Қызырбек Дүргінбайұлы: Мен жазсам ғой ертеңгі сценарийді

Бөлісу:

03.04.2019 5531

... Ақын болу дегеніміз бір жағынан мың батпан азап болса, екінші жағынан қарасаңыз керемет бір ләззатты, жұмағи дүние секілді көрінеді маған. Мәселен, мына Қызырбекті алайықшы. Мен оны азамат деп, Ақын деп танығалы, айдар таққалы алты-жеті жылдың жүзі болған-ақ шығар. Оның жырларынан сыбызғының ба, қобыздың ба, әйтеуір қазақтың көне аспаптарының мұңлы үні үздігіп тым-тым алыстан – алып таулардың, ақшағыр шыңдардың, түкті төбелердің, көкорай шалғынды керім бел-белестердің баурайында жатқан қайран ауылдарымыздан үшбу сәлем, сартап сағынышты өксік алып келетіндей болады да тұрады. Қызырбекте мұң басым. Қызырбекте кешегі уайым-қайғысыз керім күндеріне, сағым жылдарына деген алапат сағыныш басым. Мен оның сағынышындай зіл батпан ауырлықты жарықтық Төлеген Айбергеновтың жырларынан байқаушы едім. Қызырбек те қызық, жыр жазып отырған өзін де аямайды, оқырманын да «шаршатып» тастайды. Оның өлеңдерін оқып отырған сәтте көз алдың бозала мұнар мен сан түрлі суреттерге толып кететіні бар. Оның жырлары мейлі жас болыңыз, мейлі қартамыш болыңыз, мейлі, сізді ерік-күшіңізден мүлдем айырып ту сонау алыстарға – бүгінгі күні тек талмап жүрер талқаны ғана қалған балалығыңның, жастығыңның ауылына қақпайлайды. Өлеңді оқып біткен сәтте сансырай шаршағаныңызды сезесіз. Сағыныш жырларының, Жұмекен көкеміздің сөзімен айтсақ, табыттай ауырлығы да осында. Қызырбектен «көбіктей» жеңіл жыр кездестіремін деп әуре болмаңыз текке. Мұңсыз адам – күлкітоқ. Ал, Қызырбек бауырымның сырты күліп тұрғанымен, ішкі жан дүниесінде үнемі сілкініс болып, алағай-бұлағай ақтүтек соғып жататынын білетінім рас. Қызырбек – өлеңші емес. Ақын. Осыны көңілге мықтап тоқуымыз керек.

Әлібек Қаңтарбай,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО

бөлімшесінің директоры.

АВТОБУСТАҒЫ ДРАМА...

Драмасын көрсетіп қала не бір,

Жабырқайды жабығып нала көңіл.

Ығы-жығы ішінде автобуздың,

Ырғатылып әнекей барады өмір.

Тағдыр жұртты тарта ма сотына көп?!

Айтушы еді өмірді сахна деп.

Тоқсан тиын тұратын драманың,

Кондоктурда билетін сатып әлек.

Ескі автобус шығыпты-ау ыңыршағы.

Ескі таныс қолында құлыншағы.

Сығырайып қарайды сырттай оған,

Сырт көшеде ілбіген іңір шамы.

Қойылымның мұндағы мұңы басым.

Ыңғайына, ығына жығыласың.

Қайыршыны кіргізбей қойды әне,

Қалай-қалай дүние құбыласың.

Тәуба дейсің содан соң бұл күніңе.

Бақ пен сордың бұйырмақ кілті кімге.

Қалжыраған қарындас қалғып отыр,

Іліп алып бар мұңын кірпігіне.

Шеше алмадық тірліктің түйткіл, мұңын.

Икеміне келтірмей ит қылды мың.

Ит жетектеп кірді әне бір пәтшаһар,

Мәнсұқ етіп өзгенің ит тірлігін.

Кетті жылжып автобус баяу ғана,

Ойысты екен драма қай арнаға.

Ауыстырды тағы бір актерын,

Автобустан мен түскен аялдама.

ВОКЗАЛ СЦЕНАРИЙІ...

Өзегі тар өмір-ай арнасы кең,

Қашан көңіл пернесін дәл басып ең.

Барады әне арбакеш қос тағандап,

Бірге айналып азабы арбасымен.

Автобустың кешігіп кепті бірі,

Маңайында у да шу көп дүбірі,

Бір теңгеде тастамай қайыршыға,

Бір тең жүгін арқалап кетті бірі.

Бірі кетіп бірі кеп сабылысқан,

Таусылардай сендегі сабыр, ұстам.

Тұрды өмірге өшігіп бір жетімек,

Құшақтасып жатқанда ел сағынысқан.

Жанға сыйлар жоқ ешбір тағылымы,

Қайталанды қойылым тағы мұңлы.

Соңғы ақшасын биелтке төледі де,

Сапарына аттанды тағы бірі.

Жөндей алам, қай бірін, қылам игі.

Пендесіне неге көп сынақ үйді.

Жаратқаннан бір күнге сұрап алып,

Мен жазсам ғой ертеңгі сценарийді.

ТУННЕЛДЕН АЛҒАН ГАЗЕТ...

Жаңалықтан деген соң құр қалмаңыз,

Түнелдегі газеттен бірді алғамыз.

Жетістікке жетеміз деп жазыпты,

Екі мың бірдеңенші жылдарда біз.

Күліп алдым жымиып миығымнан,

Бір қайыршы салып тұр қиылып ән,

Бірдеңенші жыл келмей қайдан білсін,

Тағдыр жүгі түспесін иығынан.

Орындалмас биліктің қай әмірі,

Жаңғыртамыз депті мыс баяғыны.

Түкпір жақтан зарылап қоя берді,

Түнел ішін жаңғыртып баян үні.

Баян шіркін үнінде тұратын мұң,

Баянсыз болсын десін мұратын кім.

Жетердей-ақ өмірін өрнектепті,

Жетпіс бесін тойлаған бір ақынның.

Қартайғанда осылай сый табасың.

Бұл түнелден сен қалай күй табасың.

Мойынсұнып тағдырға тұрса бірі,

Мойынына іліп ап гитарасын.

Мақаласы тағы жүр күшті ағамның,

Үш тіл қонған үстіне үш тағанның.

Шыдамым жетпеген соң ары оқуға,

Шиыршықтап қолыма ұстап алдым.

Айтқандайын шалдары баяғының,

Басы – шаттық, өмір-ай, аяғы – мұң.

Үмітімді үзбестен тыңдап барам,

Үзіліп бара жатқан баян үнін.

КІТАП-мІТАП

Кітабын кетті ұсынып бір ағамыз,

Көзіне түсіп бәлкім ұнағамыз.

Ұйқасына шалынып қалды тілім,

Мағына, мазмұн жайлы сұрамаңыз.

Бір апамыз ұсынды поэмасын,

Кем көресің қазақтың қай анасын.

Оқисыңда адасып мазмұнынан,

Анда-сонда есінеп оянасың.

Мен кеңестің деді шал тірегі едім.

Ішім жылап, амалсыз күледі өңім.

Умаж-умаж қағазын алып шығып,

У мүңкіген оқыды бір өлеңін.

Сындырып ап бір-бірден тіл бұтағын,

Ұстап апты-ау қолына құл құтаның.

Ғарышизм бір ақын беріп кетті,

Тіл келмейтін атына бір кітабын.

Жыр жазыпты бұл ақын милап қатты,

Батыстағы кешіпті ми батпақты..

Игере алмай измге илектеліп,

Модернизм сазына құйлап қапты.

Мүшәйраны бақ көрген, мақтан көрген.

Мықты ақынның ауылы жақтан келген,

Бір інісін көкесі тұрғызыпты,

Ұйқасына шалынып жатқан жерден.

Өлең осы, оқыған мІТАП осы.

Жетелі сөз мұнда деп жұқанасы.

«Жеті ғасыр-ды», ұсынып кетті бір қарт,

Мүжіліпті сәл ғана мұқабасы.

***

Сол бір қиял,

Сонау бір жылдағы арман,

Құмырысқаның ізіндей құмда қалған.

Өмір саған өкпем бар азды-кемді,

Сол бір уыз уақытты ұрлап алған.

Бұл жалғанның,

Баянсыз бес күн кешін...

Дей алмаспын бекерге кештім несін.

Алағызып қараймын алғы күнге,

Арманымның астары ескіргесін.

Кеш келіппін,

Кешігіп көшке еріппін.

Есіркесін пақырын ескеріп кім?

Бала қиял, баяғы бала арман,

Еншісінде қап қойды естеліктің.

Тағдырымның

Шет қалған парағынан,

Әдірам қал арманым ала-құлаң.

Илеуіне тастадың уақыттың,

Ит тірлікке тістетіп балағымнан.

Бақыт қайда,

Бақ қайда мен аңсаған?!

Баяғы сол үмітпен келем саған.

Күте-күте күтуден шаршағанда,

«Баяны жоқ дүние-ай»-деп ән салам.

Бөлісу:

Көп оқылғандар