“Енші” зияткерлік сайысының жүлдесін кім еншілейді екен?

Бөлісу:

20.12.2017 5296

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының тапсырысымен әзірленген «ЕНШІ» зияткерлік-танымдық сайысы еліміздің басты арнасы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирінен көрсетілуде. Кез келген аудиторияға арналған тележоба санаулы сериясы жарияланғанымен өз көрерменін жинап, жоғары рейтингке жете алды. Отандық тележобалар арасында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген танымдық жобаның «Rixos President Astana» қонақүйінде таныстырылымы өтті.

- Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келе, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді. Бұл орайда өскелең ұрпақтың тамырын тереңнен алған ұлттық құндылықтармен таныстыратын әрі мемлекеттік тілді насихаттайтын қазақ тілді тележобаның маңызы зор. Сондықтан да біз Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақтыланған басым бағыттарды жүзеге асырып, рухани жаңғыруға зор септігін тигізетін «Енші» зияткерлік-танымдық телесайысын қолға алдық. Тележобаның басты мақсат-міндеті - қазақтілді білімді жастарды қолдау, олардың бойында пассионарлық қуаты бар азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді насихаттау, мемлекеттік тілдің нығая түсуіне қызмет ету болатын. Бұқараның бүгінгі оң көзқарасы мен пікірі біздің діттеген межеге жете алғанымызды көрсетеді,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Олжас Шынжігітов.

Еліміздегі ең білімді жасты анықтауға арналған тележобаға 1000-нан астам талапкер өтініш білдірген. Алайда оның 48 ғана телесайыс жолдамасын иемденген. Басқосу барысында аймақтық іріктеу мен қатысушыларға қойылған талап төңірегінде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Мөлдір Бақытқызы тарқатып айтып берді.

- «Енші» зияткерлік-танымдық сайысының іріктеу кезеңдері Ақтау, Өскемен, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Астана қалаларында өтті. Әр аймақтың білім басқармаларымен бірлесе жұмыс жасалып, облыстың озаттары ғана іріктеуге қатыса алды. Іріктеудің өзі екі кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда талапкерлер 30 минутта 100 сұраққа жауап беруі тиіс болса, бұдан жоғары балл жинаған 12-15 үміткер ғана екінші кезеңге өтті. Екінші айналымда балалардың қарым-қабілетін, нағыз білімі мен логикасын, психологиясын анықтауға арналған тапсырмалар берілді. Арнайы комиссияның шешімімен әр аймақтан 6 талапкер тележоба жолдамасын еншіледі. Сонымен қатар өзге өңірлердегі оқушылар мен 1-2 курс студенттерін түгел қамту мақсатында «yensi.kz» сайтында онлайн іріктеу жарияланды. Онда 200-ден астан өтінім білдірушіден жоғары ұпай жинап, бақылаушылардың сынынан өткен 1 ғана қатысушы тележобаға іріктеліп алынды,- деді ол.

Телеарнада кез келген бағдарламаның өтімді болуы 50 пайыз саундтрекке байланысты. Ал «Енші» сайысының саундтрегі сәтті жазылған деп айтуға толық негіз бар. Себебі телесайыс ұлттық құндылықтар мен жаңғыруға негізделгендіктен, саундтрек пен әр айдардағы тректерде заманауи музыка мен дәстүрлі музыка сәтті үндестік тапқан. Сондықтан брифинг барысында «Енші» зияткерлік сайысының саундтрек авторы Құрмаш Махановқа журналистер тарапынан жиі сұрақ қойылды.

- Саундтрек жазу барысында рейтингі жоғары фильмдер мен сериалдардың да музыкасына аса мән берілді. Себебі бәрі аудитория, тыңдарман үшін жасалатын болғандықтан, бүгінгі талғаммен санасу міндет. Алайда өзіндік бояуы болуы керек. Сондықтан заманауи музыкаға дәстүрлі әр берілді,- деді сазгер, эстрада жұлдызы Құрмаш Махан.

Жоба идеясының авторы Нариман Қойшыбаев еркін форматтағы брифинг барысында телесайыстың ережесі мен форматы туралы айтып өтті. Сонымен қатар «Енші» зияткерлік сайысының өтуіне және еліміздің басты телеарнасынан көрсетілуіне қолдау көрсетіп, мұрындық болған ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына алғысын білдірді.

- Бәріңізге белгілі, отандық телеарналарда интеллектуалдық сайыстар жоқтың қасы. ХХІ ғасыр көшбасшысынан кейін мектеп оқушылары мен студенттерге арналған зияткерлік сайыс болмады десек те артық айтқандық емес. Сондықтан жастардың білімге деген құлшынысын арттырып, бәсекеге бейімділіктерін байқататын «Енші» сайысын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен, тапсырыс берген ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына үлкен рахмет айтамын,- деді ол.

Еркін форматтағы брифинг соңында әлеуметтік желілердегі «Енші» парақшасында журналистер мен блогерлерге арналған сайыс жеңімпаздары марапатталды. БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған байқау жеңімпазы болып «Астана» радиосының журналисі Жанат Қабылдаұлы танылды. Ал екінші орынды «Елана» сайтының тілшісі Ерқазы Сейтқали еншілесе, үздік үштік қатарын «Білім айнасы» газетінің журналисі Жансая Мұстафина толықтырды.

P.S. «Енші» иесі атанып, 1 000 000 теңгені қанжығасына байлайтын нағыз білімді жасты көргіңіз келсе, әр жұмада 16:15-те елдің басты арнасы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасын қосуды ұмытпаңыз! «Енші» иесін ел болып анықтайық!

tilalemi.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар