Қазақ-парсы қаламгерлерінің шығармаларын екі тілге аудару қажеттігі қуатталды

Бөлісу:

16.10.2018 3895

Парсы тілінің аудармашысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы Айнаш Қасым ИИР-ның астанасы Теһран сапарында Иран жазушылар қауымдастығының төрағасы, Бидел Деһлеви қорының басшысы ақын, доктор Сейед Һади Киасаримен кездесіп, қазақ-парсы әдеби байланыстары мен аударма мәселелері жайлы сұхбаттасты.

Кездесуде Сейед Һади Киасари жуырда Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты еуразиялық әдеби форум барысында жасалған келісімдер мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзамен сұхбаттарындағы қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын парсы тіліне, ирандық ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударудың қуатталғанын, осы іс арқылы екі ел әдеби байланыстарының арта түсетіндігіне үміт білдірді. Һади Киасари ирандық оқырмандардың қазақ әдебиеті жайлы мағлұматтарының өте аз екендігін баса айтып, Назлы Асғарзаде аударған М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Сафар Абдулло аударған М.Әуезовтың әңгімелері мен Абайдың қара сөздеріне сілтеме жасады.

Кездесуде аудармашы Гауһар Омарханова қазақтың танымал жазушысы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаясын Самира Исмаилидің парсы тіліне аударғанын атап өтті.

Сейед Һади Киасари парсы тілінің аудармашысы А.Қасымның шығармашылығымен бұрыннан таныс екендігін, әсіресе қазақ-парсы әдеби байланыстары мен аударма саласына қосып жатқан үлесіне тоқталып, Фарид ад-Дин Аттардың «Әулиелер шежіресі» мен Иранның модернистік әдебиетіндегі проза жанрының негізін қалаушылардың бірі Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғыз» романы мен «Бұралқы ит» повесінің қазақ тіліне түпнұсқа тіл – парсы тілінен тұңғыш рет аударып, оқырманға жол тартқаны үшін алғыс айтты.

Киасари А.Қасымның «Абай және парсы әдебиеті» атты еңбегінің құндылығын жоғары бағалап, шығарманы автордың өзіне парсы тіліне аудару туралы ұсыныс жасады.

ParsToday

Бөлісу:

Көп оқылғандар