Түркі академиясы Өмер Сейфеттинді еске алды
Бөлісу:
Халықаралық Түркі академиясында 6 наурыз күні Ю.Эмре атындағы түрік мәдени орталығы және Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының қолдауымен көрнекті түрік жазушысы Өмер Сейфеттиннің өмірден озғанына 100 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.
Халықаралық Түркі академиясы мен Ю.Эмре атындағы түрік мәдени орталығы ұйымдастыруымен өтетін алқалы жиынға Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Уфук Экиджи, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия елшілігінің қызметкерлері, Назарбаев Университетінің қазақ тілі және түркология департаментінің доценті Фунда Гүвен, танымал ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, білім ордаларының қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Шара барысында Академия басшысы Ө. Сейфеттинді еске алу жылында түркі елдерінде атқарылатын іс-шаралар мен жарық көретін кітаптар туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Назарбаев Университетінің қазақ тілі және түркітану департаментінің доценті Фунда Гүвен «Заманауи түрік халқының ұлттық болмысының негіздері: Өмер Сейфеттин» тақырыбында ғылыми баяндама жасады.
Ю. Эмре түрік мәдени орталығының студенттері Нағима Зор мен Айгерім Тален Ө.Сейфеттиннің «Қызыл шапан» әңгімесінен түрік және қазақ тілдерінде үзінді оқыды. Оларға көрнекті жазушыны еске алу шарасына белсенді қатысқаны үшін Академияның арнайы сертификаттары табыс етілді. Шара аясында Өмер Сейфеттин кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
Айта кету керек, 30 қаңтарда Баку қаласында өткен Халықаралық Түркі академиясына мүше елдердің Білім және ғылым министрлерінің үшінші кеңесінде Түркі әлемі бойынша 2020 жылғы мерейлі даталар қатарына көрнекті түрік жазушысы Өмер Сейфеттиннің өмірден озғанынына 100 жыл толуы да енген еді.
Өмер Сейфеттин 1884 жылы Түркияның Гонен қалашығында дүниеге келген. 1903 жылы әскери мектеп бітіріп, 1908 жылға дейін Измирде әскери қызметте болған. 36 жылдық ғана қысқа ғұмыр кешкен. Қамшының сабындай ғана осы қысқа ғұмырында артында өшпестей мұра қалдырды. Өмер Сейфеттин өміршең өлең өріп, көркем аударма жазумен де шұғылданған, бірақ әлемге оның прозасы кеңінен танымал. Қалемгер өз әдеби естеліктерінде былай деген екен: «Әдебиетке тек, өнер деп қарауға мен мүлдем қосылмаймын. Жазушының міндеті – адамның жүрегінде жауыздыққа деген жиіркеніш сезімін ояту, оны түрлі жаман әдеттерден сақтау». Омер Сейфеттиннің әңгімелері әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланды. Сол себепті де ең оқырманы көп қаламгерлердің қатарында.
Генерал болған әкесі Өмер Шевки мырза Кавказ түріктерінен еді. Төрт жасынан мектепке барған жазушы алғашқы әңгімесін Анд (Ант) деп атады. Кейіннен анасымен бірге Ыстанбұлға келген ол осы жерде Танзимат және Сервет-и Фүнүн ағымындағы поэзиямен танысады. Басқа да жас әдебиетшілер секілді өзінің алғашқы әдеби адымын өлеңмен бастаған ол алғашқы өлеңін «Межмуа-и Әдебие» атты журналда жариялайды. Әскери мектепті бітірген ол қызмет бабымен Балқан жерлерінде жүргенде көптеген ұлттық көтерілістердің куәгері болады. Өмер Сейфеттиннің әдебиетке деген шынайы бетбұрысы «Генч Калемлер» (Жас қаламдар 1911) журналындағы «Йени Лисан»(Жаңаша тіл) атты мақаласымен басталады. Осы мақаласында жазушының тіл, әдебиетке байланысты ұлтшыл көзқарасын көруімізге болады.
Жазушының әңгімелері көптеген журналдарда үздіксіз жарияланып тұрды. 1920 жылы өмірден жас өткен жазушының артында мол мұрасы қалды. Өмер Сейфеттин шығармаларының ерекшелігі тарихи оқиғалар негізіндегі имандылық пен қаһармандық тақырыбында жазылулы. Ең сәттті шыққан дүниелері негізінен дастан рухындағы ұлттық тарих негізінде жазылған әңгімелері болды.
Әңгімелері: «Харем», «Балқан», «Башыны Вермейен Шехид», «Топуз» т.б. Оның әңгімелерінің ерекшелігі таза түрік тілінде жазылуында, ұлттық мәселені көтеруінде жатыр. Сондай-ақ әңгімелерінің күтпеген ерекше шешіммен аяқталуы да оқырманға әсер қалдыратыны даусыз.
Арман Шеризат
Суреттер "Әдебиет порталының" меншігі болып табылады
Бөлісу: