«Адамзаттың Абайы» көрмесі – Атырау қаласында
Бөлісу:
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі «Адамзаттың Абайы» көрмесімен Атырау қаласында өткен «Абай кеші» қайырымдылық шарасына қатысты. Кешті ұйымдастырушы – Қоғамдық сенім қоры.
Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге баулыған ақын жырлары – Алаш баласының рухани дамуының негізгі темірқазығына айналды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттердің орындалуында аталған кештің орны бөлек.
Бағдарлама бойынша шара Абай қорық-музейі ұйымдастырған «Адамзаттың Абайы» көрмесін тамашалаудан басталды. Даналар туған мекеннен келген көрме материалдары, әсіресе Абайдың 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған құнды жәдігерлері шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырды.
Қайырымдылық кеште данышпан ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері орындалып, «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңдері оқылды.
«Абай кешінен» жиналған қаражат қаладағы әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларына және жетімдер үйіне тапсырылады.
Шара соңында, Қоғамдық сенім қоры «Абай кешін» қолдап, айрықша атсалысқаны үшін Абай музейінің ұжымына алғыс хат тапсырды.
Біржан АХМЕР,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің ғылыми қызметкері.
Бөлісу: