Арқалық Әмәлиятұлы. Бұл қаланы қимайсың ғой... аяулы- ақ!
Бөлісу:
1998 жылы 10 наурызда ҚХР Еренқабырғаның Санжы қаласы Ащылы ауылында дүниеге келген. Қазір Түркістан обылысы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Қазақ тілі және әдебиеті" мамандығы бойынша 2 курс студенті.
Өлеңдері "Оңтүстік Қазақстан", "Қазақстан жолы" газеттерінде жарық көрген. "Жастық - жалын жыр", "Түркістан түлектері" жинақтарына өлеңдері енген. "Ұмытшақ көктем" жыр жинағының авторы.
Ұмытшақ көктем
(қырық жылдан кейінгі кездесу)
Мен сізді қайдан көрдім, есімдесіз?
Білем, сіз көктемнің де есіндесіз!
Бұл менің 61- көктемім ғой,
Осы көктем өтсе қайтед кешірмесіз?!
Тұрсыз- ау, баяғыдай күліп тағы...
Атса қайтем тағы да, үміт таңы?
Қарашы, сәл қартайып қалған ба өзі
Ұмытшақ көктем бізді ұмытқалы?
Сіз де қажып кеткенсіз бе, үй салтынан?
(Қайран дәурен… төсінде күй шалқыған!)
Қасымыздан барады қыздар өтіп,
Жиырма бірінші көктемнің исі аңқыған!
Көзіңізден көктем мен күзді көріп,
Қасіреттен жүрегім күлді келіп...
Ғашықтық жанарымыз сөнбепті ғой,
Кемпір- шал деп айта ма бізді де жұрт?!
Бақыт таңы сізге де атқан лезде…
Менде сол- сағынышқа батқан кеуде…
Тыныш тұрса қайтеді ей, көше біткен,
Қарашықтар сөйлесіп жатқан кезде!
…Қош болыңыз, бізде енді жөнелеміз...
Жөнелеміз... солай ғой ережеміз...
Жетелеп барад мені ескі көктем,
Жетелеп барад сізді немереңіз!
Кездесерміз қай жерде, тағы қайтып?
Кетіп барам, келем бе тағы қайтып?
Ұмытшақ көктем барад сізбен бірге,
"Ұмытшақ көктем" дейтін әнін айтып...
Қызғалдақ - аяулым
Аяулым, қарашы,
Таң шапағы қызғалдаққа шағылып,
Түркібасы тәтті түстен оянған.
Көктем жатыр алқызыл гүл тағынып
Кеудесіне, қызыл қанға боялған.
Күншығыстың ұяң тартқан келбетін,
Пәш етуге адамилық өмірге,
Қызғалдақтар жаулап жасыл жер бетін,
Билейді кеп, тірлік дейтін әуенге!
Билейді кеп, жұбанышын күн алдай,
Мен де сонда, мөлт етуге таяумын...
…Келгенімде бұрын саған гүл алмай,
Бұртиушы ең, Аяулым...
Аяулым
Сонда саған айтқым келген барлығын,
Жара салғым келмеген- ды жаныңа.
Айтқым келген қызғалдақтың тағдырын...
Боялғанын батырлардың қанына...
Айтқым келген, көркемдіктің көңілі
Маусымдардың ызғарынан тоңарын.
Айтқым келген оның қысқа өмірін,
Айтқым келген оның ерте соларын...
Енді міне, елесіңдей құбылып,
Қызыл әлем сендіруде сенімге.
Күрсіндім де жүре бердім бұрылып,
Іштей ғана "Қызғалдағым" дедім де...
Жалғыздығым- қызыл іңір сырындай,
Сағынышым- алаулаған от іші...
Сен айтатын махаббаттың шыңындай,
Көз тартады Шұбайқызылшоқысы.
Әулиетөбе, айтсаңшы бір жауабын?
Қызғалдақтар кінәлі ме тәңірге?
Аяулымның мөлдір қара жанарын,
Сарғалдақтар көмкерді ме қабірде?..
Аяулым
Бұртиушы ең, келгенімде гүл алмай,
Мөлдіреуші ең, мына өмірге Құлыным.
Гүл ашқанда қауызына сия алмай,
Қызғалдақтан аумай қалды ғұмырың!
Қызғалдақтар, биыл тағы гүлдеген,
Шұбайшоқы, саған құшақ жаярмын.
Елесіңді гүлге қонып жүр деген,
Қызғалдақты искейінші, Аяулым!
Әмірхан Балқыбектің соңғы сөзі
Мәңгіліккөпірге жазылған өлең
Мәңгіліккөпірден кім аман өтсе, сол мәңгілік өмір сүреді…
Ежелгі Қытай аңызынан
Дәл осы бір меңіреулеу маусымнан,
Аман шықсам... қайғылардан қаусырған...
Өмір де осы- тәтті шарап сияқты,
Түн жарымда таусылған.
Таусылады ол- оқылмайтын дұғамдай,
Өмір сол сәт- бір ғарыштық тұмандай!
Құс жолынан лақтырасың жаныңды,
Өз- өзіңе түсіп өлген қырандай...
…Еркем дейсің,
Іштей ғана күбірлеп,
Сұлулыққа ең соңғы рет күлімдеп,
Жүрегіңді алып ұшар тәңірге,
Сөз өңгерген қазанаттар дүбірлеп...
Тәңірі,
Жүрегімді ауыртқанда сіз келіп,
Шылымымды тұтататын күз келіп,
Жауабым жоқ саған берер ақырғы,
Өмірің де- бес ақ күндік қыз желік!
Қасқыр- құдай, тапсам оған жетер от,
Мынау әлем- жұмақ болып кетер ед.
Қайсы құдай, мені мұнда әкелген?
Мәңгіліктің көпіріне жетелеп...
Кермек- кермек толқын ұрған жағаны,
Кербез дүние, артта қалып барады,
Соңғы сапар- Мәңгіліктің еліне,
Аман- есен жетіп алсам жарады...
Бұл көпірде өлең қалды, қалды атым,
Ойып жаздым, авторы- мен, мәңгі Ақын!
Оқыр ма екен осыны кеп Туған жер,
Оқыр ма екен осыны кеп Алматым...
О, рухым- аспанилық алып құс,
Қу жанымды көктен жерге алып түс!
Жұмақ сынды менің жарық жұлдызым,
Жүрегімнің жанарына ағып түс,
Мәңгіліктің аралына ағып түс!
Сөз өңгерген қазанаттар дүбірлеп,
Сол жұлдызда өмір сүрем күлімдеп,
Шылымымды будақтатып сол елде,
Кітап оқып отырамын күбірлеп...
***
Қазір жүрек ауырмайтын боп алған...
Кеудемде де жоқ баяғы көп арман.
Мен кемемін- бар байлығы тоналған,
Сосын үнсіз суға батып жоғалған!
Есіміңе ес дертімді алдырып,
Келмес жолға жанарымды талдырып
Күтіппін мен, ақыр соңы өзім де,
Жоғалыппын, ойға сіңіп әңгүдік.
О, Сәуле қыз, күннің жалғыз серігі,
Мен бейбақтың жалғыз ғана сенімі...
Сен екен деп қай көктемді күтпедім,
Қай көктемнің көтермедім желігін!
Басқа ештеме қызықтырмай пендеңді,
(Сен екен деп құдайға да сенгем- ді...)
Бір ертегі керек мынау елге енді,
Сол ертекке айналайын менде енді...
Көкжиектен іңір емес, жын көшіп,
Бір өлеңім тәңірменен үндесіп,
Мен бір күні келе жатам батыстан,
Баяғыдай, қоңылтаяқ, мұң кешіп...
О, Сәуле қыз, жанарымның жарығы,
Сағыныштың сарғаймайтын сағымы,
Бұл өлеңді оқымассың, оқырсың,
Ол- жүректің әмірі!
Еркеме
Көп күндердің артта қалды мәресі,
Көп түндердің жем болды итке дәмесі.
Әр аптаның сегізінші күніндей,
Бағалаймын сүйген сәтті, дәл осы!
Ай боп көрдім, күн боп көрдім, тұтылдым...
Шындық болдым, әждаһаға жұтылдым.
Уақыт маған көп кезенді кездігін,
Кереғарлау мінезіммен құтылдым.
Тіршілігім- жазбен күздің салды әнін,
Мен көктемді жыр ғып жаздым, маздадым.
Қайталамай кеттім құдай айтқанын,
Қайталамай кеттім тәңір жазғанын.
Шамаң жетсе тозағыңа сүйреші ал,
Ақын- құдай, түспен мен де күйге осал.
Мен туралы шындық айтса жалғыз- ақ,
Айтар әлгі- қорқынышты жидетал.
Солай, Еркем, солақайдың жолы ауыр.
Жиі- жиі, күрсінбеші сен ауыр.
Мен туралы айтар тағы соңғы сөз,
Топырағы бұрық ететін сол ауыл!
Бір спарға шығам бір күн аты жоқ.
Қайта келмен, бұл дүниеге басып от.
Мені күтер үшінші бір дүние,
Ол дүниеге баруға ешкім хақы жоқ.
Ай да өзім, сол дүниеде күн де өзім,
Жұлдыз да өзім, жарық та өзім, түн де өзім.
Уақыт дейтін мұнараға айналам,
Екі дүние сүйіп тұрар күмбезін...
Көп түндерге жұтқызбадым жасымды,
Көп күндерге ұтқызбадым бәсімді.
Үшінші өмір, сүйген кезде Ақынды,
Еске аламын, дәл осы бір сәтімді,
Еске аламын сені сүйген сәтімді...
Солай, Еркем, солақайдың жолы ауыр.
Жиі- жиі күрсінбеші сен ауыр.
Мен туралы айтсын саған соңғы сөз,
Топырағы торқа болғыр сол ауыл!
Олимп-өмір
Қарындас, live алыңызшы,
Менің достарымның ғұмыр жасын 99жарым больше деп,
Олар жұмақта да жүз бірдемеге келсе деп,
Осыған- көзіңіздің мөлдірлігін қойыңызшы,
Сол сөнгенде өлсін бәрі өлсе деп.
Қарындас, тағы бір live экспресс алыңызшы,
Осы бақытты күндер ғұмыр соңына дейін осылай қалады деп,
Осы достарым, менмен бірге ғұмыр соңына дейін барады деп,
Ерке қыз өз сүйгенімен бақытты болады деп,
Бізге де бір адасқан бақыт құсы қонады деп,
Оған көздеріңіздегі белгісіз мұңдармен, мөлдір жастарды қойыңыз,
Мұңдар төгілсе осы жігіт ұтады ғой деп,
Мөлдір жас төгілсе осы жігіт жұтады ғой деп!
Қойып болсаңыз,
Мен бір шылым шегіп келейін!
...Қарындас, тағы бір линия экспресс алыңызшы,
Сұлулық атаулы өле көрмесін деп,
Шын махаббатты ешкім де бөле көрмесін деп,
Мына өмір мәңгілік дегенге адамдар сене көрмесін деп,
Сосын,
Заманақырдың күнін алыңыз- біз өлетін уақыттан больше деп,
Тәңірі соған ойланбай- ақ көнсе деп,
Тағы,
Қайғылы көктемдерді алыңыз- ең көп тоталды меньше деп,
(Шын айтам, күлмеңізші еркелеп...)
Тағы да, туған жерімді алыңыз,
Ауылдастарыммен бірге көшіп келсе деп,
Осыған бүкіл өмірімді қоя салыңыз,
Дұғада болыңыз сосын, осы жігіт жеңсе деп,
Ал, қойып болсаңыз мен аттандым,
Сіз ертең жолыма ұзақ қараңыз,
Әлгі жігіт ұтқанын алуға келсе деп.
Мен бір ұйықтап оянайын!
***
Досым,
Гитараңды қолыңа алып, баяулап,
Бір ән салшы, сөздері жоқ, мұңы бар.
Бокалымда- мөлдір сезім, аяулы-ақ,
Содан басқа мына бізді кім ұғар!
Бір ән салшы, ескі түннің бас күйін,
Бір ән салшы, ей, жәутең көз гүлдерім!
Көз алдымнан өте шықсын тас түйін,
Өткен сол бір күндерім. . .
Есіңде ме, күз мінезді, кеш рең,
Екеумізге сырын айтқан мұңлық қыз?
Сол күн сұлу айналардың бетінен,
Көз жас болып төмен сырғып тұрдық біз. . .
Сол түн бірге ішіп кеттік уақытпен. . .
(Мына өмір қандай баяу, шұбалаң. )
Сол түнгідей мұңая алсам бақытты ем,
Сол түнгідей жылай алсам қуанам!
Түйсігімде шарап уы, сам, бесін…
Тамырымда-тәтті әуендер, жолақ үн.
Жаңағы әнді қайталашы, жан досым,
Қайталашы Табылдының сол әнін!
"ұнатамын мен сені деп… "айналам
Қайталасын, көшелер де шет тұрған.
Мен үшінші біреу көрдім айнадан,
Екеумізді жұбатуға кеп тұрған.
Есіңді жи, сүртші айнаны жасыңмен,
Анауың кім, перште ме, елес пе?
Мынау әлгі кеш реңді, асыл өң,
Күз мінезді сол мұңлық қыз емес пе?!
...Жаңағы әнді қайталашы, жан досым!
Түркістан дәптерінен
l
Күмбез шаһар. Күлгін мінез. Күрең үн.
Күрең үнде көңілсіздеу тұр өңім...
Күннің қызы,- ей, іңірдің жүрегі,
Мен жолыңа қарай- қарай жүдедім.
О, гүлзар бақ, қалмашы енді, сен үнсіз,
Кесенеден қайтпайыншы мен үнсіз,
Көктем кетер көк көйлегін жел желпіп,
Күз де өтер, жаңбырлы һам көңілсіз.
Мезгілдерді меңдеріңе қондырып,
О, Сәуле қыз, сағынышты жол қылып
Менде кеттім, жалғыздықты жетелеп,
Орындықта көктем отыр болдырып.
Құстар үні қиялымды жаныштап,
Мұнар қала, мұңың кетсін алыстап,
Шарабыңнан құйшы тағы сақи дос,
Рухтарға көтерейін бағыштап.
Жатағыңда хатымды оқып, жыладың,
Көз жасыңмен өткен күнді құрадың.
Күлтөбенің күркесінде жүрегім,
Қызғалдақтың күлтесінде тұрағым.
Көз жасымдай кермек татыр жаңбыры,
Сол көшеде сағынышым қалды ұлы,
Сағыныштың көшесі боп қалды ақыр,
Біз жүретін Саттарханов даңғылы.
Құстар үні қиялымды жаныштап,
Маған күліп қарамайды таныс бақ.
Шарабыңнан тағы құйшы сақи дос,
Сағынышқа көтерейін бағыштап!
ll
Ол- бақытқа лайық жан, күз біледі...
Қарт Түркістан, ол неге үздігеді?
Қария, сіздің көктем қайсы көктем?
Кім жетелеп келді екен сізді бері?
Түнге оқыдым жырымды, таңға оқыдым,
Жоққа оқыдым жырымды, барға оқыдым.
Сізге оқыдым қос қолы қалтыраған,
Күзге оқыдым, тағы бір жанға оқыдым.
Азан үні қанатын жайсын еппен...
Қария, сіздің көктем қайсы коктем?
Қай жылдар сізді алдаған қартамыш қып,
Қайсы түн адастырды айсыз өткен?
Күмбезқала киесі көмілгелі,
Қара бұлты көгімнің сөгілмеді.
Сіздің күйден ауырлау, байқайсыз ба,
Бұл қаланың мұңы да көзіндегі.
Жымиясыз, нұр шашса Күлгінтөбе,
Өмір шамы қалмас деп бір күн сөне,
Басқа амал жоқ, Қария, білем енді,
Дұға оқытып қайтарсыз бір дүмшеге.
Сіз бақытқа лайықсыз, көктем білді,
Көктем білді баяғы өткен білді.
Ғасыр аттап бізді іздер қарт Түркістан,
Іздер әлгі мен оқып кеткен жырды.
Сол көктемде өзімді Ноян дейін...
Сол көктемде мен сізге оян дейін,
Іңір ауып барады, мен аттандым,
Қария, қош болыңыз, соған дейін.
lll
Сәуірдің жаңбыры сендік мұң сыңайлы,
Сәуірдің тағдыры мендік мұң сыңайлы,
Сен жылай көрмеші, мөлдіреп ерке қыз,
Жыласаң Түркістан қосыла жылайды...
Ол жаңбыр - Түркістан көз жасы сеілді...
Ұмытуға өзіңді, менде енді бекіндім.
Кемпірқосақ тақтым да сен кеткен жолдарға,
Ойларға ап- ауыр малшындым не түрлі...
Жанымды сағыныш, әнімді түн қамап,
Жүректі баяғы елестер жұлмалап,
Күміремдер оқыдым күбірлеп тым ұзақ,
Кесене әмірін құдайдан ұрлап ап!
Шығыстың мен болып ең соңғы мұңлығы,
Тост айтып көтердім, ғазалды, жырды ұлы.
Сыртымнан мені үнсіз тыңдайды күнде кеп,
Абылайхан көшесінің белгісіз тұрғыны.
Жаңбырлы сәуірім, жабырқау Кесене,
Көктемнің көз жасы келді екен нешеге?
Сен жылай көрмеші мөлдіреп ерке қыз,
Жыласа жыласын, көктемдер, көшелер!
lV
Сен жүректің әміріне бағынбай,
Мен жүректің әміріне бағынбай,
Ал Түркістан... Түркістанға бәрібір,
Жақсы көрер ол да мұңды жанындай!
Мен сырымды көп айттым- ау, шылымға,
(Бәрі осылай болатұғын бұрында...)
Сен балмұздақ мінезіңмен тәп- тәтті,
Өкпелепсің кеше түні ғұмырға!
Ғұмыр- ол да жұрт айтпақтай алдамшы,
(Менде алданғам, Еркем, сенде алданшы...)
Ей, перизат парағымның жырлары,
Сен тәңірдің өлеңіне жалғаншы!
Бұл қалаға менде еркемін, сенде ерке,
Еркелетер масаң жүрек сенделсе.
Бақыт жайлы көп айттың- ау, сен маған,
Бақытты боп алар едім жөн келсе!
Көп айналдым, Кесенені, Қорғанын,
Жүрегімді алып ұшып қолдағы.
Бақыттысың деймін саған қайталап,
Баянсыздау әңгіме еді олдағы...
Кеткің келіп, кетуге де таяу қап,
Бұл қаланы қимайсың ғой... аяулы- ақ!
Сен көктеммен бірге кеттің оны іздеп,
Мен үйіме қайтып келем жаяулап...
Ал Түркістан... Түркістанға бәрібір!
Суреттер ғаламтордан алынды
Бөлісу: