Мұрат Алмасбек. Майкөз

Бөлісу:

08.07.2019 4069

Әңгіме

Шоқыта тартқан бір топ адам ауыл шетіндегі қоңырқай үйге ат басын тіреді. Бірақ, оларды қарсы ала шыққан ешкім болған жоқ. Кіргеннен кейін дастарқан да жайылмады. Бұған келгендер де сызды қабақ таныта қоймайтын секілді. Себебі, осы үйдің от жағып, ошақ түзер адамын өздері әлгінде жерлеп қайтқан беттері еді.

Бүгін ғана өлім шыққан үй суық тартып, сұрқы қашып тұр. Отырғандардың да түрлері салыңқы. Бәрі көздерінің астымен қазан-аяқ жақта үрпиген үйелмелі-сүйелмелі төрт балаға қарайды. Алды он бір, арты беске жаңа толған кішкентайлардың әлпеті адам қарағысыз аянышты. Әркімге бір жаутаңдап, әлдеқандай жақсы сөз, жағымды хабар күтетіндей. Алайда, жағалай жайғасқандардан жылы жүз, жарытымды ықылас сезе алмай, қастарында мүлгіп отырған шүйкедей көрші кемпірге ығыса түседі.

– Ау, жарандар, қозғалайық! Ендігіміз не елжіреу!..

Жайшылықта қаракүрең беті татарып жүретін Тайшыбек осыны айтқанда себепсіз қатуланып, шарт жүгініп алды. Ол оқыс «гүр» еткенде жанындағылар жапа-тармағай бойларын жиып, Байқонаққа бұрылды. Байқонақ – жасынан ақалақшы Жансерінің сенімді шабарманы болған. Қазір ақыл қосар серігі. Ақалақшының адуын алты ұлын аузына қаратып отырғаны да сол.

– Өлер адам өлді. Ары қарай тірінің тіршілігіне сүйеніш керек. Мына балаларды жетім екен деп жылатып, наласына қалмаңдар. Ақысын жеп, ар-намысын аяққа баспаңдар. Жетімектерге әуелі Тәңір жар болсын, одан кейін сендерге аманат. Аманатқа қиянат етіп, аруаққа шет болмайық.

Осыны айтты да ым қағып, орнынан көтеріле берді.

– Киім-кешектері мен жамылғы-төсеніштерін қалдырмаңдар.

Келушілер қай баланы кімнің алатынын әуелден ақылдасып қойған сияқты. Әр қайсысы өзіне тиесілі «аманаттарына» қарай ұмсынды. Сол-ақ екен, ұйлығып, үрейленіп отырған төрт жетім бақыра боздап, бір-біріне тастай жабысты. Әке-шешелері бірдей өліп, тақыр жетім қалғаны аздай, енді өзара тірі айырылатындарын білгенде безектеп кетті. Араларында біреуі ғана «тырс» етіп дыбыс шығарған жоқ. Ол – Сармантай. Шулап-шұрқырап жатқан аға-бауырларын орай құшақтап алыпты. Жақын келгендерге жанары шоқтай жайнап, атыла қарайды. Басқаларынан гөрі тұрқы бөлек. Екі көзі шарадай. Денесі де ірі. Кеудесі кең. Ағасы Тоқай, екі інісі Жабай мен Ақсайды сол кең кеудесімен жасырып, бүтін денесімен бүркеп қалмақшы. Бірақ, тебіндеп жеткендер олардың жылау-сықтауына қараған жоқ. Орындарынан жұла көтеріп әкетті. Сармантайды Тайшыбектің өзі дедектете жетелеп далаға алып шықты.

Сыртта бірнеше адам малды айдап әкелген екен. Енді бөліске салмақшы. Үйді жығуға қамданған бір-екі жігіт түңілікті түсіргелі жатыр. Осы сәтте Сармантай атқа мінгізгелі жатқан шабарманның қолынан жұлқына шығып, тістене жүгірді. Барды да, белдеу арқанды шешіп, бері бұрыла берген жігіттің бірін қазан толмастан қадай сүзіп, шалқасынан түсірді.

– Тиіспеңдер үйге, малды да таламаңдар, – деді бар дауысымен зыттана айқайлап. Қасқырдың жаралы бөлтірігіндей қабағында кек қайнап тұр. Енді тебіндеп келе жатқан шаштары тікірейіп, өңі түтігіп кетіпті. Бәрінен бұрын, шарадай көзінің қарашығы кішірейіп, бозара ақшыраңдап шыға келді де, тарамдала қан жүгіріп барып қайтты. Оның бет әлпетін көргендер тіксініп қалды. Аңдаусызда оңбай түскен әлгі жігіт тыныс ала алмай жирыңдап жатқан. Әзер тұрған ол бармақтай баладан таяқ жегеніне намыстанып, «ой, мына күшікті...» деп қамшысын көтере беріп еді, Байқонақ ақырып жіберді:

– Тарт қолыңды! Күшіңді өзің теңдеске көрсет. Болды, балалардың көзінше үйді жықпаңдар. Тоқайға қалсын. Ертең көшіріп аламыз.

Тоқай Жансерінің үлкен ұлы Қалыбектің қолына бармақшы. Бұны естіп мына жақтан Өтербай өкіректеді.

– Байқон аға, бұныңыз қай жөнге сияды. Қара шаңырақ кенже ұлға тиесілі болмай ма?!

Ақсайды сол алып кетпек еді. Мына үйді жылқышыларына қос, қойшыларына итарқа қылмаққа есеп жасап қойған.

– Үлкеніне енші бөліп, кенжеме шаңырақ бастырам дейтін бұлардың әке-шешесі тұр ғой деппе едің?! Қай бұрын ер жеткені ұстайды шаңырақты. Тәңір жазса мына Тоқай ертең-ақ «отау иесі» жаста. Соған қалсын. Болды, осымен сөз бітті.

Үй жығылмады. Тұрғандар малдың кейбірін жетекткеп, кейін айдап кете барды. Сармантайды Тайшыбектің бір жігіті алдына мінгізіп тарта жөнелген. Бала қатты бұлқынып, тағы да айқай салды.

– Қоя беріңдер деймін, үйде қаламын мен. Апам келеді, апама барамын. Қайда апарасыңдар бізді өңкей арамза, қылғұрттар! Әкемді де сендер ертіп кетіп өлтірткенсіңдер. Әкетпеңдер малымызды, үйде қаламыз біз, – деп аттан түсіп кетпекке жанұшырды. Алайда, еңгезердай шабарман оны еркіне жіберген жоқ. Баланың әлі құрып, дәрмені таусылды. Енді, бар ашуын көз жасынан алып, ботадай боздады. Ішіндегі удай ыза-кек, шер-шеменді ащы жылаумен ақтарды. Арасында «апама барамын, апам қайда, әке-е-е-е» деген зарлы дауысы анау аттылардың алдында өзі құсап еңіреп бара жатқан аға-бауырларының зарына қосылып, ұзаққа дейін мұңлы әуенмен ызыңдап тұрды...

****

Астында белі бөренедей құла бестісі бар Сармантай асығыс жортады. Қазір ол бөрі кеуделі, бура санды келіскен азамат болып өскен. Ақсары жүзі алаулап, жалпақ маңдайы жарқырап келе жатқанда, көргеннің көзін бір сүріндірмей қоймайды. Танымайтын әлдекімге «мынау жетім қалып, біреудің босағасында өскен бала» десең сенбейтіндей. Әсіресе, көзінің ағы шарбы май тәрізді ерекше түс, оқшау пішімді. Асты-үсті сақина тәрізді дөңгелене томпиып тұр. Осының бәрі жас жігіттің басқалардан бөлекше, нышанды адам екенін аңғартады. Қою қасты, кесек мұрынды сұлу жүзіне біткен ерекшелікті кемсіткісі келгендер оны «Майкөз» атандырып жіберген.

Тайшыбектің үйіне келген соң Сармантай өзіне тиісті теперіштің талайын көрді. Алайда, «жетіммін» деп жасыған жоқ. Әлгі, бауырларынан бөлінген күннен қайтып жылауды ұмытты. Неге болса да тас бекініп, тәлкекке де, таяққа да тісін-тісіне баса төзді. Өсе келе кеудесін ешкімге бастырмайтын өрлігі асқынып, өзі қатарластарын қоғадай жапыруға көшкен. Тайшыбек те оны тізеге салып ұстаудың тым ұшқары тәсіл екенін түсініп, «ұзын арқан, кең тұсаумен» жіберуді жөн көрді. Өшіктіріп, өршелендіріп алудан қаймығатындай. Десе де, анау бір бұларды бөліске салатын күнгі «әкемді сендер ертіп кетіп өлтірткенсіңдер» деген Сармантай сөзі бұның құлағында қалып қойыпты.

Төрт жетімнің әкесі Бегалы ақалақшы ауылына алыстан қиысатын жамағайындары болатын. Ол өзіне дейін бірнеше ата бойы жалғыз ұрпақ әулет жалғап келді. Бегалы да жау түсіргіш, сойылгер ретінде аты шыққан. Амал қанша, осы мықтылығы ру ара бақастықтың кір арзымас кикілжіңіне қор болды. Үйінде жайын жатқан жігітті осы Тайшыбек бас бір топ содыр-сотанақ «жау шаптылап» ертіп әкеткен. Сайланып келген қарсы жақтың да қарасы мол екен. Үздік-создық жеткен бұларға түйдектеле тап бергенде, Тайшыбектер тайқып шықты да, беті қайтып көрмеген Бегалы топқа жалғыз кірді. Бара шапшаң қағып, екі-үшеуін төңкеріп жіберген. Жасанған жау қойсын ба, қайта айналғанша, сартылдаған көп сойыл жауып кетті. Соның бірнешеуі бата тимей, қата тиіпті. Аттан ауып түсіп, аз жатқан соң Бегалы үзіліп кетті. Арыстай азаматты атқа артып әкелгенде, әйелі Айбике үстіне ес-түссіз құлады. Содан қайтып оңалған жоқ. Бұрын да дімкәс еді. Оған қайғы-қасірет жамалып, әлсіз жанды алып ұрды. Ақыры, тұл жетім қалған төрт ұлды ағайындары үйді-үйіне таратып әкеткен...

Сармантай алдағы жасыл төстен сырғып, жазықайдағы жайылма бұлаққа беттеген қойларға қарай бұрылды. «Би ауылыныкі болар» деп топшылаған. Қателеспепті. Кереге тастың түбінде от жағып отырған Тоқай атып түрегелді. Екі езуі екі құлағына жетердей мәз. Інісін аттан түсер-түспестен келіп құшақтай алды. Көріспегелі біраз уақыт өтіпті. Екеуі от басына жайғасты. Амандасып, аз-кем тіл қатысқан Тоқай үйездеген қойларға қарай кеткен. Жуас, сүтті көк ешкіні лезде ағаш тостағанға сауып әкеле қойыпты. Беті қоламталана бастаған қарағай шоғының арасында қызара бөртіп баланың жұдырығындай үш-төрт малта тас жатыр екен. Тоқай оларды сүйек сақпысымен қысып алып, тостағанға іркес-тіркес тастап жіберген еді, сүт «бұрқ-сарқ» қайнап ала жөнелді.

– Мә, ішіп ал, – деді ол тостағанды бауырына ұсынып. Өзі ерекше қуанулы. Күнге тотыққан қара қоңыр өңінен жылы жымиыстың табы үзілер емес. Сармантай қорықтықтың қою сүтін сүйсіне ұрттап отыр. Арасында ағасына барлай қарады. Тон, жейдесі таза, аяқ киімі бүтін екен. Сеңсең күлапарасын шешкенде, ішінен тартқан ақ шыты «жарқ» етті. Оның жүдеп-жадап жүрмегенін көріп көңілі жайланды.

– Әйтеуір, «би апамның» ықылас-ниеті түзу. Ел қатарлы күн көріп жатырмыз, – деді Тоқай оның ыңғылына қарай өз жайынан сыр аңдатып.

– Жабайды көре алдың ба, аға? Оның хал-жайынан не хабарың бар?

– Осы жазға салым кезіктім. Ірі қара бағамын дейді. Астында аты бар, шаруасына орамды көрінеді. Сені сұрады. Айтпақшы, бері көшіп келе жатқанда Ақсайдың басына да барып қайттым.

Сармантайдың өңі түнере қалды. Өтербайдың қойының артынан бір күн қалмайтын Ақсай былтыр көктемде қарлы боранда қалып, өкпесіне суық тиіп ауырды. Сырқат баланың күтімі жақсы болмай, күзге қарай қыршын жас «о» дүниеге аттанып кете барған. Қан жылаған Сармантай байдың ауылын жаралы бөрі шапқандай қылды. Өтербайды сойлыға жықты. Бұнымен де қысасы қайтпай, жылқысын леген қағып қуып, бірнеше мама бие, тай-байталы жардан ұшып мерт болған. «Өз ажалынан өлген інісі үшін мені құныкер қылмақ» деген Өтербайдың үрлеуіне, өзінің ала құйын желі қосылған Тайшыбек оны үш күн бойы нәр татырмай байлатып тастады. Кейін үлкендерден именіп босатып жіберген. Әйтсе де, «әй, осы дүлей түбі бізге кесел болатын секілді, басымызға әбден шығарып алдық» деп бірі айтып, бірі жөптеп, тіс шықырлатып қалған...

Әңгімені басқаға бұрған Тоқай, енді інісінен жөн сұрады.

– Ал, өзің қайда беталдың. Алысқа жол тартқан сықылдысың ғой?

– Е,е,е! Мен мына Шүкіман ауылдары жаққа бара жатырмын. Жаз басында айғыр қуған көк сәурік әлі табылмады. Соны іздеп шыққанмын.

Сармантай қыс баласы жылқы отарында жүріп, ат жалын жастанып ұйықтайды. Көктем мен күзде де таусылмайтын сарпалдаң. Бір кеңи қалар тұсы – осы жайлау үсті. Кейде ел аралап, ойын-той қуып кетеді. Сондай тойлардың бірінде күреске түскен ол, бас балуанды басынан асыра лақтырып, жиналған көптің айызын қандырған. Сонда «пай, пай, шіркін» десіп алқаған жұрттың арасында өзіне ұрлана көз тастап, қарақат жанарынан «жарқ» еткізе ұшқын шашқан қызды бұл байқаған жоқ. Кеш бата алтыбақан басталды. Оның соңы ақсүйекке ұласқанда, Сармантай тура әлгі арумен жұп құрамасы бар ма. Осы күнге дейін өзі теңдес төмен етектілерге тәкаппар қарайтын тентек бозбала, сол жолы сезімге қалай тұтқын болғанын сезбей қалды. Лебізі балдай, ай жүзі таңдай бойжеткеннің үлбіреген қолынан алғаш ұстай алғанда, бойда «дүр» еткен дүлей ағын оны аспанға атып жібере жаздаған. Балуан денелі жігіттің батпандай қолы қыздың нәзік білегін біразға дейін дірілдетіп тұрды...

Содан кейін-ақ, оның Шүкіман ауылы жаққа аңсары ауа беретін күйге түсті. Алтыншаштың да Сармантайға бір көріп көңілі құлаған. Жігіт те жүрегінің әміріне қарсылықсыз жүгінді. Бір-біріне риясыз махаббаттарын арнаған екі ғашық тез табысты. Табысып қана қойған жоқ, сөз байласып, серттесіп үлгерді...

Сүйгенімен жүздеспегеніне көп күн өткен жігіттің кеудесі сағынышқа жүкті. Тоқайдың қасында көп отырып қалған ол енді асыға атына қонды. «Амандықпен көрісейік, жолың ашық болсын!» деп біраз жерге дейін ілесе жүрген ағасы мұңайып, қимай қоштасты. Оны жұртқа тастап кеткендей күй кешкен інісі де белегірден аса бере, артына бұрылды. Тоқай таяғына сүйенген бойы селтиіп, әлі қарап тұр екен. Көмейіне ащы өксік лықсып келген ол құланы тебініп жіберіп, сайға қарай құлдилай жөнелді.

****

... Үнсіз қалған Алтыншаштың жүзінен қос тамшы төмен қарай жосып бара жатты. Кешкі күн шапағы құбылтып, болымсыз қызғылыт сағым ойнай қалған жасты жігіттің жалпақ алақаны тез сыпырып тастады. Қыздың жылағанын тұңғыш көруі. Екі иығынан қаусыра ұстап, бетіне абыржи үңілді.

– Не болды сәулем, мынандай уақытта жылағаның не?!

– Жаныңды жабырқатсам айып етпе, Сармантай. Екеуміздің осылай бірге болатын күндеріміз енді арман болып қала бере ме деп шошимын.

– Тек! Ондай кесір сөзді айтушы болма. Бізді ешкім айыра алмайды. Әлде, екеуміздің сөз байласқанымызды әке-шешең біліп, қарсы болып жатыр ма?

– Олар сені білмейді. Бірақ, білсе де бәрі кеш. Әкем басқа біреумен құдаласып, қалыңмал алып қойыпты.

Сөзінің соңын әрең аяқтаған Алтыншаш қыстыға жылап қоя берді.

Сармантай үндеген жоқ. Қыздың иығынан ұстаған қалпы бетіне ұзақ қарады. Жасын сүртпеді, жұбатпады. Ол жылауын тиып, басын көтергенде ғана тіл қатты.

– Кімге құдаласыпты?

– Сендердің елден екен. Жолбазардың Тоғажары деген адам дейді.

Бұны естіген Сармантай өз құлағына өзі сенбей қалды. «О, шұнақ тәңір, тағы да алдымнан Тайшыбекті тап қылғаның ба!» деп ызбарлана күбірледі.

Ақалақшымен әкелері бір туысатын Жолбазар арқалы, атақты бай. Үш-төрт әйелінен туған үйірлі қасқырдай ұлдары да көп. Солардың ішіндегі Тоғажар – тентек, тектеусіздігімен аты шыққан теріс азудың бірі. Әдетте, ондайлардың топтасатын жері Тайшыбектің төңірегі. Осы қыста ғана әйелі өліп, бүйірін таянып қалған Тоғажардың жыл уағына толмай жар төсегін жаңалауы сол тидаусыздығынан басқа түк те емес еді. Иә, жылын өткізбек түгілі, жетісін бермей жатып қайта қатын алса да ол Сармантайдан сұрамайтыны анық. Әйтсе де, бақадай шулаған елден басқа қыз таппағандай, тура бұның сүйгеніне сұғын қадапты. Сармантай мен Алтыншаштың арасындағы әңгімені білсе Тоғажар алдымен Тайшыбекке соғады. «Ана жетімекті өзің жөнге саласың ба, әлде...» деуі мұнда тұр. Әрине, төбелерімен аспан тірегендей тасыраңдап жүретін өңкей телі мен тентектің қамшысы бірден «майкөздің» төбесінде ойнары сөзсіз. Кермаралдай керілген сұлу оның теңі емес. Әуелі, қалыңмалын төлеп қойған «алғыншығын» жалғыз атты жетімнің адамы қылу дегеніңіз олар үшін иттің қарғыбауына қылқынып өлгенмен тең қасірет.

Осыларды ойлаған Сармантайдың қаны басына тепті. Кілең жуан жұдырықпен жағаласып, теңдесіп майдан тартуға тіреу болар ешкімі жоқ. Бар деген бір туғандарының жайы мәлім. Өздері біреудің босағасында бейбақтың күнін өткізіп жүр. Құла бестіні қаңтарып тастап, қарағайлы шоқыда ұзақ отырған ол, ақыры бір тәуекелге бел буып орнынан тұрды...

****

Аттар пысқырып, әлденеден үркіп тұр. Сармантай айғырдың жалындай күдірейген самырсын бүрінің арасынан сақтана сығалады. Қолында садағы мен қорамсағы. «Аю шығар» деп ойлаған. Алғаш осы араға үш атпен келіп еді. Сол түні арқандаулы жылқыларға аю шауып, біреуін жазым қылды. Қорқып қалған Алтыншаш та нүсіз бұғып отыр. Сармантай екі ат елеңдеп тұрған жаққа көз салды. Қарсыдағы тік беткейден тастарды сылдырлатып тау ешкілер кетіп барады екен. Өздері анда-санда бір тоқтап, төмендегі жирен төбел мен қара құлақ атқа қарап қояды. Адам барын сезбегендей. Аралық жап-жақын. Адырнаға жебе іліп, бұқпантайлай шыққан жігіт бір тізерлеп отыра қалды да, топ ешкінің соңындағы мелжемділеу бірін көздей шірене тартты. «Су» етіп ұшқан ырғай жебе тура тақыр қолтықтан қадалды. Оқыс секіріп қалған таутеке салдыр-гүлдір етекке домалады. Қалғандары шошына тасырлатып, қия беткейді қабырғалай қашып жоғалды. Сармантай Тәңір өзі айдап әкеп берген олжасын дереу жәукемдеді. Әбден семірген қоңыр аңның бүйрегі бітеу екен. Бір жілігін қара тоқал шәугімге тоғытқан ол, енді айналасына көңілдене қарады. Бұған дейін де аң іздеп сандалмай-ақ, осы өздері паналап жатқан самырсынды жабыттап бір елік пен екі-үш тау қоянын атып алған. Жер иен қалғалы аң шіркін де еркінсіп, бойды кеңге салған секілді. Сонау етекке дейін түсіп, жұрт жағалап, қашаларға қасынып кетіп жүр. Ел төр жайлаудан баяғыда түсіп кеткен. Кеше ғана дыр-думанға толы базарлы ауыл қондырған жұрттар бүгін дөңгелене сарғайып, сағынышты көңілдің, құлазыған өңірдің таңбасындай бадырайып жатыр. Бастау жағасы мен бұлақ бойлары, желі мен биебау басы қайта алшындап, жасаңғырап қалғанымен, сонау қарлы шыңдардан бері аунаған сұры бұлттар суық қыстың сәлемін жеткізгендей...

Осы суық Сармантайды да алаңдата бастады. Бастапқыда тордан құтылған құстай самғап шыққан екі жас бәрін ұмытып, үрейсіз, алаңсыз, оңаша әлемге кіріп кеткен. Екеуіне ғана тән ен таудың құшағында емін-еркін еркеледі. Әсіресе, Сармантайдың көңілі тоқ, көкірек сарайы гүл жазира. Он бесінде толған айдай мөлдіреген Алтыншаштың сыңғырлы күлкісі, уыздай ұйқысына, назды қылығы мен кәусар тұнығына мастанып, елітумен болды. Тұйық сайдағы жартасқа жабыса өскен бітеу самырсынның асты оларға алты қанат ақ отаудан кем болған жоқ. Алғашында алаң күй кешкен қыздың да, көп өтпей көңілі орнына түсті. Қызулы жас жүректер жарық жалғанның қызығын өздері ғана еншілегендей шарқ ұрды. Бірақ, ол қызық та мәңгілік емес сияқты. Міне, қылышын жалаңдатқан қыстың ызғары Сармантайды сезім мұнарынан сейілткендей. Қыстың суығын бірдеңе қылар-ау, арт жағында қан шеңгелін созып, уытты заһарын төгіп жатқан Тайшыбек пен Тоғажардың зәрдей аязын қайтпек?!. Уақыт өте зәрі сына ма, әлде олардың жүрегі туғаннан өлгенге дейін тас боп өтуге жаралған ба?!.

Анталаған ойлар қамап, озбырлыққа қайта мұздай бастаған жүдеу жігіттің жүрегін тосын қуаныш майдай ерітті. Алтыншаштың аяғы ауыр екен. Өмір тағы бір қырынан жалт етті. Бұлаңдаған түлкі дүниенің құйрығы тіпті құлпырып сала берді. Сармантайға жасқанып, жабырқайтын ештеңе жоқ. Еркіндік пен сүйгені үшін егеске түскен жаны енді ұрпағы үшін күймек. Тірішілік жолындағы тайталас, күн үшін күрес бітпейді екен. Енді, ең алдымен, қыста паналайтын жылы орын табу қажет.

Ол маңайдағы көзге түспейтін қалтарыстардан үңгір іздеп көріп еді, байқалмады. Сөйтіп, жүргенде алғашқы қар жауды. Амалсыз қалған Сармантай жатқан орындарынан алыстау жерлерді де шолуға аттанған. Ақыры биік дараның кеуде тұсындағы қорым тас маңынан бір үңгірді көзі шалды. Беті ашық, жалтаңдау секілді. Бірақ, оның «иесі» бар болып шықты. Аюдың апаны екен. Жұқа қарда тау жыртқышының ішке кірген айпарадай ізі жатыр. Тым үлкен емес сияқты. Табан көлемі шағындау. Үңгірді жақыннан маңайлап көріп еді, ауызы кең, айналасы жаттық, паналауға қолайлы көрінді. Қызығып қалған ол осы үңгірді тартып алғысы келді. Апанға кіруге бекіді. Қарақұлақ атты төменге қалдырып, киімін шешіп жеңілденді. Сол жақ білегін қасынан тастамайтын қайыс арқанмен тоқпақтай қылып орап тастады. Садақпен атуға, шоқпармен ұруға келмейтін ыңғайсыз жердегі жыртқышты осылай алмақ. Аюға жақын жерден айқайлай тап берсе, шошығаннан бассалып құшақтай кетеді. Сол сәтте арқан ораған білекті аузына тоса қояды да, өзі лып етіп құшаққа кіреді. Айқара орап, ауа қармап қалатын жыртқыштың тырнағы онша қауіпті емес. Кездікпен ішін жарып жібереді, не қолқа жүректен бір-ақ қорқыратады. Егер, ойлағаның орындалмай қалса, жыртқыштың жемі боласың.

Қазір аюлардың алды ұйқыға жататын уақыт. Апанына басып кіруге қолайлы кез осы. Қолына жалаңдаған кездігін ұстаған Сармантай аңдып басып, апан аузына жақындап тың тыңдады. Бөтен дыбыс жоқ. Жым-жырт. Көн етігін де шешіп, тері байпақпен ішке кірді. Үңгірдің аңқасы кең, ар жағы түкпіштеу екен. Жылы, құрғақ леп білінеді. Ала көлеңкеде аз тұрып, көзін үйреткен ол дәл ортада төбедей болып жатқан жыртқыштың қарасын көрді. «Әттеген-ай, шоқпарымды ала кірсем болғандай екен» деген өкінішті ой келді басына. Осы мезет секем алған аю оянып кеткендей, қозғалып қалды. Бөгелуге, тайсақтауға уақыт жоқ. Қас пен көздің арасында қимылдамасаң қапыда кетесің. Меңірейген аю есін жиып, иіс сезіп болғанша Сармантай сақпанның тасындай атылып, тура алдына жетіп барды да, бар қаһарын төге, үңгірді жарып жіберердей ақырып-ақырып жіберді. Сөйтті де, арқан ораған білегін дайындап, кере қарыс кездігін оқтап, ананың атылуын күтті. Алайда, оқиға мүлде басқаша өрбіді. Орнынан алдыңғы екі аяғын сабаланып, адамша тұтқиыл атып тұрған жыртқыш та бар дауысымен бақыра беріп, шалқасынан түсті. Не жағдай болғанын түсінбеген Сармантай бағанағы қалпында қозғалмай қалған. Аю «сұлқ» жатыр. Бұны қандай жын соғып кетті деп жақындап келді. Аяғымен қозғап көріп еді, «былқ» етер емес. Сілейіп, ауызы ашылып, тілі салақтап өліп жатыр. Сонда ғана оның есіне аңшылар айтатын әңгіме түсті. Жыртқыштың жүрегі жарылып кеткен екен. Тап менің айқайым жүрек жарады деп күтпеген жігіт демін басып, қайран қалды. Атқы мен қақпанға түскен, малға шапқан аюды көріп жүр ғой, бірақ дүлей аңды үңгіріне кіріп, бір айқаймен соғып аламын дегенді ойламапты. «Не мен, не ол» деп алысқалы кірген. «Ой, атаң етін жегір, аю, аю дегендегі жер жарған атың осы болды ма» деп мырс етті. Масаттанып, мақтанып та қалған. Құнан өгіздей сары аюды сыртқа сүйреп шыққан ол, Алтыншаштың жалғыз қалғаны есіне түсіп, солай асықты.

Үңгірдің іші расында жайлы, тегіс екен. Бұрыстау түкпір жағы тіпті жылы. Екі «қашқын» қандай қыс болса да «қыңқ» етпей шығатындай. Оны-мұны заттарын кіргізіп, жаңбыр, қар, жел мен суықтан қорықпайтын орын тапқандарына Алтыншаш та қатты қуанды.

Кеш түсті. Үңгірдің аузына жаққан от баяу шалқиды. Таутекенің төстігін қақтап жатқан Сармантай тонға оранып, отқа алақанын тосып отырған Алтыншашқа қарады. Ол көзін бір ноқаттан айырмай ойланып қалыпты.

– Не ойлап отырсың? – деді Сармантай оттың шетіне қарай шоқ жаймалап қойып.

– Апамды сағындым. Жылап қалып еді. Ақ батасын алып аттанғаным қандай жақсы болған. Өйтпегенде, уайымдап, құсадан өлер ме еді?!

Осыны айтқанда қанжардай кірпіктері жасқа шыланып шыға келді. Қатал әкенің мейірімсіздігі де жүрегін шаншып өткен болатын.

– Жылама, келер жазда көрсетемін. Артық уайым адамды ақылынан алжастырады.

– Менің уайымымды қойшы, ана жақта бізді ойлап, әр күнін қайғымен өктізіп жатқан анамды аяймын.

– Маған жеңіл. Әкем де, шешем де жоқ. Тек сенің уайымдағаныңды көрмесем болды.

Алтыншаш ойлы жанарын Сармантайға бұрды. Жүзінен оған деген ыстық сүйіспеншілік, лаулаған сезім толқынысы лап берді.

– Сенің қасыңда қамсызбын. Әсіресе, құрсағыма нәресте біткелі өзім таңдаған тағдырыма өкінбейтін болдым. Алаңым да көп. Қашанғы осылай тау жастанып, үңгір паналаймыз. Ертең ел жайлауға шығады, сонда тағы қай қиырға қашамыз?

Ол қайта мұңая қалды. Піскен төстікті қиялай турап отырған Сармантай да үнсіз. Бұл сұрақ өзін де тығырыққа тірей беретін. Түбі бір шешімін күтетіні де анық. Әйтсе де, дәл қазір жауабы жоқ.

– Осында қыстағаннан басқа лаж жоқ. Күн жылына бір жағына жылжыимыз. Мүмкін, нағашыларымның еліне бара тұрамыз. Әйтеуір, ана қорқаулардан алысырақ жүрсек болды.

– Бөтен елге сіңу де оңай соқпас. Оның да телісі мен тентегі бар дегендей. Бәлкім, Тайшыбек, Тоғажар деген кісілер кешірім жасар, ағаларың ғой. Ашуы тарқаған соң, ақылына келер. Оның үстіне, тәңір жазып кішкенелі болсақ, күнәсіз нәрестені шырылдатып, екеумізді өлтіріп тастамас. Ет жүректі пенде ғой олар да, ділі жұмсарар. Ең болмаса, сәби үшін!..

Бұл сөз Сармантайды да ойлантып тастады. Өмірі тістесіп өтермін дейтін Тайшыбек, Тоғажарлардан ондай текті мінез күтпесе де, сәбидің обалын арқаламас деген тәтті тілек те қылаң берді.

– Айтқаның орынды. Әлі ұлан қысты осында өткіземіз, алдымен аман-есен аяқ қолыңды бауырыңа ал. Ары қарай маңдайға жазғанын көрерміз.

Осыдан кейін екеуі баппен қақталған төстіктің етін сүйсіне отырып жеді. Қара шәугімдегі пісіп қалған еттің сорпасынан қайың тошынынан ойылған тостағандарына құйып ішті. Жаңағы әңгімеден кейін көңілдері жұбаныш тапқандай. Жүрек түкпірлерінде алдағы күндеріне деген үміт шұқыны қылаң берді. Бүгін табиғат та сондай жайлы. Төңірек жым-жырт. Тек жақында жайылған аттардың шөпті тырсылдата жұлған дауысы естіледі. Үңгір босағасында бағана сойылған аюдың басы қарауытады. Қарағайдың бұтағына жайылған терісі жерге тиердей салақтап тұр. Екі ат соның иісінен үркіп, үңгірге жоламай ма деп еді, қазірше бейғам, алаңсыз отта тұр. Анадай қорым тастың арасынан су сылдырлайды. Аспан шайдай ашық. Ай тола бастапты. Жауғанына көп болмаған мамық қар, ай сәулесіне шағылысып, күмістей жылтырайды...

****

Көктем келіп қалған. Ақсақ ойылып, төр жайлаудың қары астынан жіпсіп, едәуір жұқарып кетті. Сармантай күн жылынғаннан бері аттардың күйін келтіріп, ер-тұрмандарын сайлап, дайындала бастады. Бағыт әзірге белгісіз болса да, түбі бір кету барын іштей сезетін. Бүгін де екі атты қорымның аяғындағы бұлақтан суарып, оты басылмаған текшеге бос қойып, қастарында қарап тұрған. Осы кезде екі дараның жадағайлана барып түйіскен тұсындағы айланбадан, бір топ атты адам салып ұрып шыға келді. Сармантай жерден шыққандай тап бола кеткендерге қарап тұрып қалды. Мына уақытта жайлауда адам болмайды. Шамасы, өздеріне келе жатқандар. Аттыларға қадала қараған Сармантайдың өткір көзі олардың денін танып қойды. Тайшыбек, Тоғажар, Қисық бәрі сол маңайдың ұрдажықтары. Ол дереу екі аттың біріне жайдақ мініп, бірін жетелеп үңгірге қарай шапты. Беті ашық жерді паналаған аңқаулықтарына өкініп те келеді. Мыналардың қалай біліп қойғанын шамалайтын секілді. Өзі де ертерек табан жалтыратпақ еді, бірақ Тайшыбектің одан бұрын атқа қонатынын кім ойлаған?!.

Суыт тартқан салт аттылар таяй берді. Енді қашып құтылуға кеш. Үңгірге жеткен Сармантай Алтыншашты қасына алып, аналарға қарсы қасқайып тұра қалды. Қолында садағы. Қуғыншылар жылбысқа қарды ат тұяғымен жентектей, өңмеңдеп келеді. Алдыда Тайшыбектің өзі. Астында тайлақ түйедей ақтаңгер. Қасындағылар да бір-бір таңдаулы ат мінген. Шеттерінен түлкі тымақ, қасқыр ішік киген жуандар. Араларында суыр терісі тоны бар, үшкір төбелі сеңсең бас киімді біреу оқшау көрінеді. Сармантай бар пәленің содан келгенін сезе қойды. Ұраңқай аңшылардың бірі. Осы тауды кезіп жүреді. Бұларды көріп, хабар жеткізген сол болды. Жақ сүйегі бұлтылдап кеткен Сармантай садағын тура соған кезене беріп еді, Алтыншаш келіп қолына жармасты. Екі көзі боталап, өңі бозарып кетіпті. Жалынышпен тіл қатты.

– Атпашы, құлдығым бар, қан төкпеші! Өшіктірмейік, жаман ниеттері жоқ шығар...

Сармантай оның діріл қаққан қолын ысырып тастады. Осы сәт көз қиығы Алтыншаштың қампайған ішіне түсті. Әдеттегіден үлкейіп қалған секілді. Сол-ақ екен, садақ ұстаған қолы еріксіз «сылқ» етті.

Бұл уақытта аттылар саусылдай келіп үлгерген. Іздеген қашқынын бұлтартпай тапқанына елеуреген Тоғажар айқай салды.

– Ұстаңдар ананы, байлаңдар қаңғыған жетімді. Өлген әкесіне көрістірейін мен оны!

Оның айтқанына тұра ұмтылған ешкім болған жоқ. Барлығы жақындап келіп, Тайшыбектің ишаратымен тізгін тартты. Сармантай үнсіз. Қарсыласқанмен жеңбейтіні анық. Жалғыз өзі болса басын тәуекелге бағана тігер еді. Келгендер де екеуіне таңқала қарап, айналаға тінте көз жүгіртіп тұр. Қыстай үңгірді мекен еткен қос қашқынның түрлері қара қоңырланып, аң етін жей бергендіктен бет терілері жылтырап кетіп еді.

– Отауың құтты болсын, Майкөз, – деді Өтербайдың әумесер ұлы Қисық қырқылай күліп.

Оған тағы бірнешеуі қосыла жыртақтады. Аңшы ұраңқай үнсіз сүлкиеді. Екеуінің мына кейпіне қарап, аналарды бастап әкелгеніне өкініп қалғандай. Алтыншаштың күйін көрген Тоғажардың өзегіне от кетсе керек, барқырап тағы айқай салды.

– Ей, салпы етек жаман қаншық! Бүкіл елді шулатып, мына жетіммен қашқандағы жеткенің осы ма. Тілегенің сол болса, үңгірде қатын болғанды көрсетемін мен саған, жаман қар!

Мына сөзге Сармантай шыдамай кетті. Садағын тура соған кезеп, ақырып жіберді.

– Әй, тоғышар неме! Қазір андағы жын шашқан аузыңа ие болмасаң, мына қанды жебе сүйреңдеген сала құлаш тіліңді турап түседі. Бейкүнә адамға тіл тигізбе!

Әлгілер, қипыжықтап қалды. Қанша қотин болса да, Сармантайдың мергендігін білетін Тоғажар да түйткілсіп, әншейін тыпырлаудан асқан жоқ. «Қатынжандысын...» деп құр кіжінді де басыла берді.

Бағанадан аужайды байқап, сызданып тұрған Тайшыбек енді ғана сөзге келді.

– Жә, жетер! Өзіңше таба алмайды деп ойлаған шығарсың. Жерге кірсең шашыңнан, көкке шықсаң аяғыңнан тартып аламын мен. Істеген иттігің басыңнан асты. Біреудің қалыңмал беріп, ата жолымен құдаласып қойған адамын алып қаштың. Соның кесірінен ел бүлініп, ер егерлесті. Енді соның бәріне өзің жауап бересің! Тағдырың барған соң белгілі болады, – деді әлденені жұмбақтап.

– Мен адам өлтіріп, ел тонаған жоқпын. Не істесем де, алдарыңнан өтіп, арылып кеттім. Айтқанымды құлақтарыңа да қыстырмаған өздерің. Сүйген адамыммен өмір сүру қылмыс десеңдер, оны айтыңдар. Не болса да енді сендермен би алдында бітісемін, – деді Сармантай.

Тайшыбек зәрлене "мырс" етті. Көзінен әлдебір зұлым от ұшқыны оқтай атылып бара жатты.

– Би алдына барғың келсе, қаруыңды тастап, бізге ілес. Айтқанға көн. Қиғылық салатын болсаң, сенде бар жебе бізден де табылады.

Расында, топ жігіттің ішінде бірнеше мерген бар еді. Олар да садақтарын оңтайлап, неге болса да дайын тұрғандай.

Сармантай аз ойланып, олардың дегеніне амалсыз көнді. Ол садағын беруі мұң екен, үш-төрт әулекі тарпа бассалып, қолын артына қайыра байлап тастады. Бетін жас жуған Алтыншаш еңіреп келіп құшақтап еді, біреуі қолынан сілке тартып, ары қарай алып кетті. Тісін қаңтарда жараған бураша қайраған Сармантай етпеттей қар қауып, дөңбекшіді де қалды. Осыдан кейін қуғыншылар екі атты ерттеп, үңгірдегі аң терілері мен кепкен еттерге дейін қалдырмай алды. Алтыншашты жирен төбелге мінгізді. Қарақұлақ тұлпарды Қисық иемденді де, өзінің бұрлығып келген атын Сармантайға берді. Онымен қоймай, аяғын сарпастап байлап, таңды.

Үңгірді мекен етсе де, еркін өмірдің дәмін татып, ұлан қыстай бір-бірін махаббатқа толы жүректерімен жылытқан екі мұңлық осылай қапияда торға түсті. Әйтеуір, тас қараңғы түнектің ішінен болымсыз жылтыраған үміт отына алданып, кете барды. Ал, аз күн болса да, оларды құшағында тербеткен ұлы таудың ұядай үңгірі қарауыта қош айтып, қалып бара жатты.

*****

Сармантайдың байлаулы жатқанына бір күн, бір түн. Алтыншашты қайда әкеткенін білмейді. Итарқаның ішінде көзі жарқырап отырады да қояды. Тайшыбектер де бұған қайтып тіл қатқан жоқ. Әйтеуір, бүгін таңертең бір топ адам жиналғандай сезілді. Күбір-сыбыр көп. Оның ендігі арманы не көрсе де, би ақалақшының алдына барып, соңғы шешімді, әділетті үкімді соның аузынан есту.

Сармантай өзінің осы күйге түсіп, қор болып жатқанына ызасы келді. Долданып, құйрығымен жер төпештеді. Ақырып, айқайлады. Бірақ, тыңдайтын ешкім жоқ. Тыртыстыра байлаған қол-аяғы ұйып барады. Аздан соң сабырға келіп, Алтыншаш туралы ойлады. «Екіқабат еді ғой, мен үшін жас өмірі қор болды-ау, дүние есігін енді ашатын баланың обалына да қалған секілдімін» деді күбірлеп.

Алтыншашты Тоғажарға қарата ма, әлде «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деп бұған қайта қоса ма?! Егер, Тоғажарға беретін болса, баланы қайтеді. Тағы да жетімек болып, тепкі мен итпектің астында өсе ме? Шешесі қаншалықты қорған бола алады дейсің! Тоғышар Тоғажар оны күң қылып жіберер. Ондай жағдайда бұны елден аластайды, жер аударады. Әйтеуір, осы маңда тұрғызбайды. Ал, өзіне қосса, Алтыншаштың әкесіне берген Тоғажардың малын қайтару керек. Малмен бітсе бір жөнін табар. Алтыншаш екеуі аң аулап, үңгірде тұрса да жанын бағар. Баласының өмірін өксітпей өсірер.

Түн болды. Әр нені ойлап, бұлдыр-салдыр елестің ортасында отырған Сармантай ағасы Тоқай мен інісі Жабайды есіне алды. Өзінің осы күйге түсіп, байлаулы жатқанын біле ме екен?! Білсе де не істей алмақ. Көрмегелі жылға жуықтапты. Мен қашқанда олар да көз түрткі болған шығар. Әйтеуір, кесірім тимесе болды. Қайта олардың бұл бәлелі іске бас сұқпай, жайларында жүргені жақсы. Мені елден қуып жатса, Алтыншаш пен балаға көз қырларын салатын болар. Осы Тайшыбек пен Тоғажар маған не істемек? Шынын қуса бір інілерімін. Тіпті, балалары орнындамын ғой. Маған неге өшігіп, жек көреді? Бар жазығым жетімдігім бе. Әлде намысымды татптатай өмір сүріп, өзім қалаған қызбен шаңырақ құрғым келгені ме? Олардың көңіліне тек сол үшін жақпай қалсам, онда қайда барып тіршілік кешуге болады. Мүмкін құлақ естіп, көз көрмейтін жерге?!.

Миын қажаған қалың ойлардан қалжыраған оның көзі ілініп кеткен екен. Бір кезде денесін ауырта тиген әлденеден селк етіп басын жұлып алды. Екі жігіт қамшының сабымен ұра нұқып тұр екен. Бұл басын көтеріп жалт қарағанда ана екеуінің өңдері бұзылып, шегіншектеп кетті. Сармантайдың екі көзінің ағы тұтасымен қызарып, қан толып кетітпі. Өңі адам шошырлық сұсты, қорқынышты. Денелері түршіккен екеуі оның басына киіз кереге қапты кигізе салды. Істің байыбына бара алмай, бойын ашу кернеген ол дауысы құмыға айқай салды.

– Бұларың не қылғандарың тағы? Басыма қап кигізіп, дарға асайын деппе едіңдер. Алыңдар мынаны, тұншығып барамын. Өлсем де жарық дүниені көріп өлейін?!.

– Бидің алдына барасың, бидің алдына, – деп, әлгілердің бірі сасқалақтай жауап қатты. Сөйтті де оның аяғын шешіп, екі жақтап жетелей жөнелді. «Бидің алды» деген сөз бен аяғын шешкеніне қарап, Сармантай сәл тынышталып қалды. Бір кезде бұны атқа мінгізді де, тасырлатып ала жөнелді. Аз жүрген соң иенге шығып кеткен секілденді. Желе шабыспен тартып барады. Аналарда үн жоқ. Әлден уақытта даурыға сөйлеген адамдардың үні естілді. Ар жағында шұрқыраған жылқылар бар секілді. «Дәуде болса би ауылына жеттік-ау» деп ойлады Сармантай. «Әйтеуір, мына қорлықтан құтқарып, бір үкімін айтса екен».

Әлдебіреулер бұны аттан түсірді. Еңсесін жазып, екі аяғымен тік тұрды. Екі күннен бері бүрісіп, бүктетіліп қалып еді. Енді оның құлағына аласұра толқын атқан өзен үні жетті. Гүрілдеген судың дауысы оның ширыққан санасын біраз сабасына түсірді. Салқын, ылғал леп сезіп, тау суының жұпар лебін құшырлана жұтты. Дәл осы сәтте мойнына сарт етіп бұғалық түсті. Ол ащы бір өкінішпен «ай, қу жалған-ай, қош жарық дүние!» деп құсалана айқайлап қалды. Соңғы сөзі бітер-бітпесте бір дүлей күш мұрттай ұшырып, тұрған орнынан жұлып әкетті. Қыл мойнынан буындырған жіңішке арқан тынысын тарылтып, қолқа-жүрегін суырып бара жатты. Тек сәттік жарқ еткен аппақ әлемнен шаттана ойнап жүрген төрт кішкене ұлды көріп қалды. Өздері екен. Қамсыз бала кездері. Қастарында әке-шешесі мейірлене қарап тұр. Олардан кейін өзіне жалынышпен мөлтеңдеген Алтыншаштың елесі бір көрініп жоқ болды. Ары қарай тұңғиық қараңғылыққа кірді де кетті. Әлдебір алып қол сұп-суық құшағына тартып алды...

****

«Майкөзді шу асаудың құйрығына тағып өлтіріпті» деген хабарды естігенде, Алтыншаш естен танып құлады. Тоғажар оны бір момын жамағайынының үйінде ұстап, күзеттіріп қойған. Ол есінен танғанда үй иесі мосқал әйелде зәре қалған жоқ. Дереу көршілерін шақырып, бір кеюанаға ұшықтатып жүріп әрең есін жиғызды. «Қарағым, тағдырдың басқа салғанына көнгеннен өзге шараң қайсы. Жағдайың болса мынау. Ең болмаса іштегі баланы ойла. Әкесінен қалған аманат қой, соның тұқымын өшіріп алмаудың қамын жаса» деп ақыл-кеңестерін берді.

Алтыншашты да аман алып қалған сол жұдырықтай шикі өкпе. Құрсағында ұйыған Сармантайдың бір тамшы аманат қаны. Тосын келген қасірет, ұзақтан жанды жеген мұң-қайғыдан сәби ерте өмірге келді. Іште жата бермей, анасының бар ауыртпалығын бірге көтерісейін дегендей. Дәл осы кезде би ақалақшы алыс сапардан оралған болатын. Өзінің ұзақ жолдан аман келгенін ырымдап, балаға «Жоламан» деп ат қойды. Сармантай оқиғасын естіген ол қатты өкінді. Бірақ, өз қолын өзі кесе алмай іштен тынған...

****

Ел төр жайлауға барып қонғанда, Алтыншаш сәбиін қырқынан шығарды. Шаш-тырнағын алды, қырық қасық суға шомылдырды. Сол түні ол баласын тойғанша емізді. Кейін, пысылдап ұйықтап жатқан нәрестенің бетіне қарап, ұзақ отырды. Бір кезде ақырын тысқа шықты. Дала меңіреу қараңғы екен. Аздап көзін үйретіп алған жас ана ақырын басып, арқырап жатқан өзенге қарай беттеді.

Сармантайды сүйреген шу асау шошына шыңғырып, ағаш басына шығып жатқан өзенге бір-ақ секіріпті. Аздан соң ел судың ар жағына жан ұшыра өтіп шыққан асаудың құтырына шапқылап, қу медиен жазыққа сіңіп кеткенін айтады. Құйрығына таққан арқан да, адам да жоқ. Тайшыбектер үш күн іздеді. Зым-зия. Сармантайдың мәйіті табылған жоқ.

Жар басына келіп отырған Алтыншаш суық жымиды. «Ол осында, ешқайда кеткен жоқ. Қазір-ақ тауып аламын». Төменде ақ өркеш толқындары аласұрып өзен жатыр. Сармантай жоғалған судың басы осы.

Көп өтпей түн тыныштығын «шалп» еткен оқыс дауыс бұзды. Тамшылар шошына шашырап, жан-жаққа бытырай қашты да, іле арнасына қайта оралды. Орталарына өздеріндей таза, табиғаттың бір бөлшек тамшысы түскенін біліп, шаттанып сала бергендей. Сыңғырлай күлген толқындар оны қуана қарсы алып, қаумалай құшақтап, тереңге қарай тарта жөнелді. Бірін-бірі қуалаған күйі мәңгілік сапарларын жалғастырып кете барды...

Соңы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар