Қазақ әдебиетіндегі археомодерн

Бөлісу:

03.11.2017 5595

Әдебиет қоғамнан тысқары өмір сүре алмайды. Қоғамның қалай бағыт алуына байланысты, өзгеріп, түрленіп, жаңарып, дамып отырады. Біздің ұлттық танымымыз бен салт-дәстүріміздің өзгере бастаған тұсы деп, сөз жоқ Ресей отары болған ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басын айтамыз. Бірнеше ғасырға созылған хандық билік құлап, мемлекеттік басқарудағы жүйелердің өзгеруі, халықтың бодандыққа түсуі – кең далада еркін көсілген жұрттың діні мен дәстүріне, асқақ рухына әсер еткен құбылыс. Осылай рухани жаншылған, тұрмысы жұтаңдаған қазақтың дәстүрімен бірге тұтасып ғұмыр кешкен өнеріне өзгерістің келуі заңды еді. Осы кезеңде қазақ өнеріне жаңашылдық алып келген деп Абайды айтамыз. Абайдың жазған өлеңдерінен бастап, әндері, оқу-тоқуы, қара сөздері, дүниетанымы – тұнып тұрған жаңашылдық десек артық айтпаған болар едік. Егер өнерге жаңалық алып келу жаңашылдық болса, онда сөз жоқ, Абай – қазақ өнер тарихындағы ең үлкен модернист болып саналуы тиіс.

Абайдан кейінгі қазақ даласына жаңашылдықтың шуағын шашқан жеке тұлға емес, ел тұтастығы үшін біріккен «Алаштықтар» болды. Алаштықтар тұңғыш саяси партия құрып, газет ашып, журнал басып, кітаптар шығарып, ағартушылықты жай сөзбен емес, іспен көрсетті. Модернизмді қазақ әдебиетіне әкелген Абайдың кітабын құрастырып шығарып, күллі қазаққа мәлім етті. Алаштықтар ғылым ана тілімізде сөйлемей жатып, көзі ашық, көкірегі ояу елге айналмайтынымызды біліп, Еуропа ғалымдары жүйелеген ғылымды қазақша сөйлетті. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» – әдебиеттанудағы күллі әдеби теорияларды бір ауыз бөтен сөз қоспай, батыс әдебиеті шығармаларынан мысал келтірмей, керісінше, өзіміздің аңыз әңгімелеріміз, батырлық жыр-дастандарымыз арқылы түсіндіруі, сол кездегі орыс зерттеушілерін таң қалдырған оқиға болатын. Ахаңның бұнымен қоймай, қазақ әліпбиін жасауы, лингвистика саласындағы теорияларды қазақша сөйлеткен «Тіл құралы» кітабын жазуы еңсемізді тіктеп, ғылымға енуімізге қақпа іспеттес болған еңбектер. Бұл кітаптарға Маған Жұмабаевтың «Педагогикасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясын», Мұхтар Әуезовтың «Әдебиет тарихы» еңбектерін қосыңыз. Бәрі де тек қазақ тілінде. Алаштықтардың қазақ даласына әкелген жаңалықтарын тізе берсек, бұл мақаламыз ұзаққа созылып кетері хақ. Не де болса Алаш кезінде туған романдар мен повесть, әңгімелерді, барша оқулықтарды қазақ жеріндегі жаңалықтар деп қабылдап, Алаштықтар тудырған өнер туындыларын модернистік бағыттағы шығармалар деуімізге әбден негіз бар.

Егер модернизм әдебиеттегі (жалпы өнердегі) жаңашылдық деп танып, бағалайтын болсақ, онда модернизм соншалықты үрке қарайтын бағыт емес сияқты. Қазақтың бас ақыны атанған Абай атамыздан бастап, ұлт ретінде қалыптасуымызға зор еңбек сіңірген Алаштықтарымыз да осы бағыттың «сойылын соққан» болып отыр. Дәл осылай көлгірсіп кете беруімізге болар еді. Бірақ «Әдебиет – ардың ісі» – демекші бұған біздің арымыз шыдамады. Біз бір нәрсені анық білуіміз керек. Алдыңғы мақаламызда бізді алдап-арбап жүрген екі үлкен «измнің» тарихы мен идеясына азды-көпті тоқталған болатынбыз. Ол әңгімеге сену, сенбеу өз еріктеріңізде.

Дегенмен де, Еуропадағы Декарттан басталатын философтардың еңбектерін тағы бір оқып ойланып көріңіздерші!?

ХІХ ғасырдағы «Қарғыс атқан ақындардың» шығармаларына қайтадан көз жүгіртіп, ХХ ғасыр басындағы Пруст, Кафка, Джойс, Камю, Сартр, Хемингуэй, Ремарк сынды жазушылардың шығармаларын басқа қырынан қарап көрсеңіздер, біздің сөздің растығына сенер едіңіздер.

Егер бұл дәлелдер де аздық етсе, ХІХ ғасырдан бергі Еуропа ғалымдарының әлемнің пайда болуы туралы шығарған теориялары мен, адамның жаратылысы жайлы ойлап тапқан «Дарвин теориясының» не деп отырғанына мән беріп көріңіздерші!?

Мәңгілік өмір сүрудің құпиясын іздеген еңбектерді, шатысып ойлап тапқан «Эволюциялық биология», «Эмбриологиялық биологияларына» мән беріп көрдіңіздер ме?

Ғарышты зерттеуге құмартқан астрофизиктердің ұстанымына, ХХ ғасырдан бастап берілетін «Нобель» сыйлығы иегерлерінің 95 пайызы атеистер екеніне, мән беріп көрдіңіздер ме?

Мынауың модернді айтып келіп, неге ғылымға көшіп кетті деген сұрақ туындаған болар? Себебі «модерн» тікелей ғылымға байланысты бағыт.

«Модерн» қазіргі біз білетін Еуропа ғылымының дамуынан пайда болған. Мәселен материя, обьекті, субьектілердің қатысына байланысты психология ғылымында – психоаналитика саласы пайда болды. Психоаналитика дегенде ойымызға сөз жоқ Адлердің мектебі мен атақты Фрейдтің мектептері келеді. Міне осы психоаналитика пайда болуымен ХХ ғасыр басындағы Пруст, Кафкалардың шығармаларында адам санасына бойлай отырып, кейіпкердің ішкі психологиясын ашып көрсету пайда болды.

Еуропа қауымы саяси ойындарда бүгінгідей беделге ие болу үшін, мәдениеті мен өнерде бір бас алдыда тұруы үшін, ғылым мен техника жасуда жетістіктерге жетуі үшін бірнеше тарихи кезеңдерді бастарынан кешірді. Дугинше айтқанда: антикалық кезең (б.з.д 2 мың жылдықтан б.з V ғасырға дейінгі уақыт) ~ христиандық кезең (премодерн V ғасырдан XV- ғасырға дейінгі уақыт) ~ модерн ( XVI ғасырдан XX ғасырдың 60 жылдарына дейінгі уақыт) ~ постмодерн (XX ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, бүгінгі таңда әлі қалыптасып жатқан кезең).

Еуропа халықтарының тереториялық ерекшелігіне байланысты, қалалық өркениет антикалық кезеңде қалыптасып қойған, сондықтан тарихи дамуы бізге қарағанда өзгеше. Және жоғарыда айтылған кезең-кезеңге өту барысында да бізден әлдеқайда ерекшеленеді. Батыс Еуропа халықтары антикалық кезеңде көп құдайлар мен пұтқа табынды. Ал, христиандық кезеңде көп құдайдан, кейін дау туғызған үш құдайға табынуға өтті. Дұрыстап мән беріп қарайтын болсақ, антикалық кезеңнің мифтері мен философиясы, христиандық кезеңде жоққа шығарылды. Ал христиандық кезеңнен, модернге өткенде, христиан діні мен дәстүр-құндылықтары жоққа шығарылып, антикалық кезеңнін материалистік философиясы мен XI ғасырға дейін өмір сүрген ислам ғылымын игеру арқылы қарыштап дамыды. Бүгінгі таңда, модерннің құндылықтарын постмодерн талқандап жатыр. Бұл діні бөлек, салты өзге, дүниетанымы басқа, тарихи дамуы бірізді Батыс Еуропа халықтарының даму кезеңдері.

Біздің тарихи дамуымыз өзгеше, әрі күрделі. Біз архаикалық кезеңнің өзінде бір құдайға табынып, тәңіршілдік дінді ұстандық. Ал, ислам діні келгенде, тәңіршілдіктің элементтері бар дәстүрлерімізді исламмен ұштастыра алдық. Бір кезеңнен, екінші кезеңге өту барысында, алдыңғысын кейінгісін толықтай жоққа шығарған емес. Ал модерн мен постмодернді ұғына алатындай, қазақ қоғамы бұл кезеңдерді басынан кешірген жоқ. Құрылымы жағынан қарапайым модерннің өзін түсіне алмай дал болған біз үшін, құрылымы жағынан әлдеқайда күрделі постмодернге өту, өзімізді-өзіміз құрдымға итерумен тең. Рас жаһанданудан құтыла алмайсың. Біз қаласақ та, қаламасақ та модерн мен постмодерннің кейбір белгілері қоғамымызға еніп кетті. Біз бұлардан құтыла алмаймыз. Әрі құтылудың қажеті де жоқ.

Біздің ендігі мақсатымыз модерн мен постмодернді толықтай тану болса керек. Еуропа қоғамының ішіне үңілген сайын «модерннің» басты идеясы «Құдайдың мәнін адам санасынан өлтіріп, жаңа дін – ғылым дінін әкелу» екендігіне сенімім арта түсуде. Модерннің «жаңашылдық» деп аталатын танымының астарында, бізді жегідей жеп тынатын, қатпар-қатпар сорақы сырлардың жатқанын көрер көзіміз соқыр болып, алданып қалғанымызды ұғынатын уақыт болған секілді.

Біз Абай мен Алаштықтардың жаңашылдығын айтқанда, көптеген үлкен мәселелерге көңіл аудармай жүрміз. Модернизмнің анықтамасындағы «дәстүр мен дінді жоққа шығаратын бағыт» дегенді байқауымыз керек еді ғой. Жан Франсуа Лиотар: «Франция темір дәуірінде жетістікке жетпегенін мойындап, діні мен дәстүрінен бас тартып жетістікке жетті», - деген болатын. Ал біздің Абайымыз болсын, Алаштықтырымыз болсын, қайсысы ата дінімізден бас тартып, қайсысы салт-дәстүрімізді жоққа шығарған еді. Осыны ойланып көрдік пе? Бәріміз де Алаштықтарды репрессия кезінде «жапон шпионы» деп ұстап, атқандарын білеміз және Алаштықтардың расымен де жапон тілін меңгеріп, жапон саясаты мен өнеріне қызыққанын да білеміз. Бірақ осы қызығушылықтардың неге пайда болғаны туралы ойландық па?

Анығында Алаштықтар Жапон халқының дәстүрі мен дінін Еуропа халықтарының ықпалынан, жұтылып кетуге шақ қалған ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға негіз болған «археомодерн» бағытын зерттеу үшін қызықты. Егер жапон тарихымен таныс болсаңыздар ХІХ ғасыр басында Еуропаның алпауыт мемлекеттері теңіз жолы арқылы отарлау мақсатмен күншығыстағы Жапония жеріне әскер кіргізгенін білерсіздер. Әлемді толық отарына айналдырғысы келген алып империялардың жүргізген саясаты кесірінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында жапон халқының тәуелсіздігі қыл үстінде тұрды. Алпауыт елдердің ықпалымен жапон халқының салт-дәстүрі бұзылуға шақ қалып, жер-жерде самурайлар көтерілісі туындап жатты. Күншығыста орналасқан көзі қысық, дін-салты бөлек ұлт еуропаланып кетуге сәл-ақ қалды. Бірақ Еуропаға келіп университеттерде оқыған жапон жастары, Батыстың қаруы болған ғылымын игеріп, туған топырағына әкеліп «археомодерн» жасап, жұтылып кетудің алдын алды. Бүгінгі күнде сол ХХ ғасыр басында Еуропада «қолдарынан іс келмейтін қысық көзді топастар» деп кемсітілген жапондар қазіргі күні ғылымда, технология өндіру мен робот жасауда алдарына жан салмай келеді. Сонымен, археомодерн деп тұрмыста, өнерде, мемлекеттік басқаруда ұлттық құндылығың мен дәстүр-дініңе қайшы келмейтін «модерннің» элементтерін қабылдап, қайшы келетін тұстарын ұлттық танымыңа икемдеуді айтамыз.

Біздің бас қатырып, айтысып, тартысып жүрген сұрақтарымызға жауап табыла бастаған сияқты. Сондағы біз айтып жүрген Абайдың жаңашылдығы, Алаштықтардың жаңашылдығы Археомодерн болғаны ғой! Алаштықтардың ұстанымын ұстанған кеңестік кезеңнің қаламгерлері Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлеріміздің шығармалары да осы бағыттағы туындылар.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, кеңестік жүйе бекітіп берген социолистік реализмнен құтылған кейін, әдебиетімізде, жалпы қазақ өнеріне жаңаша бір серпіліс қажет болды. Елімізде тәуелсіздіктен кейін, Абайдан бастап модернист санап, Алаштықтарды модернистер деп танып, Батыс Еуропада модернизмнен кейін келген постмодернизм бағыты біздің бағыт деп таныған «батысшыл» топпен қоса, әдебиетіміз дініміз бен дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды ұлықтау керек деп білетін «ескішіл» топтар да пайда болды. Қай-қайсысының да арманы, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеру екеніне дау жоқ. Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін постмодернист те, ескішіл болудың да қажеті жоқ. Постмодернизм дегенініміз – ұлттық құндылықтарға миф арқылы оралу емес. (Осы тұста бір айта кетерлік жайт бар. XX ғасырдың екінші жартысында әлемде дүр сілкіндірген Латын Америкасының әдебиеті, постмодерн бағытындағы әдебиет емес. Батыс зерттеушілері атау берген магиялық реализмнің де шеңберіне сыя қоймайды. Сонымен қоса Орхан Памук, Мо Янь сынды еуропа нәсілінен шықпаған жазушылардың шығармаларын постмодерндік әдебиеттің қатарынан орын беріп жүргеніміз де қате сынды. Батыс зерттеушілері галлюцинациялық реализм деп атаған бұл екі жазушының шығармалары постмодерн шеңберінен шығып кеткеннен кейін қойылған атау сынды.) Ал ескішілдік, жаһандану қарқынды жүріп жатқан уақытта, ақпараттар қалыптан тыс ағылып жатқан кезеңде, технологиялар күннен-күнге алға жылжып жатқан XXI ғасырда тығырықтан шығаратын жол емес. Бізге бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ. Ұлы ақынымыз Абай бастап берген, Алаштықтарымыз қалыптастырған Археомодерн бағытын ұстансақ жетіп жатыр. Әдебиеттанушы ғалымдарымыз Археомодернді әдебиетіміздегі бағыт ретінде танып, Алаштықтардың мұрасын осы бағыт негізінде зерттесе, былыққан көп дүниелеріміз реттелер еді.

Кейбір әдебиеттанушы ғалымдарымыз Алаштықтардың еңбектерін зерттеу барысында жаңашылдықтарын модернизм деп қарап, осы бағыт аясындағы сентементализм, символизм, реализм, натурализм, экзистенциализм сынды «измдердің» белгілерін көріп, «Мағжан символист», «Ілияс сентементалист», «Сәкен футурист» деген сынды анықтамалар беріліп жүр. Бұл «измдердің» тегін анықтау, біздің басты мән беру керек болған мәселеміз. Мәселен сентементализмді, «күйректік» деп қана танитын болсақ, онда М.Әуезов атауын берген «Зар заман ақындары» нағыз сентименталистер болып шығар еді.

Ал еуропа сентементализмінің тегіне алдыңғы мақаламызда тоқталған едік. Дәл осындай проблемалар экзистенциализм бағытында да жеткілікті. Экзистенциализм: христиандық, исламдық, атеистік болып үшке бөлінеді. Еуропада беделі аз Кьеркагор қалаған христиандық экзистенциализм мен Гуссарл бастаған атеистік экзистенциализм бар. Ал біздікі – бастауын Қожа Ахмет Иасауидан алатын, кейін Абай, Шәкәрім жалғастырған исламдық, соның ішінде сопылық экзистенциализм. Символизм де: батыстық, шығыстық, түркілік, мысырлық, арабтық, қытайлық болып бөлініп кете береді. Сондықтан шығарманың формасына қарап, стиліне қарап, ішіндегі «измдерге» қарап модернистік, болмаса постмодернистік шығармалар деп анықтай алмаймыз. Айта берсек әдебиеттанудағы проблемалар аяқталмайды. Айтпағымыз, асыл дініміз бен ұлттық құндылығымызды барынша сақтап қалған, әрі келесі ұрпаққа жол салып берген Алаштықтарымызды модернист, постмодернист деп қорламай, өздері қалағанымен атауын енді алып отырған археомодернистер деп танып, барлық қазақ осы жолды ұстансақ нұр үстіне нұр болар еді!

Автор: Нұрдәулет ОМАРБЕК

Бөлісу:

Көп оқылғандар