Әнуарбек Әуелбек. Үйірін іздеген тұлпар, көгін іздеген сұңқар еді

Бөлісу:

06.09.2019 4312

Ол оқуға әскерден келіп түсті. Алайда, журналист болам деп ешқашан айтқан емес. Оны бәріміз жақсы көрдік. Ол үнемі басқа жаққа алаңдаумен жүретін. Оның өз ортасы болды.

Арқалы ақын, марқұм Бауыржан Үсеновтің менің көңілімде қалған өмір жолы осы ғана сияқтанып тұрады. Ашық күнде жай ойнатқандай, күркіреп келіп күркіреп өте шыққан қып-қысқа ғұмырында ол бірақ артына өшпестей із қалдырып кеткен болатын.

Жыр найзағайы

Жанында жетпіс жыл жүрсең де, жеті ауыз сөзі есіңде қалмайтын жандар да болады. Өмірде сан түрлі адам кездеседі, әрине, бәрінің өз орны, өз жолы бар. Бауыржанның орны жүрек төрінде мәңгіге қалды. Енді ғана студент атана бастаған сәттің өзінде:

«Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,

Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын!», -

деп, өз өлеңдерімен бірге, өзі құрмет тұтатын ақындардың өлеңдерін жиі қайталап айтып жүретін Бауыржан аз ғана ғұмыр кешетінін сезгендей көрінеді.

Үлкеніміз Мейрамбек Шілдебаев, одан кейін Бауыржан Үсенов, Ескендір Ертаев, Талғат Батырханов және мен – бәріміз Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің дайындық бөлімінде оқып жүргенде, ҚазМУ қалашығындағы №8-жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Бұл филология факультетінің жатақханасы болатын. Дайындық бөлімінде филфак пен журфактың тыңдаушылары бір топта оқитын еді.

Оқуға бірге түскен қыз-жігіттермен кейіннен мың рет араласып, мың жерден бірге жүрсек те, алғашқы сол бір сәттер ғана көңілде ыстық қалпында сақталып қалды. Әсем қала Алматымыздың құшағындағы жастық шақтың алғашқы қызықтары бірге басталған соң солай сезіле ме екен, кім білсін. Әйтеуір, кейінгі жылдардың бәрі төбеңнен су етіп ұшып өткен ұшқыр құстың қанатымен бірге ілесіп кеткендей, ізім-ғайым жоғалды деуге болады. Осы күнге дейін тек төменгі курста жүрген кездеріміздің ғана жылуы шарпып тұрады.

1980 жылдың күзінде жайғасқан жатақханамыздың екінші қабаты ең қызық қабат еді. Бір-біріміздің бөлмемізге біріміз кіріп, біріміз шығып, кезек-кезек шайға шақырып, мәре-сәре болып жататынбыз. Абыр-сабыры басылған жоғары курстықтар үшін ондай нәрселердің несі қызық дейсіз. Тіпті олардың жатақханада бары да, жоғы да белгісіз, оқта-текте ғана бір көрініп қалады.

Алматыға жалғыз шабаданмен келген, қалада ешкімді танымайтын біз сияқты емес, Баукең әу бастан-ақ өз шаһарына келгендей емін-еркін жүрді. Мұндағы таныс, дос-жарандары да аз болмай шықты. Соның арқасында біз де қала тірлігіне бойымызды үйретіп, көп ұзамай-ақ еркінси бастадық. Сол уақыттарда Баукеңнің жерлес досы, Алматы көркемсурет училищесінде оқитын Оралбек пен оның қызылордалық курстасы Әлихан деген суретші жігіттер жиі келіп тұрды. Талай қызықты отырыстарды да солармен бірге ұйымдастырып жүрдік. Қызық дегеннен шығады, бір күні аяқ астынан туған күн өткізетін болып келістік.

- Кімнің туған күні дейміз?, - деді Мейрамбек.

- Менікі-ақ бола салсын, какая разница, - деді Оралбек күліп.

Қонаққа шақыратын қыздарымызды да сол суретші жігіттер танитын еді. Уәделескен уақытта бәріміз жинала кеттік. Баратын жеріміз қала шетінде жайғасқан жер үйлердің біріндегі жалдамалы пәтер. Жол-жөнекей бәріміз ақылдасып келеміз. Балалық та бар ғой, бәріміз есімдерімізді өзгертіп айтып танысатын болып келістік.

- Сенің атың кім еді?, - деп, ұмытып қалмас үшін бір-бірімізден сұрағыштап қоямыз. Ұмытпасам, Бауыржан – Болат, Мейрамбек – Марат, мен - Әлібек болып шыға келдім. Басқа жігіттер де аттарын өзгертті. Өзгерткені бар болсын, өзіміз алты-жеті жігітпіз, межелі жерге барғанша бір-біріміздің атымызды жаттап әлекке түстік.

Біз пәтерге жетіп, дастарханды әзірлеп бола бергенде қонаққа шақырған жеті қызымыз да келді. «Болат, Марат» деп қойып, өзіміз мәзбіз. Қыздармен таныстық. Бәріміз Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтының 1-курс студенттеріміз дедік.

Отырысымыз қызып, өзіміз де қыза бастаған соң:

- Бауыржан, бір ән айтшы, - дегенге көштік. Баукең көзін алайтып бір қарады.

- Әнуар, құйсайшы, - деді бір кезде Оралбек.

Сонымен не керек, өтірігіміздің құйрығы бір тұтам болып, қыздардың алдында құпиямыз ашылып қалды. Бәріміз әзіл-қалжыңға бұрып, қыздар да, біз де ішек-сілеміз қатып күлеміз.

Алдында қыздар да аң-таң болып отырған еді. Өйткені, бірде Мейрамбекке Марат десек, бірде Ескендірге Марат деп, өзіміз шатаса бастаған болатынбыз. «Бұлардың қайсысы Марат?» дегендей, қыздар сыр алдырмаса да, бір-біріне қарап жымиып қойып отырған еді. Олардың да іштері сезген болу керек. Сол кездері өтірік атпен танысу «мода» болып жүрген уақыт еді өзі...

Жастық шақта ондай қызықтар бола беретін еді ғой. Думанды отырысымыз ән-жырға ұласып, аяғында журфактың студенттері екеніміз де белгілі болып қалды. Баукең салған әсем ән қыздардың көңілін қытықтап, сезімдерін оятып, өзіне тәнті етті. Ол біздің бүкіл жалған сөзімізді жуып-шайып кетті, бір дегенде-ақ бәрі ұмытылып, қыздарымызбен емен-жарқын әзілдесіп, көңілді отырдық. Өнердің құдіреті ғой, бәрімізді ыңғайсыздықтан сөйтіп Баукең құтқарып қалды.

Арагідік қыздарымыз ән салуды өтінеді. Домбырасын қолына алған Баукең жүрек қылын тербейтін лирикалық әндерге басады. Арасында өзінің «Найзағай келіншек» әнін де айтты. «Біз мына бала болып көрінсек те, Мына мен ғашық болдым келіншекке» деп басталатын әнінің әуені өте ғажап еді. Сол кездері бәріміз ыңылдап, шамамыз жеткенше айтып жүретін әнге айналып еді ол. Баукеңнің өзі де жыр найзағайы болатын.

Алматыға өлең жазамын, ақынмын деп келген едік, Баукең тұрғанда өлең оқуды, Баукең тұрғанда ән айтуды бірден доғардық. Шынымды айтсам, содан бастап өлең жазсам да, жазамын деп айтпайтын болдым, ән айта алсам да, көпшіліктің алдында айтпайтын болдым. Өзім о баста-ақ үндемейтін тұйықтау жігіт едім, мына сал-серілермен бірге жүрген соң, тіпті бұйығы болып алдым.

Мақала жазуға келгенде алдыма жан салмайтын едім, Мейрамбектің новеллаларын оқығаннан кейін оған да ойланып қалдым. Қасымдағы жігіттерден үйренетін нәрсе көп екенін ұқтым. Абырой болғанда, бірге жатқан жігіттердің ішіндегі ең кішісі мен болатынмын. Жасым кіші болған соң, қызыға қарап, үйренгеннің айыбы жоқтай көрінді. Сөйтсем, адам өмір бойы айналасынан сабақ алып өтеді екен ғой.

Жақсы көретін қызым Баукеңе ғашық болып қалды

Ендігі бір естен кетпейтін оқиғаның басы сәл әрегіректен басталатын еді...

1980 жылдың жазы. Журналистика факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсуге келген бетім. Құжат тапсырып, сол кездегі тарих факультетінің жатақханасынан орын тиді. Атышулы 5-жатақханада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен, сол 6-жатақханада жаттық. Болашақ филология ғылымының докторы, профессор, атақты ақын Бауыржан Жақыпов екеумізге екі кісілік бөлме тиді де, қалған үш жігіт үлкен бөлмеге жайғасты.

Ол уақытта журфактың талапкерлері елден бұрын сынақ тапсыруды бастап кететін. Екі түрлі байқау болушы еді. Бірінші – жазбаша, екіншісі – ауызша. Емтихандардың алдында, шығармашылыққа қабілет-қарымы бар-жоғын тексеретін сынақтар. Бұл байқауларға қатысуға үлгере алмай қалған талапкерлер көбіне филфакқа құжат өткізіп қоятын. Солай етіп, филфакқа оқуға түсіп кеткендер де аз емес.

Мен құжат тапсыра сала, қызылордалық талапкердің бірі, болашақ журналист, запастағы подполковник Сәдуақас Жұбатовпен достасып алған болатынмын. Екеуміз қалаға бірге шығамыз, айналамен танысып, бірге қыдырамыз. Сөйтіп жүргенде екеуміз бірдей журфакқа үлгермей, филфакқа құжат тапсырған бір қызды ұнатып қалдық. Оны бір-бірімізге айтпаймыз. Екеуміз сұлу бойжеткенді ортаға алып, саябаққа қыдыртамыз, көше аралаймыз. Арасында кезектесіп балмұздақ әперіп қоямыз.

Аққудың көгілдіріндей дейтін емес, аққудың нағыз өзі еді әлгі бойжеткеніміз. Ұзын бойлы, қыпша бел. Әппақ. Ауылда жүргенде қыздарға мән бермейді екенбіз, бәрі туысқан сияқты көрініп тұрады. Аяқ-қолы оқтай болған сүйріктей мына сұлу жүрек төрінен ерекше орын алып үлгерген еді.

Сол жылы күзде келіп дайындық бөліміне оқуға түскенде, ол бірінші курста оқып жүрді. Айтатын әңгімесі мен салатын әнін айтсаңшы... Күй тартқанда тіпті бойыңды балқытып жібереді. Өзіне қарап бір ерисің, күйін тыңдап бір елжірейсің. Ғажап еді-ау!..

Сол қызымыз ақын, әнші, сазгер курстасым Бауыржан Үсеновті ұнатып қалғандай болды. Баукең де оған кетәрі еместей көрініп тұрды. Айтпаса да, ішім біртүрлі, сезетіндеймін. Бірте-бірте қыздан да, тіпті қарадай қарап Баукеңнен де көңілім суый бастады. Ешкімге тіс жарып ештеңе айтқан емеспін, бәрі ішімде. Ақырында, үш жігіт болып бөлініп, пәтерге шығып кеттік. Менің не үшін пәтерге кетіп қалғанымды жан адам білген жоқ. Содан кейін мен оқу бітіргенше жатақханада тұрған емеспін, ештеңені көргім келмеді. Өзімнің тәтті сезім, әдемі қиялыммен жүре бергенді жөн көрдім...

Бірақ, Баукеңнің еш кінәсі жоғын артынша-ақ түсіндім. Оның бойжеткенде шаруасы да болған жоқ. Араласатын жігіттері кілең атышулы ақын-жазушылар еді, солармен бірге жүруден қолы босамады. Үйірін көбіне сырттан іздеді. Біз тек аудиторияда ғана жолығысып жүрдік. Ал ана бойжеткеніміз Баукеңнен күдер үзді ме, өзінен кейінгі курста оқитын біздерге мойын бұрып та қарамады. Есіл-дерті өзінен жоғары курста оқитын, ересек жігіттерде болды. Қыздың жанын кім түсінген дейсің, оның бәрін кейіннен аңғара бастадым ғой. Ол тіпті абитуриент кезімізде Сәдуақас екеуміздің бірдей ұнатып қалғанымызды білмейтін де еді. Жастық шақтағы көңіл толқыны өз-өзінен қалай-қалай тулайды десеңші! Қазір есіме түссе, күлкім келеді.

Бауыржанға бұл жайында бір ауыз айтқан емеспін. Сезімтал ақын менің бойжеткенді ұнататынымды, бәлкім, өзі де сезген шығар деймін.

Мен – Төлеген, ол Шеге болып еді

Әрі бала, әрі дана – студенттік шақ бір қызық. Бірінші курсты тәмамдаған соң, бізді әдеттегідей Қостанай облысының Комсомол ауданындағы Боскөл ауылына картоп теруге алып барды.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмекке барды деген аты болмаса, студенттер үшін бұл бір бой жазатын, ой жазатын демалыс сияқты еді. Оқытушылардан Мүбәрак Үмбетбаев ағайымыз, өзіміздің ішімізден Баукең – Бауыржан Үсенов біздің топтың жетекшісі болып бекітілді. Жабылып айтатынымыз - ән-жыр. Күн сайын көңілді думан, сауық-сайран. Арасында, қол тигенде ғана картоп теріп жүргендей көрінеміз.

Жел мен күннің астындағы жұмыстан қажымас үшін түрлі ойын ұйымдастырып қойып жүреміз. Бәрі шетінен «сен тұр – мен атайын» дейтін талантты қыз-жігіттер ғой. Бір күні тапа-тал түсте «Қыз Жібек» киносынан қысқаша эпизод қойып бермек болдық. Біздің тобымыз - әртістер, көрермендеріміз – биофактың студенттері. Сахнамыз да, даламыз да - егіс алқабы.

Қыз Жібектің рөлінде – Шолпан Битенова, әкесі Сырлыбайдың рөлінде – Талғат Батырханов, Төлегеннің рөлінде – мен, Бекежанның рөлінде – Мұратбек Тоқтағазин, ақбоз аттың көрінісін Күлдір Ізтілеуова ойнады. Сонда Шегенің бейнесін Бауыржан Үсенов керемет шығарып еді. Жай ғана, қызық үшін ұйымдастырған ойын осы күнге дейін есімізден кетпейді. Баукеңнің:

- Өй, мына түріңмен қатынсыз өтерсің, - деген сөзін баяғы, дайындық бөлімінде жүрген кездегі бойжеткенді еске салғандай, шынымен маған айтылғандай қабылдадым-ай... Көңіл деген қиын нәрсе ғой өзі.

Кейде жігіттермен оңашада отырғанда Баукең домбырасын қолына алып, көпшілік алдында айтуға болмайтын көше әндерін айтып беруші еді. «Көгілдір көктемде күннің нұры төгілген...», «Алатаудың басында қар жатады-ай!» деп басталатын әндердің стилі де өзгеше болатын. Ойнақы әндер рухыңды бір көтеріп тастаушы еді.

- Біздің ауылда бір үлкен кісі болды, соның айтатын әндері еді, - деп, әлгі әдепсіздеу көшенің әндерін айтқанда күлкіден жарылуға шақ қалатынбыз.

Ұмытпасам, 1989 жылы болу керек, Баукең аяқ астынан қатты ауырып, Алматыда емханада жатып шыққан соң, «Лениншіл жас» газетінің редакциясына соқты. Біз, Нұржамал Байсақалова, Бауыржан Омаров, Ғалымжан Мелдешов, Жақсылық Молдақұлов, Досымхан Қапасов – бәріміз сол жастар газетінде бірге істейтінбіз. Курстастарын көргісі келді ме, әлде басқалай шаруалары болды ма, әйтеуір редакциямызға да соғып, біраз отырып әңгіме айтты. Екеуміз сол жетінші қабаттың «Ленинская смена» газеті жағындағы темекі шегуге арналған орынға барып, бір-екі талдан темекі шегіп тұрып, бірталай әңгіме-дүкен құрдық. Өткен-кеткенді қозғадық, мен Баукеңнің ендігі жоспарлары туралы сұрадым.

- Қазір денсаулық мәселесі басты орында тұр ғой, бұйырғанын көрерміз, - деп күліп еді сонда. Сол кездесуіміз Баукеңді соңғы рет көруім екен...

Дүниеден қайтқан соң, бір топ қыз-жігіт ауылына барып, отбасына көңіл айтып, басына барып құран бағыштадық. Сонда апасы мен Гауһардың жүрегі қан жылап отырғанын көріп, мына дүниенің жалғандығын шын мойындағандай болдым. Шынымды айтсам, оған дейін өзімізді өлмейтіндей көруші едік...

- Баукеңнің жұртшылық алдында айтуға болмайтын керемет әндері бар еді, соған басқа сөз жазып, ел назарына ұсынсам, қалай болар екен?, - дедім бір күні курстасым Нұржамалға.

- Сендерден басқа адам білмейтін болған соң, бір күні сол әндер ұмытылып кетеді ғой. Сөз жазып, әншілерге үйретсеңдер, айтылып жүретін ән болып қалады ғой. Кіріссеңдерші, - деді ол.

Айтуын айтқанмен, әлі күнге дейін екі ойлы болып жүрмін. Көңілден шықса жақсы, сәтсіздеу болса, Баукеңнің әруағынан ұят болар деген ой жеңіп жүр.

...Ол маған әлі күнге дейін өз үйірін, өз көгін іздеп жүргендей көрініп тұрады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар