Арман Әлменбет. Диалог туралы бірер сөз
Бөлісу:
Қаламгер Арман Әлменбеттің "Диалог туралы бірер сөз" атты пайымдауын ұсынып отырмыз.
«Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің шекер, сорпаң баз!
Атайын десем – оғым аз,
Қонар болсаң, жануар,
Міне майдан, міне саз.
Өлмеген құлға Құдай-ай,
Болып қалды енді жаз...».
Біздің төл әдебиетімізде кейіпкер сөзі осылай берілуші еді. Эпикалық сарын, романтикалық күй есіп-ақ тұратын. Кейін кәсіби драматургия мен прозаға да осы дәстүр әсер етті. Кейіпкерлер театрда да өлеңдетіп ала жөнелді, көркем шығармада да орағытып, астарлап, төгіп-төгіп сөйледі.
Бірақ кәсіби реалистік әдебиеттің өлшемі бойынша, жазушының шығармасы өмірге барынша жақындауы керек еді. Сондай шынайы, барынша өмірге жақын туындылар әлемдік классикаға айналып үлгерген тұғын. Осы үлгіні уағында аңдаған, қабылдаған бір жазушы сонау XX ғасырдың басында-ақ қазақтан шықты. Ол, әрине – Бейімбет Майлин еді.
«...Әлде не уақытта тағы да:
– Әй, – деді.
– Немене, жазған, айтсайшы!
– Біз осы қайтеміз?
– Қайдан білейін?
– Біз өлмейміз бе?
– Өлетін шығармыз!..
– Біз... – деп тағы тоқталды. – Біз... біз... айрылсақ қайтеді?!
Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі түсе бастады..
– Қатын, сен не деп отырсың?
– Айрылыссақ?!
– Раушан айтты ма?
– Иә.
– Қалиды қайтесің? – деп, Мақтым кемсендеп, өксіп жылап жіберді.
– Әттең кедейлік, әттең аштық, қылдың-ау!..
Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсеңдеп жатқан Қали тағы қозғалды:
– Әже, – деді!
– Қалқам-ау, не қыл дейсің?
– Тоңдым!»
Үзінді «Күлпаштан» алынғанын біліп отырсыз. Бізге ықылым заман болып көрінетін, бірақ әлі бір ғасыр да өтпеген сонау бір жылдардың қасіретін ішіңе бір-ақ түсіріп жіберетін осы әңгімені оқыған адам өмірі ұмытпайды. Пәленінші жылы түген адам аштан қырылды, одан кейін осыншама адам атылды деген сияқты мәліметтерді шімірікпестен оқи береміз, сөйтсек, сондағы әрбір цифрдың астарында осындай қайғы жатыр екен ғой деген ой келеді...
Енді сол қасіретті автор қалай бергенін ойлап көрейік. Ол өзі кейіпкердің қайғысын сезініп алды, Күлпашқа бір сөзді айтқызар алдында Күлпаш болып толғанды, іштей өзін-өзі жазғырды, өксіді, содан соң барып «Біз айрылсақ қайтеді?!» деген сөзді жазды. Сол кезде әр жағындағы сезімдерінің бәрі қоса шықты. Қағазға бір сөз ғана түсті, бірақ ішіндегі бар сезімі сол сөздің көлеңкесіндей болып әлі тұр. Оны бүгін оқып отырған сіз бен біз анық сеземіз.
Сөздің тылсымы сөздің әдемілігінде емес. Әсілінде, шын сөз өте қарабайыр болып шығатын болса керек. Ал көп жазушылар шығармасына сол сөзді өмірдегідей етіп көшіре алмай, өзінше көркемдеген болып, мәнін қашырады-ау деймін.
Бұрын бір жерден «әдебиеттегі ұлттық сипат диалогта өмір сүреді» деген мәндес сөзді оқығаным бар еді. Расында да бояуы қанық пейзаждар мен сезімге тікелей әсер етуге арналған авторлық толғаулар, я шығарманың басқа да бөліктері бізге қазақылықты диалог сияқты аңсата ала ма?
«Шай үстінде әңгіме тіпті жанданып кетті. Ойда жоқтағы Әлмәмбеттің шалдарды шақыру себебін аңғартып қояйын дегендей Ережеп сөз арасында:
— Мына Әлмәмбеттің дәл жасы белгісіз болып жүр, — дей беріп еді... Әңгімеге әбден беріліп алған Нұрқабыл:
— Ой, қоя тұршы сен де... Шеше алмай жатқаның Әлмәмбеттің жасы болса, оны маған жібер, — деп қолын Ережепке бір-ақ сілтеді де, маңдайының жылт-жылт еткен терін де сүртпестен, кеседегі шайын асығыс ұрттап, қайтадан Алданбекке қарай бұрылды.
Ережеп қайтып үндеген жоқ. Шалдардың әңгімесін үнсіз тыңдап, әрі-бері кеселерін қатынатып қана отырды. Шалдар шай жинала берген кезде барып, әңгімелерін шаймен бірге сарыққандай, бастарын көтерісті.
Нұрқабыл осы кезде ғана қалтасынан орамалын шығарып, маңдайының жылтылдаған терін сүртіп, Ережепке бұрылды:
— Әй, осы сенің әлгінде Әлмәмбеттің туған жылы белгісіз болып жүр дегенің не сөз?».
Нағыз қазақы әңгіме деуге татитын әңгімелердің бірі – «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыстан» үзінді. Осындағы диалогтарды өзгертіп көріңізші. Бір сөзін өзгертсеңіз әрекеттері суреттеліп отырған Нұрқабыл мен Алданбек, Ережеп пен Әлмәмбет көз алдыңыздан ғайып болады. Олардың тура осындай мінездеріне, осы отырыстарына басқа сөз жараспайды.
Бұл жолы тек сәтті диалогтарды ғана мысалға алуды жөн көріп отырмыз. Сондықтан да сәтсіз жазатын прозашыларға үлгі бола алатын бір ақыннан үзінді келтіруге болады, одан соң кинодағы диологқа сәл тоқтала кетерміз.
Есенғали Раушановтың «Біздің ауыл» топтамасындағы «Көкем-ай» өлеңінен:
«Көкемнің бірақ дау-дамаймен ісі жоқ,
Брежнев-патша ұнайды жылы түсімен.
«Жарықтық, ылғи сүйеді жұртты бас алып,
Кең қолтық адам», – деп қояды оны ішінен.
Өзі – екпінді,
баласы – озат класта,
Сырдария бойы сыйып-ақ тұр ғой құлашқа.
– Қазағың бүгін өсіп кетті ғой, – дейді ағам.
Рас па?».
Кинодағы диалогтың табиғаты да осындай. Қайта прозаға романтика біршама жарасатын болса (қазақтың көп жазушыларында, тіпті классиктерінде кейіпкерлер театрдың тілімен есіп кеп жөнеледі), көркем фильмде әрбір жасандылық назардан тыс қалмайды. Фильм өмірге барынша ұқсаған кезде адам оған сене бастайды. Сенген кезде алаңсыз отырып әсер алады.
Мәселен, «Менің атым Қожа» фильмінің қазақшасы – аударма дегенге сену қиын. Қожа Майқанова апайына тіке қарап тұрып «Бұл қылтың-сылтың емес» деген кезде сол эпизодтың орысша нұсқасына жаныңыз ашиды. (Дубляж жасаған режиссер мен мәтінді оқыған актрисаның (Фарида Шәріпова болса керек) шеберлігіндей шеберлік енді қайталанбайтын шығар, сірә). Бұл енді аудармадағы шеберлік...
«Алты жасар Алпамыс» фильмінде адам сүйсінетін, қазіргі фильм жасаушылардың ойына да келмейтін бір жауаптасу бар. Үлкен кісі балаға ақыл айтпақ ниетпен былай дейді:
– Ленин атаң да мұз жарып, қар кешкен!
Бала тақ ете қалады:
– Мұз жарып, қар кешсе – сырғанақ тепкен!»
Жоқ, қазіргі кинода қазақылық жоғалып кетті демейміз. «Ағайынды» сериалын мысалға келтіруге болады. Шыңғыс әке-шешесін ауылға шығарып салып тұрғанда машинаға еңкейіп, «ана пакет... пакетті...» деп сөйлеп жатады. Нақты не деп жатқанын ести алмасаңыз да, ауылға сәлем-сауқат жіберіп жатқанын түсінесіз. Сол секілді ауылдың бір ақсақалы дастарханда отырып: «Ал, енді не боп кетті, біз нетсе, қайтайық» дейді. Бұнысы «кеш болып кетті, енді біз қайтқанымыз дұрыс шығар» деген сөз екені өзінен өзі түсінікті.
Сол секілді, «Біржан салдағы» Біржанның ағасының «өңшең жын қуған, әкеңнің ауызын...» деп кеитін тұсы... Рас, сценарийшілердің жазуымен, режиссердің дұрыс елестетуімен, актердің соны сәтімен іске асыруымен жанданып шыға келген осындай үзінділер аз болса да бар. Аз болғандықтан да, «қазақ киносы» деген кезде жансыз диалогтар, өмірде айтылмайтын сөздер және оны айтып тұрған «өлген жылқы секілді былқ-сылқ еткен актерлар» (Әшірбек Сығай) көбірек еске түседі.
Қалмақан Әбдіқадровшалап айтқанда, орыстың мұжығын проза мен киноға жетектеп әкеліп, кіргізіп жіберген Василий Шукшинді еске алайықшы. «Калина красная» фильмінде Егор мен Василий арасында мынадай диалог өрбитіні бар:
«– Слушай-ка, как ты думаешь, это хорошо – что мы живём? Может, уж лучше было не родиться?! А?
– Так ведь, нас то не спрашивают!
– То же верно... Ну что ж, тогда пойдём сеять... (тихо поёт) Я по-пре-е-ежнему такой же...
– Ты сказал чего?!
– Я пою...
– Чего, чего?!
– Пою! Оглох?».
Фильмге осы бір эпизод қандай реңк беріп тұр деп ойлайсыз? Рас, деревнялық адамның өмір туралы философиясы бар дерсіз. Ал одан кейінгі әндеткенде екіншісі естімей қалып, не дейсің деп екі рет сұрауы не үшін керек?
Біздіңше, өмірдің өзінен асқан көркемдік жоқ (Абай Қалшабек). Ал, өмірде бәрі болады. Адам қателеседі, бірнәрсені естімей қалады, мұңаяды, әзілдеседі, бір-біріне сыр ашады, сөйтіп отырып бірнәрсені жасырғысы келеді, оны екіншісі сезсе де, сезбегендей болады дегендей... Осындай жәйттер шығармаға көшкен кезде шын көркем туынды жасалады.
P.S: Сайын Мұратбековты айтпай, сәтті диалог туралы сөзді аяқтауға бола ма? «Ескек желден» үзінді:
«– Әй, Рысжан! Қайдасың?
– Мен мұндамын, әже.
– Далаға шығар мені.
Рысжан әжесін қолтығынан демеп сыртқа беттеді. Төлепке ымдай сыбырлап:
– Бар, әне, қызыңды көр, – деді.
– Әй, Рысжан, осы үйден темекінің исі шыға ма? Біреу бар ма?
– Ей-и, әже-ай... кім келуші еді, мұнда. Әлгі жаман Жанбай бағана күпәйкемнің қалтасына темекісін салып еді, содан қалған иіс шығар, – деді Рысжан құлағына дауыстай сөйлеп.
– Е, оның сендегі шаруасы қанша?
– Осы ауылға күйеумін деп бәрімізбен ойнайды емес пе?
– Өй, сүйретілген неме. Ойыншылын өзінің. Есіректетпеңдер әлі, бастарыңа шығып алады. Үйбай, аяғым. Әлгі Қаншайымды әлдилеймін деп қара жамбасым ұйып қапты ғой».
Арман ӘЛМЕНБЕТ
Бөлісу: