Асылбек Байтанұлы. Сүлде ме, сүлдер ме?

Бөлісу:

05.04.2019 6451

Тіліміздегі күнделікті қолданыста жүрген әрбір сөздің түп төркінін қаузасақ, телегей тарихтың айдын-шалқары алдыңыздан ашылары анық. Сондай сөздердің біріне тоқталып, оған қатысты қолданыстар туралы қарастыруды жөн көрдік.

Қазақ поэзиясының дүлдүлі Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің әкем» дастанында мынадай жолдар бар:

Тербейді, тербейді ана ұл бесігін,

Барында базарының – сүлдесінің.

Асыға күтеді ана, күтеді ол

Өзімен бұл сәбидің тілдесуін.

Осы шумақтағы «сүлде» сөзінің жиі болмаса да тілімізде біршама қолданыста және Жұмекен ақын бұл сөзді «күш-қуатының, жастық дәуренінің барында» деген мағынада қолданып отырғаны анық. 2008 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» «сүлде» сөзін кездестіре алмадық. Тек қана «Сүлдер – адамның әбден жүдеп-жадаған, шаршаған кейпі» деген түсіндірмені көруге болады. Ал аударма сөздіктерде «сүлде» мен «сүлдер» - синонимдес сөздер ретінде қарастырылып, терісі сүйегін жабысқан құр сүлдер, орысша айтқанда «кожа да кости скелет» мағынасына тірелген. Бірақ, біз Жұмекен өлеңінен ешқандай жадап-жүдеп арықтауды көріп тұрғанымыз жоқ. Әдеби шығармалардағы қолданыстарды тағы да парақтап көрейік.

- Құр сүлдең қалыпты. Сені періште қақты. Әйтпесе нашақор болып бітетін едің, - деп Рашид мені оңашалап жақын тартып, көп әңгіме айтты...». Бұл сөйлем жазушы Нағашыбек Қапалбековтың «Сүлде» атты әңгімесінен алынды. Мұндағы қолданыс – Түсіндірме сөздіктегі «сүлдердің» мысалы. Сүлдеге қатысты айтылар жайлар аз емес екен.

ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясында орны бар ақын Қалижан Бекхожиннің «Ақсақ құлан» поэмасында сүлдеге қатысты бірнеше қолданысты көреміз:

Көз тікті сүлдесіне киіздегі,

Хан қандай Тәңірінен сый іздеді?

Жарқылдап жылан көзді зүбәржаттар,

Арқардың сілкінгендей мүйіздері.

Бұл жерде ақын Жошы ханның ордасында ілулі тұрған, зүбәржат тәрізді асыл тастарды пайдаланып, киізге салынған арқар бейнесін меңзеп тұр. «Арқар!» ұранды төре», - дегеннің өзі де осы болар, бәлкім. Бұл шумақтағы «сүлде – билеушінің ресми айрықша белгісі мағынасындағы қолданыс. Бұл ойды тиянақтау үшін осы поэмадағы «сүлде» сөзі қолданылған тағы бір шумақты келтірелік:

Жындарын жиды желден бақсы біткен,

Май құйды, отқа шаман тақсіретпен.

Сиынды сүлдесіне кәрі маңғұл,

Бір хабар естімеді тақсыр күткен.

Сүлденің қасиеттеп, құрметтеп табынатын киелі атрибут екендігін бұл шумақ айқындап тұр. Демек, «сүлде» мен сүлдердің арасындағы байланыс қандай? Бұған жауапты қазақ мифологиялық танымының білгірі Серікбол Қондыбай еңбегінен табамыз: «Тікелей бүгінгі қазақ танымына қатысты болмаса да, арғықазақтық деңгейде оның танымының бір тарихи нұсқасы ретінде қарастыруға болатын бір мысалды айтуға болады – ол монғол мифтік дәстүріндегі «сүлде» ұғымы», - дей келе, автор «сүлде» сөзінің мағынасы орыс тіліндегі «дух, сила» ұғымдарымен мәндес екенін, монғол тілдес халықтардың түсінігінде «сүлде» – адамның өмірлік, рухани қуатының белгісі екендігін, ел басшысының сүлдесі бүкіл халықтың рух-қоршғаушысы деген түсінік барлығын айтады. Қалижан ақынның өз поэмасында Жошы ханды, балгер-бақсыларды сүлдеге табындырып, одан үміт күттіріп бейнелеуі – сүлденің парқын жақсы түсінгендігінің айғағы. Сүлде атауы монғолдық мифке тән болғаны бомаса, дәл осы тәрізді рух-қорғаушы атрибуты қазақтарда да ежелден болды ғой. Бөрілі байрақ» ұғымының өзі де осымен сабақтас емес пе?

Тұжырымдай айтқанда, «сүлде» мен «сүлдер» – дене мен рухқа қатысты, діни, мифтік сипатта біртекті қолданыс үрдісіне ие деуге болады. Қазақ әбден арықтаған адамды «құр сүлдері қалған тірі аруақ» деп жататыны бар. Демек, сүлдерді – қасиетті сүйек деп те түсінуге болады. Бұл ойымызды академик Әлкей Марғұланның мына пікірімен тиянақтай аламыз: «Үңгір – адам баласының ежелгі тұрағы, өсіп-өніп із қалдырған жері. Ондай үңгірлер замандар өткен соң, кейінгі ұрпаққа ата-бабаның ежелгі қонысы, ұйық жері болып саналған. Үңгірді қасиеттеу, үңгірдегі ата-баба сүлдесіне бас ию ежелгі түрік тайпаларының байырғы ісі болған». Ата-бабалар культіне қатысты ұғым-түсініктер қазақ арасында күні-бүгінге дейін сақталып келе жатқаны бекер емес қой. «Археолог ғалымдар Аралтөбе обасын қазу барысында «Алтын адамның» сүлдесінен басқа әйелдердің, иттердің, екі аттың және қойылымның шығыс жағын ала көмілген бүркіт құстың сүлделерін, қару-жарақтан семсер мен қанжар, қалқан және қорамсақ пен жебе оқтарын тапты», - деген сияқты ақпараттық қолданыстарға сайсақ, сүлде сөзінің өзі қазіргі күні «скелет» мағынасында кеңінен қолданылып жүргенін көреміз.

Серікбол Қондыбайдың «сүлде» ұғымының арғықазақ мифологиясы аясында қарастыра отырып, «монғол мифтік дәстүрі» деуі бекер емес. Себебі, қазіргі монғол тілінде сүлдеге қатысты көптеген ұғымдар бар. Олар мыналар:

1. Мемлекеттік сүлде (төрийн сүлд). Мемлекеттің күш-қуаты артып нығаюының нышаны ретінде қарастыратын, мемлекет сүлдесі. Мемлекет сүлдесіне қатысты «ақ сүлде» және «қара сүлде» ұғымдары қалыптасқан. Монғол халқында күні бүгінге дейін: «Мемлекетімнің сүлдесі, назарыңа құлдық!» («Төрийн минь сүлд, өршөө!») деп мемлекеттік сүлдеге тағзым етіп, жалбарынып жататын дәстүр сақталған. а) «Ақ сүлде» – мемлекеттік сүлде. Шыңғыс ханды алғаш Ұлы Монғол ұлысының ханы ретінде таққа отырғызғанда Онон өзенінің жағасында тоғыз тамақты қыл құйрық ақ ту көтерілген. Қазіргі күні де жоғарғы ресми, салтанатты жағдайларда көтеріледі.ә) «Қара сүлде» – Ұлы Монғол ұлысы құрылған кезден бастап жау айбындыру үшін әдейі таңдалған, қара жылқының қылқұйрығынан әзірленген әскери ту.

2. Сүлде ән (сүлд дуу). Мұның екі мағынасы бар: Бірінші – мемлекеттік әнұран, екіншісі – белгілі бір адамның, өлкенің гимні болып кеткен сүйікті ән.

3. Сүлде белгі (сүлд тэмдэг) – мемлекеттік нышан. Мұны елтаңба ретінде түсіндіруге болады.

4. Сүлде зат (сүлд шүтээн) – қандай да бір сыйынып-табынып жүретін зат. Қазақ тіліндегі бойтұмар ұғымымен пара-пар қолданыс.

5. Сүлде ағаш (сүлд мод) – Жаңа жыл мерекесіне арнап безендірген ағаш. Сүлде ағаш ретінде көбінесе шырша пайдаланылады. Мұрат Әжі (Мурад Аджи) ежелгі түркілердің шыршаны Тәңіріне апарар жолды нұсқайтын қасиетті ағаш санағаны, орыстың «ёлының» түбінде біздің «жолымыз» жатқанын айтқанын ескерсек, сүлде ағаш – түркілік ұғым да.

6. Сүлде рухы (сүлд хийморь) – дененің рухы. Тән мен рух – түркілерге де тән ұғым.

7. Сүлде шақыру (сүлд дуудах) – аруақ шақыру. Бұл түркілерге, оның ішінде қазақтарға тым етене ұғым. «Қарт бөрідей бақырттым, Аруағым деп шақырдым», - деген бақсы сарыны тәрізді қолданыстар көп-ақ. «Сыйындым, атам Қазыбек әрауғына!», - демеуші ме еді, кешегі өткен Мәди ер.

8. Сүлдесі қашу (сүлд зайлах) – қатты қорқып, абыржу. Қазақ тілінде де аруағы қашу, құты қашу мағынасындағы қолданыстар бар. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында мынадай қолданыс бар:

Осылай айтпағанмен ішінен сыр,

Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр.

Кек қайнап, ыза кернеп, жауыққандай,

Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр.

9. Сүлделі күн (сүлд өдөр) – сәттілікке толы жақсы күн. «Жеті күннің бірі сәтті күн» деген ұғым бар. Сейсенбі күннің өзі сәтті деп санап, сол күні іс бастайтын адамдар болады.

10. Сүлде ғаламшар (сүлд гараг) – әр адамның сәтті ғаламшары болады деген ұғым.

11. Сүлде жұлдыз (сүлд од) – әркімнің сүлде жұлдызы болады деген ұғым. Соңғы екеуі астрономиялық түсінік, астрологиялық нанымға сай шықса керек.

Демек, сүлде – түркі-монғол халықтарының бәріне ортақ, мағыналық қолданылу аясы кең, сакральді ұғым. Мистикалық, магиялық ұғымдармен астасып жатқан сүлде мен көз алдымызыздағы сүлдердің мағыналық қолданысы әрі алшық, әрі біртұтас екендігін жоғарыдағы мысалдарға қарап көз жеткізгендейміз. Сүлде мен сүлдердің тіліміздегі байланысы туралы аз-кем қарастыруымыз осы болды. Артық кеткен, кем қалған тұсы болса, жалпы көпшілік қауымның пікір-дәйегі арқылы толығар деп сенеміз.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар