Ұстаздық па, әлде ұстадтық па?
Бөлісу:
Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндегі:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстадтық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға», -
деген шумағының үшінші тармағындағы асты сызылған сөзге назар аударайық.
1977 жылғы академиялық жинақтың түсінігінде былай дейді:
«Соңғы шумақтың үшінші жолы 1909 жылғы жинақта да, сол сияқты Мүрсейіт қолжазбаларында:
Ұстаттық қылған жалықпас, - деп беріліпті. Ал бұл жол 1933 жылғы басылым бойынша:
Ұстаздық қылған жалықпас, - деп қабылданды (А.Құнанбаев. Шығармарының екі томдық толық жинағы. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1977, 407-бет).
Ал «Абай» энциклопедиясында: «19336 1939 жылғы басылымдарда 6-шумақтың 3-жолы «Ұстаздық қылған жалықпас» болып берілсе, 1945, 1954, 1957 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбаларына, 1909 жылғы басылымға сәйкес «Ұстатдық қылған жалықпас» деп» («Атамұра» баспасы, 1995, 126-бет), - алынғаны туралы жазылған.
Соңғы академиялық Абай жинағында да осы үшінші жолдағы сөзге қатысты: «Ұстад, өстад (парсыша) – 1) үйретуші, оқытушы, тәрбиеші; 2) ұста; 3) профессор» («Жазушы» баспасы, Алматы, 1995, 208-бет), - деген түсінік берген және сол ұстаным бойынша «Ұстадтық қылған жалықпас» деп алған.
«Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2017, 566-бет) осы сөзге «Ұстаз (парс. ұстад) – мұғалім, жетекші, ақылшы» деген мағына үстейді.
Бірақ әлі күнге дейін бір басылымда «ұстад» десе, келесіде «ұстаз» деп жүрміз, оқулықтарда да «ұстаз» деп алынып жүр. Неге осыны ескермей келеміз? Сөзге тоқтасақ, осы соңғы академиялық жинақтағы тұжырымға тоқтау керек емеспіз бе?!
Бұл сөз тағы басқа қандай ақындарда кездеседі, оларды қалай беріп жүрміз? Соған келейік. Шәді төре Жаһангерұлы ишан Сейдахметтің тапсырмасымен «Сияр Шәріп» атты кітап жазады, сол кітаптың алғашқы тарауында:
«Мүбәрак ісмі фәкки Сейдахмәт,
Ілімхал ілімхалға болған ұстат», -
десе; Мағжан ақын да «Күз» атты өлеңінде:
«Өнерленген дүниеге ұстад болған,
Қолдарында олардың тәж бенен бақ», -
деп жырлайды («Жалынды жыр», Алматы, «Олжас кітапханасы, 2012, 57-бет).
Қарап отырсақ, шынында да, бір ғана ұстаз деген сөз Абай ойының ажарын толық ашып бере ала ма? Ол сөз тар мағынада қолданылып тұрғандай, ал ұстад десек, онда оның мән-мағынасы да тереңдей түсетіндей.
Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Бөлісу: