Алматыда кітап фестивалі өтеді
Бөлісу:
Биыл Алматы қаласы өзінің 1002 жылдық туған күнін атап өтеді. Айтулы күнге орай шаһарда 100-ден астам мерекелік іс-шара өтеді. Олардың 50-і мәдени және ағартушылық бағытта.
«KITAP FEST» фестивалі 8 қыркүйек күні ҚБТУ ғимаратының алдындағы «Астана» алаңында өткізіледі. Фестиваль барысында қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ жазушыларының үздік жазбалары ұсынылмақ.
«Осы фестивальдің арқасында біз алматылықтар мен қала қонақтарына дәстүрлі және электронды қазақ әдебиеттің үздік үлгілерін ұсынамыз. Біз балалар мен жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының артқанын қалаймыз. Алматы әрқашан Қазақстанның мәдени астанасы болған және біз бұл мәртебені қолдаймыз», - дейді KITAP FESTфестивалін ұйымдастырушы Майра Әлжанова.
Іс-шара барысында қазақстандық жазушылармен кездесулер мен шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар, Қазақстанда ең ірі баспалар мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі, шығармашылық шеберханалар, live-концерттер, конкурстар, поэзия оқулары, ең үлкен кітап алмасу сынды шаралар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, кітап фестивалі барысында кішкентай бүлдіршіндерге аниматорлар суда сурет салуды, аквагримге және өз қолымен кітаптар жасауды үйретеді.
Айта кетейік, Алматыда кітап фестивалі 2014 жылдан бастап жыл сайын өтуде. Биылғы жылы шараға 6 мыңға жуық адам қатысады деп күтіліп отыр.
almaty.tv
Бөлісу: