Сұлухан Мыңбай. Бұлқынуда жөргектегі тіршілік!

Бөлісу:

07.05.2019 4904

Келеспен егіз жаралдым

Барына сенген бақыттың

Келестің сыршыл қызы бар,

Теңізде жатқан жақұтпын

Тереңнен мені сүзіп ал!

Киелі жұртта туылып

Келеспен егіз жаралдым.

Суына күнде жуынып

Топырағынан нәр алдым.

Кемерін ардың тақтым да,

Әділдік болды сүйгенім,

Қиянат,жалған,сатқынға

Сірә да басты имедім!

Болса да таудай талабым

Биікпін демен,төменмін.

Ізгілік болды жалауым

Баталы сөзбен көгердім.

Досым - ау,мендік әлемді

Танығың келсе,үңіліп,

"Өлеңді сүйші,өлеңді"

Алдыңнан шығам жүгіріп..!

Өмір...

Бұрылмайды арқасына күйбең күн

Көш соңында қалған жетім күйге ендім,

Әділетсіз адамдарды көргенде

Тасбауыр боп қатаюды үйрендім.

Шешу қиын «өмір» атты теңдеуді,

Бүлдіріп ап,білмейтін көп жөндеуді,

Сабылысқан сараң өмір үйретті

Өз жарамды өзім жазып,емдеуді.

Қамшылады,сезімімді,жігерді

Үздірмеді үмітімнен күдерді,

Бақыт сыйлап,кей кездері мұң сыйлап

Өмір мені ақын қылып жіберді.

«Өмір» атты жұмбағы көп сынақта

Қайта тұрдым, сүрінген сәт құлап та,

Түлкі ғұмыр тіршілікте қиналам

Аярлықты үйрене алмай бірақ та.

Соғыс әкелген бақытсыздық

Сөз қозғайтын атам жастық жастанып,

Соғыс жайлы әңгімелер басталып...

Кемсең -кемсең етіп ұзақ сөйлейтін

Сақалына мөлдір тұнық жас тамып.

Еее...

Ол күндердің ауыр болды салмағы.

Соғыс небір алыптарды жалмады.

Бірге ойнап сауық құрған достардың

Еш болмаса бірі тірі қалмады.

Бір досымды ен далаға жерледім

Түс сияқты осы күні көргенім.

Менің көрген күндерімді е құдай

Бере көрме,ешқайсына пенденің!

Жолдастардай жаныңдағы болар кім?

Баспайды орнын ешбір пенде олардың!

Көпшілік боп аттанып ек кетерде

Қайтарымда жалғыз өзім оралдым.

Келдім дағы ауылымның шетіне

Ұзақ тұрдым өміріме өкіне.

Қанша жанның жараладым жүрегін

Кібіртіктеп,қарай алмай бетіне.

Пенде ме едік мұң мен зарға жаралған?

Соғысты деп үзілді үміт,сан арман.

Қанша боздақ отау құрмай,жер құшты

Өкінішті! Қалмады ұрпақ солардан.

Соқыр соғыс әкелген-ді мол қайғы.

Шаттық кетіп, нұрлы жүзден әр тайды.

Босағаны енді ғана аттаған

Жап-жас келін жарын күтіп қартайды.

Балалық шақ жапырағы тоналған.

Аяғы күс,алақаны қабарған.

Белкүректен белі сынған бөбектің

Кім қайтарад(ы) бал -бақытын жоғалған???

Аттандырған жанының бір бөлегін

О Аналар,неғылған сен өр едің?!

Қан жұтқанын көршісіне сездірмей

Алатұғын егістіктен әлемін...

Сөз қозғайтын атам жастық жастанып.

Соғыс жайлы әңгімелер басталып...

Кемсең-кемсең етіп ұзақ сөйлейтін

Сақалына мөлдір тұнық жас тамып.

Кеш, әже…

Үйге барсам,түседі көзге кілем,

Асыл әжем тоқыған өз қолымен,

Кезі келіп,осындай масатыны

Тоқимын деп мен саған сөз беріп ем.

Бірақ,әже,сөзімде тұра алмадым,

Үмітіңді кеше гөр,мұнарладым.

Ішімде бір өкініш,бір әттең-ай,

Бебеулеп тұншығады бір арманым.

Сен кеткен соң,өмірдің мұзы қарып,

Бәрі теріс айналды тыжыранып,

…Жалғай алмай отырмын,әжетайым

Алтын арқау жібіңді үзіп алып.

Әжетай,неге саған ұқсамадым?

Деген ем,тәліміңді ұстанамын.

Мына у-шу өмірде жүріп келем

Жүзінде қалт-құлт етіп ұстараның.

Жоғалттым топтап берген келебеңді,

Жаңылдым,өткен күнім келе ме енді?

Сүрлеуіңнен адастым салып берген,

Әжетай,кешіре гөр,немереңді…

Көбейді

Сұмдық көрсе,сескенбейтін көбейді,

Есті сөзді ескермейтін көбейді,

Тоқтау айтса,төрелікті түсінбей

Өзімсініп төске өрлейтін көбейді.

Ата-енеге иілмейтін көбейді

Оңайды да қиын дейтін көбейді.

Саф дүние құнсызданып барады

Сұлулыққа сүйінбейтін көбейді.

Әділетті жақтамайтын көбейді,

Ар намысын сақтамайтын көбейді,

Ең жаманы өз тегінен безініп

Ана сүтін ақтамайтын көбейді.

Ұят жасап ұялмайтын көбейді,

Нәпсілерін тия алмайтын көбейді

Жетімменен жесірлерді жылатып,

Жақындарын жиі алдайтын көбейді.

Ағат кетіп арланбайтын көбейді,

Елді тонап шамданбайтын көбейді.

Адам құны жоғалғаны соншалық

Атып кетсе,таңданбайтын көбейді.

Өз тілінде сөйлемейтін көбейді,

Өз баласын өгей дейтін көбейді,

Ата-баба дұғасынан безініп

Көктей солып,көгермейтін көбейді.

Өз ұлтынан жерінетін көбейді,

Ел дегенде ерінетін көбейді,

Өзге ұлттың биік қойып болмысын

Оңай ғана берілетін көбейді...

Болашақтың таңы қалай атады,

Күннен күнге көбеюде шатағы?

Қайран елім?!

Осы жағдай,осы күй

Менің нәзік жүрегіме батады.

Көктем

Қар астында Көктем жатыр шұрайлы,

Оянуға ерінетін сыңайлы.

Алтынкүрек сес көрсетсе,сәтте-ақ

Мұз-сүңгілер мөлт-мөлт етіп жылайды.

Бусаңсытып,уылжытты Жер бетін,

Жылу төгіп,шығып алды төрге Күн.

Қыстың қалың ақ көрпесін ысырып

Өзгертуде табиғаттың келбетін.

Кәрі құда Қыс қабағы кіртиіп,

Бара жатыр Көктем қызға бұртиып...

Бәйшешек гүл Күн көзіне талпынған

Көрінеді қар астынан қылтиып.

Барлық дүние көз алдымда тіріліп,

Сыбырласып,бір-бірінен сыр ұғып...

Қыспен Көктем арпалысып жатқанда

Қар астында бүр жарады бір үміт!

Қар астында Көктем жатыр құлшынып,

Табиғаттан әуезді бір үн шығып.

Бар әлемді бөлеу үшін бақытқа

Бұлқынуда жөргектегі тіршілік!

Суреттер ғаламтордан алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар