Ел болашағы – оның тілінің болашағымен тығыз байланысты

Бөлісу:

10.10.2017 7428

Қазақ жері қандай кең, қандай бай болса, қазақ тілі де дәл сондай. «Қазақ тілі — бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, расына қазақ тілі — көркем тіл. Әйтсе де, өткен ғасырларда қазақ тілі көптеген кедергілерге ұшырап, қиындықтарға душар болды.

Нақты мысал келтірсек, қазақ жазуы өткен ғасырда бірнеше өзгерістерді бастан кешті. 1929 жылға дейін қазақ даласында араб жазуы пайдаланылды. Дархан далада топыраққа аунап, құлдыраңдап жүгіріп жүрген қарадомалақ балалар сауаттарын молдалардан ашқан. Одан кейін балалар білімдерін медреседе жалғастырған.

Дегенмен, сол тұста араб жазуы бәсекеге қабілетсіз болды. Араб жазуы жаңадан орнаған Кеңес Үкіметінде ешқандай талаптарға сәйкес келмеді. Осыған орай, 1929 жылдан 1940 жылға дейін қазақ мектептерінде латын графикасы қолданылды. Дегенмен, солақай саясатқа байланысты 1940 жылдан қазірге дейін кирилл әліпбиі қолданысқа енгізілді. Кирилл әліпбиін енгізу арқылы Кеңес Одағы өзінің әлем алдындағы абыройын асқақтатты.

1990 жылдары қызыл империяның іргесі сөгіліп, Одақтан өз еншілерін алып шыққан елдер кезең-кезеңмен латын қарпіне көше бастады. Сол кезден бері Қазақстанда кирил әліпбиінен латын әліпбиіне көшу мәселесі жиі көтеріле бастаған еді. Міне, уақыт заңыңа бағына отырып, осы мәселенің толғағы жетті. Бүгінде биік мінберлерде латын әліпбиіне көшуге байланысты нақты ұсныстар айтылуда.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңызы туралы нақты атап өтті. Осыған байланысты жер-жерде аталған тақырып жөнінде қызу талқылаулар өтуде. Мысалы, бір Оңтүстік Қазақстан облысында қаншама жиын өтіп үлгерді!

Жақына еліміздегі ірі жоғары оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы да осы тақырып төңірегінде «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосуға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалау кеңсесінің жетекшісі, Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Бақытжан Әшірбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, т.ғ.д., профессор Жұмахан Мырхалықов бастаған ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Жиынды жүргізіп отырған оқу орнының ректоры Ж. Мырхалықов:

– Жаһандану үрдісі шапшаң қарқын алып келе жатқан бүгінгі заманда латын әліпбиіне көшу заман талабы. Дүниежүзі картасына үңілсек, технологиясы озық, экономикасы қарыштап өркендеп келе жатқан мемлекеттерде латын қарпі қолданыста. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, біз әрбір нәрсенің жақсы жақтарын бойымызға сіңіре білуіміз керек. Мінекей, енді жуық арада Қазақстан латын әліпбиіне көшеді. Бұл – уақыт талабы. Осы арқылы өркениетті елдер қатарына қосылуға мүмкіндік бүгінгіден де артатын болады, - деп латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар, Оңтүстікте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» жөнінде алқалы жиын өткен еді.

Басқосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев латын әліпбиінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынғанын атап өтті.

Отырысқа қатысушылар жаңа әліпбидің жобасын талқылап, түрколог ғалымдар латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Маңызды мәселелер талқыланып, жақсы пікірлер айтылған басқосуды қортындылаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінің үндестік заңдылықтарын сақтауға мән беруді ұсынды.

– Еліміздің ендігі болашағы – саяси-экономикалық фактормен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің тағдырына да тікелей байланысты. Сондықтан латын әліппесіне көшуде қазақ тілінің сингорманизм және ассимиляциялық заңдылығын сақтауымыз керек. Егер олар сақталмаған жағдайда тіл бұзылады. Егер мұны сақтаған жағдайда, тіліміздің үндестігі оның әдемілігі, дұрыс айтуы да бұзылмайтын болады, - деді өңір басшысы.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар