Ғайсағали Сейтақ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАН

Бөлісу:

08.09.2019 5470

(Тарихи дастан)

Екінші бөлім

Хан арманы

Орданы қорқау қоршап,

Анталаса,

Құлдыққа кетердей ме бар қараша.

Орыстан артық басқа ел жоқтай ма,

Ойланып,

Төңірекке хан қараса.

Дінінің былай қойып бөтендігін,

Жалауын бітісудің көтерді бір.

Жіберіп елшілерін,

Келістіріп,

Танытты мәмілегер екендігін.

Болғанмен бағыт бөлек,

Ұран басқа,

Жауығып бәріменен тұра алмас та.

Ресеймен тізе қосып,

Бірігуден

Түсінді жол жоқтығын бұдан басқа.

Барақ ит жабысса да балаққа бір,

Тіледі азаттықтың таңы атқанын.

Қалайда сақтап қалам жерімді деп,

Патшаға қойды өзінің талаптарын.

Қалған соң құр жайына келісім көп,

Жүрді ме кең даланы өрісім деп.

Ұлықтың алдына кеп,

Ат та ойнатты,

«Салыңдар Орынборды мен үшін!» деп.

Патшаның бұлжымайтын бұйрығы деп,

Жүргізер, жанталасып, билігін бек.

Артымда халқым тұр деп,

Тағы ескертті,

«Жыланның басы біреу, құйрығы көп».

Өжет хан жан бақпаған күнбағыстай,

Өштессе,

Қалмайды екен бір қағыспай.

Ол талай пысын басып Тевкелевтің10 ,

Өтіпті Неплюевпен11 тіл табыспай.

Кеудеге қастандықтан кек тұнардай,

Қолы әркез дайын тұрды шеп құрардай.

Қамытын отарлықтың кимеймін деп,

Алысып өмір бойы өтті нардай.

Жоғалып кетсін оның сәні қайда,

Намысын кескекті ерлер жанымай ма!?

Қазақтың аға ханы –

Әбілқайыр,

Алған-ды одан үлгі

Абылай да!

Қайтпаған,

Соқса-дағы сойыл-заман,

Танылып тектілігі бойында әман,

Өзіне тартыпты оны башқұрттар да,

Ханы деп Дешті Қыпшақ мойындаған.

Жанынан табылыпты ол қысылғанның,

Басына қонған бақты ұшырған кім?!

Бірліктің туын ұстап өткені анық,

Ары мен қамын ойлап мұсылманның.

Анық қой жоңғардың да жоғалғаны,

Қаншама керуендер тоналмады!?

Тек, әттең,

Жаулары іштен, сырттан шалып,

Адыра қалды ма екен көп арманы!?

Сұққылап саясатын,

Мың құбылып,

Патша да өткен шығар сырды бүгіп,

«Қазақты бөліп ал да, билей бер» деп,

Жымсиып ұлық біткен тұрды күліп.

Қайран хан,

Жан емес-ті ол тынығар,

Жай жүру көрінетін олқы бұған.

Астыртын айдап салды

Губернатор,

Су бүркіп

Барақтардың қолтығынан.

Көзіне кектенгеннің қан толар көп,

Қаруын сілтеуменен қарманар тек.

Барақты12

Батыр сұлтан түртті ме әлде,

Жеке өзі осы аймаққа хан болам деп.

Кейде елмен болмай қалса қатыс мүлде,

Көп жаумен шайқастың не, атыстың не.

Дүбірі талай жерді дүңкілдетіп,

Ғұмыры өтті ханның ат үстінде.

Жақсысын қазақ итке талатқан ба,

Күн батып қызыл қанмен,

Таң атқан ба?!

Қас батыр кері қашып,

Шегінбеді,

Аз қолмен қарсы келіп Барақтарға.

Сүйегі көмусіз қап,

Өлгендер көп,

Тіліне аярлардың ергендер көп.

Өсиет етіп кетті ұлдарына:

«Қай жерде өлсем, сонда жерлеңдер!» деп.

Өткен соң,

Бәрі егіліп, аңырайды ал,

Халықтың тыныш тапсын жаны қайдан!?

Тоқтады ханның көші бір-ақ күнде,

Жоқтады

Қазбек, Төле,

Абылайлар.

Қайғыға бөккендей ме мұқым заман,

Беймезгіл ажал солай құтыңды алар.

Аталас ағайынын жер құштырып,

Барақ та кектен қашып, құтылмаған.

Қазақтың аһ ұрмаған қай данасы,

Күрсініп тұрғандай ма айдаласы.

Қанаты қиылғанда ұлы ханның,

Тасыды Неплюевтің мейманасы.

Күллі елге бақ еді ғой жаны қалса,

Семсердей өткір еді-ау жанып алса!

Қарайлап,

Қаумалаған халқын бастап,

Биікке шығар еді әлі қанша!

Жазылмай кетті ме екен жан жарасы,

Артында аңырап бір қалды Алашы.

Айналды қасиетті мекенге бір,

Барша жұрт тәу ететін «Хан моласы»13.

Патшаға жетіп арыз, хаты кілең,

Санасып,

Елдің биі, батырымен,

Көз жасын төксе-дағы,

Бопай ханым

Хан тағын қалды сақтап ақылымен.

Дәстүрдің осы, сірә, жаңғырғаны,

Әйтеуір қалың қазақ қаңғырмады.

Беделі әкесіне жетпесе де,

Хандыққа мұрагер боп қалды ұлдары.

Тумады дәл өзіндей күрескер боп,

Қағылып жүрді сосын үлестен көп.

Өзінің қара басын ойлап қана,

Кейбірі халық үшін тірескен жоқ.

Тарихтан кімдер кетіп,

Қоштаспады,

Анық қой ұлықпен де достасқаны.

Патшаның тілін тауып,

Бөкей сұлтан

Бетке алып Еділ-Жайық,

Көш бастады.

Не барын кім біледі алда мына,

Талай ер опат болып қалмады ма?!

Бөкей хан бейбіт жолмен жетті ақыры

Аңсаған атасының арманына!

Көрмеген Әбілқайыр тайқып көптен;

Ол еккен тал-теректер қайтып көктер.

Қасқайып,

Қарсы тұрып

Жау біткенге,

Айтарын халқына да айтып кеткен.

Әбілқайыр монологы

«Бұл өмір бәрімізге де мәңгілік емес. Мен де кетемін.

Тек қана қазақ балаларыма бір із қалдырғым келді.

Кейінгі ұрпақтарым, тілеулестерім жақсы жағынан еске алғанда,

жауларым күліп, дұрыс жолдан тайдыруға ұмтылады»

Әбілқайыр хан

Жолымды,

Аласұрып,

Көп іздедім,

Еліммен жаным-тәнім егіз менің.

Жасымнан намысымды биік ұстап,

Жемімді ешкімге де жегізбедім.

Келгем жоқ кең далама ғайыптан бір,

Мұнымды бағалар кім,

Айыптар кім?!

Қорғадым тауы менен

Әр төбесін,

Ту ұстап,

Арал бардым,

Жайық бардым.

Қолымда күшім барда көк тіредім,

Қазағым біріксе деп,

Көп тіледім.

Әмірім жүрді сонау

Хиуаға,

Құшағым башқұртқа да жетті менің.

Мойындар жоңғар, қалмақ тепкімді енді,

Өткіздім арпалыспен көп күндерді.

Таққұмар деп біреулер тас атса да,

Үш жүздің басын қосып кеткім келді.

Ойласа бәрін басшы,

Қапы қалмас,

Қалайша келешекке аты бармас!

Азат бір мемлекет құрсам деп ем,

Тізесін ешкім-дағы батыра алмас!

Қалың қол,

Әскерім бар қолдайтұғын,

Білемін дұшпанымның оңбайтынын.

Тапсырып кетсем дедім

Ұрпағыма,

Түсінем

Мәңгілік тақ болмайтынын.

Арман көп,

Тірі жүрсем, әлі менде,

Түспегей халқым сарсаң, әбігерге.

Болмайды адам түгіл,

Мал да төлсіз,

Абырой артық маған бәрінен де!

Айта алман болмайды деп айып ханда,

Ескеріп,

Еңбегімді ел байыптар ма?!

Қаз тұрар қасиетті

Түркістаным,

Айрылмас қазақ енді

Жайықтан да!

Қорғадым

Сарыарқадай алтын белді,

Бәрінің игілігін халқым көрді.

Басымды алса-дағы жәдігөйлер,

Жоя алмас ешкім менің даңқымды енді!

Мейлі, олар қапияда жанымды алсын,

Бұлдырап,

Қайран дүние сағымдансын.

Ұрпағым, тұрар, бәлкім, атымды айтып,

Мұра боп кейінгіге тағым қалсын!

Жалғанды, ризамын, бес күн көрдім,

Қадірін жарық күннің кеш білгенмін.

Арбасып,

Алысумен өтті өмірім,

Кінәсін қаскөйдің де кештім дермін.

Тартпадым озған алға көшті кейін,

Мерейім елімменен өсті дейін.

Алғысын

Халқымның тек алсам болды,

Қарғысын ешкімнің де естімейін.

Ұлдарым мені көріп,

Батылданар,

Айтатын бір өсиет қақым да бар.

...Болса тек елім есен,

Халқым аман,

Жойылмай,

Жұрт жадында

Атым қалар!

СОҢЫ

Түсініктемелер:

10 - Алексей Тевкелев – ресейлік дипломат.

11 - Иван Неплюев – Орынбор губернаторы.

12 - Барақ – Әбілқайырды өлтірген сұлтан.

13 - «Хан моласы» – Әбілқайыр хан жерленген жер, қазір Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы аумағындағы мемориалдық кешен.

Автор туралы:

Ғайсағали Самиғоллаұлы Сейтақ 1958 жылы шілденің 1-інде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген.

1976 жылы қазіргі Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебін, 1980 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын ( қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

1980-1982 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. Қазіргі кезде «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар 2000 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша өңірлік тілшісі қызметін қоса атқарып келеді.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. 1987 жылы бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енгізілген. Әр жылдары «Маңдай» ( «Жалын», 1990 ), «Аман бол, атамекенім» ( «Дастан», 1996 ), «Нарынның нар ұлдары» ( «Жазушы», 1998 ), «Ай-арудың алқасы» ( «Өлке», 2001 ), «Тек пен тамыр» ( «Арыс», 2005 ), «Жақыным менің – жалпақ ел» ( «Сөздік – Словарь», 2007 ), «Қасиет қонған қара жер» («Арыс», 2018) жыр кітаптары жарық көрген.

1987 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты (1988). Қ.Мырзалиев атындағы мүшайраның бас жүлдегері (1995). Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным – қара шаңырағым» (1998) және облыстық «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері (2008).

«Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001) және «Астанаға – 10 жыл» (2008) мерекелік медалінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Үздік меншікті тілші» аталымының (2008), «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері. «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің құрмет грамотасымен (2008), ҚР Төтенше жағдайлар министрінің (2014) және облыс әкімінің алғысхаттарымен (2008, 2015) марапатталған. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2016).

Бөлісу:

Көп оқылғандар