Ғайсағали Сейтақ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАН
Бөлісу:
(Тарихи дастан)
Бірінші бөлім
«Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше,
қазақ халқы бұл жерден айырылмайды.
Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды...»
Әбілқайыр хан
Әлқисса...
Айқырып ашылғандай із бұрынғы,
Халқыма жеткізейін ізгі үнімді.
Жаратқан тұлпарымды ерттеп мініп,
Қағайын бісміллә деп тізгінімді.
Ендеше,
Қолда мені,
Әз Отаным,
Айтылып тұрса деймін
Азат әнім.
Бекіндім ұлы ханды жырламаққа,
Ұлы еді Әбілқайыр аз атаның.
Өртеніп өкініштен өзегі мың,
Кім білген,
Жетпеді ме кезегі бір?! –
Аспаған бабалары сұлтандықтан,
Ұлтаны болмаса да өз елінің.
Жоқ оның кейін қарай кезі қашқан,
Жаужүрек батыр болған өзі де асқан.
Әкесі мен ағасы қыршын кетіп,
Күреспен Әбілқайыр көзін ашқан.
Қарамай жүректегі жарасына,
Қамқор боп үлкен-кіші, баласына,
Бағына бір әулеттің туған екен,
Айналып Әбілқайыр панасына.
Жауынан жекпе-жекте ол қашпаған,
Батыр ма қилы кезде жолды ашпаған!?
Таңғалды күллі қазақ ерлігіне,
Толмай-ақ жиырмаға да қол бастаған!
Әз Тәукенің батасы
«Әбілқайыр хан – зор денсаулық пен қайрат-күш иесі,
садақ тартуға келгенде, шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ»
Джон Кэстль1
Өтсе де халық талай тұстан аман,
Қоймастан елді шапқан дұшпан жаман.
Билеген әз Тәукенің тұсы дейді,
Қазақтың бүйірінен қысқан заман.
Түсінді ол қолдау барда жеңілмесін,
Халқының жапа шегіп,
Егілмесін.
Тамырын Ресейдің де басып көрді,
Бекітіп алғысы кеп
Ел іргесін.
Болмаған секілді ме затында мін,
Құрметтеп жырға қосқан ақындарын,
Шығарған «Жеті жарғы»,
Би кеңесін,
Баулыпты ол бауырына ап
Батырларын.
Жау күші бола берсін үстем, мейлі,
Кілең ер атқа қонса,
Күш бермейді.
Сұлтанға жастайынан аты шыққан
Сұңғыла ханның көзі түскен дейді.
Қазақты дұшпан көп-ті атқан, қырған,
Кейбірі ел шетінде қақпан құрған.
Қасына қосып батыр Бөкенбайды,
Жорыққа жас қыранды аттандырған.
Елі үшін қан майданда өліпті ер көп,
Түйрепті найзасымен төніп жендет.
Батасын Тәуке солай берген дейді,
«Жауыңды, Әбілқайыр, жеңіп кел!» деп.
Мұқалмас Әбілқайыр шарболат-ты,
Ұстасса,
Алып жығар сан қонақты.
Садақты шіреніп бір тартқанында,
Қазақта тең келетін жан болмапты.
Ай маңдай,
Кең жауырын,
Бүркіт қабақ,
Қыран құс ұшатындай сілкіп қанат.
Ығысып
Қаһарынан,
Айбатынан,
Зытты ма қарсыласы үркіп қарап.
Алысқа сәйгүлік бар шаба алатын,
Қорғайтын хандар да бар қағанатын.
Дін аман сан жорықтан оралыпты,
Орындап әз Тәукенің аманатын.
Аюкенің ақыры
«Жайықтың екі жағындағы көк шалғын, айдын су – біздікі»
Әбілқайыр хан
Жасырмай қазақтарға салмақ лаңын,
Жұтатын айдаһардай жалмап бәрін,
Болмайды айтпайынша Аюкені,
Аюдай ақырған бір қалмақ ханын.
Қалайша Әбілқайыр тістенбейді,
Ол жақта енді қайтып түстенбейді.
Көкөрім кезінде ол тұтқын болып,
Қолына Аюкенің түскен дейді.
Білдірмей жауына арнап
Оқ жаныған,
Кек кернеп,
Көкірегін от қарыған.
Әйтеуір Әбілқайыр кеткен екен,
Құтылып қалмақтардың тоқпағынан.
Өседі ел сенімін ақтаған ұл,
Жібермей жан түгілі,
Жатқа малын.
Аюке білмей қалған түбінде оның
Өзіне қарсы шауып, аттанарын.
Айбынды ханға біреу жуысын ба,
Тағы үшін аямайтын туысын да,
Аюке Еділдегі қалмақтарды
Ұстапты елу төрт жыл уысында.
Еділ жұрт қол жетпестей арман ба еді,
Қырым да ата-баба барған бел-ді.
Торғауыт, қошауыттар2 мекендепті
Босап бір Ноғайлыдан қалған жерді.
Кек алмай, бітпейді екен, қастанғанда,
Сол кезең арқау болды дастандарға.
Жоңғарлар тым күшейіп кеткен еді,
«Ақтабан шұбырынды» басталғанда.
Айырған тыныштық пен қош-күйіңнен,
Заман-ды дұшпан күліп,
Дос күйінген.
Келісіп Аюке мен Цебан Рабдан3,
Қазақты қыспақ болған қос бүйірден.
Ізінде қалың қалмақ қан қалыпты,
Боларын бір соғыстың алда мықты,
Олардың, біріксе егер,
Күш бермесін
Сұңғыла Әбілқайыр аңғарыпты.
Батырға қол бастаған бақ дарыпты,
Халқының қамын ойлап,
Сақтаныпты.
Әуелі Аюкені талқандауға
Бетке алып Еділ-Жайық аттаныпты.
Басынан кешіріп ел мазақтарды,
Жадынан кетпейтұғын азап қалды.
Қалмақтар казактармен одақтасып,
Қынадай қырған екен қазақтарды.
Дұшпанның қалды қазақ табасына,
Жете алмай қос өзеннің жағасына.
Көк көздер мылтығын да кезеп тұрды,
Өткізбей Еділ-Жайық арасына.
Тиді көп қазағының оқ басына,
-Ей, кәззап,
Сабаңа түс,
Көп тасыма!
Үрейін казак, қалмақ ұшырып бір,
Қалың қол Жайыққа да жетті асыға.
Ей, кәззап, санасатын күнің жетті,
Бақырған лақ-текедей үнің кетті.
Бекініс қанша берік болса-дағы,
Текені4 қоршап алып,
Дірілдетті.
Жұртының қалғандай ма бағы ашылып,
Қалмақтың өлгендей ме ханы асылып.
Тықсырып
Лекбей тайшы5,
Аюкесін,
Еділден тастады бір әрі асырып.
Қайтқаны атамекен осы ма, Алла-ай,
Жайықтан қашқан ізі жосылардай,
Ажалы жетіп ақыр,
Өлді Аюке,
Жоңғардай туысына қосыла алмай.
Құр кетпей найза, қылыш сермегені,
Үмітін ақтап талай ер дегені,
Жайықтан қалмақ көшіп,
Қазақ қонса,
Ол-дағы Әбілқайыр еңбегі еді.
Қисапсыз жаудың солай жеңді күшін,
Мойындап,
Қазақ түгел көрді ме ісін.
Сайлапты бас сардар ғып,
Үш жүз анық
Дәл осы елден ерек ерлігі үшін!
Бопай сұлу
Осы деп жан серігім, бауырым да,
Заманның бірге көрген дауылын да,
Жәнібек6 батырменен сұлтан бірде
Бопайдың болған екен ауылында.
Жолықпай мұндай сұлу жүрген жерден,
Сұрапты оның жайын білгендерден.
Таныпты сонда есінен
Әбілқайыр,
Қалыпты ғашық болып
Бір көргеннен!
Ойнаған ару екен жанарында от,
Ойлаған сұлтан сонда амалын көп.
Қайтпастан алған беттен,
Ант беріпті,
Бопайды мен қайтсем де аламын! деп.
Ғашықтық дерт сияқты жанға батқан,
Күтумен,
Сағынумен таңдар атқан.
Жасырып төрелігін,
Әбілқайыр,
Дейді екен, сол ауылда мал да баққан.
Деді ме:
Жүрек гүлін қабылдағын,
Өзіңнің, қалқам, мәңгі жаныңдамын.
Кедейлік қолын байлап, тек, әттең-ай,
Аһ ұрды төлей алмай
Қалың малын.
Бәрін де амалының қарап көріп,
Жатқанда құса буып,
Тағат кеміп,
Жәнібек қос мұңлықты қосқан дейді,
Малынан жүз елу ат санап беріп.
Ол енді хан жұртының келіні ме,
Осылай табылыпты теңі, міне,
Жарына адал болып өтті Бопай,
Айналып ғұмыр бойғы серігіне!
Бұланты мен Аңырақай шайқасы
Қан саулап ақты қазақ даласында,
Аямай дұшпан тіпті баласын да.
Халықтың кегі қайтты ақырында
Бұланты өзенінің жағасында.
-Ей, жоңғар, арам қат та, адыра қал,
Орныңды қазақ қайтсын қаңыраған.
Қос шайқас ел есінен мәңгі кетпес,
Жеңіліп,
Қалың қалмақ аңыраған.
Ерлердің үзілген жоқ бекер демі,
Осы ма аққан қанның өтелгені.
Жеңбесе сол айқаста,
Қазақ елі
Жойылып жер бетінен кетер ме еді?!
Көргенмен жайшылықта жандай бөтен,
Күн туса,
Қазақ, шіркін, қандай бекем!
Үш жүздің басы солай қосылғанда,
Алынбас қамал мүлдем қалмайды екен!
Болмайды, дұшпан келсе, тоқталуға,
Қолында жоқ қой оның көп қару да.
Тастамай қылышы мен көк сүңгісін,
Садақпен шапқан қазақ от-қаруға!
Айналып атамекен тас қамалға,
Батырлар жаудың бетін жасқағанда,
Жоңғардың тауы қайтты,
Бас сардар боп,
Әскерін Әбілқайыр бастағанда.
Қырылған қалмақ қанша жайрап қалған,
Тұрмастай қайтып, естен ойрат танған.
Қаншасы жер құшты екен
Бөгенбайдан7,
Бөкенбай,
Шолан, Ақпан,
Тайлақтардан!
Батыр көп елі сонда қорған көрген,
Намысты жоқ-ау бірі қолдан берген.
...Орыны әлі күнге сайрап жатыр
Кіші орда,
Үлкен орда қонған жерлер!
Ер қазақ ешкімнен де тайынбады,
Белгісіз,
Қыршын кетті қай ұлдары.
Сыр бүгіп мәңгілікке жатқандай-ау
Әр тасы Әбілқайыр сайындағы.
Әйтеуір болғаны анық шайқас мықты,
Туған жер үшін халық айқасыпты.
Жоңғарды біржолата талқандамай,
Тек, бірақ Әбілқайыр қайда асықты?!
Көреді ел хан ісінің бір қайырын,
Айғақтап бере алады кім айыбын?!
Батысқа өзі бетін бұрғанымен,
Қалдырып кетті орнына Бұлқайырын8.
Анық қой жау шегініп, әрі асқаны,
Бұл соғыс қашан, сірә, толастады!?
Жетпіс мың сарбазымен қалған сұлтан
Жоңғарды құртты Шу мен Таластағы.
Мін таққан бәзбіреуде айқай басым,
Шешетін сол жұмбақты, жан, қайдасың?!
Еңбегін ескермеген би, сұлтанның
Үш жүзге сезді ме әлде хан қоймасын.
Кім, сірә, оңайлықпен тағын бермек,
Ажал-оқ тура тисе,
Ханың да өлмек.
«Жауды ылғи мен жеңем де, - деді ме әлде –
Қызығын көреді ме Әбілмәмбет9 ?!»
Қиналтқан өмір деген мектеп, міне,
Жиналған сөз өте ме көкбеттіге!?
Келгенде жеме-жемге,
Күншіл қазақ
Ұлы деп аз атаның шеттетті ме?!
Біреуде айла менен бақ па басым,
Аңдумен күн өте ме бақталасын.
Халқының ойласа да болашағын,
Тәркі етіп кетті ме әлде тақ таласын?!
Қазақтың көп ауылын жұт жалмапты,
Бұйырмау керек енді құт қалмаққа.
Қауіптің бұлты төнген қайта-қайта
Кетті ақыр Кіші жүзді құтқармаққа!
ЖАЛҒАСЫ БАР...
Түсініктемелер:
1 - Джон Кэстль – Орынбор экспедициясы құрамында Әбілқайыр ханға барып қайтқан ағылшын суретшісі.
2 - Торғауыт, қошауыттар – жоңғарлар торғауыт, қошауыт, елеуіт, дүрбіт, ойрат, шорос деген тайпаларға бөлінген.
3 - Цебан Рабдан – жоңғар қонтайшысы.
4 - Теке – Орал қаласының бұрынғы атауы.
5 - Лекбей тайшы, Аюке хан – қалмақ қолбасылары.
6 - Жәнібек – атақты батыр, Әбілқайырдың серігі.
7 - Қанжығалы Бөгенбай, табын Бөкенбай, адай Ақпан, байбақты Шолан, Тайлақ – батырлар.
8 - Бұлқайыр сұлтан – Әбілқайыр ханның інісі.
9 - Әбілмәмбет – Орта жүз ханы.
Автор туралы:
Ғайсағали Самиғоллаұлы Сейтақ 1958 жылы шілденің 1-інде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген.
1976 жылы қазіргі Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебін, 1980 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын ( қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.
1980-1982 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. Қазіргі кезде «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар 2000 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі қызметін қоса атқарып келеді.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. 1987 жылы бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енгізілген. Әр жылдары «Маңдай» ( «Жалын», 1990 ), «Аман бол, атамекенім» ( «Дастан», 1996 ), «Нарынның нар ұлдары» ( «Жазушы», 1998 ), «Ай-арудың алқасы» ( «Өлке», 2001 ), «Тек пен тамыр» ( «Арыс», 2005 ), «Жақыным менің – жалпақ ел» ( «Сөздік – Словарь», 2007 ), «Қасиет қонған қара жер» («Арыс», 2018) жыр кітаптары жарық көрген.
1987 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты (1988). Қ.Мырзалиев атындағы мүшайраның бас жүлдегері (1995). Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным – қара шаңырағым» (1998) және облыстық «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері (2008).
«Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001) және «Астанаға – 10 жыл» (2008) мерекелік медалінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Үздік меншікті тілші» аталымының (2008), «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері. «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің құрмет грамотасымен (2008), ҚР Төтенше жағдайлар министрінің (2014) және облыс әкімінің алғысхаттарымен (2008, 2015) марапатталған. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2016).
БҚО тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының бас жүлдегері (2014), ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жүлдегері (2015), спорт журналистері арасында 2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі С.Бердіқұл атындағы сыйлығының лауреаты (2016).
Бөлісу: