Мұқият Қойшыбай: Дариға-ай, мен өскен жер - əсем Іле...
Бөлісу:
Мөлдір жырдың иесі
Жас ақын Мұқият Қойшыбайұлының дайындаған өлеңдер топтамасын шолып шықтым. Мұқият өзінше толғанады, өзінше мұңданады, өзінше жыр өрнегін салады. Туған шаңырақтан жалғыз ұзап шығып, атажұртта отау тігіп, от жағып отырған жас жігіттің жүрегі нұрға да, мұңға да толы екен. Жырларынан соны аңғардым. Көңілі кейде сынық болса да жаны тұнық. Өлеңдеріде мөлдірлік, шынайылық айқын көрініп тұр. Туған, өскен ортасына, ата-ана, ағайын-туғанға деген сәби көңілден ескен сағыныш лебі оқырманын ойландырмай қоймайды. Әрине, жас ақын өлеңдерінде балғындық, қаламы еркін төселмегендік байқалмағанымен, ағынан жарылған ақындық айқын сезіледі.
Сезініп көр бақытты екеніңді,
Мен секілді қайғыдан жылап тұрып, - дейді Мұқият. Міне, Мұқият кешіп жатқан тіршілік тынысы осылай жырға айналып, оқырманын ойландыруға мәжбүр етеді. Ақын бірде күрсініп, бірде шаттанып ғұмыр кешуі керек. Өйткені ол ақындардың маңдайына айырықша жазылған тағдыр.
Мөлдір жырларыңды молайта бер, Мұқият інім!
Несіпбек Айтұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Туған жер
Өзіңнен өзге нем бар қымбат тағы,
Тұр, міне, тұла бойдың тулап қаны.
Туған жер, ертелі – кеш ойға оралсаң,
Сәбидей шырылдаймын құндақтағы.
Бір ғұмыр тербеп өтер ән боп мені,
Есімде балалықтың мәнді өткені...
Кеудеме барған сайын жыр құятын,
Ну орман, жасыл желек, тау бөктері.
Сыңғырлап өзен – бұлақ ағысымен,
Тау– тасты жаңғыртады дабысымен.
Кіндігі ажырамас табиғаттың,
Төрт мезгіл еркін жортқан тағысымен.
Ғажайып таң қаларлық әлемімен,
Сахара көз тартады әдемі, кең.
Сұлу күй құстар төгіп ертелі-кеш,
Балқытар жан біткенді әуенімен.
Асауға жүретұғын құрық тастап,
Дариға – ай, ауылдағы рух та асқақ.
Бір түнеп келер ме еді киіз үйге,
Етегін туырлықтың түріп тастап.
Өзіңнен өзге нем бар қымбат тағы,
Тұр, міне, тұла бойдың тулап қаны.
Туған жер, ертелі – кеш ойға оралсаң,
Сәбидей шырылдаймын құндақтағы.
...
Айналасы жасыл орман, көк шалғын,
Бүгін тағы ауылымды еске алдым.
Бас қосатын жері еді ана төбелер,
Күнделікті əңгімеге көп шалдың.
Көкжиектен кеткенше тек күн батып,
Шалдар үшін сыр шерту де бір бақыт.
Ортаға алып өлеңшісін қаумалап,
Ал, жыршысын отыратын жырлатып.
Көрмесем де əңгімені аса құп,
Жүретұғын əкем ертіп апарып.
Баламыз ғой ойында жоқ ештеме,
Мəз болатын қайтқанына бата алып.
Ақылдаспай бастамайтын кіл ісін,
Нарқы бөлек бірі төбе , бірі шың.
Бері қарай жеті жұртын түгендеп,
Қандыратын құлағыңның құрышын.
Жүрсең егер шежіреңді білмек боп,
Онда олардың ортасына бір кеп кет.
Тарыдай кір көңіліне түспеген,
Əр қайсысы өз алдына бір мектеп.
Ақыл толып, оң - солымды таныған,
Шақта мынау сол күндерді сағынам.
Менен титтей байқалса бір дархандық,
Сол шалдардың қасиетінен дарыған.
Кісе белбеу
Ізгілік жататұғын талғамында,
Жүретін жақсы жандар жан-жағында.
Жасатып əкем берді кісе белбеу,
Алғашқы мүшел жасқа толғанымда.
Таныған қас шебер деп жұрт ісінен,
Қазақтың өн-бойына ғұрпы сіңген.
Жасаған кісе белбеу ақысына,
Бір тайды əкетті ұста жылқы ішінен.
Ұсталық қарапайым жұмыспенен,
Жан екен еңбегінен ырыс жеген.
Қолынан келгенінше барын салып,
Кісені нақыштапты күміспенен.
Бір тайлық кесіп берген құнды өзіне,
Береді мұндай затқа кім кезіге.
Алатын көздің жауын шынымен де,
Тұрғанда шағылысып күн көзіне.
Асаудың жабысатын құлағына,
Ауылдың жарығанмын құнарына.
Əкем де қалдырмайтын жиын-тойдан,
Тортөбел мінгізіп ап құнаныма.
Əр түрлі болса да елдің көз қарасы,
Əр əкеге ыстық қой өз баласы.
Ондайда тастамаймын мен кісемді,
Секілді ханның жалғыз бекзадасы.
Талайдың көзі солай түсіп жүрді,
(Қымбат зат екендігін ішім білді).
Бұл қалай жасалған деп сұрап қап ем,
Былайша əкем бір де түсіндірді:
- Бұғының пайдаланған жон терісін,
Байқасаң үлкен ғылым ол тегі шын.
Қазақтың өнерінде қасиет бар,
Қидым ғой, бір тулақты, мен, сол үшін.
Ежелден бағалаған ел іріні,
Соған сай қалыптасқан ер ұғымы.
Деп айтып баласының кісесіне,
Көзінен тамып тұрды мейірімі.
...Өшпейтін сəт болады жүректен де,
Жүрек пен қиналады жүдеп пенде.
Қапияда кісемді ұры əкетті,
Арада екі жарым жыл өткенде.
Дариға - ай, мен өскен жер, əсем Іле,
Болмақшы сенен өзге əсерлі не.
Қайтейін, кісе түгіл, өмір осы,
Менен ұрлап əкетті əкемді де.
Назым бар, өмір саған айтарым бар,
( Мен кімнің баласымын ал, таныңдар).
Əкемнен қалған асыл көз екен ғой,
Кісемді, кері өзіме қайтарыңдар.
Талдыбұлақ
Қалғанмен қыр астында қу балалық,
Елесі жүрегімде тұр қадалып.
Мен туған ауылда бір бұлақ бар-тын,
Жататын тау жылғасын құлдап ағып.
Білемін, тартпағанын, ел мүлде дерт,
Бас идім шапағатын көрдім де көп.
Сыңғырлап кететіндей айырқша,
Мен барсам, жан мұңдасым, келдің бе деп.
Төрт мезгіл ерінбеген ұстар балық,
Ішетін адам түгіл құстар қанып.
Əйтеуір сол бұлаққа қашан көрсең,
Арадай гүлге қонған құштар халық.
Тербетпес сағыныштың күйі кімді,
Апыр-ай, немен басам күйігімді.
Ең алғаш өмірімде осы бұлақ,
Үйреткен сұлулыққа сүйінуді.
Түсінем, жүйрік уақыт, озар мына,
Жұтармыз жылдар өте тозаңды да.
Жолыға қалдың қайдан мөп - мөлдірім,
Келтіріп өткен күнді көз алдыма.
Жанымның нəзіктігін түсінетін,
Күрсінсем бірге іштей күрсінетін.
Жаныңнан, айналайын, қарғам сенің,
Есіме сол бұлақты түсіретін.
Зертте мені
Жаным, сен жанар тауды көрген бе едің?
Әне, содан аумайды кеудем менің.
Жанымды көр жап-жарық, жасыл әлем,
Ділімнің көр күй болып тербелгенін.
Ақ бұлақты көрдің бе тулап аққан? –
Көз жасым ол кірпігім сырғанатқан.
Көрдің бе сен көсілген кең даланы,
Бар байлығым сол мені тыңдап жатқан.
Жан-жағыңды сабалап қанатыңмен,
Мен болып көр өртенбей шала күйген.
Жымыңдаған мұң шағып жұлдыздарға,
Мен болып сырласып көр қара түнмен.
Мен болып көр бір сәтке (сынақты ұмыт),
Мені қанша жылатты, уатты үміт.
Сезініп көр бақытты екеніңді,
Мен секілді қайғыдан жылап тұрып.
Жетелеп сені де алға ерік, сенім,
Сені де алдап тербетсе елік сезім,
Тыңдашы сонда келіп жүрегімді,
Қабақ шытпай, қасыма келіп менің.
Тыңдап өскен өмірдің көп кеңесін,
Жаным – жалын, көзімнен от көресің.
Зерттеп көргін ағаңның ақ жүрегін,
Мүмкін мені содан соң жек көресің.
Ал, бәлкім, дерттенесің.
Қадірлей біл
Тулатып асау көңілді,
Маздата түсер отыңды.
Сүйемін десең өмірді,
Қадірлей білші досыңды.
Достарды жаңа таныдым,
Құшағын ашып сырласқан.
Тірлікте қысқа, тәңірім,
Айыра көрме шын достан.
Еншісін күтіп ай, жылдың,
Айта алмай жүрдік тұшымды ой.
Қаншама достан айырылдым,
Жан сырын, әттең, түсінбей.
Өмірді үнсіз торыдым,
Құлатып күнді кезеңнен.
Жоғалтқан достың орнын
Толтыра алмай келем мен.
Көтерер көңіл-қошыңды,
Досыңмен қымбат әр бақыт.
Қадірле, досым, досыңды,
Қадірлеп алар барда уақыт.
Өлмес өлең
Ойладым ба, кешем деп мұндай ғұмыр,
Ғашық жүрек салады тынбай дүбір.
Бүгін тағы отырмын ой тербетіп
Өлмес өлең жазсам деп сен жайлы бір.
Сен жайлы бір жазсам деп өлмес өлең,
Сезім атты у жұттым мен кеседен.
Өз - өзіме сыймаймын алып - ұшып ,
Жүрсемдағы кең дала , кең көшемен.
Жолында мұз тағдырдың тайғанақтап,
Азап кештім, көрмедім ардан аттап.
Жырлай алмай келемін , кешір мені,
Сезіміңді кіршіксіз қардан əппақ.
Мағынасыз қалғандай бұл дүние,
Тағы сенсіз ұзаттым күнді, міне,
Өлмес өлең жазсам ғой , бізге ұқсаған ,
Шын ғашықтар айтатын бір - біріне.
Бөлісу: