Есенғали Раушан: Өлеңнің Кенежирені

Бөлісу:

30.01.2018 6568

Есенғали ақын Жұматайдың жан дүниесі жайында осыдан он үш жыл бұрын осылай жазған екен. "Қазақ өлеңінің Кенежирені" Жұматай ақынның туған күніне орай қайта жариялап отырмыз. Тұщымды дүниені ауық-ауық ел назарына ұсынып қою да ұтымды болар, сірә.

Астаудай ақ жем, арнадай шұңғыл бұралаң,

Арғымақ күшін, атанның белін сынаған,

Аққұмақ жолдың айылдай ғана енімен,

Алалы жылқы, ақтылы қойы шұбаған.

Асылы, ақын не жазса да өзі туралы жазады. Осы өлең Жұматайдың поэзиядағы максимум программасы сияқты. Ол өлең жолын бұрын біреулер салып берген сара жол, оңай асуға санамады, атанның белін, арғымақ күшін сынаған таудың тар жолына, тайғақ соқпағына балады. Ал алалы жылқы, ақтылы қойы – өлең. Бұл теңеуімізге дау айтатындар табылып «Жұматайдың өлеңін алалы жылқы, ақтылы қойға теңеуге болмайды. Өйткені, ол соншалықты көп мұра қалдырған жоқ» деуі мүмкін. Ол рас. Кезінде Жарасқан марқұм Жұматайға «бір ай жазған өлеңіңді бір жыл насихаттайсың» деп қалжыңдайтын. Бірақ, әңгіме көлемде емес, өлеңде. Ол – аз жазды, көп жазуды мұрат тұтқан да жоқ.

Алматыға кеш келді. Өзі айтатын балпаңдай басатын батырға ұқсап асықпай келді. Ол кезде елден Алматыға қазақ келсе бүгінгідей ала дорба арқалап, кәсіп іздеп, нанталаппен, саудагерлікпен емес, білім іздеп, өнер іздеп келетін еді ғой. Бір француздың айтқаны бар: «В Париже каждый хочет быть художником, никто не согласен оставаться зрителем». Алматының әрбір жас жігіті мен қызы ақын болғысы келетін. Бүгінде дәурені жүріп тұрған журналистика ол кезде не өлең, не проза жазу қолынан келмегендердің кәсібі сияқты көрінетін. Иә, не айтатыны бар Алматы ерекше сұлу қала болатын. Сұлулыққа ғашық ақын бұл қаланы өлердей жақсы көрді. Сұлу қалада тұрып, сұлу жырлар жазды. Атақты Ләйлә туралы сұлу жырлардың көбі осы сұлу қалада туды.

Ханшадай өзін ұстаған,

Қара алмас көзді бал ерін,

Басынан құс та ұшпаған,

Бұла өскен, сұлу жан едің.

Қара оқа құсап бұрымың,

Жалтылдап әрбір талы да,

Жарасып барлық қылығың,

Жараспай пенде жаныңа,

Көңілің шалқып тәтті әнмен,

Кірпігің, қасың дірілдеп,

Өтуші ең жасыл бақтармен,

Өтуші ең сәл-пәл күлімдеп.

Жаныма бір мұң жетті де,

Жабығып өтті уақытым.

Тарыдай меңде кетті ме,

Таба алмай қойған бақытым.

***

Айыбым болса кеше жүр,

Асқақтау жердің маралы.

Жырладым сені неше жыл,

Жындантып неше қаланы.

Траптан түссең алға аттап,

Тәкаппар асқақ түрменен.

Қалың ел сені ардақтап,

Қарсы алса деп ем гүлменен.

Дүние тілі, діні көп,

Дүрліге жылда той қамдап,

Ләйләнің туған күні деп,

Ләйлісе деп ем мейрамдап.

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба?

Ақымақ ғалам бір рет.

Иә, ол сұлу табиғат аясында сұлулықты жырлап өсті. Табиғатқа бәрін берді, табиғат та одан еш нәрсесін аяған жоқ. Өзі туған Жоңғар Алатауының ерке бұланы болып ер жетіп, серке ұланы болып қалыптасты. Ақиық қыраны болып шалықтады.

«Мені Жоңғар шыңдарында көрер ме ең, жирен атқа мінгенде» дейтіні де содан.

Дүние талайды көрсе де,

Әлі бір ақынын көрген жоқ.

Көрмесе бір күн көреді, –

дейтін. Көрсетті де.

Шың беті балқып, сары ала түстерге,

Таң қурай ағып, долана піскенде.

Шыңдағы құлмақ сабағын үзілтіп,

Сәмбі талдарға орала түскенде,

Алаяқ жиренмен жетіп мен бір келгем, –

дейтін тағы да. Әдетте біз натуралист жазушы дейміз. М.Прившин, В.Биянкин, М.Зверев секілді қаламгерлер осы топқа кіреді. Негедүр натуралист жазушы дегенді айтқан ел натуралист ақын демейді. Демесе демей-ақ қойсын. Бірақ, бөлек шаба білгеннің орны да бөлек болғанға не жетсін! Жұматай өлеңді жақсы жазғаны үшін кінәлі емес қой.

Меніңше, Ілияс Жансүгіровтен кейін тау табиғатын көзбен көріп, қолымен ұстап жырлаған ақын Жұматай болды.

Бұл, әлбетте одан арғы-бергіде аталмыш тақырыпқа өлеңдер жазылмады деген сөз емес. Жазылды. Жазылғанда қандай? Бірақ, жоғарыда айтқандай көзбен көріп, қолмен ұстау, жүрекпен сезіну бар да, сыдырта баяндап, сырғытып өте шығу бар. Өкінішке орай, жастарды айтпағанда кексе ақындарымыздың өздері туған аймақтың өсімдіктер әлемі туралы сұрай бастасаңыз таяз білімін танытып далаға сөйлейді. Құстан танитыны қарға мен сауысқан, әрі кетсе бүркіт, бері кетсе шымшықты біледі, ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі бір гүл. Кешегі аспанға қарап алдағы айда не болатынын болжайтын сұңғыла қазақтың бүгінгі ұрпағы көктемде әуелі қай гүл бүр ашатынын, күзде ең соңғы боп қай ағаштың жапырағының түсетінін, қай шөптің не қасиеті барын білмейді. Не ауыл қазағы, не қала қазағы білмейді. Мұны өзімізден бұрын сырт көз сыншы орыс ағайындар байқап жүр, аудармашылар аңғарып жүр. «Жаз келсе жайқалып ауладағы өрік ағашы гүлдейтін» деп жазады бір ағамыз. Өрік жаз келмей тұрып, ерте көктемде жеміс ағаштары арасында бірінші боп гүлдейді.

«Бәйшешек тердік қырлардан,

Көгілдір көктем күнінде», -

деп жазады бір ақын ағамыз. Бәйшешек – ақпанның соңын ала қар астынан көрінетін алғашқы гүл. Яки, ол гүлдейтін кез тіпті де көгілдір көктем емес.

«Тауларда бұлбұл сайраған,

Бауларда гүлдер жайнаған», -

дейді менің бір құрдасым. Бұлбұл тауда сайрамайды, ол жазықта, қалың бұта, қалтарыс, ормандарда жылы жерлерде жүретін құс. Күн әбден жылыған кезде келіп, ұзамай қайтып кетеді.

Классик жазушымыз Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясын атақты Ю.Казаков аударды. «Бірде Юрий жанұшыра жүгіріп келіп: «Әбе, мен сізден сұмдық қате таптым», – дейді. «Ол не қате?» «Сіз күн суық еді, мұржалардан будақ-будақ түтін шығуда», - деп жазасыз. Қыстың аязында түтін будақтамайды, керісінше, бозаң тартып сұйық боп ауаға ирелеңдей жайылады», - дейді Ю.Казаков.

Бұл мысалды келтіріп отырған себебіміз, әр сөздің реңкі болады, ажары, мінезі болады, біз соны ескермей ұрып айдап бәрін бір қораға тыға береміз, нәтижеде бүгінгідей автордан өзге ешкім оқымайтын әдебиет пайда болады.

Жә, Сәбең айтпақшы, тақырыбымызға оралайық. Жұматайдың табиғат туралы өлеңдеріне келсек:

Біріншіден, ол түсті (цвет) керемет ажырататын, әр түстің өзіне лайық баламасын дәл табатын. Қазақ «жеті бояу» дейді. Анығында түс анықтаушы сөздер біздің тілімізде жүзден асады. Соның нобайын Жағда Бабалықов ақсақал жинаған. Бірақ, Жәкеңді де, оның еңбегін де керек қып жатқан басшылық жоқ. Біз ұлы депрессия заманында өмір сүріп жатырмыз. Бізді заманның лай сулы ағысы алып барады.

Ағын суға қарсы жүзбек ниет қайсымызда бар?

Екіншіден, Жұматай өлеңдерін оқып отырғанда қозғалысты сеземіз. Гүлдің ырғалғаны, «тазқара құстың қалқып өткені», «құлмақтың сәмбі талға орала түскені» – бәрі-бәрі көз алдыңыздан өтеді. Яки, өлі табиғатты ол суретке түсіру үшін не киноға тарту үшін алдыңызға әкеліп «мынау мынадай, мынау былай болады» деп мезі ететін баяндауға ұрынбайды, сізді тірі, жанды дүниемен етене табыстырып, таныстырып, біріктіріп, кіріктіріп жібереді. Сіздің көз алдыңыздан өлі пейзаж емес, тірі, жанды табиғат өтеді.

Үшіншіден, ол әр гүлдің исін ажырата біледі. Сізді шұғынық гүлмен сарғалдақ, шетен мен рауғаш әрқайсысы өздеріне ғана тән исімен баурайды.

Біз Жұматайдың өлеңге әкелген үш жаңа дүниесіне тоқталар едік. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан табиғат көріністері болса, екіншісі – Ләйлә сұлу, үшіншісі – Кенежирен аттың бейнесі.

Ләйлә сұлуды жырлау, шынын айтсақ, жаңалық емес еді. Сұлу қызға ғашық болу – сонау көне заман поэзиясынан бастап бүгінге дейін бар тақырып. Бұдан шығады – гәп тақырыпта емес екен. Ақынды тақырып құтқарады деу бекер сөз. Дұрысы, тақырыпты ақын алып шығатын болса керек. Әйтпесе, ғасырлар бойы жырланып келе жатқан Ләйлә неге Жұматай жырлағанда қайта жасарып, жайнап шыға келеді. Бәлкім, ол ақынның қиялындағы қыз шығар, бәлкім Жоңғар Алатауының «қара алмас көзді, бал ерін» аруларының бірі болар – әңгіме онда емес, әңгіме қазақ поэзиясына осындай бір жаңа бейненің келуінде. Әр ақынның өз Ләйләсі бар.

Оның Ләйләсін кім көрді екен?

Мен де көргем жоқ. Бірақ, Жұматай поэзиясындағы сол аруды өз басым оның жан-жары ақын Зайдаға ұқсатамын. Осындай сұлу өлеңдер үшін біз Жұматайға қаншалықты қарыздар болсақ, Зайда ханымға да сонша қарыздармыз. Зайда сияқты әйел жігіттің жігітіне бұйырады, Зайда сияқты ақын бақытты елдің поэзиясына бұйырады.

Құрмет пен даңқ Зайда ханым, – Ләйлә сұлуға!

Ақиқатына келсек, қазақ ақындарының соңғы екі-үш буыны Шығыс әдебиетін білмей өсті. Оны айтасыз, бізде кешеге дейін арабша не парсыша жақсы білетін бірде-бір ғалым болған жоқ. Шығыстану ілімі – жабулы қазан жабулы күйінде жатты. Бізде ортағасырлық Шығыс мәдениетін зерттеген тарихшылар болды ма? КПСС тарихы бойынша ғылым докторлары мен академиктер жеткілікті еді. Біздер, қазақтар шығыстануды– өзбек пен тәжік ағайындар еншісіне беріп қойып, партия тарихын, халықтар достығын сол кездегі көсемдеріміздің сүйікті тақырыбы «Советтік аралас некені» марапаттадық, қазақтың орысқа тиген қызын мақтадық, татарға үйленсек қызметіміз өсті. Біз тіпті сол жылдары Түркістандағы Яссауи кесенесіндегі бай кітапханадан, Қарнақ медресесіндегі бай кітапханадан айырылып қалдық. Ол үшін бірде-бір партия, совет, комсомол қызметкерлері (ардагерлері) жауапқа тартылған жоқ.

Жұматай Шығыс әдебиетіне қызығушы еді, білгісі, үйренгісі келетін. Ал үйренетін нәрселер көп еді ғой, шіркін. Ол барлық талантты ақындар секілді ізденгіш болды. Шығыс поэзиясын оқып, көп ақындарды қазақша тәржімалауға ұмтылды. «Шедевр» дегенді парсылар «шаһбаз» дейді екен деп таңқалып жүруші еді, кейін осы сөзді өлеңге қосты.

Кенежирен ат жабайы аттай жатағандау тұрқымен тақтай қақпаны өзі ашып (қазақтың қара өлеңінің қақпасын деп түсінеміз) кіріп келді. Ескендір Зұлқарнайынның Буцифал, Әзірет Әлінің Дүлдүл, Рүстем батырдың Рахыш, Ақан серінің Құлагері болғаны (Қамбардың Қарақасқасы, Қобыландының Тайбурылы, (Алып Манаш) Алпамыстың Байшұбары т.б. тарихтан мәлім. Жұматайдың Кенежирені де өлеңіміздегі өлмейтін бейне Ат ретінде ме? Әңгіме жағы түкті жылқы айуан туралы ғана болса, оның жарасы жеңіл. Ақын Кенежирен атты жырлай отырып, өзін жырлады.

Қысқа қайырып айтарымыз осы. Әлбетте Жұматай ақынға обал. Тірісінде талданбады, жақсы танылмады. 60-қа келгенде асықпай кең ауқымда айтатын жөніміз бар еді, уақыттың тарлығы бұған да қол байлау боп тұр.

Бір-екі ауыз сөз ақын Жұматай туралы емес, адам Жұматай туралы. Екеуміз «Жалын» журналында бір кабинетте талай уақыт қызметтес болдық. Қызмет дегеннен шығады, жұмысқа мұндай қырсыз адамды көрген емеспін. Кей күндері ертеден қара кешке дейін шөп басын сындырмайтын. «Неге жалқаусың?» десем, «қазақпыз ғой» дейтін күліп.

Атаққұмарлық, шенқұмарлық оған жат еді. Менімше, оған өлеңнен басқа ештеңе қызық емес еді. Өлеңде ғана талантты еді ол. «Композитормын» дейтін. Онысына баға бере алмаймын. «Боксермін» дейтін. Бұған сену өте қиын еді. «Төремін» дейтін. «Ойдайт!» дейтінмін күліп.

Әдемі қалжыңдайтын. Әзіл өлеңдерінің өзі бір төбе. Ұйқас тапқыш еді. Мысалы:

«Дегенде прожектор, прожектор,

Астында прожектор біраз ет тұр».

Немесе:

«Бұл үйдің үсті де дом, асты да дом,

ортасы үңірейген гастроном», т.б. Әдемі киініп, өзін серілер санатына қосатын.

Тарихи тұлғалардан Жалайыр Мұқа, Жалайыр Сартақ, Жалайыр Қадырғалиларды қатты қадірлеп, өлеңге қосып жүрді. Қонаевқа шаң жуытпаушы еді. Кейбіреулер: «Осы татар шал кетпей қазақ тілі құрыған сайын құри береді», - десе, жатып кеп ашуланатын. Қонаевтың татар емес екенін дәлелдеуге барын салушы еді. Соны білетін құрдастары кейде «татар шал» туралы әдейі әңгіме айтып жынын келтіретін.

Өтірік айтпайтын. Айтса, онысы сол мезет әшкере боп, өзі қоса күлуші еді. Қатар-құрбысына сыйлы болды. Сол кездің өзінде-ақ жастар «Жалынға» Жұматайды іздеп келетін.

Өзін Тұманбай аға Молдағалиевке қарыздармын деп есептейтін. Онысы рас та. Тұмағаң жастарға ылғи да тілекші, қамқоршы боп келе жатқан кісі ғой, әсіресе Жұматайдың қатарға қосылып кетуіне қамқорлығын аяған жоқ. Ағаларына еркелеген бір ақын болса Жұматайдай болсын.

Сондықтан, кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та «Жұматай билік басындағылардан көп қиянат көрді, оның ажалы кеңестік биліктен болды» дегенге өз басым қосыла алмаймын. Кітабын шығарды, пәтер алды, қаламақы тапты, қолын ешкім қаққан жоқ. Ол – диссидент емес еді. Жұматайдан диссидент не Ғайса жасап керегі жоқ. Жұматай – Жұматай еді. Соның өзі жетпей ме?

«Әдебиет айдыны», 22 желтоқсан, 2005 жыл

Бөлісу:

Көп оқылғандар