Қадыр Мырза Әлі: Құлшыну мен тұншығу.

Бөлісу:

07.02.2016 6692

19.jpg

Мағжан Жұмабаев, жинақтап айтар болсақ, сегіз қырлы, бір сырлы аса ірі тұлға. Ол – лирик, ол – эпик, ол – аудармашы, ол – ұстаз, ол – педагог… Ал сіздерге ұсынылғалы отырған шағын эссе – энциклопедия үшін жазылған жан-жақты мақала немесе ақынның өмірі мен творчествосын түгел қамтитын ғылыми монография емес. Мен мұнда Мағжан Жұмабаевтың көп қырының біріне – оның сан-салалы лирикасына молырақ тоқталып, оның творчестволық тағдыры туралы кейбір ойларды ортаға салмақпын. Бірақ мен әдебиеттегі “азамат соғысына” қарсымын. Сондықтан да, көрместі көрген азапкер ақынымыз туралы әркезде жазылған, әркім жазған қиянат пікірлерге арнайы тоқтап, әдейі дау айтып жатуды құп көрмедім.

 

Қазақ лирикасының өзіндік өсу, даму жолдары туралы күні бүгінге шейін бірде-бір келелі да келісті ғылыми еңбек дүниеге келе қойған жоқ. Әрекеттер бар, әрине. Оның кейбір кезеңдері мен кейбір елеулі өкілдері жөнінде, тиіп-қашты айтылған шикілі-пісілі дүмбілездеу дүниелер ойлы оқырманды қанағаттандыра алмаса керек.
 

Көне қазақ поэзиясының шағын түрлері, лирика, әсіресе интимдік лирика бүгінгі күнге түгел жетпеген, жеткендерінің өзі дуалы ауыздан шығып, ұқыпты қолға ілікпеген. Жиналмаған. Ойын-тойларда, жаназа, астарда жиі айтылатын салт-сана, әдет-ғұрыпқа байланысты дәстүрлі дүниелер: жар-жар, беташар, бесік жыры, жоқтау сияқты ықшам жырлар болмаса, өңге туындылар – көлемді эпостар мен ұзақ толғаулар тасасында, солардың көлеңкесінде дұрыстап бой жаза алмаған тәрізді. Сөйте тұра мүлдем тоқтап-тоқырап қалмай, поэзиямыздың күрделі де көлемді салаларымен қатар жарысып, іргелес дамыған қазақ лирикасы үшін біздер ең алдымен әнші де ақын композиторларға көбірек қарыздармыз.
 

Басқа, әсіресе, Еуропа елдерімен салыстырғанда бізде лирика мен музыканың бірлігі, дәлірек айтсақ, біртуғандығы әлдеқайда мықтырақ болған. Қазақ лирикасының кейінгі дамуы, әрине, жазба әдебиетімізге тура байланысты. Бірақ интимдік лирика, бірінші жақтан жырланатын жеке бастың қайғы-қасіреті мен құса-мұңы немесе куаныш-шаттығы жазба әдебиетіміздің өзінде біртүрлі баяу дамыған тәрізді. Қазақ ақындары бірінші жақтан гөрі үшінші жақтан сөйлегенді, нақты айтқаннан гөрі жалқыны жалпыға айналдырып жинақтап айтқанды жөнірек көрген. Тіптен үшінші жақ болмай, бірінші жақтан жырлай қалған күннің өзінде де “мен” демей, “біз” деп сөйлеу көп ақындарымызға тән. Басқаларымызды былай қойғанда, бүкіл Шығыс, бүкіл Батыс поэзиясын өз бойына өзгеше сіңіре білген Абай атамыздың өзі бірде “мен” деп сырласса, бірде “біз” деп ойласқанды қалап тұрады. Бір тұстарда:

 

Тайға міндік.

Тойға шаптық

Жақсы киім киініп.

Үкі тақтық,

Күлкі бақтық

Жоқ немеге сүйініп, –

деп бүкіл бір буын атынан думанды, дулы жас дәуренді еске алғандай болса, басқа бір тұста:

 

Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді, –

деп тағы да көптің атынан, кәрілер атынан сөйлеп береді.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.

Ашуың – ашыған у, ойың кермек.

Немесе:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды

арман, –


 

Деп басталатын өнегелі өлеңдерді көпшеден жекешеге көшіріп, “Қартайдым, қайғы ойладым, ұйқы сергек”, “Қартайдым, қайғы ойладым, ұлғайды арман” деп, өз атынан дара сөйлеп, “менге” оп-оңай ауысып кетсе де болар еді. Ол заманда бірде-бір қазақ азаматының Абай атынан сыр шертуге қақы болмаса да, бүкіл құрбы-құрдастары, бүкіл қазақ халқының атынан сыр шертуге Абайдың құқы барды. Бірақ ұлы ақын өзге өлеңдерінде өз атынан сөйлегенмен, осы бір өлеңдерінде көптің атынан шер тарқатқанды дұрысырақ көреді. Қалай дегенмен дәстүрдің аты дәстүр. Міне, сол дәстүрді әдемі аквариум десек, Абай оның ішіндегі алтын балығымыз іспетті. Бұл арада Абайдың акула болар ойы жоқ… Абай жалпы еш нәрсені бұзбаған. Ол тек тұрғызған. Ол – қазақ өлеңінің ұлы құрылысшысы. Бірақ Абай – Абай болып қалу үшін оның ісі де дамытуды керек етеді. Сол істі іле дамытушы, өзінше дамытушы, негізінен, бірер салада дамытушының бірі – Мағжан Жұмабаев. Ол лирикалық кейіпкердің “мен” деп сөйлеуіне толық право алып берді. Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясындағы интимдік лириканың Оқжетпесі. Әсіресе, өз кезеңі, өз уақыты үшін.


 

Бәрімізге аян, интим дегеніміз – ең құпия, ең терең, ең дара сезім. Бұл сезім, көбіне көп, махаббат сезіміне байланысты. Демек, интимдік лирика да, негізінен, махаббат лирикасынан тұрады. Бірақ онымен шектелмейді, әрине.


 

… Қашанда махаббатқа көз бастайды.

… Махаббат бір тәтті у.

Ішер жүрек, төгер жас.

… Оны құштым, шарап іштім, шат едім.

Бүгін менің құшағымда гүл болды.

 

…Бүгін менің құшағымда кім болды?

Бүгін менің құшағымда гүл болды.

Бүгінгі таң маған алтын күн болды.

Бүгін менің құшағымда Күн болды, –


 

 

Деп шалқиды ақын. Бұл қазір, тіпті сергек сезімдердің біраз мойтаптанып, саңырауланып, соқырланып, әжептәуір азып-тозған кезінің өзінде еріксіз елең еткізетін ерекше өлеңдер. Ата-ана, ата-ене, ағайын-туыс, тіпті бейтаныс адамдардың арасында әдеп сақтап, барынша бұғалықтанып келген бұла сезім – асау арна – жүген-құрық, керме-кедергіден қуана-қуана құтылып, кең өріс, ен жазыққа шыққан кезде бұл өлеңдер қырық күн шілденің шөмеле шөбіне шашырап түскен сексеуілдің шымқай шоғындай құдіретті құбылыс болатын. Ол кез үшін қатар тұрған бір қыз, бір жігіттің ойда жоқта лап етіп өртене кетуі үшін мұндай жырлардың бірер шумағы, бір ғана шумағы жетіп-ақ жататын. Ал ондай отты өлеңдер ақында бір емес, бірнешеу: “Сүй, жан сәулем”, “Сен – сұлу”, “Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін”, “Сүйгеніме”, “Жан жарымды бір сүйейін түсімде”, “Күміс нұрлы Ай”, “Шолпы”, “Сүйгенім анық”, “Жас сұлуға”, “Махаббат не?”, “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Айырылғанда”, “Тірілдім”, “Г…ге”, тағысын тағы, тағысын тағы жалғаса береді.


 

Ақылдың алтын кісенімен тұсаулап ұстамаса, ерте ме, кеш пе, ойламаған жерде омақастырып кететін асау да арда сезімдердің бірі – осы махаббат сезімі. Парасаттың бақылауынан сәл шығыңқырап бара жатқан құлан сезім қай кезде де қауіпті. Адами ұлы махаббатты шегіне жеткізе жырлаймын деп отырып, бір сәттік қана өткінші, тіпті ұшқалақ ләззатты қызықтап кету лирика тарихында жиі ұшырайды.


 

…Ағыл-тегіл бұла күш тар төсекке керегі.

…Алма төсін иіскеп аймалағым келгенде

Қарауытып мына көз, құштарлықтан

өлгенде.

…Денесімен денеңді өртесе жар – ләззат.

От құшақтап сол сәтте тұрып кету – бір

азап.

…Көйлек қана тиген ет тиіп еді еншіме,

Әттең сұлу көңілі қала берді көншімей,


 

сияқты сылқым тармақтар оқ-дәрі қоймасына оқыс лақтырған оқпанмен бірдей… Бірдей емес-ау, дәл солай! Бүкіл Рим шаһарын бұрынғы тыныш ұйқысынан қалдырған осы іспетті өртті өлеңдері үшін кезінде император (Октавиан Август) ақын Публий Овидийді амалсыз жер аударуға мәжбүр болған. Бұл бірақ басқа әңгіме, басқа жер аудару…


 

Дейді де сүйіп көзінен,

Шашы, алма жүзінен.

Қол жіберді кеудеге.

Бақыттысың, Еркежан!

Уа, дариға, Жасаған!

Жел емеспін мен неге?!

( “Жел”)

 

Хор сипатты қарындас,

Оттай сұлу ыстық жас.

Құшақта да қойныңды аш,

Бұғақтан бір сүйейін!

(“Хор сипатты қарындас”)

 

Дедім де, тілден,

Құшақтап белден

Қысып, сүйе бастадым,

Жақындай бердің,

Қойныма кірдің,

Кет! демедің, қашпадың.

Сүйем! деп сөзің,

Мөлдіреп көзің.

Тақадың сен бетке-бет.

Айырылып естен.

Күндізгі күштен

Тиіп ыстық етке ет!

(“Сүйгенім анық”).

… Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,

Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

(“Сүй, жан сәулем!”)


 

 

Көріп отырсыздар, бірінші үзінділерді Рим ақыны, екінші үзіктерді қазақ ақыны жазды демесек, араларында пәлендей үлкен айырмашылық жоқ. Екеуінде де ғашықтық сезімнен гөрі құмарлық сезімі басымдау секілді. Қалай қарасаңыз да эротика элементтерін көресіз. Бірақ эротика дегеніміз порнография емес қой!..


 

“Ақынның ғашықтық тақырыбына жазған осындай өлеңдерін нәпсіқұмарлыққа жатқызғандар да болды. Расында солай ма еді? Абай тіпті қыз аузынан: Салмағыңнан жаншылып, Қалсын құмар бір қанып! деген сөздерді айтқызған ғой. Бір минуты мың жылға бергісіз ләззатты жырлау қашаннан тағылық мінез көрініпті?” деп жазды жақында бір сыншы ағамыз. Кімді айтып, кіммен сөз таластырып отыр – ол жағы маған белгісіз. Мейлі, кім болса – ол болсын! Мәселе оның кім екенінде емес. Мәселе – Абайдың абыройын ортаға салуда. Рас, Абай атамызда ондай белгілі өлең бар. Бірақ жоғарыдағыдай сөзді, сыншының өзі байқағандай, Абайдың өзі айтпай, кейіпкер қызға айттырған. Ал кейіпкердің сөзін – әр уақта автордың өз ойы, өз позициясы деп түсінуге қандай дәлеліміз және қақымыз бар?! Баршамызға аян: Абайдың өз аузынан мұндай емес, бұған мүлдем кереғар сөздер шыққан:


 

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Немесе:

Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол!


 

Байқайсыз ба, Абай құмарлық жағында емес, мөлдір махаббат жағында. Ал Мағжан Жұмабаев, сол заманғы лирикамыздың пірі, оқырман сезімінде ойнаңқырай түсу үшін ғашықтық пен құмарлықты жарыстыра, дәлірек айтсақ, араластыра жырлаған. “Жел соқпай шөптің басы қимылдамайды” деп ел тегін айтпаған болса керек. Кейбір күңгірт ойлардың басын ашып алғаннан рухани өмірімізге әрең дегенде қайтып оралған талайсыз талантымызға ешқандай нұқсан келмейді. Ақындық амплитудада ондай-ондай “асыра селтеушілік” міндетті түрде болып тұрады.


 

Қолға түскен азды-көпті материалды бір емес, бірнеше қайыра оқып шыққанда көзім жеткен бір жайт мынау болды: ыммен сездіру, астарлап айту Мағжан Жұмабаев творчествосына мүлдем жат екен. Ол өзі қалай ойласа – солай, барынша түсінікті халық тілімен, кейде тіпті бояусыз, әшекей-үшекейсіз ауызекі тілдің өзімен жазып жүре береді.


 

Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын,

Жалқаулықты жар көрген.

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен

Бірге жусап, бірге өрген

Алаш деген елім бар.

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін.


 

Көріп отырсыздар: бірде-бір теңеу, бірде-бір метафора, бірде-бір ою-өрнексіз, бір сөзбен айтқанда, астар-мастарсыз, қарабайыр қара сөздермен айтылған. Ұйқастарын алып тастасаң, өлең түгіл, көркем проза қатарына іліге алмайтын мүлдем жұпыны тармақтар. Бірақ сол сырт көзге жадағай жұпыны көрінетін алдамшы қарапайымдылықтың ар жағында қандай ұлы сезім – ұлттық сезім жатыр! Ел дегенде емешегі құрып, жер дегенде сай-сүйегі сырқырайды.


 

Ел азды, Арқа тозды, қайғы басты.

Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды. –

деп запыран құсады.

Алаштың алды қара – тұман жапқан. –

деп әбден түңіледі.

Ел үшін өл, ер болсаң. –

деп өзін де, өзгені де қайрайды.


 

“Құдықтың сыртындағының бәрі ақылды” деген қанатты сөз бар. Өткеннің кемшілігін көруге, оны сынауға бүгінде бәріміз де шеберміз. Ал бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын ел қамын ойлаған ақжүрек азаматтарға, тіпті оқыған ойлы азаматтардың өзіне болашақты дұрыс болжап, бірден бір түзу жолды тап басып дәл көрсету оңай бола қойған жоқ. Басқа жерлерді айтпағанның өзінде, оқу-білім ошағы болған іргелі қалалардың көбі ақынның көзіне құбыжықтан бетер қорқынышты көрінеді.


 

Әйелдері ұятсыз,

Күнде сүйгіш, тұрақсыз

Қылмыңдасар, керілер.

 

Жүздерінің қаны жоқ,

Көздерінің жаны жоқ.

Еркектері — перілер.


 

 

Иә, нені көрсе – соны дәлірек айтар болсақ, қалай көргісі келсе – солай суреттеген. Бүкіл тарихы, бүкіл тіршілігі даламен тығыз байланысты қазақ ақыны түгіл, қалалары арқасында ғана елдікке жеткен Еуропа ақындарының өзі шулы Шаһарларды жын-сайтанның ордасы деп есептеген. Белгияның әлемге мәшһүр әдемі шәйірі Верхари жаңа заман қалаларын сегізаяққа теңеген. Қанша жамандағанмен қаласыз күні жоғын ақыр түбінде қазақ ақыны да жақсы түсінеді.


 

Қалада жүрген інішек

Қайыс буған беліне.

Көз қырыңды сала жүр

Қазақтың қыршын төліне, –


 

деп ақылға келеді. Бір басып, бір сүрінген заманда, қалай қабылдаса, солай жазған Мағжан Жұмабаев жырларында пәле іздеген адамға ілік көп. Бірақ енді ондай дәуір өткен шығар!


 

1925 жылдың аяқ кезінде Сергей Есениннің мезгілсіз қазаға ұшырауына байланысты Алексей Толстой “Ол деревнядан кетуін кеткенмен, қалаға жетіп үлгерген жоқ-ты” деп жазып еді. Сол сияқты ол кездегі қазақ ақындарының қай-қайсысы да ауылдан шығуын шыққанмен, шаһарларға жетіп жарытпаған-ды. Тіпті өздері қалада жүргенмен, көңілдері далада қалғандай…


 

Қала, рас, өнер-білім қайнаған жер,

Тұтқын ғып надандықты байлаған жер.

Білемін, білсем-дағы көне алмаймын.

Қалаға шын көңлімді бере алмаймын.

 

Білмеймін дала естен шығар ма екен?

Даласыз көңіл шіркін тынар ма екен?

Ежелден еркін заңды әдет қылған

Тар заңды қала жанға ұнар ма екен?


 

деп жазды Мағжан Жұмабаев 1915 жылы Омбыда жүріп. Осылай жай ғана күдіктеніп қойса да ештеңе емес-ау, тіпті қалаға қарсы ашық үгіт жүргізеді.


 

Мақсатың болса шерлі елді

Шығару өмір өріне,

Қаш қаладан, қарағым.

Еліңе қайт, еліңе! –


 

дейді. Несі бар! Мағжан Жұмабаевты түсінуге әбден болады. Қазақ тіршілігі өз алдына дара жатқан бір әлем болса, қала тіршілігі өз алдына бөлек бір дүние! Керек десеңіз, дала табиғатына қарсы дүние! 1915 жылды айтасыз. 1989 жылдың өзінде көшеде бекерден-бекер селтеңдеп жүрген қазақ балаларын көргенде “Қаш қаладан, қарағым. Еліңе қайт, еліңе!” дегім келеді менің де. Дұрыс емесін ішім сезеді. Сезе тұра солай дегім келеді.


 

Мағжан Жұмабаев – ұлтжанды ақын. Дәстүршіл ақын. Соның өзінде ел ішіндегі кертартпа керенау тірлікке әбден жаны күйеді.


 

Білімнен ат-тонымен қашқан қазақ

Сайлауға, таласуға қандай ұста?! –


 

Деп қынжыла жырлайды. Алайда парасатты перзенттің аты – парасатты перзент. Азаматтың аты – азамат. Ақынның аты – ақын. Жаңағыдай ащы сөзді айтқанына төрт-бес жыл өтпей жатып:


 

Ұлтымнан мен садаға:

Бекіндім, басты байладым, –


 

деп түйеді. Бұл енді ақырғы шешім. Бұл енді серт. Ант десе де болады. Мағжан Жұмабаев сол айтқанында тұрды. Сол сертінен шықты. Бірақ соның бәрі оған қымбатқа, өте қымбатқа түсті!


 

Жалпы Мағжан Жұмабаевтың өмірі де, творчествосы да тұнып тұрған трагедия. Оны ақынның өзі ерте сезген сияқты. Әдетте, ақындық, әрине, нағыз ақындық бір жағынан көрегендікпен, әулиелікпен ұштасып жатады. Отызыншы жылдар ойраны кім-кімге де оңай соққан жоқ. Мыңның бірі, тіптен жүздің де бірі емес, кейбір жерлерде онның бірі құрбандыққа шалынып, бейкүнә халық жазықсыздан жазықсыз зардап шекті. Ең алдымен елдің еркелері мен серкелері, көш бастар көсем ұлдары кетті. Қанша қою сүт болса да, қаймағынан айырылғаннан соң онда не дәм, не нәр қалушы еді!.. Иә, соның бәрі аяқ астынан, бір күнде келген оқыс нәубет емес-ті. Ақылды азаматтар бұл трагедияны ең аз дегенде бес-алты жыл бұрын сезді. Бірақ алдын ала амал жасай алмады. Қайда барсаң – Қорқыттың көрі демекші, ақыл атаулы қалай қарай бұрылса да тұйыққа тіреле берді. Мағжан Жұмабаевтың Қорқыт туралы толғауы тарихқа жай қызығу ғана болмаса керек. Иә, қайда барсаң – Қорқыттың көрі! Яки өлім!


 

…Сар дала бейне өлік сұлап жатқан,

Кебіндей ақ сәлделер бетін жапқан.

 

…Сылдыр-сылдыр сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап.

Толқынды толқын қуады,

Жарына бал береді.

Береді де өледі,

Өледі толқын – тынады.

 

…Алтын күн батып барады.

Алтын күн ақырын өледі.

…Өмір шіркін шамдай ақырын сөнеді.

Алтын үміт тотығады, өледі.


 

Аңғарып отырған шығарсыздар: бір ғана адам өлімі емес, жаппай өлім – сар дала өледі, толқын өледі, алтын күн өледі, алтын үміт өледі. Жанды-жансыздың бәрі, тіпті абстракты ұғымдардың өздері де өледі! Сонда кім қалады, не қалады? Қалса, қалғандар не бітірмек?!


 

 

... Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін,

Соққы жеген сорлы жүрек біледі.

…Алдымда құшақ жайып қарсы алатын

Сүйген жарым мейрімді ол қара жер.

 

…Сәулесіз, Айсыз, Күнсіз қараңғыда

Өлермін аһ ұрумен шықпай үнім.

 

…Құшам, ішем, жынданамын, жылаймын,

Бүгінгі күн – өмір, өлім – менікі.

 

…Сар далада адасып,

Суық кебін жамылып

Қалармын, кім біледі!

 

… Досым жырақ,

Сөнді шырақ, сөнемін.

Сөнеді Ай.

Мен де ұзамай өлемін.


 

Соңғы шумақты автор өз қазасынан жиырма жыл бұрын жазған. Демек, ақын бұл мәселені тіптен ерте ойланған, яки агонияның өзі ширек ғасырға созылған.


 

Мені де, өлім, әлдиле.

Әлдиле, өлім, әлдиле.

Бетімнен тәтті бір сүйіп.

Алдыңа алшы әлдилеп.

Келші, өлім, тезірек!


 

Айдауда жүріп те, абақтыда жатып та, тіпті басы бос еркін күндердің өзінде өлім туралы ойлау, әрбір ашылған есіктің ар жағынан ажал күту – бұдан асқан қандай қасірет, бұдан асқан қандай азап болмақ! Өлім, үнемі өлім жайында толғану – Мағжан үшін тақырып қана емес, өмір сүрудің бір формасы.


 

Қайталап айтамын: Мағжан Жұмабаевтың өмірі де, творчествосы да тұнып тұрған трагедия! Ол шын мәнінде бақытсыз адам. Ал дұшпандарын өз қолынан бақытты қылған барып тұрған ақжарма. Оның жазған шығармаларының ішінде сол кезең үшін дау тудырмайтыны жоқ. Алыстан жау іздеп керегі не?! Басқаларды былай қойғанда, оны алдымен өз ойлары, өз сезімі ұстап береді. Бір обалы: ұстап беретін ол өлеңдердің арамдығы, қулығы, қоғамға деген дұшпандығы емес, мүлдем керісінше: аршыған ақ жұмыртқадай адалдығы, ақтығы, пәктігі, адамға, елге, жұртқа деген тұп-тұнық махаббаты. Жан сезіміне де, тән сезіміне де толы ғашықтық жайлы жырларын нәпсіқұмарлыққа; ұлтжандылықтан


 

Туған халқы – қазағы туралы татымды туындыларын ұлтшылдыққа, қала берсе, жалпы түркішілдікке; отаршылдықты көздеп жазған запыран


 

Толы зәрлі шумақтарын орысқа қарсылыққа; өлім хақындағы қайғылы-мұңлы түнеріңкі тармақтарын түңіліс, пессимизмге сайып, жамандыққа қарай ауната салу соншалықты қиындыққа түспейтін. Ал отызыншы жылдар үшін жоғарыда тізілген әр мәселе, әр пункт ер адамды құртып беруге әбден жетіп жатыр. Ал мына жағдайда Мағжан Жұмабаевты бір емес, бірнеше қайыра соттауға болады екен. Бір емес, бірнеше мәрте! Шынтуайтына келгенде, талайсыз таланттың ең басты жазығы – солардың бірі де емес. Оның нағыз кінәсі, жалғыз-ақ кінәсі – аса үлкен дарындылығында, замандастарының біразынан жоғарырақ тұруында. Сол үлкен дарынмен жер басып тірі жүргенінде! Адам әдетте өзінен төмен, тіпті қатар тұрған адамды қызғанбайды. Мысалы Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжан Жұмабаев творчествосы туралы Ташкент студенттері алдында жасаған ұзақ баяндамасын ұқыпты оқып шығыңыздар. Аса парасатты баяндама. Одан объективті талдау мен ағалық, ағайыншылық жанашырлықтан басқа түк таппайсыз. Әттең, өкінішке орай, әріптестердің бәрі бірдей Жүсіпбек Аймауытов емес қой! Замандастарының көпшілігі Мағжаннан әлдеқайда төмен тұрған жартылай адам, жартылай пенделер. Дарын жағынан да, кісілік жағынан да… Арқарлар мен таутекелер жамандықты әдетте жоғарыдан күтпейді, төменнен күтеді... Иә, етекте қалғандар аса биіктен кеткендерді ешқашан да кешірмейді. Ондайлар туралы “Верлен” деген өлеңінде Евгений Евтушенко былай деп жазған еді:


 

От всех трагедий, обыватели,

вы заслонялись животом.

Вы всех поэтов убиваете

Чтобы цитировать потом!


 

Тура ондыққа тиген мерген сөз! Ал Мағжан Жұмабаев жаулары олардан да бетер болса керек. Олар ақынның өзін ғана емес, ақын өлеңдерін мысалға келтіріп, жатқа оқыған адамдарды да өлтірген, не өлімші қылған.


 

Мағжан Жұмабаев трагедиясының қоюлығы соншалық, ол тіпті, тірі кезін былай қойғанда, алыс келешегінің өзіне сене алмаған.


 

Өмірмен тәтті қоштасып.

Өліммен қол ұстасып.

Үстіме топырақ үюлі,

Суық көрде көмулі.

Қара жерді құшақтап

Жатқанымда мен сорлы,

Мені есіне кім алар!

 

Немесе:

 

Болмаса басыма да бармас па екен,

Атымды аузына да алмас па екен?!

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен! –

деп кеудесін жара күрсінеді…


 

А-а-ай, уақыт-ай! А-а-ай, заман-ай! Байқап қарар болсаңыз, ақынның өзі айтқандай, шынында да “Сұм өмір абақты ғой саналыға!”. Соны біле тұра, соны сезе тұра, түрменің ішіне түрме тұрғызамыз! Қиянаттың үстіне қиянат жасаймыз! Өлген адамды, өз қолымыздан өлтірген, не өлтірткен адамды екінші рет, үшінші рет өлтіреміз. Мағжан Жұмабаев та – опасыздық, оңбағандық, доңыздық, зұлымдықтың кесірінен бір емес, бірнеше мәрте дүние салған замана зарлығы. Соның бірі де өз ажалы емес және! Оның соңына шырақ алып түсу жиырмасыншы жылдардың соңында-ақ басталған… Менің қолымдағы қолжазбаларға қарағанда, осы дәл бүгін ақынның артында небары 150-160 өлең-дастан, ертегі-аңыз һәм аударма қалған. Соңғы өлеңдерінің соңында 1923 жыл деген белгі тұр. Демек, ең алғашқы өлеңі мен ең ақырғы өлеңінің арасында небары 17-18-ақ жыл! Сонда ақын, орта есеппен алғанда, жылына он шақты өлеңнен артық жазбаған! Тіпті айына бір өлеңнен келмейді екен! Содан яки 1923 жылдан кейін он төрт-он бес жыл бойы түк түртпей келіп, 1937 жылы май айында “Қаламыма” деген өлең жазыпты. Міне, бар болғаны осы ғана! Ең ақырғы сыңар жырды есепке алмаған жағдайда Мағжан Жұмабаевты 1923-24 жылдардың бірінде ақын ретінде өлтіріп те үлгерген екенбіз. Бұл өлім – оның бірінші өлімі. Бірақ мұның өзі аз жаза болғандай, қалам ұстатпай қойғанымызды азсынып, 1930 жылы түрмеге отырғыздық. Жер аудардық. Бұл – ақынның екінші өлімі еді. Кемеңгер Горький семьясының араласуы арқасында он жылын алты жылда өтеп, әрең дегенде еңіреп еліне жеткен шерлі шәйірді 1937 жылы қайта қамады. Бұл – оның үшінші өлімі болатын!


 

Советтік демократия мен батыл-батыл идеялардың, әсіресе, дара туған дарын атаулының бас қасапшысы дүние салып, рухани өмірдің отыз жыл бойына мұз үстіне мұз қатқан қалың тоңы аздап жіби бастады. Партиямыздың жиырмасыншы съезі Кремль биігіне әділдік туын қайта іліп, жазықсыздан-жазықсыз күйіп кеткен бейкүнә боздақтарымыз бен аяулы аруларымызды қуаныш құшағына қайта қайырып, барша жұрт мәз боп жатқан кезде, әйгілі әріптестерімен бірге сәтімен ақтап алудың орнына, біз оны, асыл ақынымызды, үшінші рет соттап, тағы бір отыз жылға алысқа айдап жібергендей болдық! Бұл – оны төртінші рет өлтіруіміз. Өлімнің бәрі – өлім. Оның жеңілі жоқ. Дей тұрсақ та, ақын творчествосы үшін ең ауыры – осы соңғы өлім болған шығар! Өйткені ақырғы жиырма-отыз жылда Мағжан Жұмабаевтың нағыз жанкүйерлерін — алғашқы оқырмандарын түп-түгел дерлік о дүниеге аттандырып салдық. Ақынды өз көзімен көрген, ол туралы естелік жаза алатын куәгер азамат қалмаған сияқты. “Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін!” деуші еді халқымыз. Әдеби тірлігімізде әріптес әкемізді көргендер де сетінеп бітті-ау деймін, сірә! Мағжан Жұмабаевты ақын ретінде тірілтуін тірілткенмен, оның кешегі замандас оқырмандарын қайта тірілту мүмкін емес. 


 

Амал, бір ғана жол – ақынның жаңа оқырмандарын дайындауымыз керек. Ұланғайыр ұлттық мәдениетіміздің тартыла-тартыла, апшыра- апшыра, шуи-шуи атақты Бальзактың әйгілі шегірен былғарысына айналған кезінде жаңа оқырман дайындау өзі оңайға соқпайды. Біздің қазіргі кейбір мансұқшыл жастарымыз басқаларды былай қойғанда,. Махамбет пен Абайға тұмсықтарын шүйіре қарайтын дүбәрә буын, алаш деген сөзден гөрі алқаш деген сөзді әлдеқайда жақсырақ түсінетін ықылассыз ұл-қыздарымыз бір күн ішінде рухани есейіп шыға келеді дегенге өз басым сене алмаймын! Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк деп мәз болатын түгі жоқ. Балаларымыздың көпшілігі туған әдебиетімізді, қазақ тілін білмегендіктен оқи алмайтын, енді қазақша білетіндердің өзі оқымайтын кезеңге тап болдық. Кітаптарымыздың базарлық бағасы жыл сайын қымбаттап, әдебиетіміздің өзі ақырын-ақырын арзандап бара жатқан сыңай байқатады. Мен оның сапасын айтып отырған жоқпын. Құдайға шүкір, туған әдебиетіміздің идеялық-көркемдік дәрежесі үнемі өсу, өрлеу үстінде. Бірақ заман кітап оқушылардың заманы емес. Өкінішке орай – солай… Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиевтердің қазақ жұртшылығымен қайта қауышуы, міне, осындай бір рухани жұтаң жылдарға тура келді. Өкіметіміз бен партиямыз ұлттық мәдениетке ерекше мән беріп, көркеуде кезең жіберген бұрмалаушылықтарды әділет тезіне дұрыстап салып, қайта түзету жұмысымен барынша шұғылданып жатыр. Осы жылдары ойланбаған бас кейінірек ойланады деу — өзіңді өзің жұбату ғана! Осы жылдары кірмеген ес кейін кіріп жарытпайды, ағайын!


 

Бұл мақаланы жазу үстінде көптеген сұрақтың жауабы мен көптеген мәселелердің ұшығын таба алмай, біраз басым қатты. Ең соңғы өлеңін 1923-24 жылдары жазғаны рас болса, 1930 жылға яки алғашқы қамалуына шейін сол кездің ең мәшһүр ақыны немен шұғылданған? Аудармалар жасап, оқулықтар жазғанның өзін де, нағыз ақынның өлең-жырды үзілді-кесілді қойып кетуі мүмкін бе өзі?! Осы биыл январь айында “Лениншіл жас” газетінде жарияланған бір сұхбатында, айдаудағы ақын жұбайының соңынан төрт-бес жылдың ішінде он төрт рет іздеп барған Зылиха шешеміз: “Мағжан 1936 жылы жазда “Бостандыққа шықтым!” деген телеграмма салды. Хабарды алысымен тағы да Карелияға жолға шықтым. Бұл менің соңғы баруым. Мағжан лагерьден аман-есен босап шықты. Біз Ленинградта бір пәтер жалдап алдық. Ол жазған-сызғандарын реттеумен болды…” дейді. Қайда сол жазған-сызғандар?! Қайда? Екінші рет қамалған кезде Ішкі істер Халық Комиссариаты сыпырып алды ма?! Олай болған күнде ол қолжазбалар әйгілі мекеменің архивінде сақталуға тиіс қой! Бірақ кейбір хабарларға қарағанда сақталмаған тәрізді. Бір мәрте ұсталып, айдалып қайтқан ақынның, аузы күйген азаматтың бұл жолы абай болмауы мүмкін бе?! Қате жіберуі мүмкін бе? Әне ұсталамын, міне ұсталамын деп, іштей күтіп жүрген күпті көңілдің алдын ала әрекет етпеуі қалай? Мұндай жағдайда қолдағы қолжазбаларды сенімді-сенімді ағайындарға аманат етіп үлгеруге тиіс қой. Егер бұл болжамдарымыз дұрыс болса, сол сенген адам, немесе сенген адамның ұрпағы ақын аманатын күні бүгінге шейін неге әкеліп тапсырмайды?! Қасіретті ақынның қолжазба мұрасына уақытша иелік еткен қамқор кісілердің өзі автордың артынан айдалып кетті ме?! Әлде бір әріптестерінің қолына түсіп, басқа фамилияның байлығына айналды ма?!


 

 

Мағжан Жұмабаев өмірі – шабыт пен табыт, құлшыну мен тұншығудың екі арасында арпалысып өткен аласапыран өмір. Өлгендер өлді, ал тірілеріміз оның алдында мәңгі қарыздармыз. Бұрын ол жоқтаушыға мұқтаж еді, енді іздеушіге мұқтаж. Іздеу керек, жаппай іздеуміз керек! Мағжанның орнын Мағжан шығармалары ғана толтыра алады.


 

Қадыр Мырза Әлі

"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар