, оның нәрлі, ажарлы, сымбатты, айшық – оралымдарына, көркемдік ассоциацияның ұтымды тәсілдеріне жүгінеді. Жан – сезім құбылыстарын құйқылжыта, күмбірлете, ойлы-күйлі етіп жырлайды. Бейнелі тілімен, суретшілікпен сөйлетеді. Оның ақындық болмысы қоршаған ортаны, ғаламды, жаһанды тірі күйінде, жанды күйінде, әсерлі күйінде қабылдайды. Сондықтан Мағжан, шын мағынасында, суретші ақын. Әділіне көшсек, лирикалық поэзия тарихындағы жаңа бір белес, жарқын құбылыс.


Әсіресе, ғашықтық сырларға құрылған толқынды жырлары үлбіреген жібектей, сымға тартқан күмістей әсерлі, бейнелі.


Бұл ретте қазіргі ұрпақтың күрделі поэзиялық жүйенің небір тамаша үлгі-нұсқаларын, сан замандар мен халықтар әдебиетін көкірегіне тоқыса да, алпыс жыл бойы ел-жұртынан, халқынан күдер үзіп, күншілдердің тұзағына шырмалған, уыздай аппақ, тамылжыған ақын өлеңдері өзіндік бояу нақыштарымен, кестешілдігімен, сезім байлығымен, көркемдік жаңалығымен көзге түседі.


Пәк сұлулықтың, мөлдір махаббаттың, нәзік сезімнің жыршысы Мағжан Жұмабаевтың «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа қып берейін» деген дүниесін оқиықшы:


Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,

Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.

Кел, жұлдызым! Жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, айды – алқа қып берейін.

Сөзі – сиқыр, есті тұман басқандай,

Ессіз жүрек дария болып тасқандай.

Күлкің, күнім, күндей күміс табаққа

Менсіз сұлу меруертті шашқандай.

Шашың – толқын, жүрегіңнің жарына,

Соғылды да, баттым улы зарына.

Айнам, саған арнап жырлар жазамын,

Қаламымды малып жүрек қаныма.

Жырларыммен кестелеймін орамал,

Бүлдіргендей, бөбектайым, бетің бал.

Балға талай шыбын қонуға ұмтылар,

Ұмтылғанды орамалмен қағып қал...

Еркетайым, келсең егер қасыма,

Сәулелермен шоқ қадар ем қасыма.

Көз жасымнан меруерт тізіп бере ем,

Келші күлмей көзден аққан жасыма.

Келші, көзім, күн нұрына көмейін,

Сүйші - өлейін, «неге өлейін?» - демеймін.

Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін!


Өмірдің жұлдызы, тіршіліктің тірегі, сұлулықтың айы-күні, адамгершіліктің негізі, осынау қасиетті ұя-мекеннің ұят-ары-әйел затын шынайы көңілмен ардақтап, қастерлеп, бағалап, бал суындай шырынды тілмен жүйрік сипаттайды.


Мағжан жырларындағы гүлдей нәзік, күндей асқақ, алтындай асыл, күмістей мәңгі әйел арудың болмыс бейнесі, мінекей, осындай.


Жұмақтағы жібек желден,

Мәңгі жайнап тұрған гүлден,

Жаратылған әйел сұлу.

Немесе:

Жұмақтағы кәусар судан,

Бетіндегі алтын будан,

Періштелердің жырынан,

Бұлағының сылдырынан,

Жапырағының сылдырынан,

Тәңірінің дәл өз нұрынан,

Алмас қана періште еді,

Мекені оның ғаріште еді.

(«Гүлсімге»).

Көне көз қариялар мен ақжаулықты әжелер шырқайтын «Сен – сұлу» атты өлеңі адамға қанаттылық, сергектілік дарытады. Сезім сұлулығын, жүрек лүпілін шебер жеткізу үшін ақын туған өлке табиғатының таңғажайып келбетін талғам таразысына салып безбендеп береді.


Білем анық, жанға жайлы Май сұлу,

Жарқ-жұрқ еткен майда нажағай сұлу,

Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,

Күміс табақ, көкте жүзген ай – сұлу.

Кешкі еске, жібек, жылы жел – сұлу,

Хош иісті, түрлі-түсті гүл – сұлу.

Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр,

Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.

Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,

Көлге қонып қаңқылдаған қу - сұлу.

Бейне айнадай жарқыраған айдыннан,

Күн шығарда көтерілген бу – сұлу.

Шаңқай түсте өткір алтын күн – сұлу,

Жымыңдаған жұлдыздар мен түн сұлу.

Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,

Бәрінен де маған, сәулем, сен - сұлу!


Осынау жырдағы образды, бейнелі, суретті сөздер, атап айтсақ, айды күміс табаққа, аспанды көк шатырға ұқсатулары қандай әсерлі. Әлбетте, бұл сыңғыр қаққан, эмоциялық реңкі күшті тіркесімдер қазақ өлеңі көгінде ХХ ғасыр басында туған жиһаздар.


Мағжан көптеген шығармаларында өнер-білім, оқу-ағарту мәселесін қозғайды. Көсегесі көгермеген көшпелі халықтың көшбастары, парасатты, мейірімді, ардақты азаматы, өнеге шашқан, жарық үлестірер әдепті перзенті болуға шақырады. «Ләззат қайда?» дейтін өлеңінде:


Жұрттың қамын көп ойла!

Уайым, қайғы жеп ойла!..

Артта қалған сорлы жұрт,

Алға бассын деп ойла!.. – деп арман тілегін паш етеді.


Ал «Қарағым» атты жырында ұлы игілік – оқу-білім турасындағы терең философиялық ойларын ірікпей ортаға салады.


Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме,

Құр қаларсың ойынға көңіл бөлме.

Оқымай, ойын қуған балаларға,

Жолама, шақырса да, қасына ерме.

Кідірме, аяңдама, алға ұмтыл,

«Алам» - деп көктен жұлдыз», қолың серме.

«Қарманған қарап қалмас» деген рас,

Тоқтамай істе болсаң, батыл терге...

Жасынан оқу оқып, өнер қуған,

Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге.

Білімсіз құр қалтақтап жүргенменен,

Ерте өлген көмулі қара жерге...

Жастық, байлық, қол қусырып бос жүру,

Жасөспірім, үмітті ерді бұзады.

Тер ағызып, өліп-талып табылған,

Ата дәулет быт-шыт болып тозады...


М.Жұмабаев «Ата дәулет быт-шыт болып тозады» деп, халықтың ғасырлар бойы жалықпай жинаған мәдени, рухани мұрасына жаны шырқырап, жүрегі ауырады.


Ақын жастық шақтың жалынын, қайрат-қажырын қасиетті, қастерлі іске жұмса, көңілің де, көзің де тоятын, жаның семіретін игілігі, шарапаты мол оқуға, оны әдемілеп көкірегіңе тоқуға арна деген ойды шегелеп айтады. «Балалық шағы» өлеңінен кейбір түйдектерді келтірелік:


Жастық деген – бағасыз,

Қадірін білмес санасыз...

Жастық алтын, құрып қал салтың.

Салты оның – үйрену,

Өнер қуып белді бекем буып,

Надандықтан жирену.

Көрме, қарғам, ұмтыл!

Аты өшкірден құтыл!

Білімсіз есік – обалсыз тесік,

Сөйлеп күліп жүрсе де.

Өлікпен тең, ит те құсқа жең,

Тірі боп ғұмыр сүрсе де.

Сондай болса, қарағым!

Даяр болсын жырағың...

Білген жан көсем, сөйлесе – шешен,

Жұртты аузына қаратар ....

Істегені - өрнек, қор қылмас өрнек,

Нәрсені іске жаратар...

Білімнің сөзі – ем,

Мейірімі көп, етегі кең.

Жұртына мақтаулы, сыбаға сақтаулы,

«Пәлі!» деп қарсы алар.

Іс қылар тежеп, жай жүйрік өжет,

Бет келгенді қарсы алар...

Қайда барса сыйымды...

Білімі мол бұйымды...

Сәулесі мол салмақты сөздерді меруерттей тізіп, сан алуан ұзынды-қысқалы мәнерлі тізбектер жасап, балқыған қорғасындай тіл материалдарын әсемдік заңымен, шеберлік қалауымен мағыналы, жарасымды құйып, жүрекке ұялата білген.


Мағжан Жұмабаевтың «Өнер-білім қайтсе табылар?», «Сорлы қазақ», «Жатыр», «Мен сорлы» секілді өлеңдерінде «от алып ұшқан жастық шақты» көз майын тауысып, жалықпай ізденуге, шарқ ұрып талаптануға және халқының оянып, сілкініп мәдениетті елдердің санатына қосылуға үндейді. Білімпаздық, біліктілік, кісілік, инабаттылық, турашылдық, жинақылық, ізеттілік, мұқияттылық – Мағжан поэзиясында тамырластығымен, тұтастығымен, әрі сабақтастығымен ерекшеленеді.


М.Жұмабаевтың өзіндік ерекшелік-өзгешеліктеріне ой жарығын түсірер болсақ, онда ол романтик-ақындар қатарына жатады. Ақиқат болмысты сол қалпында көшірмейді. Оған ең қымбатты, ең сүйіктісі – ой-қиял әлеміндегі поэзиялық көріністер, ассоциациялық байланыстар, қиыннан қиыстырулар, көңіл-күй толқындары арқылы мұрат-мақсатын жырлау, өз дәуірінің тынысын, ұлттық бояу-нақыштарын соншалықты көркем бейнелеу, Яғни, осы тұста ақынның индивидуалдық болмысының қасиеттері, сана сезімі, түйсік қуаты, зауқы, құлшынысы, еркі, зейін-зердесі, арман-тілегі, қайрат-жігері, мақсат-таңдауы бірінші кезекке шығады. Сол себепті Мағжан поэзиясының лирикалық кейіпкері мейілінше тегеуірінді, ірі мінезді, құмарпаз. Қиындық құпиясын ашқысы, от дариясынан асқысы келеді.


Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,

Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?

Көкте күнмін, көкке нұрым шашамын,

Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.

Шеті, түбі жоқ теңізбін қара көк,

Ерішемін, толқып, шалқып тасамын.

Жалынмын мен, келме жақын жанарсың,

Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.

Көл босын көк, бу босын жер уайым жоқ,

Көз қырымен күліп қана қарарсың.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Мейірленсем, сегіз жұмақ қолымда,

Қаһарлансам, тамұқ даяр жолымда.

Жоқ жақыным, жасағандай жалғызбын,

Мен бе иілер әлсіз адам ұлына?!

(«Мен кім?»).

Халық тарихын, заман шежіресін жетік білуі ақындық дауысының әсерлілігіне нұрлы сипат үстейді. Мысалы:


Жер жүзіне ер атағым жайылған,

Жар емеспін, оттан, судан тайынған.

Қайраты мол, қанды балақ қыранмын,

Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.

Еркін ырғып шыққан асқар Алтайға,

Қырда тұрып, садақ тартқан Қытайға.

Талай тайғақ, тар кешуден таймаған,

Батыр жүрек, қайрат енді алдай ма?!

Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,

Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ел.

Бір бұоқылдақ жалпылдаған төбеттен,

Қорқар болсам, жұтсын мені қара жер!

(«Жер жүзіне»).

Мағжан Жұмабаев поэзиясының батырлық, ерлік рухы ерекше байқалады. Бұл ретте көркемдік таным иесінің дауысы өктем, өжет. Мәселен, бұған:


Желе бер, жаным Қаракөк,

Желкілде желмен айдарым.

Қолымда найза көк болат –

Ерлігіме айғағым, -деген лебізі айғақ.

Ал халықтың «Бесік жыры» атты туындысында тал бесікте гуілдеген нәрестеге «ақырып жауға тиіскен қаһарлы ер, таңдайында өлеңнің ұясы бар ақын, толқынды топта күрескен палуан, түрлі ою ойған ұста болар ма екенсің» деп үміт артады, тілек тілейді...


Туған халқының жыр дариясынан жүзіп ішкен Мағжан осы бір дәстүрді сәтті жалғастырады. Алты аяқты шумақтың үлгісімен, ой-пікірін, сыр сезімін әсерлі өрбітіп, әсем өреді.


Алмас қылыш,

Найза құрыш

Белге буарсың.

Сен – сырттаным,

Арыстаным,

Жауды қуарсың.

Туған жерден,

Өскен елден

Ерге не қымбат...

Жас жолбарыс,

Жаумен алыс,

Шаңға, қанға бат.

Асылы, ана сәбиіне жүрек толқытарлық сезіммен ана тілінің дәнін, нәрін, сұлу сазды келісімін, арман-аңсарын, қиял-сезімін осылайша шарықтата шебер жеткізетіндігін Мағжан жыры дәлелдей түседі.


Табиғат сұлулық аясы, тұңған сыр. Жақұттай жарқыраған жұлдыз, күлімдеген күміс күн, атылас аспан, пүліштей, масатыдай құлпырған барқыт реңдес бел-белес ақын жүрегін күмбірлеген жырға толтырады. Эстетикалық сезімнің бақылағыштық қасиеттің дамуы үшін бірден-бір қуатты фактор болып есептеледі. Ақынның табиғатты тірілтіп, шырайлы, ажарлы кейіпке көшіруінің өзі адамды көркемдікті, сұлулықты түйсінуге, өнегелі, өрелі болуға шақырады. Бұл қасиет рухани серігіне айналса, адамгершілік мәдениетің гүлденеді, көркейеді.


Ақын «Жел», «Толқын», «Жазғытұрым», «Жаз келеді», «Күннің батуы», «Толған ай» сияқты өлеңдерінде үн-дыбысқа, бояу-нақышқа толы табиғатты шебер сөйлетеді.


1. Алтын сәуле тұр сүйіп

Жел маужырап тербелер.

Жұмсақ қана жымиып,

Жібек қанат жаз келер. («Жаз келеді»)

2. Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысқан.

Күңіренісіп кеңескен,

Бітпейтін бір егеспен,

Жарысып жарға барысқан.

Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын еппен ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп.

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып,

Жарға жетер ентелеп

Баладай ерке былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусар суымен,

Суының алтын буымен,

Жырының бетінің жуады.

Мөлдіреген көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны-күлгені,

Күлгені оның өлгені,

Жылай, күле өледі.

Сылдыр-сылдыр сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын құяды.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын – тынады.

(«Толқын»).

Ақын табиғатты жалаң суреттеп жалықтырмай, жан-сезім құбылыстарымен астастырады.


Мағжан Жұмабаев эмоцияналды толғаныстың ақыны. Оған:

Мен ақынмын, жырлаймын,

Жүрекке жүйрік жел кірсе.

Мен ақынмын, жылаймын,

Жүрекке ауыр шер кірсе.

Яки:

Мен ақынмын, ағынмын,

Сылдыраймын, сүйемін.

Мен ақынмын, жалынмын,

Шапшып көкке тиемін,- деген шумақтар дәлел.


Мағжан «Тоқсанның тобы» (1927), «Өткен аяулы» шығармаларында «желкілдеген жас заманды», жаңа өмір салтанатын қуаттап, қолдайды.


Өткенді мақтар әр адам,

Білмейтін, өткен – алтын ба?

Болмаса мақтау өткенді –

Адамзаттың салты ма?

Қариялар отырып,

Баяғыны мақтайды.

Желкілдеген жас заман,

Оларға тіпті-ақ жақпайды,- деп ескі күнді аңсағандарды шенейді.


«Тоқсанның тобы» - терең мағыналы жарқын толғау. Ақын заманы өткен «обыр, жебір, сұрқияларға» лағнет айтады да, «туғалы таңы атпаған, тұрмыста тұщы татпаған» бейнетқорлардың алтын дәурені туғанын тұлпар шабытпен, асқақ леппен жырлайды.


Мағжан қанаушыларды онға баласа, еңбекшілерді тоқсанға теңейді. Сөйтіп, «Тоқсаннан сонан он аулақ, сонау оннан мен аулақ»,-деп сындарлап ой түйеді. Өз мақсат-мүддесін еңбекшілердің ой-арманымен туыстастырады.


Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері өмірінен жазған көлемді мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы №1 санында басылып шығады.


Асыл өнер қасиетті топырақта, аяулы ардақты дәстүр кең қанат жайған текті, сұлу өлкеде гүл жайнап өркендейді ғой. Сондықтан да ол Ақан серідей өнерпаздың мектебін, атап айтқанда, «кең сабаның қорындай, кертағының баласы «Орынбай» мен «екі аяқтың тілмары, улы тілді Шөжені» ауызға алады.


Ақан серінің «судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір» екендігін әрі «желдей ұйытқыған сері жүрегін» дөп танып, толқындата, құйқылжыта жазып түсіндіреді. М.Жұмабаев қазақ халқының айтулы, дарынды перзентінің «қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғысын, удан ащы қасіретін, теңізден терең ойын», «жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді, ірі жүректі» кесек тұлғасын, аспанға өрлеген, жаһанды құшпақ болған жанның» болмыс жаратылысын жіті тексерген.


Асылы, Мағжан толғаныстарында көркем метафоралар мен сұлу теңеулер, шендестірулер мен әсірелеулер, кейіптеулер мен айқындаулар және лепті музыкалық сөйлемдер ересен мол. Мұның күллісі ақынның шабытты, қанатты, ұшқыр қиялынан, образды ойлауынан, көркемдік қабылдауынан туындайды.


Мағжан Жұмабаевтың лирикалық поэзиясына ой мен сезім, мазмұн мен көркем түрдің үйлесімі, үндестігі тән. Ол ана тілінің ұлылығы мен сұлулығын, «таза, терең, өткір, күшті, кең тілім», «нұрлы жұлдыз - бабам тілі» деп емірене сүйіп, еркін таныған, өлең сөздің поэзиялық – музыкалық қасиеттерін жарқырата ашып, жайнатып құбылтқан дарын иесі.



Серік Негимов


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар