Əділет Серікұлы. Мен өзімнің ішімде өмір сүремін

Бөлісу:

17.08.2019 3612



БІР ҰЛЫ САҒЫНЫШ



Көл бойында төбе болған секілді,
Сонда қалың көде болған секілді.
Сол көл жақтан түнде суық жел тұрып,
Түні бойы төбе тоңған секілді.

Көде беті көл шайқалған секілді,
Жел тұрғанда, сол шайқалған секілді.
Толқын атып толқын сынды жоталар,
Көз алдында мол жайқалған секілді.

Көл бойында төбе болған секілді,
Сонда қалың көде болған секілді.
Ертеңгісін өрістерді кешіп кеп,
Менің бабам өре қонған секілді.

Сайға бармай, қыр отырған секілді,
Соның бəрі тірі отырған секілді.
Ұмыт болған қарындасым дөңгелеп,
Үй тіккендер де ұмытылған секілді

Көл бойында төбе болған секілді,
Көлдей қалың көде болған секілді.
Мені сонда бастап бара алмайтын,
Жоғалған бір көне жол бар секілді.



О, ӨЛЕҢДЕР



О, өлеңдер !
Мені алысқа алып кет,
Жалықтырған сарсаң тірлік бар мұнда...
Бозторғайдың төбесінен ауып кеп
Домалатып жапырылған шалғынға.

Тарбағатай тауларына лақтыр,
Тағы лақтыр !
Жайырына Бөдештің.
Қайтқан малдың шуылын да ұнаттым
Төбесінде бос отырып дөңестің.

...Беймәлім бір мұңлы ару ұстаған
«Шөлп» етіп кесесіне түсейін.
Жалтаңдаған жанарына ұсаған
Кеседегі қара шəйден ішейін.

Бірақ, баста!
Бұлқынған бір мұхитқа,
Бұйра толқын — өлтірейін пышақтап.
Бірақ алып апар мені, тұқыртпа,
Жан шыдамас құшағыңа құшақтап.

Шалғын шөптің арасынан — сарғайған
Қызыл гүлдің жүрсем түбін таба алмай.
Жағалтайдай — бірақ шығып көл қайдан,
Жағасынан таптыр елін «Жағалбай».

Қаңғып-қаңғып, көп ұзамай қайтайын.
Сағындыршы үйде, ашулы анамды...
Күпе-күндіз, міне, осылай қайқайып,
Үйден тайып тұруға сан тарандым.


БАҚТЫНЫҢ КЕШКІ ЖАЗЫ



Каспий жетіп жас жігіттей гүлімен таң атты ма —
бозторғайдың иісі бар сіңіп қалған Бақтыда.

Өзің мінген күрең атқа көп ұқсайды мынау жақ,
шіркей қонған арқасынан бара жатыр Күн аунап.

Еркелете-еркелете берген соң ба Аспаны,
жаңа ғана қыр сасырмен бетін бояп тастады.

Кешкі астан соң бірақ мұнда тоқтап қалу болмайды,
қитығына тиіп Маса мазақ қылар ондайды.

Бозбалалар қызға шарап ішкізем деп гөйледі,
бойжеткендер таңдап әлек кешке киер көйлегін.

Маңдайының терін сүрткен ақынына мастанбай,
терезеге мініп алып жаңа жырын бастауда Ай.

Құсжолына назар салшы, саған деген — сапарым,
мына жердің тыныштығы-ай — шуылындай бақаның.

Сен келгенде мөлдіресе ауылыңның өзені,
ойға шомған менің ойлы жанарым деп сез оны.

Тағы суға бара-а-рмысың осы жолмен тәтті қыз,
барым менің саған жазған ақ өлеңдер — ақ күміс.

Сенің аппақ тамағыңдай көріп жүрмін мен оны,
жұпар исін осы судың жұта бергім келеді.

Апаңызды көріп қалдым қамдап жатқан ошағын,
мен қиялға шомып кетіп бір ғажайып тосамын.

Құсжолына назар салшы, саған деген — сапарым,
мына жердің тыныштығы-ай — шуылындай бақаның.

Таусылардай бір күй кешіп тұрғанымда тағатым,
қамыс жақта бір топ үйрек пырылдатты қанатын....



ТҮНБОТА



Түн жабысты сырмаққа басын сүйеп
Сандық жақтан сорғалап — жасыл сүйек.
Балбырайды тұскиіз оюланып
Көрпелерге тыпырлап асылса иек.

Ағып жатыр уықтан сидам-сидам,
Қытыр етіп əжем жүк жиған сирақ.
Бозарады лампаның жарығымен
Қараңғы тау ішінде үй борсиған.

Салбыраған жаппа есік тықыр қағып,
Мейман еніп жарылды сықырлауық.
Босағаға жабысқан жылы жерде
Түндер тоңып қозғалды жыпырланып.

Торлап жатыр топырлап керегені,
Төрде отырған кейуана «О не?» деді.
Бірнеше түн жыбыр боп томпаң қағып
Ағаш аяқ ішінен жөнеледі...



БІЗ КҮТЕТІН ЖИДЕ



Көру үшін гүлдегенін жиденің
Жібермедің менің үлкен қолымнан.
Мені күтіп отырдың ба, сүйгенім,
Мен кешігіп келерде де жолымнан.

Өзіңді іздеп келдім, міне, көктеммен.
Енді маған гүлдемейді ақ жиде...
— Сыңғыр күлкің кезіп жүрсін, жат көрмен,
Менің мұңлы жанымды,

кел,
әлдиле.

Біз күтетін жиде қайта гүлдесін,
Сені келіп енді мен де тосайын.
Жауын күні жапырақтың түймесін
сен келгенше басайын.

Дауыл күні тосайын,
Сәуір күні тосайын...



...



Бізді іздемек болсаң егер бір кезде,
Оған енді қызықпайды қыр кезбе.
Алып, жер деп аталатын өлеңнің,
Мен үстінде келе жатам бір көзбен.

Каспий болып кілкіп өтті жүрегім,
Мен өзімнің ішімде өмір сүремін.
Суып қалған жазылмаған өлеңдер,
Таптырмай жүр, жел боп қашып бірі оның.

Таба алмассың іздеп келсең мені үйден,
Кілті де жоқ, иті де оның жоқ үрген.
Өзімді де іздеп жүрмін таба алмай,
Айырылған абыройдан, сенімнен.

Бізді іздемек болсаң егер, кісі деп,
Үңіл, достым, өзіңнің кеп ішіңе.
Екі жүз жыл өтсін мейлі, жоғалған,
Менің өзім көлеңкесін түсірер.

ЖАЛҒАН — АРМАН



...Шетсіз, шексіз теңіздің үнін сүйем мен,
Аспанды сүйем теңізге барып тірелген.
Бүгінгі бағыт, айтысып желдің соғысын,
Жағаға барып отырғым келеді біреумен.

Қағаздың бірде бетінде жүрген кемені,
Мүйісте тұрсам, көзіммен көргім келеді.
Тынысым жерде тарылып, аңқам кебеді,
Одан да суға тұншығып өлгім келеді.

Айналып жүрген адамға жерде балықтай,
Сағынып келем жалдарды алыс жалықпай.
Тарс жұмып сəлге жанарды тартып кетер ме,
Жарқ етіп өтіп кетеді жалған жарықтай.

Жалдарға қарап, әр жағын əсте көрмей-ақ,
Жылдарды сонда өткізсем екен өлмей-ақ.
Жалғызсың десін, жарлысың десін көнемін,
Жағада мені қалдырсын, көнем, көмбей-ақ.


БІРНЕШЕ СЕКУНД БҰРЫН



Көзімді жұмдым
Өзімді жасырдым
Жүрген уақыттан.

Бірнеше секундтан кейін
Яғни бірнеше секунд өтіп көзімді аштым,
Екі аяғымды
Қос қолымды
Жейдедегі кеудемді
Көрдім.


ОН ТӨРТІНШІ-АЙ АЙДАЙ КӨРКЕМ



Бұл түннің көзі жұмулы,
Аспанда көзі салбырап.
Меңіреу бұл түн қараңғы
Ораған мені балбырап.

Жұлдыздар өскен маңында
Ұйқысы қалың бұл көздің.
Өмірдің осы шағында
Əдеппен ғана түнге оздым.

Көзіңе қарап еріксіз
Жұмулы жатқан, аруым.
Сұлулық деген серіксіз
Ғажапқа қарап налыдым.

Аспанда көзі түн қыздың
Алтынмен түртіп қойғандай.
Шашырап кеткен жұлдыздар
Шағылып жатқан ойлардай.

Қалғыған басын сүйеп ол
Жантайып жұмсақ тауларға
Басыңды алып түрегел
Мұнда мен ояу болғанда

ІІ

Талдардың басы шайқалып
Жаурады жасыл жапырақ
Ағарып оның жүзінен
Күн күтіп жатты атырап

Көгілдір аспан ашылды
Жамалы таңның білініп
Сызатсыз оның бетінде
Көз жатыр ауыр, ілініп


ҰМЫТ БОЛҒАН КҮНДЕРІМ



І

Көздерім ашылса
Ұмыт болған күндерім өзі де бір өмір
Көрер ем отырып.

ІІ

Тағы да күшігін ойлаған төбеттей
Сөз болып жабылады көзім
Өзіме өзімнен қараймын

Менен алыста
Түннің түбінде
Көзін аша алмаған менің көздерім
Менен алыста
Менің маңымда

Көздері жұмылып
Түрткілеп жүрген түннің ішін
Көремін оларды.

Бір кезде сол көздермен көрген ем күнді де
Жүрген ем түндерде,
Көзімді жұмамын.



ДАЛА



Ала аспанның астында анам болып күрсіндім
Сонда жалғыз қолыма қаламды алып күрсіндім

Мен биіктеп кеттім бе, әлде бұлттар төмендеп
Кім ойлаған оларды бірге тұрып көрем деп

Кейде бұлттар күмістен құйып қойған секілді
Көкте жүрген жайылып биік қойлар секілді

Міне! Бұл біз іздеген ашық аспан секілді
Аппақ қойлар аспанда шашырасқан секілді

Мына бұлттар далада мүлде момын секілді
Жаңбыр емес, аспанда жүрген өмір секілді

Қасқыры да жете алмай ұлып қалған секілді
Бөктеріне бір таудың бұлт тоңған секілді

Əне соның аспаны қараңғылық секілді
Бұлар емес, аңғарсам, солар бұлт секілді

Жауыннан соң бір адам бұлтпен бірге қой бағып
Ол да мендей бəріне жүрген сынды ойланып

Түсіп тұрған секілді көлеңкесі үстімде,
Өтіп алып бір қойдың ерен төсі үстімде

Найзағайы да олардың құр көделер секілді
Ерте жатып тойып кеп, түннен өрер секілді

ОЛ



Ол мүлде ойлана алмайды.
Ойланбай жазады жырларын
Сеніскен достары ойлайды
Кетті деп оны оның жынданып

Бір ауыр ойлар ма мүдірткен
Бір əлде қайғы ма сындырған
Əлде осы жұрт айтып жүр ме рас
«Оны ойдан айырып жын ба ұрған»

Сен рас жынданып кеттің бе
Жырларын оқиды тек түнде
Тек күнде.

Күндіз де жазады
Тек осы жырларда
Жырланды азабы

Қолында заттарды қай жерге
Қойғанын ұмытып қалады.
Он рет оралған жерінен
Айналып он рет барады.

Кездейсоқ болмаса кей жерде
Қателік жасауда ол əлі.
Он рет жасалған қатені
Ол ғана қайталай алады.

Осы өлең-жырларын оқылған
Осы ұлы сәтін де отырған
Ұмытып қалады
Ұмытып қалады

Ол мүлде ойланбай жүр ме əлі
Ойланбай түсіріп жырларын
Сеніскен достары ойлайды
Кетті деп оны енді жынданып

Айнала не деген ойлы еді,
Ол мүлде ойлана алмайды
Іш қыры шығыңқы көйлегі
Ол қайда...


АҢЫЗДА



Қозғалып тұрған төбеде қой ма екен десем
Қарайып жатқан қыратта сай ма екен десем
Кекілін қаққан жотаға артымен қарап
Жайылып тұрған еңісте тай ма екен десем,

Айналып жүрген үстінде қыран ба десем,
Сансырап келем далада құр өлмеген соң
Жаңбырдың қағы жанымды жағаша тартып
Түбінде шидің шұбалған жылан ба десем,

Гүп етіп жеткен арықтың исі ме десем
Иіген өне бойымды сүйсіне кешем
Алды-артын ойлап өспейтін алаботалар
Аңғал ғой мендей, талантсыз биші демесең,

Жалп етіп ыстық аспаннан қырғи да ұшпады
Қажырым бітіп тағы да қалғи бастадым
Сарғайған түзге далада жағылып кетіп
Шарқ ұрардай жер бауырлап қарлығаштарым,

Ары өтсем белді, мен ашық теңіз бе десем
Дөңкиіп жатқан мүйізді өгіз бе десем
Белдерде алтын сағаттай буланып мезгіл
Адасып қалдым Ілияс, тамыз демесең.

Əділет Серікұлы, суретші. 1992 жылы Бақты ауылында дүниеге келген.

Бөлісу:

Көп оқылғандар