Мағжанның ғашықтық лирикасынан

Бөлісу:

13.09.2018 7593

«Сəуле» сөзі Мағжанға дейін нұр, жарық мағынасында қолданылған. Мысалы, Абай өлеңінде "Сəулең болса кеудеңде" дейді. Мағжаннан кейін "сəуле" сөзі ғашықтық, лирикалық мағынаға ие болды».

Сейіт Қасқабасов, академик

«Мағжан поэзиясының құдіреттілігінің арқасында халық əндерінде жиі кездесетін жалған-ай, дүние-ай, шіркін-ай сөздері "сəулем" сөзімен алмастырылған».

Қайрат Айтбаев, күйші

Гүлсім ханымға

Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!

Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,
Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Сүй, жан сәулем

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.

Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойнында,
Сұрамаймын еңді ұжмақ – жақсы жай!

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!

Гүлсімге


Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден.
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді.

Жұмақтағы кәусар судан,
Бетіңдегі алтын будан,
Періштелердің жырынан,
Жұмақ суы сылдырынан,
Жапырағының сыбдырынан,
Тәңірінің дәл өз нұрынан
Жаратылған періште еді,
Мекені оның ғарышта еді.

Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде андай ұлып,
Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді – жерге түсті,
Жерге түсті – көрге түсті.

Елді көрді – жерге түсті,
Қақты қанат, кезді, ұшты,
Кім зарласа, соны сүйді.
Күлгенменен бірге күліп,
Өлгенменен бірге өліп,
Күйгенменен бірге күйді.
Жабыққанға жәрдем етті,
Қара да, ақ та теңіз өтті.

Алдап меруерт көбік шашар,
«Кел, – деп, – бері!», қойнын ашар.
Тұрмыс – теңіз бір тұңғиық.
Теңізге кім басар қадам,
Басса, басар оған адам.
Жанын сатып, жанын қиып!
Тұрмыс – теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.

Өлді сұлу – өтті жылдар,
Өлді сұлу – бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұнды әнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып.

Жан толқытар жыр іздеген,
Әдемілік нұр іздеген,
Қиял құлы – мен бір ақын.
Тұрмыста тар, тайғақ жолға,
Түсіп келе жатып орға,
Күні кеше кешке жақын.
Батқан күннің таңын көрдім,
Сол сұлудың жанын көрдім.

Күні кеше жанның жырын,
Жүзіндегі жұмақ нұрын
Естіп, көріп, елжіредім.
Жан-жүрегім, қолым беріп,
Қан аралас жасым төгіп:
«Жолым баста, келші!» – дедім.
Қайрылып та қарамады,
Жас жүрегім жаралады...

«Мен бір жанмын өлген, – деді,
- Періштелер көмген!» – деді,
Бір қарады, кете барды.
Жүзіндегі жұмақ нұры,
Аузындағы мұнды жыры
Жүрегіме сіңіп қалды.
Жүрегімнен кетпес бұл жыр,
Құбылса да мыңға өмір.

Періштелер лебізінен,
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді...

Тірілдім

Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім.

Жаным өлік еді, жанға жан кірді,
Тамыр кеуіп еді, ыстық қан жүгірді.
Жиегінде қорғасындай көгімнің
Бүгін ғана бақыт таңы білінді.

Бүгін маған жұмаққа өмір жол болды,
Бүгін менің құшағымда Ол болды.
Оны құштым, шарап іштім, шат едім,
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.

Бүгін менің құшағымда кім болды?
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.
Бүгінгі түн маған алтын Күн еді,
Бүгін менің құшағымда Күн болды.

Өзім ғана білем қандай жан құштым,
Жер құшпадым, шаң құшпадым, таң құштым.
Жанды жуып, жүрегімді жаңалап,
Бүгінгі күн тән құшпадым, жан құштым.

Бүгінгі түн тән құшпадым,
жан құштым,
Жанды құштым, таңды құштым, көкке ұштым.
«Сүйем!» – дейді бота көзі мөлдіреп,
Жасын төкті, жасын іштім, бал іштім.

Айырылғанда
(Г...ге)

Бір жыл болды сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың, неге мені қумадың?
Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,
Қанды жаспен көзім неге жумадым?!

Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадірінді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан
Садаға боп, сорлы, неге өлмедім?!

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

Көріскенше қош бол енді, бер қолды...
Қалтырайсың, қолым, саған не болды?..
Жазуға енді, Гүлім, халім қалмады...
Көзіме жас, жүрегіме у толды...

Г...ге

Күніңмен алтын қуантпай,
Гүліңмен жібек жұбатпай.
Жеттің де тез өттің, жаз.
Ағаш, шөптер қуарған,
Айдын да құрып суалған.
Қаңқылдар қайда қоңыр қаз?
Өң мен түстей перизат,
Көріндің де, болдың жат,
Жандырдың, міне, жанымды.
Қараған көктен хор едің,
Көбірек көрсем деп едім,
Көк есігі жабылды...

Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім

Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім,
Талай таң зарықтырған таңым, Гүлсім.
Жадымда әнің Гүлсім, сәнің Гүлсім,
Өлгенше ұмытпаспын бәрін Гүлсім.

Айырған екеумізді тағдыр бір сұм,
Мен үшін сенсіз өткен күнім құрсын.
Бәңгідей мәңгіремін сен кеткелі,
Күнім – түн, тірлік – тылсым, құдай ұрсын!

Деуші едім күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Сол Гүлсім алып кетті-ау күн күлкісін.
Жарықта жарық болып енді маған,
Күн тұрсын, күн қасында Гүлсім тұрсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар