Жыраулар поэзиясындағы Абылайхан дәуірі
Бөлісу:
Бұқар жырларын оқып отырып, заманында жат жұрттық басқыншылармен арыстандай арпалысқан, өзінің ептілігімен ержүректігімен халық қошеметіне бөленген, сансыз қолға қолбасшылық жасап жүрген Абылайханның ер тұлғасы елестейді.
Ойраттармен болған соғыста ержүректігімен көзге түскен Абылай жөнінде Шоқан былай деп жазады: «Участвуя во всех набегах, сначала как рядовой воин, он оказывает подвиги необыкновенной храбрости и хитрости. Полезные советы его и стратегические соображения упрочивают за ним имя мудрого. Аблай действительно перенес много испытаний и борьбы, пока значения его воплотившимся духам (арвах) ниспосланным для свершения великих дел». (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1, Алма-Ата, 1961, С. 427).
Бұқар жырларынан көптеген тарихи оқиғалардың ізін көруге болады. Жоңғар мемлекетін жойғаннан кейін Цинь империясы ендігі шекарасын қазақ жеріне сұғына кіріп кеңейтпекші болады. Осы мақсатта Цинь императоры Чжао Хой мен Фу Де генералдар басқарған 90 мың әскер қытай шеріктерін қазақ жеріне жылжытқан. Мұндай шабуылдар жиілеп басқыншылық саясат толастамайды. Осы кезде Абылай хан Бөгембай батырды бас етіп, Қытай әскеріне қарсы шабуылға шығады. Бөгембайдың қолы Цинь әскерін талқандап Турфанға дейін ығыстырады. Осы тарихи оқиғаны Бұқар:
Сүйеуге арқа жарайды,
Мынау көрші орысың.
Сәтсіздеу боп тынып тұр,
Боғдыханмен соғысың.
Турфанды шапты Бөгембай,
Жаратамын сол ісін.
Батыр аңғырт десек те,
Көрсеткендей ел күшін,
- деп сүйсіне жырлайды.
Тарихи оқиғаларды негіз еткен, Абылайдың жеке басын дәріптеген Бұқардың «Күпшек санды күреңді», «Қалданменен ұрысып», «Басыңа біткен күніңіз» атты үш жыры бар. Бұл тарихи жырлар 1771 жылы Алтайға қоныс аударған Еділ бойы қалмақтарына қатынасты «Шаңды жорық» оқиғасына байланысты шығарылған. Бұқар жырау бұл жайлы Абылайға қаратып айтатын үш шығармасында да сөз етеді. Мысалы:
Қырық сан қара қалмақты,
Жарлығына қаратқан...
Лабашы деген бір елні
Антыменен улатқан.
Ераншы мен Серенді,
Тозғындатып шулатқан...
Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп, -
дейтін жолдардың басқа жұрт емес, Еділ қалмақтары жайлы сыр шертетіні хақ. Енді осы жолдардың астарына үңіліп көрейік.
Ресей мемлекеті XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Еділ бойында отарлау саясатын жүзеге асыра бастады. Патша үкіметінің тек орыс дворяндарының ғана емес, көпестердің де мүддесін көздеген бұл қадамы қалмақтарға қолайлы тимейді. 1731-1732 жылдары Дон казактарының мыңнан астам отбасы Еділ мен Илі (Иловлей) өзендерінің аралығына кеп қоныстанады. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 196). Көп ұзамай Жайық бойында да казак станицалары бой көтеріп, қалмақтар қоныстанған өлкенің солтүстігіне немістер келіп орнықты. Мұның өзі қалмақ феодалдарының қоныстарын біраз тарылтады. Соған төзім ете алмаған торғауыт ханы Убаши 1766 жылдары Астрахань губернаторы Н.А.Бекетовке келіп осы жайды екі дүркін мәлімдеп, шағым етеді. Осыдан кейін патша өкіметі даулы аудандарды картаға түсіріп, қалмақтар қонысының шекарасын межелеуге бекінеді. (Пальмов.Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Ч. V. Астрахань. 1932. С. 3-4) Бұл шаралар, бірақ, тездетіп жүзеге аса қоймайды. Сөйтіп, Еділ қалмақтары 1771 жылдың 5 қаңтарында Алтайға қарай бет түзейді. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 200-202) Мұны көрген орыс мемлекеті оларды кері қайтару үшін Ор бекінісінен генерал-майор Трауренберг бастаған әскер шығарады. Бұл әскер Нұралы, Қайып, Есім, Пірәлі, т.б. қазақ билеушілерінің сарбаздарымен кей тұста біріге отырып, кей жерде өз беттерімен қашқандардың соңынан біраз жерге дейін қуып барып, кері оралады. (Рычков.Н. Дневные записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году. СПб, 1772. С. 319.) Қашқан халық кері қайтпағанмен сол жолда ата жауларының қарсылығына кезігіп көп шығынға ұшырайды. Әсіресе, қалмақтар үшін қиын тиген кез – олардың Мойынты өзеніне жеткен мезгілінде болған сияқты. Өйткені, осы жерде Убаши жұртын Абылай, Нұралы, Орыс, Әділ қолы қоршауға алады. Жоңғарияға барар жол кесіледі. Амалы құрыған торғауыт ханы Абылайға елшілер жіберіп, бодандық сұрайды. Өз қолындағы бір мыңнан астам тұтқындарды қайтаратындығын мәлімдеп, көшіп - қонып жүру үшін қоныс сұрайды. Осының нәтижесінде екі жақ келісімге кеп, қалмақтарға тұтқындарды қайтару үшін үш күндік мұрсат беріледі. Бірақ, қалмақтар үшінші күннің түнінде күтпеген жерден қазақтарға тап береді де, қарсыластарын біраз қаймықтырып алып, Балқаштың батыс бетімен ілгері қарай бет түзейді. Әйтсе де олар сол жолы орасан көп адамдары мен малдарынан айрылады. (Очерки историй Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 217-218).
Демек, Бұқар жырау бұл жерде «Жарлығына қаратқан...Антыменен улатқан» деген сөздер арқылы тарихи фактіні дәл көрсетіп отыр. Бір қарағанда торғауытты тізе бүктіріп, әмірін жүргізген билеуші деген сөз артықтау сияқты көрінгенмен түптеп келгенде оның жоғарыдағыдай тарихи негізі бар. Ал, жыраудың «қырық сан қара қалмақ» деген мәліметіне, яки сол жолы Еділден Алтайға қоныс аударған Убаши жұртының санына келсек, бұның өзінің осы мәселеге қалам тартқан авторларда әрқилы көрсетіліп жүргенін айта кеткен жөн. Мәселен, Н.Рычков пен А.Макшеев оларды отыз мың үй, яки жүз жиырма мыңдай адам еді деп жазады (Рычков.Н. Дневные записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз - кайсацкой степи в 1771 году. СПб, 1772. С. 55; Макшеев.А. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. СПб. 1890. С. 107.). Ал, Иакинф Бичурин сол кездегі Убаши ханның қарамағында 580 мың түтін бар еді. Белгілі шеруде олардың үш жүз мыңдайы опат болып, екі жүз сексен мыңдай адамы ғана Алтайға жетті. Малының үштен екісі жолда қырылды деп көрсетеді. (Иакинф. Описание Чжунгарии и Восточного Туркестана в древнем и нынешнем состоянии. СПб, 1829. С. 186-189, 192-193.)
Яғни, бұл соңғы мәлімет Бұқар жыраудағы «Қырық сан» тіркесін, яки төрт жүз мыңдық адамды бес жүз сексен мыңға жеткізіп, көтеріңкіреп көрсетеді.
Соған қарағанда жырау бұл туралы да бір шамадан соққан деп есептеуге болады. Әрине, Бұқар Абылай қасындағы адам болғанымен оның қолында торғауыттардың дәл саны болмағаны анық. Жыраудың сол сөзді тұтқынға түскен қалмақтардың өздері жайлы берген мәліметтері арқылы ғана айтуы мүмкін. Әйтпесе, қазақтың ауызекі сөзінде көп айтылатын қырық сан сөзін жырау мұқаған жауының санын біраз өсіріңкіреп көрсету үшін пайдалануы да ғажап емес.
Осы 1771 жылғы «шаңды жорықта» Абылайдың көптеген батырлары ерлік көрсетіп, жаудың құтын қашырғандығы айтылады. Жырау олардың есімдерін былайша тізбелейді:
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей тұрысып,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Текеден шыққан Сатай бөлек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен, Дәулет, Жәпек батыр қасында,
Бақ дәулеті басында.
Сеңкібай мен Шойбек бар,
Таңсық Қожа, Мәмбет бар,
Қасқараудан Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Есенқұл батыр ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.
Абылайды ақсүйектері мен батырларына барлық олжаны үлестіруші қылып көрсетеді. Сонымен бірге осы жолғы дүние-мүлік бөлісуде Абылайдың өзіне енші боп тиген қалмақ қызынан Қасым туғандығын хабарлайды. Абылайдың сол ұлына құтты болсын айта барғандар атынан Бұқар жырау, сондағы қанды жорықты, ондағы Абылай қасында болған Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек, Тілеуке, Қылышбек, Сатай, Наурызбай, Қаумен, Дәлует, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсық Қожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл батырлардың есімдерін атай келіп, Қасымның шешесінің сонда қолға түскен тұтқын қыз «бөліске түскен олжаның» ең негізгісі, басы екенін аңғартады. Одан әрі жырау:
- Басыңа біткен күніңіз,
Құтты болсын ұлыңыз,
Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз.
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті еске кірдіңіз.
Арманың бар ма, хан ием?
Мәртебелі төбеге,
Жауыңды алып жайладың,
Жеті күн кіріп ұрысқа,
Өлімге басты байладың.
Айтар сөзім осы-дүр,
Ақылың бар хан едің,
Мұның түбін ойлағын, -
деп, міне, енді сол перзентіңіздің бауы берік болсын, сол жолы «жеті күн кіріп ұрысқа» жауыңның жанын жаһаннамға кетірген сенің «арманың бар ма хан ием?» - дейді.
Осы жырда бір айта кетерлігі – кейбір батырлардың «шаңды жорықтан» көп бұрын өмірден өтіп кеткендігі. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек 1752 жылы дүние салғаны белгілі. Мұнда аталған – керей Ер Жәнібек болса керек-ті.
Енді осы толғауды Бұқар жырау қай кезде шығарды, тарихи тұлға Қасым төре қай шамада дүниеге келген деген мәселеге тоқталалық. Жырда айтылатын жауды қуған оқиға, сонда қолға түскен тұтқын қызды «Қасым ханның шешесін хан Абылай алған-ды» деп, енді сол көрген перзент «құтты болсын ұлыңыз» деген сөздерге тоқталсақ, жыр 1772 жылы айтылған болып шығады. Екі жырда да осы баланың анасы Абылайдың некелі әйелі болған жорықта Абылайдың қолыңың «жеті күн жүргендігі» айтылады. Ал, Қасым хан барон Услар жазбасында 1772 жылы туған деп ешбір дүдәмал келтірілмей жазылған. (Барон Услар. Четыре месяца в киргизской степи. «Отечественные записки», СПб, 1848, №10. С. 147.) Дүдәмалсыз деп айтатын себебіміз, Услар жазбасы Қасым хан өлген соң он жылдай уақыттан кейін баспа бетін көрген. Ал, дүниеден өткеніне он жылға жетпейтін мезгіл болған сондай белді тұқымның белгілі перзентінің қай кезде өмірге келгенін оның артында қалған ағайындары, елі мен жұрты ұмытуы мүмкін емес. Оның үстіне автор Қасымды Абылайдың алпыс жасқа келгенде үйленгендегі тұтқын қыздан көрген перзенті екенін айта отырып, қартайған кісінің үйленіп, одан пензент сүюіне орай, ол өзінің бұған таңғалатындығын жасырмайды. Олай болса қазақ эпосындағы «Кенже тоқал баласы Қасым еді» дейтін Қасымның 1772 жылы өмірге келгеніне, яки жыраудың осы толғауларды сол шамаларда айтқанына шүбә келтіруге болмайды. Оның үстіне Бұқар аталмыш толғауында жоғарыда келтірілген «Алтын тақтың үстіне үш жүздің басын құрадың» деген сөздер айтады. Ал, Абылайханның өзін үш жүздің ханы санаған кезі Әбілмәмбет дүниеден өткен 1771 жылдан кейінгі мезгіл екені белгілі. (История Казахской ССР. Т. 3. Алма-Ата: Наука, 1979. С. 81.) Олай болса Бұқардың оған үш жүздің ханы болып есептелмей тұрып бұл сөздерді айтуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Оның үстіне осы жыр «Қалданменен ұрысып» деген жолдармен басталады. Сондай қалай? 1745 жылы дүниеден озған қазақ жұртының басына үлкен зобалаң туғызған ойрат қоңтайшысы Қалданның аты аталуын қалай түсінуге болады? Әлде Қасымның шешесі сол Қалдан Серенің кезіндегі соғыста тұтқынға түскен қыз ба? 1771 жылғы «Шаңды жорық» оқиғасында ойрат қоңтайшысы Қалданның аты қайдан жүр? Егер жоңғар қоңтайшы Қалдан Серен дейін десек жоғарыдағы тарихи фактілер қайда қалмақ? Біз бұл жырды кезінде жоңғар қоңтайшысы Қалдан Сереннің тұсындағы оқиға кезінде шығарылған жыр деп есептеп жүрдік. Тіпті белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» романында Қасым төре Абылай ханға қосылған Қалдан Сереннің қарындасы Хочадан туған делінеді. Қазір біз бұл фактінің жазушының көркем қиялынан туғандығын біліп отырмыз. Бұқар жырын зерттей келгенде біз бұл жырдың қоңтайшы Қалдан Сереннің заманында емес, одан беріректегі 1771 жылғы «Шаңды жорық» оқиғасы кезінде туғанын аңдап отырмыз. Себебі, барлық тарихи фактілер осыған меңзейді.
XVIII ғасырдағы ойрат тарихында Галдан Шерен (қазақтар Қалдан Серен деген С. Ж.) есімді қоңтайшы біреу болғанымен, онымен аттас, жекжаттығы бар адамдар да, жай кісілер де аз болмаған. Сондай аттас адамдардың бірі – оның туған қарындасына үйленген Галдан Черен Шыңғысхан баласы деген кісі екенін білеміз. (Унковский.И. Посольство к Зюнгарскому хунтайчжи Цэван Рабтану капитана от артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал его за 1722-1724 годы. СПб, 1887. С. 186-191).
Сондай-ақ, 1741-1761 жылдары Еділ қалмақтарын билеген, орыс құжаттарында Дондукдаши деген атпен мәлім, Донробарши есімді адамның Ресей тарапынан 1757 жылға дейін хандық атақ ала алмай, 1756 жылы Тибеттегі Далай ламадан хандық титул, мәртебе сұрау үшін арнайы елшілік жөнелткенде, Далай ламаға өз өтінішін білдіріп, одан мөр мен грамота алатын дүрбіт нойаны Галдан Цэрен – Чжиен – Жэтэн есімді князь де болған. Бұл – 1674 жылы Тобыл маңынан Еділ бойына төрт мың үйімен көшіп келетін Солом-Цэреннің, оның аржағында 1622-1623 жылдары Тобыл воеводасы Матвей Годунов арқылы Ресеймен байланыс жасайтын дүрбіт билеушісі Далай тайшының тұқымынан шыққан өз ұлысының билеушісі еді. Әрине, Галдан Цэрен жұрты 1674 жылдары, өзінің төртінші атасы Солом Цэреннің тұсында төрт мың үй болғанына қарағанда, арада 97 жыл өткенде үш-төрт есе өсуі мүмкін. 1756 жылы Тибеттегі Далай ламаға барып, одан мөр мен грамота алып жүрген адам, егер 1771 жылы Жоңғарияға көшу басталған кезде тірі болса бірсыпыра жасқа келген, ұлысы өз атына келетіндей кісі болғаны сөзсіз. Ал, Убашидің 1762 жылы мұрагерлік жолмен хан болғаны болмаса, ол оған қарағанда әлдеқайда бала. Өйткені, хан болып сайланғанда он сегіз жасқа ғана жеткен ол 1770-1771 жылдары бар болғаны 26-27-ақ жаста. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 195, 214.) Демек, Галдан Цэрен - Чжиен - Жэтэнің ел арасындағы салмағы бұл кезде ханмен қарайлас келіп, Бұқар шығармасында есімі Убаши (Лабаши) атымен қатар жүрердей-ақ жөні бар. Өйткені, Дүрбіттер 1771 жылғы оқиға кезінде Еділ бойында қалып қоймаған.
Қысқасы аттас болу қиын емес. 1745 жылы дүниеден озған жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серен мен дүрбіт Шерен аттас. Бұқар жырында қазіргі «Қалданменен ұрысып» деген жол, әу баста, «Шеренменен ұрысып» болуы да мүмкін. Жырдың басталуы «Шеренменен ұрысып» болған жағдайда ел аузында ауызша сақталған осы сөздің қазақ қауымы үшін әлде қайда мәшһүр, қазақтарға тізесі қатты батқан «Қалданменен» ауысып редакциялануы ғажап емес. Дүрбіт Шерен тарих сахнасында қысқа бір ғана сәтке көріне түсіп жоқ болған адам да, ойрат қоңтайшысы Қалдан Шерен өзін шамалы уақытта ұмыттырмайтындай етіп қазаққа тісін басып өткен кісі. Олай болса кейінгі қауымға қайдағы бір дүрбіттік Цэреннен гөрі дүниеден күркіреп өткен ойрат Цэреннің әбден масқара болғаны керегірек.
Белгілі бір ақын-жырау айтқан толғаулар кейінгі жырлаушылар арқылы өзгертіліп, «редакциялана» беруі ауыз әдебиеті поэтика тән үрдіс. Бұған онша таңғалуға болмайды. Оның дәлелін алыстан іздемей-ақ, осы біз сөз етіп отырған толғаудан-ақ табуға болады. Мұнда Бұқар аузымен мынандай сөздер айтылады:
- Қасым ханның шешесін,
Хан Абылай алған-ды...
Жабы деген қалмаққа,
Тырнағын қатты батырды.
Шындығында, жөргекте жатқан нәрестені Бұқар Абылайға қанша жақсы атты көрінейін дегеннің өзінде хан деп атап, артық сөйлеуі мүмкін бе? Бесікте жатқан бала келешекте хан бола ма, басқа бола ма оны алдын ала кім болжаған? Сол кездегі түсінік бойынша хан баласы мұрагершілік жолымен хан болмақ дегеннің өзінде де Бұқар мұндай бала-шағаның сөзін айта ма? Сондықтан бұл сөз де кейін арада көп жылдар өткен соң Қасым шын мәнісінде Ұлы жүздің Шымкент төңірегін билеген кездерінде сол жердегілер Қасымды хан деп ойлайтын пікір қалыптасқан уақытта, Қасымның жылы қабағында, оң назарында болғысы келген кейінгі жыршылардың қоспасы деп санауымыз орынды.
Осы толғауда «Жабы деген қалмаққа тырнағын қатты батырды» деген жол бар. Абылайдың оған тырнағын қатты батыруына қарағанда бұл да тегін кісі болмағаны ғой. Хан немесе соған жетеқабыл біреудің есімі болуы керек, болмаса тайпаның, рудың аты болуы да мүмкін. Әйтпесе, Абылай қайдағы бір белгісіз біреуге айрықша тізесін батырғанда не ұтпақ, одан не абырой алмақ? Қарапайым қатардағы көп қалмақтың біріне өшігетіндей оның оған не ақысы кеткен? Ел билеушісі ежелден қастасқан тұқымның белді жеріне шеңгелін салуы керек қой. Ханның ата жауынан кегін алған жорығын мадақтап отырған кезінде оның тек тыңдаушы, естуші халық өкілі риза болар әрекетін ғана санамаласа керек. Ал, сонда бұл кім? Біз Жабы деген атпен келетін не Галдан Церен хан төңірегінен немесе Убаши хан маңайынан сол тұс тарихында белгілі болған ешкімді кездестіре алмадық. Жоңғария мен Еділ бойының қалмақтары арасында да ондай тайпа аты кездеспейді. Бұқар жырау жаңылысқан ба?
Көне көз жырау бұл тұста да қателеспеген. Галдан Серенді жай ғана Қалдан, болмаса Шерен, Цэван Рабданды Рабтан дейтіні секілді қазақтар Аюкенің тұңғыш ұлы Чакдур Чжабыны, онан тараған ұрпақты Чжабы немесе қазақша дыбыс үндестігіне сәйкес Чжабы (Жабы) атаған деген ойға келеміз. Ал, Чакдур Чжабыдан Дондук Даши хан, одан Убаши хан туған ғой. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 195;) Сонда Убашимен немере жерден қосылатын барлық тұқым осы атауға сыйып кетпей ме? Солардың бәрі Жабы қалмақ атанбай ма? Олай болса Бұқардың "Убаши деген қалмаққа тырнағын қатты батырды" демей бүкіл оның төңірегін қамти "Жабы" деп алуында осындай сыр бар.
Бұл жырдан аңғарғанымыз Абылайдың баласы Қасым сұлтанның анасы қалмақ қызының ойрат қоңтайшысы Қалдан Сереннің емес, Еділ қалмақтары Чакдур Чжабы тұқымынан шыққандығы. Және жыр оқиғасы да Қалдан Серен заманы емес, одан бертініректегі 1771 жылғы «Шаңды жорық» шайқасынан туған.
Бұқар жоғарыда аталған толғауында:
- Лабашы деген бір еліні,
Антыменен улатқан.
Ераншы мен Серенді,
Тозғындатып шулатқан, -
деп жырлайтынын ілгеріде айттық. Мұндағы Лабашы (Убаши) елінің мағынасы жоғарыдағы деректерден түсінікті болды. Ал, осы жырдағы Ераншы мен Серен кім?
«Бұлар қалмақ княздері болатын» - деп, жазды Шоқан Уәлиханов (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1. Алма - Ата., Наука, 1961. С. 171). Әсіресе, Серен өзінің заманында айрықша белгілі болған адам. Ол 1755 жылы Цян Луннің әскерлері Іле өлкесін қиратып, жоңғарлықтарды бостырып, тозғындатқанда өзі билейтін олот тайпасын, хойт, хошоуттықтарды бастап Еділ бойына жеткен олот тайшысы еді. Кейін торғауыттықтар Еділден кері қайтпақ боп көңілі бұзылғанда ақпатша соғысқа әскер сұратып жатыр деп ел арасына сөз таратқан да осы кісі болатын. (Иакинф. Описание Чжунгарии и Восточного Туркестана в древнем и нынешнем состоянии. СПб. 1829. С. 186-187)
Кезінде Амурсананың ең бір жақын сыбайласы болған, кейін қарамағындағы он мың үйлік Алтай қалмақтарын Ресейдің жаңа боданы еткен Шереннің (Серен) 1771 жылы халқының санының қаншаға жеткені белгісіз. Бірақ, қалай болғанда да Еділден қозғалған жұрттың біразын соның халқы деп шамалауға негіз бар. Себебі, Еділді қоныстанғанына бір жарым ғасырдай уақыт болған торғауыттарға қарағанда жаңа мекенді әлі жерсіне алмай, ескі ата қонысты ойлап қамығып жүрген ойраттардың әлгіндей қалмақтар ежелгі ескі қонысқа барып ел боламыз деп дүркірей көтерілген кезінде бірде бірінің ермей қалуы мүмкін емес сияқты. Олай болса бұл шеруде Шерен мен оның ниеттестерінің атқарған орны ерекше екені айқын. Сол себепті де ол 1770 жылдың соңғы айларында торғауыттар Еділден көшуге алдын ала қам жасап, соның дайындығына жасырын кіріскенде осы істің барша құпиясын білетін Цебек-Доржи, Бамбар секілді Убаши төңірегіндегі санаулы ақсүйектердің санатында болған. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 215).
Оны сол тұстағы орыс билеушілері қу, жырынды адам деп білген. Сондай-ақ, қазақ арасындағы сол кезден сақталған аңыз-әңгімелерде де ол осы тұрғыдан бағаланады. Осындай әңгімелердің бірін Ш.Уәлиханов былайша келтіреді: «Қанжығалы арғын Үйсінбай, Арқандар, қарауыл Жанатай батырлар торғауыттардан қаза табады. Жанатай батырдың өлгенін естігенде Абылай хан «қайрау бермеген қара болатым-ай» деп жылайды. Мұнан кейін аман қалған қазақ қолы шабуылдап отырып Іленің барлық өлкесіне қалмақтардан бұрын жетіп, жауды алдарынан тосады. Қалмақтар жеті адам елші жібереді. Алдарында түлкі тымақты еңгезердей қара қалмақ. Ол Абылайға жуық кеп, өзін Уса мен Серен ханның жібергенін, татуласпақ, тарту-таралғы тартпақ ойларын айтады. Абылай бұл жайында батырларымен оңаша ақылдасқанда: «Ақ отауын алып, өздерін үміттендіріп отырып шабу керек» деген пікір айтады. Сонда Баян батыр: «Жоқ, ақ отауын алмаңыз. Алдайын деп әлек болмаңыз. Өрдегі қытай мен ойдағы орысты алдап жүрген Уса мен Серен сені де алдайды», - деп жауап береді. Хан өзінің шешімін екі рет қайталайды. Батыр да екі рет бұрынғы сөзін айтады. Өз ойын іске асырмақ болған Абылай тарту-таралғымен келеміз деген қалмақтарды екі күн күтеді. Олар келмейді. Сөйтсе, қалмақтар бұлардан елшілері оралған күні үйлерін жығып, тайып тұрған болып шығады. (Валиханов.Ч.Ч. Сочинение. СПб, 1904. С. 319-320).
Тегінде осы әңгіме мен Бұқар жырының Қалмақ АССР тарихында айтылатын Мойынты өзені бойындағы Убаши ханның Абылайдан бодандық сұрайтын әңгімесінің түп-төркіні бір тарихи фактіден бастау алатындығын ерекше айту керек. Себебі, Мойынты мен Іленің құяр сағасының арасы сондайлық қашық жер емес. Оның үстіне Убашы Алтайға Балқаш көлінің батысымен, яки Іленің осы көлге құяр сағасына қарай жылжи отырып, ілгері асқан. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 217-218).
Бұқар жыраудың «Лабашы деген бір еліні антыменен улатқан» деп, Убашы жұртының тәуелділікке өздері мойын ұсынып, ант бергенін аңғартқаннан соң, Ераншы мен Сереннің «тозғындағанын» айтуы тегін емес. Бұл жерде жырау, сөз жоқ, бодандық сұраған қалмақ елшілігінің Серен кісілері екенін, ал Сереннің Убашидың ең жақын, қажырлы серігі екенін анық байқаған деп топшылауға болады.
Бұқар жыраудың Абылайға айтқан өсиет сөздерінің ең үлкені ел бірлігі. Қазақтардың жер бетінен жоғалып кетпей іргелі ел болуы үшін, дұшпандары ығатындай айбарлы күш болуы үшін де мемлекеттік саясаттың ең бастысы, маңыздысы елдің «алтыбақан алауыз» болмай, «іштей ірімей» тұтаса ұйысуы үшін де ел бірлігінің қажет екенін үнемі жырлаудан әсте тынбаған.
Кіші қара қалмақ бүлерде
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағыдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті
Бірін - бірі күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас,
Ханын қалмақ жаулаған
Сүйткен қалмақ оңбаған.
Сол қалмақтың жері еді-ау,
Үш Қарқара, Көптөбе
Ит те ұлып қалмаған.
Жырау ойрат жұртының бүлінер, бұлғақ басталар тұсында олардың билігіне «бұлт бұрқанның» келгенін айтады. Бұл жоңғар билігіне Лама-Доржыны өлтіріп таққа отырған Даваци (Дабашы) мен Әмірсана екеуінің арасындағы билік үшін қырқыстың басталған кезі. Дабашы мен Әмірсана Сыбан Раптанның Тибет билеушісіне ұзатылған қызынан туған жиендері, Тибет ханзадалары еді. Жоңғар дәстүрі бойынша жиендер де ұлдан туған хан тұқымдарымен бірдей таққа мұрагер бола беретін. Қалдан Сереннің бұл жиендері Тибет далай ламасының тәрбиесін көрген діни білім мен тәрбие алған, діни атақ, лауазымдарға ие болатын. Бұқардың айтып отырған «бұлт бұрқаны» осындай діни лауазым болар деп топшылаймыз. Себебі «бұрқан» сөзі ежелгі түркі, қазақ тілдерінде «будда» ұғымын береді. Әр нәрседен білімі мол, көпті көрген Бұқар сөзі осыны меңзесе керек.
Даваци мен Амурсананың билік үшін қырқысуы қалмақ жұртын тоз-тоз қылады. Бұл орайда жырау ойрат билеушілері Даваци мен Амурсананың тақ үшін таласып, қарақан бастарының қамы үшін ел қамын, оның бірлігінің қажет екенін ұқпай ақыр соңында Цинь, манжур езушілерінің жеміне айналған жан шошырлық трагедиясын:
Сол қалмақтың жері еді-ау,
Үш Қарқара, Көктөбе
Ит те ұлып қалмаған –
деп, ханның да халықтың да үнемі есіне салып отырады.
Орта Азия хандарының ішінде өзінің дипломатиялық шеберлігімен, ақылды терең саясатымен Абылайхан өз тұстастарынан, ерекшелене көзге түседі. Ресей мен Қытай секілді екі алыптың арасында жұтылып кетпей, екеуінің де көңілін табатын ақылды саясат жүргізіп, халқының болашағын ойлау өте қиын іс еді. Орыстың зерттеуші ғалымы Левшин Абылай туралы: «Абылай тәжірибелі, ақыл-айласы жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың Боғдыханымен жүргізген тапқыр да, шебер қарым-қатынастары жағынан болсын өз тұстарындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына қайырымды, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді», - деп, мінездеме береді. (Левшин.А. Описание киргиз-кайсацких орд и степей. СПб, 1832).
Бұқар жырау да Абылайдың кемеңгер ел билеушісі ретіндегі қасиет-болмысын:
Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз.
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз –
деп, жоғары бағалайды.
Сөз соңында айтарымыз XVIII ғасырдағы қазақ жыраулары өз шығармаларында, толғау - жырларында алаш жұртының қамы үшін "Едігедей" арпалысып өткен қазақтың әулие ханы Абылайдың, оның батырларының жарқын тұлғасын, өшпес бейнесін, өз дәуірінің ерлікке толы дүбірлі сипатын кейінгі ұрпақтың жадынан шықпастай етіп, өрнектей білді.
Сәбит ЖӘМБЕК
Бөлісу: