Қозыбай Құрман. Қоңыр күйін мезгілдің еңіреп кеп шертемін.

Бөлісу:

07.07.2019 5349

Ей, дүние

Бозаң елес,

Бозғыл ой,

Қиял біткен бозғылтым,

Сейілтер ме жүректің алқып шыққан сөз бұлтын.

Бостандыққа ұмсынған ұядағы ұлы арман,

Сақи күннің күтеді түнекті ашар жез кілтін.

Жырау бабам сөз еткен тобылғының берегі,

Сол берекке мың тарам нұр үймелер себебі.

Қандай бейғам ұйықтайды,

Қандай балғын;

Япыр-ау!

Мынау таңның бөбегі.

Бидайлығым бүлкілдеп,

Өпкім келер еңбегін.

Өбе алмаймыз адамзат,

О, недеген шерлі едің?!

Сосын салқын қараймын алау-далау өмірге,

Безіне алман мұңынан - осалдығым ол менің!

Бәтуәсі бітпеген бағзы күнде ертегім,

Баян болар сізге енді келте шаттық, келте мұң.

Шанағына қадалар сан арудың кірпігі,

Қоңыр күйін мезгілдің еңіреп кеп шертемін.

Тарихыма тағзым қыл, үңіл еркін бас алман,

Ей, дүние, адамдар азабынан жасарған.

Мен деген бір мүсінмін -

Жан бітірген Тәңірісі,

Еркіндіктен қашалған.

Маған бұлай қасарман!

Тағдыр

Мен оның атын атап айға ұшпағам,

Жүректей жүрем, әйтеу, қайғы ұстаған.

Ол болып өзімді өртеп от жүргесін,

Сөйлейді мені сүйеп байғұс қалам.

Байғұс - ол. Мендей, сірә қақ бөлінген,

Не пайда таңдай татқан тәтті өмірден.

Басталған қасіретің түтінге ұқсап,

Топырағыңа қош айтқан сол сәтте бірден.

Шеруенде қыр жыласа шерменде емей

Қайткені;

Жусан түсер, ерменге де ой.

Қалбаңдап жүрген сені ерте кеткен,

Дүниені не дерсің «керуен» демей.

Ұмытқан секілденіп ауыл атын,

Ұмытқан сол даланы, дауыл атын.

Тәрізді тағы ұмытқан ата бейітін,

Жүрегі содан шымшып ауыратын.

Мен - бір жан ештеңесіз, есті ұмытқан,

Тәбәрік таба алмаған ескі жұрттан.

Тамызбаса екен деп ешкім ұрттам,

Бір сарығын іздеген кешкі бұлттан.

Мүмкін, онда келер ме жердің иісі,

Шаруа төккен ашы бір тердің иісі.

Отырамын ұзақ-ты. Ештеңе жоқ.

«Жат орданың» елестеп енді мүйісі.

Неміз қалды, етпекпіз нені кеңес?

Мазалайды-ау осы ойлар сені де - кеш!

Ол менің - туған жерім болған бірақ,

Ол менің - неге туған жерім емес ...

Күй

"Құдай әрбір қазақты жаратқанда

жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген "

(Халық сөзінен)

Қоңыр сұлу қоңыраулы нота көріп "күй" депті,

Қоңыр даусы боздаған бота көріп бүй депті:

- Қоңыр кеште қоздатқан қоңыр мұңын ұлтым, - деп

Қоңыр шанақ ішінен сөйлепті бір үн біртіндеп.

Мың жүректің ықыласы соған ғана бөлінген,

Зергер қойған жүзікке гауһардайын сол үннен -

Қызыл-жасыл өмірді тану үшін топ келер,

Бір ыстық үн алуға тірлігіне от берер.

Сонан құсы көңілдің қанаттанған лезде елітіп,

Бізді сонау бағзыдан бүгінге аман келді ертіп.

Сол ғажап үн қазақта күмбірлеген «күй» аты,

Күймен бірге жасайды ұлттың ары, ұяты!

Жүрек ашу

Көздің гүлі,

Сөздің нұры,

Көңілдің сыры

Арналғанындай леп беріп,

«Сен ұлысың ғой, Ана» деген бір ауыз сөзбен шектеліп.

Шектелген сайын өзімнің барлық сүюде болған енжарлығымды жек көріп.

Сосын, сосын бір ұлы сезім тамырды бойлай оянып,

Өмірдің өзі бар мен жоқ түске боялып -

Аспан көмейі тола бір өксік кептеліп,

Тұрған сәтіндей аңсағам сені, Ана!

Өйткені, сіз - тірімнің таңдайы сүйген ұлы есімсіз,

Ұлылығыңды о бастан білетінсіз.

Таудай биік, бұлақтай мөлдір, данадай терең,

Болсаңыз-дағы сәбидей кіршіксіз, даладай кең,

Қарапайым пішінде жүретінсіз!

Қараңызшы, тырдай келген жалаңаш ұл ем не еттіңіз?

Жатты жыласам рахатты мен, жапаны сіз-ақ шектіңіз -

Түн ұйқтамадыңыз,

Күн көз ілмедіңіз.

Менің тоңған бір башпайым,

Жон арқаңызды етті мұз.

Бәлкім, сәби дауысым шыр еткенде,

Дүн-дүние дүрліге дүр еткенде

Сіз ғана сездіңіз бе, құшақ-құшақ қуаныш құнын, Ана?

Сіз емес пе едіңіз бет түзейтін айналған құбылама!

Мен көктемнің тағы бір гүлін аттым,

Сіздің арқаңызда бүгін, Ана!

Иә, сіз де жанарыңыздағы шаттығыңызбен сел күреп,

Селден бетер, елден бетер елжіреп:

«Ұлым менің келін алып келді», - деп.

«Қолым ұшын ұзартып-ақ берді», - деп

Өзгелерге сыр айттыңыз ба, Ана?

Жадап-жүдеп жүрсе жаным,

Уайым бұлты басса қалың,

Шөлден кеудем болса жалын,

Ойым онда, санам санда,

Көңіл неден болса жарым,

Сіз ғана ғой сезген бәрін - ұлы жүрек, Ана!

Жақсылығымда тереңге ұқсап,

Маған жарық сыйлай-тұғын,

Жамандығымда кереңге ұқсап,

Бөтен сөзге қимай-тұғын,

Бәрін үнсіз көтеретін,

Өзі сызда жатса-дағы,

Төсей-тұғын текеметін,

Сіз болмасаңыз кім болғандай, Ана ?!

Мың теңеуді, мың арнауды,

Тек сіз үшін тауысам да айқын,

Бүтін менің ғұмырымның өзі жырлап тауыса алмайтын

Не құдірет бар еді өзі біз білмейтін атыңызда, Ана?

Баяғы мен естіген бір күйге ұқсайсыз

(өмірім - күй!),

Жаспын ба онда ұқпан сырын,

Қанша үңіліп, қанша есіттім - тереңіне тыққан сырын.

Тыңдай қалсам кейде иіп, бір тамырын ғана ұстатқан,

Бұл дүниенің жалғыз ғана бір ғажайып әні ұқсатқам.

Білесіз бе, онда сіздің атыңыздың бас әрпінен басталатын бір нота бар,

Басқа, тіпті, дәнеңе жоқ.

Ал мен жалғыз сол нотадан сізді көрем - періштесін әлдилеген,

Жүректегі бар күйменен.

Сосын шошып қалар ма деп,

Біреу тартып алардай боп түн ұйқысы төрт бөлінген,

Сосын тағы бір құс көрем - тоғай ішін шарпығанда от,

Қанатымен су тамызып,

Қызыл жалын өртке кірген!

Енді, сол күй маған тағы бір құдірет тыңдатардай,

Сарқылмайтын сағыныштың тілінде ол тіл қатардай.

Себебі, Ана мен есейдім - есейгенім болды «сор»,

Бекер біздер басамыз-ау - ержеткізер жолды сол ...

Жүрген сәтте жүрек сыздап, тәнім сеннен алыстап,

Отауым мен үй ортасын күнде өлшеймін қарыстап,

Басқан сайын топырақты аңсаған жан жаныштап,

Сізге келіп қайтам сосын көңілімді табыстап.

Мұның бәрін неге айтты дер?

Армандардың басы гүлдеп,

Жарды үмітім бүршік, Ана.

Сізге деген махаббатым кетті жас боп ыршып, Ана!

Болмыс

Күй төгілді тағы да тамылжулы, бір нашты,

Мың тұлпары көңілдің дүбір қосып қырды асты.

Пернелерде мың бұлбұл тартқан сайын дүр етті,

Ұлылығын бұл күйдің өз тілінде жыр етті.

Бірде алқып сүйеді ол өле кеудеңді от-дүр жалындай,

Бірде аңқып сөйлейді баяғының шалындай.

Күбір болып тамады еріндерге кезерген,

(Боз жусандай бұп-бұйра сөздің нілін сезем мен)

Көзесіне құйғандай түннің сарқып гүл шығын,

Сіздің қырда жарғандай бұлттар тамшы - бүршігін -

Қондырғандай айдынға өңшең асыл сазды ылғап,

Шақырардай сол маңға қос қанатын қаз бұлғап.

Сұлу бола алар ма шайыр жазған жыр өстіп,

Шешендердің аузынан төгілер ме гүл өстіп?

Саған, дүние, салмаймын мұндай шақта көз ұшын,

Сеннен көңілім қалады бір-ақ ауыз сөз үшін.

Хрустальдің сыңғыры секілденіп өлі, өшкін

Тұрған үнге тамсанар музыкант та емеспін.

Елітем ерке дауысқа қос пернеде наз айтқан,

Тыныштығын көңілдің соған бола азайтқам ...

Келді бәрін дүниенің күймен ғана гүл еткім,

Күйден ғана жаралған өзі мынау жүректің ...

Тағдыр күйі

Көктемінде көңілдің көп бүрлеген емендей,

Мен биікпін, махаббат, мендік сезім сен өлмей.

Ғашық болып біттім мен сол дауысқа өлердей,

Нәзіктігі жүректей, нәрлілігі өлеңдей.

Сені өзіне тарта ма жаны жұпар бір бал бақ,

Уысына түсірді ол нәркес көзбен кімді арбап.

Мен уақытты сүйемін - шық тамғанда бүршіктен,

Мен сәуірді сүйемін - ол гүл атып тұрғанда-ақ.

Мен сүйемін тағы рас, ауыл атын - жол атын,

Талықсыған арманға аялдама болатын.

Мен сүйемін гүлдерді жазда ерте оянған,

Мен сүйемін гүлдерді күзде ерте солатын.

Тағы солай сүйдім мен жатқан күзді ніл көшіп,

Қалғым келді құспен де жаздың соңы тілдесіп.

Қоңыр күйін бір құрбы боздатар ма сөзге ұқсап,

Қоңыр мұңның ескегін жөнелер ме ем бірге есіп.

Жүрегімнің мұздарын кім бұлардай сүйді ертіп,

(Барсам деймін соларды бауыр атап - үйге ертіп ?!)

Жүрсем, шіркін, өмірде тағдыр болып - ғашық боп,

Жүрсем шіркін, ол сүйген әлгі асқақ бір күйге елітіп ...

Көктем

Бір жылу тамды таңға, нұр болды аспан,

Тәңірі тіліндегі жыр-ды ол да асқан.

Жалтылдап тұрды көзде бір асыл сөз,

Жарқылдап сонау қырда тұрды алдаспан.

Көк көшті қырда гүлін кезек атып,

Сөйлесе жүрек әділ - сезеді уақыт.

Бір ойдың ұшқыны ма аспан жақтан,

Бір сәуле тамады көл - көзеге ақық.

О, бәлкім, сәуір ме бұл ақын - гүлі,

Ұнаған нәзіктігі, батылдығы.

Ұнаған құс қанаты сөз саулаған -

Аспанға жазған сенің атыңды ұлы.

Атыңды атап сосын жел жылаған,

Атыңды алқап сосын жер жылаған.

Өмірі болған сенің махаббатың,

Ұнайды мына ұйық та енді маған.

Қараймын, сосын зерлі дала таңы,

Аққудың секілденіп балапаны

Елтеді;

О, дариға-ай, сәлемдескен,

Көктемім, қандай ыстық алақаның ?!

Көкем тартқан күй ...

Тартты көкем тебіреніп дүрліктіре бір күйді,

Перне бойлап он саусақ биге баса сырғиды ...

Мөлдір моншақ лезде терезе алды шашылды -

Шашылғанын сүйгім кеп көзім содан ашылды.

Бірде анам басқандай бауырына еміреніп,

Бірде әкем тұрғандай әлде неден тебіреніп.

Барады, әне, жап-жасыл сәби үнім ніл болып,

Шөп басында сөйлейді - былдыр-былдыр гүл болып.

Кеше ғана тұрған ем тілмен, көзбен қаз басып,

Өмір деген емес-ау ойлы адамға аз нәсіп ?!

Көңілімді мен сөйтіп күллі ырғаққа созғасын -

Көк аспанның бүрлеген көрдім ептеп көз жасын.

Тоқтады күй нұр көрдім - көкірек содан жылынып,

«Сүю керек» деп қалдым оқыс сонда бұрылып ...

Тартты көкем тебіреніп дүрліктіре бір күйді,

Перне бойлап он саусақ биге баса сырғиды ...

Суреттер ғаламтордан алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар