Нұрлан Қами. Қыз Данай

Бөлісу:

20.07.2019 5326

 

 

 

Жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами биылғы жылдың 2 қаңтарында асқаралы алпыс жасқа толды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын қалам 2016» әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік драматургиясы және сценарийі» аталымы бойынша жеңімпазы, дарынды жазушы, жайсаң мінезді азамат Нұрлан Ізғалиұлының шығармашылығымен оқырман қауым жақсы таныс. 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң ҚазТАГ-та, «Хабар», КТК телеарналарының аударма бөлімдерінде табысты еңбек етті. Аталған арналардағы күн сайын беріліп жатқан сериалдардың басым көпшілігін жатық тілмен қазақшалауға атсалысты. Онымен ғана шектеліп қалмай, Олжас пен Шыңғыстай қазақ, қырғыз әдебиетінің алыптарын сәтті қазақшалап, қазақ оқырманының ыстық ықыласына бөленді. Жазушы аударған О.Сүлейменовтің «Тарихқа дейінгі түркілер» зерттеу кітабының бір бөлігі мен Ш.Айтматовтың «Тау құлаған» («Мәңгілік қалыңдық») романынан үзінді «Жалын», Ш.Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» хикаяты «Жұлдыз», «Кассандра таңбасы» романынан үзінді «Әлем әдебиеті» жұрналдарында жарияланды. Бұл шығармалардың көпшілігі әр түрлі баспалардан жеке-жеке кітап та болып басылып шықты. 

 

Проза мен драматургия саласында да өнімді, табысты еңбек етті. Әлі бірде-бірі сахналанбаса да оншақты пьеса мен киносценарий тудырды. Көрнекті қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Діл-таразы» пьесаңыз «Алтын қалам 2016» әдеби бәйгесінде жеңімпаз атанды. Әңгімелер мен хикаяттардан тұратын ол шығармаларыңыз әр жылдары «Кездесу» (2003 ж. «А-Полиграфия», Ақтөбе), «Көк қақпа» (2010 ж. «Қазақ тарихы», Алматы), «Қар адамы» (2015 ж. «Жазушы», Алматы), «Хан Мөде» (2016 ж., «Томирис 21», Алматы) деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. 2013 жылы «Жұлдыз» жұрналында (№9,10,11,12.) «Беймезгіл» романыңыздың 1-ші кітабы оқырманмен қауышты.

 

Қазір Нұрлан Қами өзі туып-өскен қасиетті Жылыой жерінде, Жем өзенінің бойында сонау ХІХ ғасырдың орта тұсында болған, ел ішінде «Қыз Данайдың қырғыны» деп аталып кеткен оқиғаның негізінде тарихи шығарма жазып, баспаға тапсырды.

 

 

 

 

 

 

 

ҚЫЗ ДАНАЙ

 

(Хикаяттан үзінді)

 

 

Қыз Данай екі құрбысымен бірге өзгелер үшін бәкене ғана төбешік, өздеріне әжептәуір жота болып көрінетін қыраттың етегінде қызғалдақ теріп жүр. Көктемде қар еріген кезде бір-екі күн жаңбыр жауып, содан кейін қара күз түскенше тамшы тамбайтын қатал табиғатты өңірдің гүлі де ерекше - таулы-баулы, сулы-нулы жерлердегідей бояуы біртіндеп қанығып, күлтесі жайылып, толысып өспейді, сәуірде ай толар алдында бірден қып-қызыл болып, тіптен күреңітіп гүл жарады да үш-төрт күннің ішінде қурап қалады. Гүлдің қурағаны жаздың басталғанын білдіреді, кеше ғана еркелей соққан самал жел енді бет-жүзіңді күйдіріп, танауыңды кебірсітіп, тамағыңды тобарсытқан аңызаққа айналып кетеді. Сөйтіп шөлді аймақтың жазы күн санап күшіне ене береді де уақыты келгенде басқа жақтардағы қырық күн шілде мұнда алпыс күн аптапқа созылып, аспан айналып жерге түсердей ыстыққа ұласқанда жер басып жүрген төрт аяқты мал тұрмақ екі аяқты адамның да миы қайнап кетеді. Ол кезде бұл жақтың адамдары күндіз ұйықтап, кешкісін тұруға көшеді. Туған өлкенің қыр-сырына бала күннен қаныққан жастар көктем гүлін шешек атқан уақытында теріп үлгеруге тырысады. Тез өсіп, тез солғандықтан мұндағы қызғалдақтың сабағы жіңішке, күлтесі келте болып келеді, есесіне жұпар аңқыған иісі көкірегіңді ашып, кеудеңе нұр құйғандай күй кешесің. Қыздар құшақтары толғанша теріп алған гүлдерін тегістеу жерге үйді де жүрелеп отыра қалып гүлтәж тоқуға кірісті. Кесте төгіп, іс тігуге, шұлық-биялай тоқуға әбден машықтанып алған үшеуі қолы-қолына жұқпай бірінен-бірі әдемі гүлтәждерді тез-ақ тоқып тастады. Біреулері қыздың ерніндей қып-қызыл, енді бірі қоюлана күреңіткен, басқалары от-жалындай алаулаған алқызыл қызғалдақтар мен сарыүрпек балапандай сап-сары сарғалдақтар жігі білінбей жымдасып кеткенде гүлден тоқыған тәж емес, қас зергердің қолынан шыққан асыл бұйым секілді көздің жауын алады.

 

-Қонақ келе жатыр,– деді үлкен ағасы Ерімбеттің қызы Жәмила ауыл жаққа қарап.– Атқа отырысы біздің ағаларға ұқсамайды.

 

Күнбатыс жақтан ақырын аяңдатып келе жатқан үш кісі ауыл сыртындағы мама ағаштың қасына жақындап қалыпты, аттарын ұстайтын адам шыға қоймағасын өздері түсіп, тізгінін ағашқа іліп жатыр. Екінші ағасы Тұрымбеттің алғашқы мүшеліне енді толған үлкен ұлы қонақтардың алдынан шығып қарсы алмағанына ұялғандай жүгіре басып келді де әрқайсысына қос қолын ұсынып амандасты, сосын Әлбаба ақсақалдың сегіз қанат үлкен үйіне бастап жүрді.

 

-Бұлар кім болды екен?– деп сұрады Данайдың ең жақын құрбысы, жылқышы Қоспанның қызы Алтыншаш.– Аттарын да, өздерін де бұрын көрмеген сияқтымын.

 

Көргенін де, естігенін де ешқашан жадынан шығармайтын дала перзенттері емес пе, қыздардың үшеуі де қонақтарды бұрын көрмеген болып шықты. Алыстан келген адамдар емес, аттары тың, жол жүріп, шаршап-шалдығып келген жолаушы дей алмайсың. Мейлі ғой, құдайы қонақ шығар. Жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ширақ, соған қарағанда жастарға ұқсайды. Қыздар тез жиналып, бастарына бір-бір гүлтәж киіп, артылғанын білектеріне іліп, ауылға беттеді.

 

-Апа, келген қонақтар кім екен?– деп сұрады Данай үйге келген соң шешесінен.

 

-Төремұрат пен нөкерлері,– деп жауап қатты ол.– Батыр аты шыққаннан бері біздің ауылға жоламай кетіп еді, не болса да тегін келмеді-ау, бұл келісінің артында бір салмақ жатпаса жарар еді.

 

-Кәдімгі батыр Төремұрат па?

 

Данай таңданысын жасыра алмады. Оның да руы таз, Жастабан тақтасынан, ес білгелі жаужүрек деген атағын естігені болмаса өзін көрген емес, нағыз батырмен жүздесудің сәті енді түскен сияқты. Жасы отыздан әлдеқашан асып кетсе де үйленбеген, бойдақ деп естіген. Далаға шықса ортаншы ағасының жеті жасар ұлы қолына шылапшын мен құман алып қолға су құйғалы бара жатыр екен, кенет ойына әлдене түсіп кетіп, інісін орта жолдан тоқтатты.

 

-Тоқтай тұршы, Бекен, құмандағы суың жылы ма? Кәне, көрейін,– деп інісінің қолындағы құманды алған Данай құманның ішіндегі суын төгіп тастады.– Мынауың салқын ғой! Осы жерде күте тұр, қазір суын жылытып әкеліп беремін.

 

Үйді айнала беріп ошақтың қасында бұрқылдап қайнап тұрған самауырынның суын бақырашқа ағызып, құманға құйды да қайтадан Бекенге әкеліп берді. Баланың ойында түк жоқ, бір қолында леген, иығында сүлгі, екінші қолына құманды ұстап үйге кіріп кетті. Ізінше Данай да жабықтан сығалаған, төрдің төбесінде жас шамасы отызды орталап тастаған үш кісі отыр. Бекен шеткі қонақтан бастап қолға су құйып еді, қолын тосар-тоспастан тартып ала қойды. Екінші қонақ та судың ыстығына шыдай алмай, қол шаюдың мезіретін жасап, сүлгіге жармаса кетті. Тек үшінші қонақ қана судың ыстығын байқамағандай қолын ұзақ шайды. Әуелі екі алақанын ысқылап алып, сосын қолының сыртын жуды, соңынан алақанына толтырған сумен аузын шайып, содан кейін ғана сүлгіге қолын созды. Батыр осы екен деп түйді Данай. Ыстық суға қолы күйіп, шыбжаң ете қалған екі жолдасындай емес, жүйкесі мықты Төремұрат сыр алдырған жоқ. Бәсе, шын батыр ондай ұсақ-түйекті елең қылмаса керек, әне, түк болмағандай Әлбаба атасына қарап әлдене деп жатыр. Өзі онша ірі емес, орташа денелі, қара мұрт, шоқша сақал, оң жақ бетінде тыртығы бар кісі екен, бір қарағанда батыр деп ойлау қиын секілді. Данай ұзақ тұруға ұялып, үйіне қарай жүрді.

 

Үйге келген қонақтың не шаруамен жүргенін алғашқы күндері сұрамай, қайтарда ғана емеуірінімен білдіретін халқымыздың салтымен Әлбаба ақсақал әңгімені күнделікті тірліктің төңірегінен асырмастан мал-жан, көші-қон, күн райы төңірегінде өрбітіп отырған. Төремұрат сөздің төтесіне көшті.

 

-Ауылыңның үлкені болса жазып қойған хатпен тең деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой, ақсақал, өзіңіздей көкірегі күйлі, естігенінен көргені, білгенінен түйгені көп қариямен қона жатып әңгімелескенге не жетсін, бірақ біздің уақытымыз тығыз. Өтен мен Нарынбай батырлар қол жинап жатыр, солардың шаруасымен жүрміз. Әр ауылдан жорыққа қатысуға тілек білдірген жігіттерді ертіп, жолға мінетін ат-көлік сұрамақпыз. Ешкімді қыстамаймыз, өз еркімен берген малды ғана аламыз.

 

Ақсақал қос батырдың атын естіген соң ойланып қалды. Бұрынғыдай емес, орысқа қарағаннан бері ел іші тынышталып, қара қалмақтың кезіндегідей жаппай шапқыншылық тоқтап, қазақтың түн ұйқысы бөлінбейтін болған. Алайда жар астындағы жаудан құтылғанмен бөрік астындағы бөрілер жай жатқан халықты орайы келгенде жан-жақтан жұлмалауды ешқашан доғарған емес. Қарап жүрмей құтырынып, қазақпен соғысамын деп қырылып кете жаздаған, ілде-алдалап Еділдің арғы бетіне өтіп, орыстың қолтығына тығылып аман қалған құба қалмақ пен башқұрт-мешер аламандары аңдып жүріп батыстан келіп тиіссе, көк желкеде қисық қылышын жалаңдатып, қайтсем қапыңды табамын деп Хиуа ханының жалдамалы жендеттері тұр. Ара-тұра казак-орыстармен де жанжалдасып қалатын кездер болады. Өтен мен Нарынбай, мына отырған Төремұрат сондай қапелімде қатер төнген қысылтаяң сәттерде етігімен су кешіп, жалаң қолмен от көсейтін ерлердің сойынан. Батырлардың бұл жолғы бағыты қай жақ екен?

 

-Биыл түрікпенге аттанатын болдық,– деді Төремұрат ақсақалдың ойын оқып қойғандай-ақ.– Қарақалпақ бауырлар арнайы сәлем жолдапты, түрікпеннің Атабай деген есерсоғы осы жаз тұрысатын жеріңді айт деп тағы дікеңдеп кеткен көрінеді. Хиуа ханын арқа тұтып масайрап барады өздері.

 

-Сапарларың оң болсын!– деп құптайтынын білдірді Әлбаба ақсақал.– Қарақалпақ деген өзіміздің туысымыз, ежелден кіші жүз-алшынға етене халық. Жалпы, түрікпен де алыс емес, кейбір салттарында, дін ұстануында аздаған өзгешелік бар демесең ол да өзіміздің ағайын. Қарақалпаққа тиіскені біреулердің айтағына ергені шығар. Кім біледі, бәлкім шабысып емес, табысып қайтарсыңдар.

 

-Біздің мақсатымыз да шабысу емес, ақсақал,– деді Төремұрат.– Тентек-теліні тыйып, ел шетінде тыныштық орнату.

 

Сол мезет үйге қарай келе жатқан адамдардың дыбысы естілді де бір жігіт ашық тұрған есіктің алдына құнан шығар тайды көлденең тартып тұра қалды.

 

-Ал бата беріңдер,– деп қолын жайды Әлбаба. Қонақтарға сойылатын мал осы тай екен, шын ниетімен сыйлап отырған ауыл үлкенінің көңілін қалай қайтарсын, Төремұрат бата беріп, бәрі бет сипасты. Қонақтардың енді кетпейтініне көзі жетіп, көңілі орныққан Әлбаба ақсақал тұжырымды сөзін айтты.

 

-Ортақ істен тыс қалмаспыз, батырлар, ауылымыздан еремін деген жігіт шығып жатса жолын бөгемеймін. Ал көліктеріңе бір үйір жылқы атадым. Қай күні алдыма салып бер десеңдер де ертеңге қалдырмай дайын қыламыз. Ет піскенше демалыңдар, әңгімені кейін жалғастырармыз. Жастар алтыбақан құрып жатқан, көңіл көтерерсіңдер.

 

Көктемнің жазға ұласар кезіндегі жаймашуақ дала кеші қандай әдемі. Әлі ыстық түспеген кез, күн жып-жылы, ауа тұп-тұнық, алқаракөк аспан төсінде жыпырлаған жұлдыздар еркелей жымыңдасады, әлдилей ескен майда самал маңдайыңнан аялай сипайды. Ауыл иттерінің әупілдеп үргені, алтыбақан тепкен жастардың шырқаған әні ауада ілініп қалғандай сезіледі де сәлден соң үзіліп барып ұланғайыр кең далаға сіңіп кетеді. Қонақасыларын жеп, қазақ арасына соңғы кездері ғана тарала бастаған жеңсік сусын - шәй ішкен соң ас қайырып орындарынан көтерілген Төремұрат пен серіктері далаға шығып, асыға күтіп тұрған ауыл жастарының қаумалауымен алтыбақан жаққа қарай жүрді.

 

- Қош келдіңдер, ағалар!– деп алдарынан шықты сауықты басқарып жүрген ауыл жастарының бірі Сәрсенбай.– Бүгінгі кештің құрметті қонағы өздерің боласыңдар.

 

Қазақ даласында, әсіресе оның кіші жүз тайпалары мекендеген батыс аймағында мүлдем бейтаныс адамға немесе аса құрметті, абыз деңгейіндегі ақсақалдарға яки ел билеуші төрелер мен дінбасы қожаларға болмаса өзгелердің бәріне жасының үлкен-кішісіне қарамастан «сен» деп сөйлей береді, бұл оны өзімсініп ішке тартуды білдіреді. Тек жас қыздар мен жаңа түскен келіндер ғана үлкендерге «сіз» деп сөйлейді.

 

-Алтыбақан тебудің алғашқы кезегін Төремұрат ағаға береміз,– деп іліп әкетті оның сөзін Жәмила.– Сізді ауылымыздың аруы Данаймен бірге тербетеміз.

 

Бәрі қошеметтеп жүріп екеуін алтыбақанға отырғызды. Әуелі жайымен, содан кейін біртіндеп ұшырта тербете бастады. Төремұрат алтыбақан теппегелі не заман, әуелі баланың тірлігіне араласқанына ыңғайсызданғандай болып еді, біртіндеп бойы үйреніп, көңілі жайлана бастады. Келдібай таздан Қыз Данай атты ару шығыпты деген қауесет Төремұраттың да құлағына шалынған, ел ішіндегі бөстекі әңгімеге, әсіресе қыз-келіншектерге қатысты алыпқашпа сөздерге мән бермейтін, дегенмен еркек емес пе, өзі бойдақ, ауылына барғанда жолықсақ болар еді, атына заты сай ма екен, көрейік деп ойлаған. Енді міне, сол сұлу қарсы алдында, екеуі алтыбақан теуіп отыр. Бала кезінде батырлар жырларын жаттап өскенімен, басқа тұстастарындай емес, ғашықтық жырларды құлықсыз тыңдайтын. Жалпы, Төремұрат әйел затына ешқашан соншалықты қызыққан емес. Өзіне салса Қозы Көрпештің де, Төлегеннің де өлімі бекершілік дер еді. Бірақ халық сондай дастандарды ұнатады, көпке топырақ шаша алмайсың, ғашықтық жырларды көзінен жасы домалап, егіле тыңдап отырған талай батырды көрген, соған қарағанда бұл орайда өзі түсіне бермейтін бір гәп жатқан болуы керек деп түйген. Басқасын былай қойғанда, туған нағашысы шекті Көтібар да Айман қыздың көркі мен ақылына тәнті болып, шауып алған мал-мүлкін түгелімен, үстіне айыбын қосып өз еркімен қайтарып берген жоқ па! Әй, иманды болғыр нағашы-ай, батырлығың қандай сұрапыл болса аңғалдығың да содан кем түспейді-ау! Жүрегің де, жаның да жас балаға тән саф таза күйінде қалып қойған. Біреулер қазір сол оқиғаны жыр қылып айтып жүр дейді.

 

Бұл тұрғыдан Төремұраттың өзіне де сол кісіден жұқса керек, ақжүректік жағынан оған тең келер адам кемде-кем болатын. Ат жалын тартып мінгелі бар уақытын соғыс өнеріне машықтануға арнап, бес қаруды жете меңгерген, әуелі әкесі Тайлыбектің, кейінірек нағашысы Көтібардың, кейіннен жақын ағасы Өтеннің, рулас ағасы Нарынбайдың қасына еріп, бертінде өзі бастап талай-талай жортуыл-жорықты бастан кешкен жас батыр ешқашан сөзімен де, ісімен де дұшпанын мұқатып, қорлаған емес. Тіптен оның ашуланғанын көрген адам жоқ, күнделікті тірлікте де, жаугершілікте де бір қалпы, сөзге сараң, әңгімеге араласпайды, мұртын сипап қойып жүре береді. Ал тікелей шайқасқа кіргенде айбаттанып кетеді, әлгінде ғана марғау қозғалып, сылбыр қимылдайтындай көрінген ол кенеттен найзағайдай шапшаң, әбжыландай епті, қара атандай қайратты, жүзіне тік қарауға жүрек шыдамас қаһарлы баһадүр болып шыға келеді. Аруақ шақырып, ұран салып, жер-көкті тітіренте ақырғанда сырын білмейтін адам мынау соның өзі ме, басқа біреу ме деп таңданып, танымай қалады. Анасы осы ұлын көтергенде жыланның етіне жерік болыпты, пірі жылан екен, жорықта ұйықтағанда қасында жылан күзетіп тұрады деген қауесет бар, бірақ соны өз көзіммен көрдім деген пенде жоқ. Біреулер жасы отыздан асып қырыққа таяп қалса да үйленбей жүргенін мінезінің ауырлығынан көріп, әйел баласын адам қатарына қоспайды, менсінбейді, елегісі келмейді, олармен тілдесуге арланады деп соғады. Енді біреулер қыз-қырқынға жұғымы жоқ ноқай, жасынан жауға шауып, кісі өлтіруді кәсіп қылған, содан басқа ештеңе білмейді, қыз қайда, бұл қайда деп қыжыртқан болады. Соның бәрі бос әңгіме, отызға жетпей жатып он екі ата Байұлының бір тармағы болып саналатын таз руының ең белді батырларының біріне айналған, дақпырты бүкіл кіші жүз-алшыннан асып, берісі қарақалпақ, түрікпен, әрісі Еділдің арғы бетіндегі қалмаққа естіліп жатқан Төремұраттың осы күнге дейін бойдақ жүрген себебі басқа болатын. Жасы он беске толып, алғашқы жорыққа аттанарда әкесі қауіп ойлап, мүмкін әуелі отау көтерерсің, сапардан қайтпасаң артыңда ұрпағың қалады дегенде айтқан уәжі баршаға мәлім.

 

-Әке,– деген сонда Төремұрат енді тебіндеп келе жатқан түбіт мұртын сипап қойып.– Бір кезде бел құда, бесік құда, атастыру тәрізді рәсімдерің өздеріңе, бұл балам қалыңдықты өзі таңдап жүріп айттырады депсің, сол сөзіңді жұтпа, жер басып жүрсем жамағатымды өзім тауып аламын. Бұл туралы енді қайтып сөз қозғамайық, шешем де, өзің де ешкімге емексімеңдер. Жорыққа шығарда жолын кескендей болдым-ау деп өкінбе, ондай ырым-жырымды елемейтінімді білесің. Жан Құдайдікі, уақыты келгенде өзі алады, артымызда ұрпағымыз қала ма, жоқ па – оны да шешетін біз емес. Сондықтан, айтқанымды тыңдамады деп өкпелеме, бұдан былай өз ақылыммен жүрермін, мүмкін мен де өзің секілді халқымыздың жел жағына ұстар қалқаны болатын шығармын? Кім біледі? Ал, батаңды бер.

 

Он бес жасар бозбаладан осындай орынды пікір күтпеген халайық таңырқап қалды. Көпшілігі Төремұраттың ер екенін сонда-ақ танып, жас та болса бас боларлық адамдай орнықты сөйлегеніне іштей тәнті болған. Содан бері кейбір әзілі жарасқан құрдастары болмаса құдалық, қыз көру, айттыру туралы Төремұратқа қаратып ешкім сөз қозғаған емес. Сыртынан сөйлегендер өздері білсін, оларға не амал бар, кімнің аузына қақпақ қоясың?

 

-Төремұрат аға, ән салып берші!– деп өтініш білдірген Сәрсенбекті бәрі шуылдап қостай жөнелді. Ондайды күтпеген Төремұрат қысылып қалды, достарының арасында кей-кейде домбыра шертетіні болмаса күні бүгінге дейін әу деп көрген емес, мыналар қайтеді өзі! Батырдың қысылғанын сезді ме, Данай бір әнді бастай жөнелді. Баяулата шырқалған ән біртіндеп көтеріле берді де көк жүзінде самғаған қыран құстай қалықтап тұрып алды. Ерекше иірім-қайырымымен толықсып-толқып, бұлқына дірілдеп, ширыға шырқалған ән көк жүзіне шаншылып қалғандай сәл тұрды да кілт құлдырады. Бұрын естімеген асқақ әннің сұлу сазы мен ару әншінің сызылта шырқаған даусына сүйсініп, таң-тамаша қалған Төремұраттың жүрегі көкірегінен лықсып шығып кеткендей болып, қалай ышқынып жібергенін өзі де аңғармай қалды. Жиналғандар ду күлді.

 

Ән аяқталар сәтте алтыбақанды тербету де баяулап, әнмен бірге ол да тоқтады. Төремұрат әннің әсерінен айыға алмай аңырып отырып қалыпты. Алтыбақандағы жұптасының жағдайын дәл бағамдаған Данай бұл жолы да батырға көмекке келді.

 

-Кезек ауысайық, батыр,– деді қыз түсуге ыңғайлана беріп. Сонда ғана есі кірген Төремұрат орнынан ытып тұрып, қызды қолынан ұстап түсіріп алды. Олардың орнына батырдың бір серігі мен ауылдың қызы отырды. Бұлар алтыбақанды қоршаған топқа қосылды.

 

Алтыбақан тепкен кезде жас сұлудың жүзіне тіктеп қарауға дәті бармай, одан кейін әннің құдіретіне елтіп қыбыр ете алмаған Төремұрат қыздың түріне көз тастауға енді ғана батылдық етті. Апырмай, адам баласында да мұндай сұлу болады екен-ау! Қызға қарамайды деп қаймана қазақ қанша өсектегенмен көкірек көзі ояу, жаны сергек жаралған Төремұрат шынайы сұлулықты тани білетін. Қазақ аруларына тән басты қасиет – көздің сұлулығы, оның ішінде халық ботакөз аруларды жоғары бағалайды. Ал Данайдың көзі нәркес болатын. Ұшы қайқиып келген кірпігінің ұзындығы соншалық, ақындардың жырларында кездесетін «кірпігі сабаудай» деген теңеудің рас екеніне қазір көзі жетті. Көзінің ағы қандай тап-таза болса, қарасы да сондай мөп-мөлдір, тұңғиық екен. Көз жанарының тереңдігіне бойласаң бұл арудың тегін адам еместігін, ішкі әлемінде қат-қабат құпия сыр жатқанын еріксіз түйсінесің. Осының бәрі қосыла келіп, көзіне көзі түйіскен адам жас арудың адамгершілік тұрғысынан келгенде қай қырынан алсаң да өлшеусіз биік, түпсіз терең, тұңғиығына батырып әкетер сыршыл, тұстас құрбыларымен салыстыруға келместей артық екенін ұғынып, еріксіз мойындар еді. Бәсе, мұндай аты шыққан аруды бір емес, бәлен жер айттырып қойса да әлдеқашан алып қашып кетсе керек еді, мықтымсынған талай ер шын аруды көргенде аруағы қашып, аузына сөз түспей, айтарға уәж таппай пұшайман болған шығар-ау. Теңі табылмай жүрген тектім-ай! Саған сыңар болуға жарар ма екем?

 

Жап-жазық ақша маңдайдан тік құлаған қырша мұрынның жоғарғы басына қарлығаштың қанатындай болып екі жақтан тартылған жіңішке қара қасының жоғарғы жағы сәл иіліп келген. Оймақтай ғана қып-қызыл ерні жымиған кезде сәл ашылып, арғы жағынан жіпке тізген моншақтай теп-тегіс, күріштей аппақ тістері жарқырай көрінеді. Сүйірлеу біткен иегінің астынан аппақ тамағын көргенде есіңнен танардай күй кешесің. Аққу мойны сәл иіліп, басын бір жағына бұрғаны қандай әсем! Жауырыны жазық екені қамзолының сыртынан-ақ байқалып тұр. Омырау тұсынан білінер-білінбес томпиған төсі бір қырынан қарағанда қыпша белін одан әрі айшықтай түседі. Жеке тұрғанда бойы ұзын секілді еді, құрбыларының арасына барғанда орта бойлы болып көрінді. Сұңғақ мүсінді деп осындайды айтса керек. Төремұрат қыздан көзін айыра алмады, бар зейіні Данайда. Жігіттер отындыққа әкелген томардан алау жағып, соны айнала бәрі алқақотан тізе бүккенде екеуін тағы да қатар отырғызды. Батыр айналасында не болып жатқанын, қайда отырғанын, қасында кім барын түгел ұмытып, жас сұлуды көзімен ішіп-жеп барады. Жұрт жиналған жерде көпшіліктің назары атақты батыр мен ару қызға ауатыны белгілі. Оның үстіне, екеуі қатар отыр. Бір мезет Данай өзгелерге естіртпей, ақырын тіл қатты.

 

-Тым сұқтанып кеттің ғой, батыр. Аруақты адамсың, көзің тиіп, кепиетіңе ұшырап, таңертең тұра алмай қалып жүрмейін.

 

Сонда ғана есін жинаған Төремұрат өзінің ессіз ғашық болып қалғанын ұқты. Сезімі алып ұшқан бозбала шақ әлдеқашан артта қалған, онда да кейбір тұстастары тәрізді жесір қатындарды адақтап немесе жеңгелеріне қол жүгіртіп желіккен емес, көрсеқызар ұшқарылықтан туа бітті ада, әйелқұмар әуейілікті ер жігітке лайықсыз қылық деп есептейтін, ақылы толысқан, орда бұзар отыздан асып, қырыққа жақындап қалған салиқалы азамат бір көргенде осылай ақылымнан адасардай махаббат дертіне шалдығамын деп ешқашан ойлап көрмепті. Баяғы ғашықтық жырлардағы сүйгеніне жете алмай құса болған шерменделердің зар еңіреуі рас екен – дәл қазір бұның хал-күйі де Сейпілмәлік, Мәжнүннің, Қозы Көрпеш, Төлегеннің басына түскен жағдайдан бір кем емес, дәл қасында отырған ару қызға бар ынты-шынтысымен беріліп кеткен, дүниенің бар асылын Данай қыздың аяғының астына тастай салуға дайын. Терең ішкі түйсігімен оның да өзін ұнатқанын сезіп тұр, алайда қыздың жолы жіңішке, қанша құлай сүйсе де жұрттың көзінше сыр алдырмауға тиіс, батырдың алтыбақан әткеншегінен түскен соң тесіліп қарағаны аздай, енді қатар отырғанда да бар денесімен бұрылып, көзін алмай қадала қалғаны ерсі көрінетінін әлгі бір ауыз сөзімен ұқтырған. Қапелімде не деп уәж қайтарарын білмей сасып қалған Төремұрат апалақтап, бар шынын ақтара салды.

 

-Енді қайтейін, қарағым-ау, өңім түгіл түсімде көрмеген, көремін деп ойламаған жас ару құс төресі аққудай еркелеп дәл қасыма қонақтаса қалай қарамайын? Ондай сұлулыққа сұқтанбаса, шыққыр көзім неге шығып кетпейді!

 

Данайдың жанары кіреукелене қалды.

 

-Сол аққуыңыз аспан-көкте қалықтап, айдын көлде қалқыған еркін құс емес, тордағы тұтқын ғой, батыр. Қолдан ұшар кезі де таяу.

 

Енді Төремұраттың қабағы түйіліп кетті.

 

-Ұшқанда қонар жері алыс па екен? Қай қыранның ұясына қонақтамақ?

 

Қыздың даусы сәл жарықшақтанып шықты.

 

-Қыран болса арман не, бұл күндері аққу құсты жарбиған жапалақ та ілетін болыпты ғой.

 

Төремұрат ауыл арасындағы ілік-шатыстық, құда-жекжаттық, нағашы-жиендік тәрізді туыстық қатынастарға көңіл аудармай жүре беретініне алғаш рет өкінді. Айттырылған жері бар екен ғой, қап, білмегені-ай! Әлде кішкентай кезінен атастырып қойған ба? Бәрібір емес пе! Далбасалауын қарашы! Ол кім екен? Кім болса да... айы оңынан, жұлдызы солынан туған бақытты біреу шығар. Кісіге қиянат жасап көрмеген, тек өзгеге болсын деп тілейтін ақжүрек батыр алғаш рет өзімшілдікке салынып, «кім болса да жолыма тұра алмас» деп кіжінбек болған, бірақ әрісі күллі адам баласының, берісі жақынын да, жатты да бірдей сыйлаған қазақ халқының осынау бес күн тірлікте ұстанатын басты қағидасы – ізгіліктен айнымауды ат жалын тартып мінгелі мұрат тұтып, досқа да, дұшпанға да адал болуға өзін-өзі әбден үйретіп тастаған сырбаз жігіт өмірлік дағдыға айналып, біржола қанына сіңіп кеткен әдетінен жаңыла алмады – бұл жолы да сол бейтаныс жігітке, өзінің бақталасына іштей бақыт тілеп, сезімін тежеуге тырысты. Бірақ махаббат деген көзсіз соқыр емес пе, сол мезет іші-бауыры толайым төңкеріліп түскендей сезініп, көкірегінде әлдебір алапат алау лап ете қалды. Күйеуі!.. Кім екен ол? Басқаның емес, мұқым алшынға даңқы жайылып, есімі алты алашқа әйгілі бола бастаған Төремұраттың жолын кесіп, ұмсынғанын алдырмайтын қандай мықты өзі? Қыран емес, жапалақ дегеніне қарағанда қыздың өзі болашақ күйеуін ұнатпайтын тәрізді ғой. Шынымен жігіт болса ерлігі асып, аруағы басып, мейманасы тасып, тартып алсын! Әйтпесе мұндай аруды қолынан да, жолынан да бере алмас! Кім болса да мейлі. Ол төлеген қалың малды бұл да төлейді. Ол жіберген сәлем-сауқатты бұл да жібереді. Екі есе, үш есе, керек болса он есе артығымен төлейді. Содан келген керді көріп алайық!

 

Қапелімде ойына келгені осы ғана болды, оның өзін пысықтап үлгерген жоқ, қандай ойын ойнаймыз деп таласып жатқан қыз-жігіттерге бұйыра сөйлеген Жәмиланың даусы бөліп кетті.

 

-Ақсүйек ойнайық!– деді Жәмила ешкімнің қарсылық білдіруін қабыл алмаймын дегендей әмірлі үнмен.– Жайлауға шыққалы бірде-бір рет ақсүйек ойнаған жоқпыз.

 

Ауыл иесінің қызына кім қарсы шықсын, оның үстіне осыдан бұрын да бірер рет сауық кешін өткізгенімен қазақ даласының түкпір-түкпіріне түгел таралған жастардың сүйікті ойынын биылдыққа әлі ойнамағандары рас. Бәрі дуылдасып қостай кетті. Біреуі асығы алынып, тап-таза етіп мүжілген жілікті қойнына салып әкелген екен, соны Сәрсенбайға ұсынды.

 

-Ал, кәне, екіге жарылып тұра қалыңдар,– деп бұйырды ойын-тойларда ауыл жастарының көсемі болып әдеттеніп қалған Сәрсенбай. – Көмбеміз осы араның өзі, ақсүйекті тапқан жақ дәл мен тұрған жерге әкелуге тиіс. Жеңілген жақ таңға дейін ән салып, би билеп, көңілімізді көтеретін болады. Келістік қой?

 

-Келістік!– деп шу ете қалды бәрі. Алыс-жақын қонақтарды, әлдебір себептермен өз руынан шеттеп, ауылға қоңсы қонған кірмелерді, жалданып мал бағатын жылқышылар мен бақташыларды қоспағанда бір ауылдың тұрғындары, негізінен, ағайын болып келеді, соның өзінде әркімнің көңіліне жақын сырлас, пікірлес достары бар, біреулермен әңгімең жараспайды, басқалармен не туралы сөйлессең де бірден тіл тауып кетесің, ойын-сауықта да солармен бірге болғың келіп тұрады. Сондай-сондай себептермен дереу екі топқа бөлініп шыға келген жастардың арасында бір өзі қалған Сәрсенбай қолындағы ақсүйекті бар күшімен әуелете лақтырып жіберді. Жиналғандар сүйек барып түсті-ау деген тұсты көздерімен мөлшерлеп алып, солай қарай топырлап тұра жүгірді. Жігіттердің сақ-сақ күлкісіне қыз-келіншектердің сыңғырлаған даусы қосылып, жайлау төсін шаттық үні кернеп кетті.

 

-Ал, жүгір!

 

-Кеттік!

 

-Әй, онда емес, ана жерде!

 

-Жоқ, осы маңға түсті!

 

-Жүр, ана жақтан іздейік.

 

Біреулер сүйекті шын ниетімен іздесе енді біреулер осындай оңтайлы сәтті пайдаланып бұрыннан көңілі құлап жүрген, дала заңы бойынша жұбайлық қатынас орнатуға тыйым салынбаған қатар-құрбысымен тілдесіп қалуға тырысады. Ондайлар көбінесе алдын-ала жоспар құрып, тілектес достарының көмегіне сүйенеді. Шын досың ойыңдағыны айтпай-ақ сезеді емес пе, Алтыншаш та құрбысының көкейіндегі тілегін тап басып таныған екен, Данай мен Төремұраттың ортасына түсіп алып, екеуін екі қолымен жетектегендей сүйрей жөнелді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар