Сайлау Байбосын. Періште ме, пері ме екен иеміз

Бөлісу:

02.10.2018 6204

Сайлау Байбосын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы.

«Рух» (2008), «Қызылтау» (2015) өлеңдер жинағының, «Ерейментау» (2008), «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ» (2011), «Қанжығалылар» (2015), «Есімдері жүрсін деп ел есінде...» (2016), «Қорғалжын» (2018) тарихи-танымдық кітаптардың, «Депутаттың бәтіңкесі» (2016) сатиралық әңгімелердің жинағының, «Ажалын жоғалтқан адам» (үзіндісі «Жұлдыз» әдеби журналына жарияланған) романының авторы.

2008 жылы республикалық «Бір өлең – бір әлем» атты ақындар мүшайрасының Бас жүлде иегері, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты әдеби конкурста «Баба-байрақ» атты дастаны жүлделі бірінші орынға ие болды. 2016 жылы сатира жанры бойынша дәстүрлі «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері. 2017 жылы «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ елі» атты халықаралық мүшайрада «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты поэмасы екінші жүлде алды.

Павлодар облыстық «Ақбеттау» және «Алтын тамыр» журналдарының редакторы.

Ақындар

Басымызды мұнарлаған мұң егіз,

Бәрі жалған екенін де білеміз.

Біреулерге ұқсағымыз келмейді,

Біреулерге ұқсай алмай жүреміз.

Ешкімнің де қызықпаймыз бағына,

Ешкімнің де қызықпаймыз тағына.

Желік қуған жынды демес бізді ешкім,

Сау дейтұған сау емеспіз тағы да.

Періште ме, пері ме екен иеміз,

Ақпанда да алау атып күйеміз.

Кимейтұған киім алып кей кезде,

Сүймейтұған біреулерді сүйеміз.

Жұрттан артық болмаса да халымыз,

Жасымайды тек әйтеуір жанымыз.

Даналарша кей кездері ой толғап,

Балаларша іс жасайтын тағы біз.

Жапырақты жырға қосып күзге ерген,

Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.

Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,

Танымайтын біреулерге ғашық боп,

Табылмайтын бірдеңені іздеумен.

Естелік

Санасында шарқ ұрып бір шағала,

Саумал өлең шымырлап жыр-сабада...

Бөктердегі ауылда белгісіздеу,

Болушы еді арманшыл сұрша бала.

Кеш те нұрлы,

Дариға-ай, таң да жарық,

Құс жолымен жататын арман ағып.

Қырды кезіп сол бала жүретұғын,

Қиялымен ғарышты жалғап алып.

Өрнектеген өзендер жон, даланы,

Өзгеше еді өмірдің сондағы әні.

Арман ба екен...

Әйтеуір аппақ сезім,

Әкететін алысқа сол баланы.

Шарлағанмен қиялы шыңнан асып,

Шеттеу қалды балалық жыл да қашық.

Ақыны жоқ ауылда

(сенесіз бе?)

Болып өсті сол бала жырға ғашық.

Көктем өтіп жететін күз аңырап,

Күн бататын сонан соң қызарып ап.

Ақыны көп Алматы қайда екен деп,

Көкжиекке қарайтын ұза-а-ақ, ұзақ!

Күндер көшсе,

Қаңбақтай жылды ұшырған,

Хабар күтіп қарайтын жыл құсынан.

Ақынсың деп айтатын сол балаға,

Табылмады ауылдан бір «мұсылман»!

Жылдар өтті,

Жұп болмай өлең енді,

Тұрмыс жеңді, тұсалды, өреленді.

Өлең деген жұлдызы сол баланың,

Өле берді...

Ақырын сөне берді.

Жүрегінде шарқ ұрмай жыр шағала,

Жиі-жиі қол созды ол мұң шараға.

...Бөктердегі белгісіз ауылда сол,

Болушы еді арманшыл сұрша бала!

Аңсау

Қыл шылбыр секілденіп лақтырған,

Қара жол шұбатылып құлап қырдан.

Жататын біздің ауыл жайбарақат,

Жағасын Өлеңтінің тұрақ қылған.

Балық-күн аспан деген табада аунап,

Беткейде сағым ірге салады аулақ.

Балалық сонда қалды, жүретұғын,

Балақты түріп алып шабақ аулап.

Күндер-ай, ататұғын таңы үмітпен,

Отырам өздеріңді сағынып мен.

Сол өзен-өлең өскен жағасында,

Сол дала-көкжиекте сағым үрккен.

Жалғын-күн

жабы-мұңды жетім жегіп,

Жөнелді бесін асып, бетін беріп.

Сол ауыл,

Сол бір кезді жиі еске алам,

Бірдеңем ұмыт қалған секілденіп...

Өкiнiш

Сұлу қыз, көркем жiгiт бәрi сонда,

Апырмай, неге кеттiм сол арадан!

Халық әнi

Ана қыр ма екен, мына қыр ма екен,

Жастықтың қалған iздерi.

Құбақан төбе, құла бiр мекен,

Еске аласыз ба сiз менi?!

Еркелеп өзiңе есейiп едiм,

Кереге қаптал кер белең.

Күндерден қымбат кешегi, керiм,

Жаныма жақын сендер ең!

Байқасам, сiрә, ұмытқан бәрi,

Кездердi сонау жыр-дастан.

Өзгерiп тiптi шыбық-талдары,

Құрбымдай болып сырласқан.

Тұр менi сонау кезеңде бағып,

Сазарған Күн де сепкiл бет.

Өкпемдi төктiм, өзенге барып,

Өзгерiп неге кеттiң деп.

Егiз қозыдай етене жастан,

Келiп ед саған сыр айтқым.

Бөтеге төбе бетеге басқан,

Бөтенсiп қарап, мұңайттың!

Ылдида тоғай, ызғыма белес,

Ана бiр аспан көпкеңбек

Шулады бәрi: «Бiз кiнәлi емес,

өзiңсiң тастап кеткен!»- деп.

Биiгiм де жоқ, мұратқа жеткен,

Бастағанменен жол мына.

Сендердi тастап, жыраққа кеткен,

Не дерсiң мендей сорлыға?!

Аңқиған таулар, аңқаусыңдар ма,

Шуаққа шомған құбылаң?

..Тiрлiкте бiр күн дәм таусылғанда,

Ортаңа келiп жығылам!

***

Көсiлткен бiр кез көңiл дөнендi,

Кейiндеу қалды арман-күн.

Бет жағы жылтыр өмiр дегендi,

Бiтпейтiн той деп алдандым!

Дүрiлдеп сосын, тойдыртып құмар,

Жасадық талай күпiрлiк.

Бiр мәрте кiрiп, бой жылтып шығар,

Шарапхана деп бұ тiрлiк!

Әрiнен жұтап ән ұшқан бағым,

Қалғандай босап бар әлем.

Керектiң бәрi алыс қалғанын,

Жатырмын бiлiп жаңа мен!

Сарғайып келген тамызды көрiп,

Сарғайды бүгiн көңiл де.

Босаған шиша тәрiздi болып,

Арзандайды екен өмiр де.

Мәреге жетпей, шалдыққан атай,

Шаршадық сәл-сәл бүгiнде.

...Қалған ғұмырың – қалдық шараптай,

Тостақтың мынау түбiнде!

Автовокзалдағы кездесу

Жаз. Астана.

Автовокзал. Күн ыстық.

Әрі-бері ағылысқан кезбе жұрт.

Әрнемені әңгіме етіп тұрыстық,

Аяқ асты бір танысым кез болып.

Кербез Есіл келбетіне өң беріп,

Кекірейіп тұр өзінше Астанаң.

Күнде келем бұл қалаға сенделіп,

Кітабымды шығара алмай баспадан.

(Көлік күту осындайда бар ісің,

Тұра-тұра таусылғандай табаның).

«Мал бағамын,– дейді менің танысым,

Мына ауылда, түбіндегі қаланың».

– Жинағымды шығара алмай әуремін,–

деп өзімше бір әңгіме бастадым.

– Кәсібім ғой бала жастан мал менің,

керегі не енді бізге басқаның...

– Қарап қалған заман болды тиынға,–

деймін тағы, –алға баспас әр ісің...

– Сәйгел тиіп ала жаздай сиырға,

Биылғы жыл қиын боп тұр мал үшін...

Аяқ асты айтатын сөз таба алмай,

Оның – сиыр,

Менің – кітап әңгімем.

Екі тілде сөйлейтұғын адамдай,

Әңгімеміз жарапай тұр әлгімен.

– Азғана мал – Алла берген нәсіп те,

асыраймыз қатын менен баланы.

...Ат шалдырып жүрсің қандай кәсіпте? –

деп сұраулы жүзбен маған қарады.

– ­­­Өлең жазам...

– Ондай кәсіп бар ма еді

Қанша сонда айлығыңа табарың?

Жасырмаймын, асырап тұр мал мені,

Әр басына бес жүз теңге аламын!

Болғанменен малтыпқыштан есем кем,

Керек шығар мұндай кезде мұңаймау.

«Бес тиын да төлемейді» десем мен,

Өлең, сенің абыройың құлайды-ау!

Құлатпаймын,

Саған байлық тең келмес,

Абайлардан талайлардан қалған ән.

Өлең жазу кәсіп емес,

Емделмес дерт екенін қайдан білсін әлгі адам!

Ақындықты десем егер ірі бақ,

Ақымақ деп жүрер ме екен ел күліп.

Қалай айтам, түн ішінде тұрып ап,

Қалам алып отырам деп телміріп!

Қалай айтам,

Көкжиекке қонған күн,

Жүретінін жүрегімде мекендеп.

Қалай айтам, адастырған арманның,

Басы – өлең де,

Соңы – өкініш екен деп!

Түйсігі жоқ түсіне алмас дәру-мұң,

Жыр-сәулесіз қалатынын жан жүдеп.

Қалай айтам, анау өткен арудың,

Кірпігінде өлең кетіп қалды деп!

Қалай айтам...

Түсінбейді, құрысын,

Оның ойы сиырына арбалған.

Дүниенің естілмейтін дыбысын,

Мен ақымақ, теремін деп сандалған!

Бермегесін сезімге – әуен,

Жанына – от,

Қайдан білсін жыр қадірін бұл адам.

Түсінемін,

Сауып ішер ағы жоқ,

Қара бақыр – қара өлеңнің құны оған.

Оранбай-ақ үлде менен бүлдеге,

Отырамыз басқа жұртты тең көрмей.

...Тамсанып ем айтайын деп бірдеңе,

Таңдайыма сүттің дәмі келгендей!

Қарағаш, Қазақ және «Қызыл кiтап»

Қарағаш – Ерейментау жерiнде өсетiн, “Қызыл кiтапқа” енген ағаштың сирек кездесетiн түрi. Ол таза сулы бұлақтардың жағасына ғана шығады. Егер бұлақ тартылса, қарағаш та қурап қалады.

Ғылыми анықтамалықтан

Қара орманда осынау бiрге өстiм деп,

Ей, Қарағаш, өзiңмен мұң кештiм көп.

Сиреп қалған қатары сенi көрсем,

Сенi көрсем тұрады тiлдескiм кеп!

Сәл ырғалып, неге ойға берiлесiң,

Қарағаш-тал, бiрақ та не бiлесiң?

Қарапайым күн кешкен қара қазақ,

Секiлдi боп көзiме көрiнесiң.

Мазаласа жанымды мұң лебi

Жыр шiркiндi құлаққа кiм iледi?

Сенiң нәрiң – бұлағың.

Менiң нәрiм–

екi талай тағдырлы тiлiм едi!

Беу, Қарағаш, сенiң де қайғың бар ма,

Екеумiздi тағдырым сай қылған ба?!

Сен өлесiң, тартылса бұлақ-нәрiң,

Мен құримын, тiлiмнен айырылғанда!

Осы бiр ой мазалап күнде менi,

Тоғай жаққа қараймын iргедегi.

Сенi “Қызыл кiтапқа” кiргiзгенде,

Бiлген шығар ғалымдар бiрдеңенi.

Мақсатым да, мұңым да бөлек едi,

Келетiн күн бiлмеймiн не бередi?

Қарағашты кiргiзген сол кiтапқа,

Қазақты да кiргiзу керек едi!

Басымызда болғанмен парыз неше,

Нанар бiреу осыны аңыз десе.

Қызыл қоғам бiр кезде қанын iшкен,

Қазақ “Қызыл кiтаптан” пана iздесе!

Мекен болған таусылмас сан аңызға,

Сен де, мен де перзентпiз даламызға.

Қазақ пенен Қарағаш бiр күндерi,

“Қызыл кiтап” бетiнде қаламыз ба?!

Бұлтқа батса бұлданып қырыс күн де,

Қыр үстiнде кешқұрым мұң iштiм бе...

Қара Қазақ, Қарағаш, сенi ойлаймын,

Қалтыраған бейуақ қыл үстiнде.

Не қыламын, апырмау, ендi не етем,

Буамыз ба бәрiне белдi бекем?

“Қызыл кiтап” Қазақ пен Қарағашқа,

Боп жүрмесiн әйтеуiр соңғы мекен!

Дарвинның ілімі немесе тек туралы өлең

Түзелер, қазақ, тұрмысың әлi,

Бәрi де тiптi әдемi.

Бiрақ та бүгiн сынға ұшырады,

Дарвин көкемнiң дәлелi.

Апыр-ау, қандай себебi дедiм,

Сенiп келдiк пе теп-текке?

“Бабамыз – маймыл” дегенiн оның,

Оқытқан бiзге мектепте!

Шығыс пен мына Батысқа қоса,

Осыған сендiк бәрiмiз.

Бiр ағам айтты: “Шатысқан о шал,

қасқырдан – бiздiң қанымыз!”

Даласы да аман,

Бабасы да аман.

Дау айтам қандай сайлы ұлға?

Дедi ағам сосын: “Қарашы маған,

қай жерiм ұқсас маймылға?!”

Демесiн бiреу: “Қандай халықсыз?”

Жеткiзсiн көзiн бағама.

“Қасқырдан тiптi аумай қалыпсыз!” –

деп шынымды айттым ағама.

“Бәсе, – дедi ағам, – сенiм өшпесiн,

Көнеден қалған мол аңыз.

Бөрiнi бабам емiп өскесiн,

Қалайша жаман боламыз?!

Шығармай тiптi, төрiне ханды,

Ар-намыс болған бас құны”.

...Есiктен сол сәт көрiне қалды,

Көкемнiң әлгi бастығы.

Бастығы сiрә, мәндi адам, керiм...

Маңғаздау қарап сағатқа...

Бөрi боп тұрған әлгi ағам менiң,

Өзгерiп кеттi заматта.

Сыйлайтындығын аңғартып олақ,

Құшағын аша жүгiрдi.

Бастығының сосын алды-артын орап,

Иiлдi, тұрды, бүгiлдi.

Жоғалып әлгi көңiлдегi елес,

Жампаңдап ағам, жанықты.

Байқасам тiптi, бөрiден емес –

Маймылдан аумай қалыпты.

Жайлап тұр едi санамды көрiк,

Сенiмге берiк байланған.

Шошыдым, әлгi ағамды көрiп,

Құйрықсыз маймылға айналған.

Болады-ау ендi, әркiмде шүбә –

Деп iштей ғана күрсiндiк.

Ойладым сосын, Дарвинде, сiрә,

Рас-ау, бары бiр шындық!

Алланың көкте айбары қолдап,

Алаш болыппыз (хабарым).

Үйге кеп сосын, айнаны қолға ап,

Бейнеме ұз-а-ақ қарадым!

Астанаға ода

Беу, Астана, шаһарым!

Аштархандай бүгiн сенiң атағың.

Үркетұғын Үрiмiң мен Мәскеуiң,

Нұр-қала деп, бiр қала деп хас-керiм

Мадақтаймыз ересен!

Бiрақ ендi...

артық айтты деме сен,

Тiлiң сәл-сәл орысшалау демесең

Туысқанға өрiс тар-ау демесең.

Пара алғыштар жақсы орында демесең,

Байлығымыз жат қолында демесең.

Тiрлiк құрғыр мардымсыздау демесең,

Аярлықтан ар құнсыздау демесең

Сенi тiптi жаман қала демес ем!

Даңғазадан кенде емессiң,

дегенмен,

Мен өзiңдi мақтар болсам өлеңмен

Ренжи ме, тастай салып арбасын,

Базардағы арба итерген қандасым.

Қарындасым еден жуған кеңседе,

Келiспейдi менiменен өлсе де...

Жалақысы жамбаспұлдан қалмаған,

Жерлестерiм “жетiм бұрыш” жалдаған...

Жайлап жатқан кiлең сабаз, серiмен,

Десем сенi: төре шығар төрiм ең.

Жаныңдағы жыртық шекпен ауылдар,

Дауласа ма менiмен?!.

Әлде сөзiм болсыншы деп өтiмдi,

Ақордаға бұрып алып бетiмдi.

Ағытам ба айхай, мақтау не түрлi,

Атаққұмар ақын ағам секiлдi!

Құрысын!

Мықтыларда менiң қанша жұмысым.

Айтқаным жөн дұрысын:

...Қыздарменен тәнiн сатқан күнi үшiн

Құрылыстарда құлап өлген ұл үшiн!

Ей, Астана, дүр қабақ!

Маң далада маңғаз тұрсың мұндалап,

Бердiм дейсiң бекке байлық, құлға бақ.

Мен де кейде саған кеткiм келедi,

Ерейменнiң төбесiнен бiр қарап!

Тiптi бұған керек емес мол шыдам,

Көшер едiм бөле қашып қоңсыдан.

...Бейсболка киген бекзат бауырдай,

Гольф соға бiлмегесiн қорсынам!

Британдық қойшылардың өнерiн,

Бiлмегесiн, қайтем ендi, көнемiн!

(Ермегi бұл тектiлер мен төренiң)

Мен ұлымын асық атқан даланың,

Бiлмеуiмнiң айтар болсам себебiн!

Аналардан төменiрек көлемiм,

Қай бетiммен сосын саған келемiн?!

Ей, Астана, ел сенер!

Сенi салған бiр сәулетшi ең шебер.

Сол арада бiз бiлмейтiн мықтылар,

Сол арада бiз кiрмейтiн кеңселер!

Дәрежесi долларменен өлшенер,

Сол жерде жүр талай-талай еңселi ер!

“Ақша-қала” деп атар ем өзiңдi,

Маған билiк берсе егер!

Бiзден өзiн сәл биiктеу санайтын,

Адамдарың зор тiптен.

Шенеунiгiң шекесiнен қарайтын,

“Мадамдарың” “мерседесiн” мөңкiткен

Беу, Астана!

Қазағымның мұрады!

Жарқыраған өндiрлi елдiң шырағы,

Сарқыраған “тендерлердiң” бұлағы.

Жақсылар мен жайсаңдардың тұрағы!

Тұрмағасын босағаңда iлiнiп,

“Аяз бидiң тымағы”,

Елдiң саған тарқамай жүр күмәнi!

Ей, Бас қала!

Бауыр үшiн болғаннан соң баспана,

Мен өзiңдi алмастырман басқаға!

Айып етпе, жазылмаса жақсы өлең,

Тартылғандай таспаға...

Бiр ұрты – май, бiр ұрты – қан Қазаққа,

Дәл өзiңдей жарасып тұр астана!

Кутузов көшесіндегі Мәшһүр-Жүсіп мешітінің алдында

Келетін көбі Құдай дегеннің,

Керекудегі мешіт бұл.

Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің,

Ертістен самал есіп тұр...

Айдындай асфальт көсіліп алдан,

Ағылған көлік гулесіп.

Фельдмаршалдың есімін алған,

Көшеде, міне, тұр мешіт.

Мақтанғанымның бәрі-далбаса,

Не деген сірә ұлы есім!

Кутузовты сен танып алмасаң,

Мәшһүрді таппай жүресің.

Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,

Көркіне мынау мән дарып.

«Кутузов деген кім?»,-дейді балам,

Сұраулы жүзбен таңқалып.

Керемет ұлы бір кісі көріп,

(Сәбиде жоқ қой түк кінә).

Сұрайды тағы білгісі келіп:

«Бөгенбайдан да мықты ма?!»

Табайын жауап сұраққа деймін,

Білмесем-дағы тегін мен.

«Кутузов мықты, бірақ та, деймін

Мәскеуді ол тастап шегінген».

Бізден де талай ұл туған дара,

Тоқымы терден кеппеген.

Басына бірақ күн туғанда да,

Даласын тастап кетпеген.

Талқандап жаудың қамалын құртып,

Самайдан қаны тамшылап.

Жусанын құшып даланың бір түп.

Құлаған сосын қансырап!

Тағарсың қалай балаға кінә,

Қояды сұрақ еселеп.

«Батыр болса егер қалада мына,

Оларға неге көше жоқ?!».

Сауалы жетіп жетеме жаңа...

Не дермін енді балаға.

Бермейді десем көкелер ана,

Сөзіме сірә нана ма?

Түсінбегесін тағады кінә,

Айтамын қалай ар жағын.

Кутузов емес, даланы мына,

Бабалар сақтап қалғанын...

Жыр етерімді, мұң етерімді,

Біле алмай тұрмын мұнда кеп.

Кутузов маған кім екенімді,

Ескертіп әлі тұр ма деп!

Бөлісу:

Көп оқылғандар