Асылбек Байтанұлы. Рухани жаңғыру - ұлтымызға ұтыс
Бөлісу:
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері де бір жылдың жүзі болыпты. Мақалада атап көрсетілген қағидаттар кеңінен талқыланып, жүзеге асыру жолдары айқындалды. Бір жыл мерзім ішінде әрбір бағыт бойынша көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Оған жалпы халық көпшілік куә.
Мақаланың үлкен қызығушылық тудырып, қызу қолдау табуының басты себебі – оның басты арқау-мазмұны мемлекетімізді құруға ұйытқы – қазақ халқының мәдениетін, тарихын, ділін – жалпы алғанда руханиятын замана көшіне сай ілгері дамытудың өзекті мәселелері жатқандығында болса керек. «Рухани жаңғыру», «ұлттық код», «ұлттық мәдениет», «ұлттық бірегейлікті анықтау», «сананың ашықтығы (әлемді түсіну, әлемдік өзгерістерге дайын болу, өзгелердің озық тәжірибесін игеру)» қатарлы ұғымдардың мәні расымен де зор.
Елбасы мақаласының негізгі түйіні – барша халық болып, жан жақты рухани жаңғыру. Яғни, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». «Жаңғыру» дегеннің өзін қалай түсінуіміз керек? Қарапайым түсінікпен алғанда, бар дүние ғана жаңғырады. Жоқ дүние жаңғырмайды, ол жаңадан жасалады. Ендеше, рухани жаңғыру дегеніміз – ұлтымыздың, барша қазақстандықтардың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын ақпараттық дәуірдің көшіне лайықтап түрлендіру, жаңа серпін беру, өзін өзі тану арқылы өзгелерге танылу, таныту деп ұқсақ болар. Ол үшін қайтпек керек? Мақалада бұл сұраққа ап-айқын жауап берілген: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес».
Яғни, біздің қазақ немесе қазақстандық қоғамына әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарында болу үшін бүгінгі күнге дейін санамызға сартап болып сіңіп қалған кейбір «комплекстерден» тезірек арылуға тура келеді. Біздіңше, ондай кертарпалықтардың қатарына мысалы, «біздің елімізде шыққан рухани, материалдық өнімдер сапасыз, бәсекеге жарамайды» деген түсінік жатуы мүмкін.
Біздің қоғамға өзгеріс қажет. Бірақ қай тұрғыда болуы мүмкін? «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», - делінген болатын, мақалада. Әрине, өзгерудің жөні осы екен деп, өзге жұрттың қаңсығын таңсық етіп, өзінікін қор, өзгенікін зор санау – ұлтымызды ұшпаққа шығармайтыны айдан анық. Мақаладағы «Батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?», - деген сұрақ қойылған, мақалада. Осыған қатысты ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың 21 жасында жазған «Япония» атты мақаласындағы кейбір ой-пікірлерді беруді жөн көрдік. Мұхаңның ойлары тура бір ғасыр өтсе де өзекті. Еуропалық білім мен мәдениетті игеру жолына түскен Жапонияның өзіндік ерекшелігі былайша атап көрсетеді: «Япония Европа нені істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды. Бұл турасында Джиснзу Нарусе деген бір профессордың айтқан сөзі бар: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын», - деген». Демек, жапон оқымыстысының бұл ойы да жоғарыдағы сұраққа жауап табуға септігін тигізері анық.
Мақалада ұсынылған, қазақ қоғамы үшін жаңаша қолданыс ұғымдардың бірі – «ұлттық код». Ұлттық кодтың әлемдік қоғамдық ғылымдарда нақты бір бірізді анықтамасын кездестіре алмадық. Әрбір ұлт пен халықтың өзіндік тарихи тамырына қатысты да ұлттық коды болады десек, біздің халқымыздың да тек өзіне тән ұлттық коды бар. Мақалада бұл ұғм айқын ашып көрсетілген: «...Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Осы тұрғыда жоғарыда аталған Мұхтар Әуезовтың мақаласынан тағы да үзінді алуды жөн көрдік. Ұлттық рухани жаңғыру жолында өзіндік жол табу жолында шарқ ұрған жапон халқының қолына байлау, аяғына тұсау болған нәрсе туралы жазушы былай деп көрсетеді: «...Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды». Міне, осы кедергілерді жою тұрғысында жапон ғұламалары не ойлап тапты? Ол – қоғамдағы ер мен әйелдің дәстүрлі, табиғи еңбек бөлісі қарым-қатынасын реттеу екен. Бұл туралы да Мұхаң тап басып былай көрсеткен: «...Японияда әйелдер оқитын мектептердің тәртібі бұл күнде Европа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін Европа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттап тәрбие қылады. Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы, бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп, һәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және үйге тиісті басқа шаруа, есеп-қисап – бәрі ол қыздардың мойнында болды. Қыздар һәрі ғылым үйреніп, білімі артады, һәрі шаруа жүзінде өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі». Біздің қазақ қоғамында әйелдердің орны әрқашан биік болып келді және кешегі кеңестік кезеңде бұл құқықтық мәртебе заңмен бекітілді. Қазіргі күні «гендерлік саясат» атты ұстаным жүзеге асуда. Дегенмен, кейбір жағдайда, қазіргі қоғамымыздағы ондаған, тіпті жүздеген мыңдап саналатын тұрмыс құрмаған қыздарымыз бен жалғызбасты әйелдерді, немесе отбасын бір өзінің жалақысымен асырап отырған қызметкер аналардың «ары тарт та бері тарт» халін көргенде табиғаттан туындап жатқан «әйел-ана» деген қастерлі ұғымға қатысты кейбір ретттеушілік қажет екенін аңғарғандаймыз. Сталиндік сүргін жылдарында Алаш зиялыларына «жапонның тыңшысы» деген негізсіз жала жабылып, жазықсыз жапа шегуінің бір сыры – олардың көп жағдайда ділі ұқсас, шығыс мәдениетін ұстанған жапон халқының еуропалық білім мен ғылымды игерудегі өзіндік ерекшелігін тап басып, қазақ халқының болашақ дамуына жапондық үлгіні қолай көрулері болғандығы анық. Әрине, ХХ ғасырдың басындағы Жапония мен Ресей отарындағы қазақ халқы бір басқа. Бүгінгі технологиялық, техникалық дамудың әлемдік көшбасшыларының бірі Жапония мен тәуелсіз жас мемлекет Қазақстанды да көп жағдайда салыстыруға да болмас.
Демек, мақалада атап көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру – барша қазақстандықтардың міндетті миссиясы болуға тиіс деп білеміз. Және бұл жерде көзжұмбай науқаншылдық дүрмек пен керенаулыққа да оры болмауы қажет. Бір жыл мұғдарында атқарылған шаруаларға қарап, бағытымыз дұрыс деген сенім көңілге ұялайды. Қазақстанның тарихи, мәдени маңызы бар киелі орындарына қатысты және әлемдегі ең жақсы оқулықтарды аударудағы т.б. ілкімді істерді айтуға болады.
Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру бойынша бір жыл көлемінде атқарылған шаруаларға ел-жұрт куә, алдар атқарылар іс те шаш етектен. Мақаланың түйінімен айтқанда: «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.
Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».
Біздің халқымыз – тарихтың шаңына көміліп қала беретіндердің қатарынан емес! Ендеше, салт-санамызда рухани жаңғыру жолында жұмыла іс-әрекет жасайық! Жұмыла көтерген жүк – жеңіл.
Бөлісу: