Жоламан Әйткен. Қай фəни үстем?!

Бөлісу:

01.06.2019 6066

ТҮС

Қай фəни үстем?!

Кей нəпсі досқа айналды жай тани түскен.

Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,

Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.

...басқа бүйірмен,

Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген.

Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,

Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.

Ұйқы да – парыз!

Қорқыттың көрі – түстегі бейкүнə аңыз.

Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,

Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз.

Түстер де – өңге,

Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.

Отырмас едік кен санап кестеге қарап,

Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.

Қорқыт бабам да,

Өз көрін көрген əр жерден жортып ғаламда.

Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,

Бұқар жырауға сол түсін жорытпағанда.

Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,

Түстер – ақиқат.

Өлшенбес ол ғылымменен.

Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,

Оң қырымменен.

ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

Қимай-қимай қоштасқан сүйген тұрақ,

Жанға жылу бермейді киген тымақ.

Арманыңның жолына аттануға,

Жібермейді момын Ар үйден жырақ.

Жолға шықсаң, қысады көңіл-етік,

Алсаң шіркін, жүгіңді жеңіл етіп.

Жолай берген жарнама газеттерді,

Лақтырумен барады өмір өтіп.

Қайда апарып соғады өзен күлген,

Алдағанын сезімнің сезем бірден.

Жасырам деп көңілдің жұтаңдығын,

Көшелерін қаланың безендірген.

Қолдарыңнан осы ма бар келгені?

Ең ауыры өмірде – Ар өлгені.

Кейде симай кетемін кең көшеге,

Кейде қимай кетемін тар бөлмені.

Тағы алданып батады аңғал күнім,

Батса батсын алданып, таңғалды кім?!

Қалай ақтап аламыз түн баласын,

Қалай сақтап қаламыз Ар қалдығын.

Жылтырынан жалғанның көзіңді алмау –

Шынайыны пір тұтқан сезімді алдау.

Сорақысы көңілде – жалған күлу,

Сорақысы өмірде – өзіңді алдау.

Айналамыз өтірік күлген қалып,

Бір бұрышта алмаған жүлдең қалып,

Жапандағы жалғыз үй саған келдім,

Кіл тобырдан жүк артқан сүлдемді алып.

АМАЛ ДӘПТЕР

Он екіге толғаннан,

Өмір үшін жалғасқан майдан әлі,

Тыныштықтың шығады қайдан әні?!

Қай сынақтан таяғым сынып кетті,

Қай тұрақтан аяғым тайғанады.

Соны ойласам, ішімнен тына қалам,

Өмір – сүр деп берілген сынақ алаң.

Айқасумен келеміз өзімізбен,

Тек Ар үшін: құлаған, құламаған.

Жақындардың есімі: көбі таста,

Сондықтан да жанарым толы жасқа.

Ес білгелі мың дәптер тауыссам да,

Амал дәптер...

Бұл дәптердің, алайда, жөні басқа.

Жақсылығым: қолымды жайғанымнан,

Жамандығым: жолымнан тайғанымнан.

Абыройлы жазғыштар дәптерімді,

Әкелері белгісіз қай жағымнан.

Алиф шығар сондағы білген әріп,

Хош иісі болмаса, гүл де ғаріп.

Оңнан келсе, масайрап оқытар ем,

Солдан келсе, көрсетем кімге барып?!

Жазылғанда дәптерге түк те қалмай,

Жауап қата алмаспыз түк табалмай.

Күнә шығар арқалап кеткен мол ғып,

Сауап шығар кеткенім жүк деп алмай.

Жақсылығым, бақытты сәттеріме,

Жамандығым, түскенім ат теріне.

Әділдіктің орнаса таразысы,

Көз тігемін амалдың дәптеріне.

Санамызды арман һәм қиял басқан,

Жер бетінде адамдар жиі алмасқан.

Өзім сүріп жазылған ғұмыр-дәптер,

Өзім оқи алсам ғой ұялмастан.

Өзің оқи алсаң ғой ұялмастан...

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

Жанарыма о, ғажап, жарық түскен,

Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.

Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,

Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.

Жұлдыз ақты,

жүрегім дірілдеді,

Ит тірлігі біреудің сүрілмеді.

Бірақ, бүгін ешкімнің өлгені жоқ,

Бірақ, бүгін ешкім де тірілмеді.

Балалық-ай, жұлдызды санаушы едім,

Бір тілектің болғанын қалаушы едім.

Аққан жұлдыз, білдім бе, оқ екенін –

Бұзып шыққан жын үшін алау шебін.

Балгер – сорлы, ғайыппен араласқан,

Хабаршы жын ат-тонын ала қашқан.

От пен нұрдың айқасқан алаңында,

Жанына ем іздейді жаралы аспан.

Жаралы аспан, осылай, тұнжырады,

Жаңбыр жауса, дейсің бе кім жылады?!

Жер бетінде қаза көп, мола да көп,

Таусылмады аспанда жұлдыз әлі.

Жанарыма о, ғажап жарық түскен,

Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.

Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,

Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.

ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ

Балықтар. Сіз қалай болса да, ренжіткен достарыңызбен

қайта татуласыңыз, ал кешке жарыңызбен ренжісесіз.

Бүгін бір пайдаға кенелесіз. Жаңа өзгерістерді

қабылдаудан қорықпаңыз.

Газет бетінен.

Ойыма келіп қонақ-арманым,

Шашудан қиял орап алғанмын.

Қайда барсам да ұрынған көзге,

Оқыдым жұлдыз жорамалдарын.

Көңілім көкке қалықтар ма еді?!

Жұлдызым қайсы?!

Балықтар ма еді?!

Анықтар ма еді болашағымды,

Не дейді екен жарықтар елі?!

Достар арасын дұрыста, - дейді,

Әйеліңменен ұрыспа, - дейді.

Төсекте қанша жатсаңыз-дағы,

Бүгін бір пайда, ырыс бар, - дейді.

Оқыдым-дағы көңілім түсті,

Жорамалсыз-ақ өмірім күшті.

Жатсынып тұрды астролог сөзін,

Аллаға деген сенімім ішкі.

Досымдай артпас өзге ешкім сенім,

Ренжіткен жатқа сөз де естірмедім.

Қабырғамменен керіспек түгіл,

Жар болар жанды кездестірмедім.

Аспан ғажабын көрмеді жандар,

Жорамалдағы келмеді сандар.

Жұлдыздар біткен жол көрсетеді,

Адаспас үшін жердегі жандар.

ӨМІР-АЙ

Қыранның тайып бастан бағы да,

Тауықтарың мәз шашқан тарыға.

Мысықтың мысы жетіп барысқа,

Айналды барыс жасқаншағыңа.

Ер өлер тиіп оғы айналып,

Ездің алда нық жолы сайланып.

Қорқақ батыр боп жалған сөзімен,

Батырдың жатыр қолы байланып.

Елін сүйгенді ел көтереді,

Елімсіз толдым деу бекер еді.

Қарапайым боп қара тайым жүр,

Көк есек неге кеуде кереді?!

Елемей біреу бастағы барды,

Үмітін үзіп тастады тағы.

Қаттыдан қорқып күн кешіп біреу,

Жайсаң жандарды жастанып алды.

Тынымсыз елім түнді тосады,

Білімсіздерің үлгі жасады.

Жұлдызға қарай ұмтылып біреу,

Жердегі әсем гүлді басады.

Пайдасыз ағаш өнім беретін,

Қоғамда қалай көңілденемін.

Танаға жеккен соқадай болып,

Өтіп барады өмір дегенің.

АҚБЕТ – АРУ

Бәз қалпында Баянтау бұрынғыдай,

Құсқа салсаң, бұл жақта, шығын құмай.

Ақбеттауда асқақтық бар деседі,

Нәзіктік те бар шығар бұрымдыдай.

Жақындамай сүйсінер жат шетінен,

Ақбет-Ару – мүсіні нақ бекіген.

Ара-тұра жарысып жел өбеді,

Ешкім сүйіп көрмеген ақ бетінен.

Бойшаңдығын Баянның байқады аспан,

Тау-Аруға Күн менен Ай таласқан.

Сұлулықтың алдында алма-кезек,

Тәулік бойы тағдырлар тайталасқан.

Тылсым аспан теңеген тауды аруға,

Күш жетпеді көңілін аударуға.

Болар еді Айға да қызығуға,

Болар еді Күнге де алдануға.

Мың бір тылсым бар екен шың-қатпарда,

Жұмбақ бұлақ Ақбетте, жұмбақ тал да.

Үн қатқанда құстары Күн шығады,

Тұншығады табиғат Күн батқанда.

Бүркенеді Ақбеттау таңға налып,

Сол бір түннен құпия қалғаны анық.

Күн батқанда күнәға батқан шығар,

Ақбеттаудың етегін қанға малып.

Күннің нұры шыңдарын өбіп көктен,

Түн баласы қырларын көрікті еткен.

Ал, Кемпіртас – Ақбеттің әжесі еді,

Қыз күндерін сағынып шөгіп кеткен.

Кемсеңдемес Кемпіртас уайымынан,

Жаласы көп Ақбеттің қайыңынан.

Таудай бақ бар сыйлаған таң нұрынан,

Таудай мұң бар жимаған айылынан.

Жақсыаула, Жаманаула – құрбылары,

Тау-ғұмырдың тағдырын жыр қылады.

Тас боп қатқан сондағы пәк көңілі,

Жас боп аққан сондағы бір бұлағы.

Ақбеттау – Ақбет-Ару...

СҰРША ҚЫЗ

«Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,

Көрісерміз, Сұрша қыз, Баянтауда...»

Жаяу Мұса

Тағдырыма мұң біткен байланыпсың,

Түннен безген, мені мен айдан ықсын,

Ақтарылған сырымды түсінбеген,

Ақтармаған мұңымды қайдан ұқсын?!

Айналамның барлығы түгесілген,

Шықпай қойды бір əуен түк есімнен.

«Көрісерміз, Сұрша қыз, Баянтауда»,

Осы əнді, қарағым, білесің бе?!

Жасамай-ақ алакеуім шақта ылаң,

Жалғыз дауа өлеңге ақтарылам.

Ақынмын деп айтуға арланамын,

Арланамын біреудің тақпағынан.

«Сұрша қыз-тын» жасымнан өскен естіп,

Мұңды арқалап бабамыз көшкен өстіп.

Саған жазған жырыммен толығар ма,

Жүрегіңе орнаған бос кеңістік.

Бақыт бізді күтеді кім біледі,

Жемір мұңдар жүректі тілгіледі.

Қапаланар қоғамда сəттер қанша,

Сенің күлкің жүректің күндік емі.

Сырты бүтін жанымның іші елесте,

Көргенімнің барлығы түс емес пе.

Біз екеуміз суыдық əлдеқашан

Қайдағы жоқ нəрселер түседі еске.

Сенсіз мынау жалғанда өмір кешу –

Сепкендей боп тұрады көңілге су.

Өзім жұмбақ,

Сен жұмбақ,

Жұмбағыңды

мүмкін емес əзірге жеңіл шешу.

***

Мезгілдер алдағаны ма?

Гүл айтшы солады неге?

Қолдарым тоңады неге?

Кінәлі салқын дала ма?!

Кінәлі салқын ғана ма?!

Сұлуға жанымыз құштар.

Білмеймін. Қысылғаным ба?

Қолымды ұсынғанымда,

Сол сұлу қолымды алмады,

Арманым орындалмады.

Сол қызды жолықтырғанда,

Жүк артып арқама ғалам,

Қолымды қалтама салам,

Сезімдер шайқалар деумен,

Қолымды қайтарар деумен.

АЯЛДАМА

Сезімнен не күт демекпіз,

Қарсы оған жоқ амалым да.

Таңертең кетіп себепсіз,

Бір кешке ораламын ба?!

Қыс. Дала. Аялдама. Жол.

Ақ боран өбіп кеп ұрған.

Мен мінем баяу ғана сол,

Кез келген көлікке тұрған.

Ойларым алысып барад(ы),

Мұң қосып бақытқа ептеп.

Автобус жарысып барад(ы),

Беймəлім бағытқа беттеп.

Көлікте үсіп барамын,

Мұң менен қаяу қамаған.

Мен сосын түсіп қаламын,

Белгісіз аялдамадан.

Ақшам шақ. Меңіреу дала.

Айналам қайта түн болды.

Мейірімді кейбіреу ғана,

Көрсетер қайтатын жолды.

Мені елім оңалып, күтіп,

Мен жайлы айтар ол əнін.

Өмір боп жоғалып бітіп,

Өлең боп қайта ораламын.

ЖОЛ

Көшесіне қалай барам Ақылдың?!

– Былай, былай.

Келе жатып қара жолдан жаңылдым,

Құдай! Құдай!

Мынау көше қалай қарай бастайды?!

Үйі ме екен Сабырдың?!

Қақсам неге есіктерін ашпайды?

Бəлкім, тағы жаңылдым.

Тобыр біткен топас қылып жібермек,

Таланғанды талаңдар.

Қойсаңдар да мен табамын шідерлеп,

Ей, мейірімді Адамдар!

КІМДЕР?

(Депрессия)

Бəріне жаным сене қалады,

Ой түзеу бізге керек шамалы.

Оның пышағы неге кызыл қан,

Жон арқам менің неге жаралы?!

Сырларға толып тұрады кеудем,

Бір жандар мені ұғады деумен.

Біреуге жүрміз күдікпен қарап,

Қай кезде мені жығады деумен?!

Кімдерге барсам, құлып тұрады?!

Кімдер уайымды ұмыттырады?!

Қайғырсам егер мұңданып бірге,

Белгісіз кімдер күліп тұрады?!

Жанымда кім бар – жаңылсам, демер?!

Қайсысы бүгін – шақырсам, келер?!

Кім жанын салып құтқарып алар,

Үміт қайығын батырсам егер.

Кім жазар жанды салғанда қаяу?!

Кім болар бірге таңдарда баяу?!

Кім барын берер жүргенде мұңды,

Кім атын берер қалғанда жаяу?!

Біреу сөзімді ұқпасы анық,

Біреу өзімді жықпасын алып.

Қоңырауларды шала бастасам,

Кім көтереді, тұтқасын алып?!

Кім демер ауыр жүгіме дейін?!

Кім келер туған күніме кейін?!

Кім қалар тастап жарты жолымда,

Кім барар бастап түбіне дейін?!

Тұра ма сөзде, «Сөз берем!» деген?!

Жоғалып кетер көз «Көрем!» деген.

Кім сырды сақтар айтылған жерде,

Кім бөліседі өзгелерменен?!

Кім бірге айтшы құлап, тұрады?!

Кімдер күдікті жырақ қылады?!

Көңілден қалған кейбіреу үшін,

«Кім?» деген ойда сұрақ тұрады!

СЕЗІМ АЙНАСЫ

Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,

Дәлелде деме текке кеп.

Мен саған сосын гүлсіз барамын,

Үнсіз қаларсың өкпелеп.

Солып қалады гүл де арада,

Мәңгілік нені сағындық?!

Күншілдер көрер күнге қарама,

Айға қара да, жанымды ұқ.

Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,

Өзгелер анық ұқпасы.

Биікке бірге шыққың келсе егер,

Жүректің, міне, тұтқасы.

Биікке шықсақ тек сенің арқаң,

Құлап та қалар кезіміз.

Өмір сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,

Қиындататын өзіміз.

Тағдырды адам сүрген бе жазып,

Басқа жол шаршап іздеме.

Аруды сүйдім гүлден де нәзік,

Солмайтын қыста, күзде де.

Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,

Жанымда гүлдей жайнашы.

Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,

Махаббатымның айнасы.

ОН ЖЕТІНШІ КӨКТЕМ

Махаббатсыз өмірдің мәні бар ма?

Бір жан керек аңсарға, сағынарға.

Білемін сен жайлы көп, сосын шығар,

Жүрегім жоқ ақылға бағынарға.

Суретіңе сен салған көп қарадым,

Құр қараудан, жаным-ау, жоқ па амалым?!

Саған деген сезімді ұшан-теңіз,

Бір өзіңе айтуға оқталамын.

Оқталам да қаламын тағы бұғып,

Мұз жүректің қалар деп сағы сынып.

Гүл ұсынған жүрекке сен тұрсаң ғой,

Махаббаттан басыма бақ ұсынып.

Айналып жүр басымыз жер секілді,

Екеумізді өзгелер көрсе, күлді.

Он жетіңде жүректі жараладың.

Он жетінші беттегі мөр секілді.

Жерге түссе аспанның жасындары,

деп, ұқ оны – сезімнің тасынғаны.

Сағым болып кетпессің таңымменен,

Бағым болып қаласың басымдағы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар