Кадзуо Исигуро жайлы алты дерек
Бөлісу:
1. Нобель комитеті 2017 жылдың әдебиет аталымы бойынша лауреатын жариялады. Ол – Нагасакиден шыққан постмодернист жазушы Кадзуо Исигуро. Кадзуо Исигуро 1954 жылы Нагасаки қаласында мұхиттанушы Сидзуо Исигуроның отбасында дүниеге келген. Алты жылдан соң ата-анасы, екі қарындасымен бірге Ұлыбританияға қоныс аударады.
2. Болашақ жазушының арманы әнші болу еді. Гитарада ойнап, клубтарда ән салған Исигуро продюсер іздеп, бағын сынап көреді. Досы Тони Бигли оның «адамның көңілін таба алатын» нағыз қоюшы болғанын айтады. 1974 жылы Кент университетіне оқуға түскен жазушы ағылшын тілі мен философияның бакалавр дәрежесін алып шығады. Кейін Лондонда әлеуметтік қызметкер болып істейді.
3. Шығармашылық өмірі 1981 жылы басталған Кадзуо Исигуро - 8 романның авторы, бірнеше бағдарламалар мен кинолардың сценаристі болып үлгерген. Джаз әндерін орындаушы Стейси Кенттің әндеріне жан бітірген. Ал жазушыға Букер сыйлығын тарту еткен «Бір күннен қалған уақыт» романымен аттас фильм 1993 жылы прокатқа шығады. Исигуроның «Мені жіберме» романы Time-ның барлық уақыттың ең үздік 100 ағылшын романы тізіміне енген. Сыншылар жазушыны ана тілінде емес, өзге тілде классикалық шығармалар тудырған Джозеф Конрад және Владимир Набоковпен салыстырады.
4. Әдебиет аталымы бойыншы Нобель сыйлығының лауреаты атағына ие болған жазушының есімін жариялаған профессор Сара Даниус Исигуроның жазу стиліне: «Джейн Остин мен Франц Кафканың қоспасы сияқты. Бірақ сол қоспаға Марсель Прусты сәл ғана қосып, араластыру керек. Сонда Кадзуо Исигуроның шығармалары шығады» деп баға берді.
5. Кадзуо Исигуро алған сыйлығы жайында BBC-ге: «Бұл - үлкен абырой. Әйгілі жазушылардың ізін басып келемін деген сөз. Қазіргі таңда әлем аумалы-төкпелі жағдайда тұр. Беріліп жатқан Нобель сыйлықтары жақсылықтың жаршысы болады деп үміттенемін. Сол жақсылықтарға өз үлесімді қоса алатыным үшін де көңілім қатты толқып тұр», - деп пікір білдірді.
6. Жапонияда букмекерлер Харуки Муракамидің Нобель сыйлығын алатынына еш күмән келтірмеген еді. Бірақ, соған қарамастан, Кадузо Исигруоның жеңісін Муракамидің оқырмандары да тойлап жатыр.
Нобель сыйлығы: тарих және статистика
Әдебиет аталымы бойынша сараптама жүргізіп, сыйлықты тағайындайтын Швед академиясының негізін 1786 жылы король Густав ІІІ салады. Алайда Нобельдің өсиетінде жазылған «идеализм бағытын» Швед академиясы біразға дейін дұрыс түсінбей келеді. Алғашында (1901-1914) әдеби ағым ретінде идеализм бағытында жазылған шығармаларға көп мән беріліп, ағылшын Редъярд Киплинг пен неміс Пауль Хейзе лауреат атанады да, Лев Толстойға берілмейді.
XX ғасырдың 20 жылдары Академия «идеализм» жайындағы тар түсініктен алыстап, «кең гуманизмді» қамтыған автор мен шығармаға мән бере бастайды. Бұл толқында Нобель сыйлығы Анатоль Франс пен Бернард Шоуға бұйырады.
Ал 30 жылдары сыйлық «адамзат игілігі үшін» жазылып, қоғам өмірінің жақсы-жаман жағын шебер суреттеген шығармаларға беріле бастайды. Нобель сыйлығы бұл ретте Синклер Льюиске тағайындалады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ағымдар ауысуы қайта басталады. Бұл жолы айрықша мәнге әдебиетке «жаңа бағыт» әкелушілер ие болады. Бұл бағыттағы лауреаттарға Герман Гессе мен Сэмюэл Беккетті атауға болады.
Соңғы 116 жылда әдебиет бойынша Нобель сыйлығы 109 рет тағайындалған. Нобель комитеті мен Швед академиясы 7 рет сыйлыққа лайықты үміткер жоқ деп шешеді. Көбіне мұндай жағдай Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар (1914, 1918, 1940-1943) жылдарына сәйкес келеді. Бірақ 1935 жылы сыйлық тағайындалады.
Әдебиет бойынша берілген Нобель сыйлығын бөліп үлестіру өте сирек кездесетін құбылыс. Сыйлықтың жалпы тарихында 4 рет орын алған.
2017 жылға дейін әдебиет бойынша сыйлыққа ие болғандар саны – 113, соның ішінде 14-і әйелдер. 2015 жылы беларус жазушысы Светлана Алексиевич алған болатын.
Ешкім Нобель сыйлығының екі рет лауреаты атанбаған. Сыйлықтың иегерлері көбіне Франция жазушылары, дегенмен көпшілігі яғни,113-тің 28-і шығармаларын ағылшын тілінде жазған. Бұдан бөлек, Нобель лауреаттары шығармаларының алғашқы ондығына 14 француз, 13 неміс, 11 испан, 7 швед, 6 итальян, 6 орыс, 4 поляк, 3 норвег және 3 дат тілдерінде жазылған шығармалар да енеді екен.
Лауреатқа сыйлықты тағайындаудың орташа жасы – 65 жас. «Ең жас» лауреат ретінде 1907 жылы 41 жасында сыйлықтың иегері болған Редьярд Киплинг тұр. Ал ең жасы келген лауреат – 88 жасында алған жазушы Дорис Лессинг.
Нобель сыйлығын әдебиет аталымы бойынша қайтыс болғаннан кейін алған жалғыз – швед ақыны Эрик Аксель Карлфельдт. Нобель сыйлығының жалпы тарихында әдебиет аталымы бойынша сыйлықтан екі рет бас тартылды. Оның бірі – 1958 жылы еріксіз түрде бас тартқан Борис Пастернак және 1964 жылы өз еркімен бас тартқан Жан Поль Сартр еді.
Әдеби жанрлар арасында ең таңдаулылары – проза (77), одан кейін поэзия (33), драматургия (14), әдеби және философиялық эссе (3) және тарихи еңбектер (2).
Барлық Нобель медальдарының алдына Альфред Нобельдің суреті соғылған, ал сырт жағына сәйкесетін ғылым мен өнердің аллегориясы басылған.
Әдебиет саласына берілетін медальда лавр ағашында отырған бозбаланың суреті бейнеленген. Ол Музаны еліте тыңдап, айтқанын шабыттана жазып отырады.
Медальда: "Inventas vitam juvat excoluisse per artes" деген латын жазуы бар. бұл жолдар Вергилияның "Энеида" поэмасынан алынған. Тәржімалағанда шамамен: "Қайта тапқан шеберліктерімен Жер бетіндегі өмірді жақсартқандар» деген мағына береді.
Медальды швед мүсіншісі Эрик Линдберг жасап шыққан.
Бөлісу: