Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Өмер Сейфеттин: "Бас"

21.04.2016 3302

Өмер Сейфеттин: "Бас"

Язык оригинала: Бас

Автор оригинала: Ömer SEYFETTİN

Автор перевода: Маржан Ершу

Дата: 21.04.2016





BASINI VERMEYEN SEHIT.jpg
 

Бұл бір өте ерте заманда болған оқиға еді...

...Ертең Арафа күні. Арафа күнінен кейінгі болатын Құрбан айтта құрбандыққа шалу үшін дайындалған бірнеше қой шағын Грижгал бекінісінің айналасында жайылып жүр. Алыстан Тойғын Пашаның соңғы қоршауынан қаһарлы қыстың арқасында ғана аман қалған Зигетвар қамалы сөніп қалған жанартау тәрізді қарайып көрінеді. Аспанды қарайған темір түстес ауыр бұлттар торлаған. Бір топ қарға бекіністің үстінен ұшып бара жатып, құпия бір қара хабар апара жатқандай ащы дауыспен қарқылдап сала берді. Бекініс қақпасының жоғары қабатында Құру Қади төңіректен тың тыңдап тұр. Екінтіден бері дымқыл желдің өтінде ойланып, алыстағы белгісіз бір дыбыстарға құлақ түріп, мүлгіген қорғасын мұнараларға ұзақ қарап тұрды. Осы жердегінің бәрі түріктердің қолында еді. Алынбаған Зигетвар ғана...

Қарқылдаған қарғалар дауысы түсініксіз бір тілдің лағынетке толы қаһарлы сөздеріндей естіліп айналаны тұншықтырып бара жатқандай көрінді. Құру Қади демін ішіне тартып, бір күрсінді. Жіңішке, сіңірлі мойнына біткен шоқпарға ұқсайтын шығыңқы маңдайлы үлкен басын шайқады. Жасыл сәлдесін артқа қарай ысырып, қызарып кеткен көздерін уқалады. Жауынгер болмаса да, бүгінге дейінгі барлық ұрысқа қатысып келді. Бірнеше мың қол янычары мен төрт-бес зеңбірегі болмаса бір түн ішінде мына қамалды алу мүмкін емес-ті! Бекініс қолбасшысы Ахмет мырза басқа тайпалардың билерімен бірге Тойғын Пашаның әскеріне қосылып, Капушварды талқандауға кеткен еді. Барлық жас жауынгерді Ахмет мырза өзімен бірге алып кетті. Ал бұлардың қорғандағы әскер құрамы әлсіздерден, қарауыл, науқастардан, қарт жауынгерлерден тұратын. Барлығы жүз он үш адам. Шамалы иілді де, жұқа мүк басқан суық қамалға шынтағын тіреп, төмен қарады. Жайылып жүрген қойлардың қасында екі-үш жауынгер жүр. Олар алдындағы ірі қошқарлардың мүйізін түртіп, ызасына тиіп, сүздіріп жатты. Құру Қади:

– Малмен ойнамаңдар! – деп айқайлады.

Жауынгерлер жоғарғыдан естілген қатты дауысқа селт етіп, жөндеріне кетті. Құру Қадиден бәрі ығысатын. Ол өте қатал, талапшыл, тақуа бір адам еді. Таңнан кешке дейін намазға жығылып, бес парызын ұмытпайтын, түнде де еш ұйықтамайтын. Оның ұйықтағанын қамалда әлі ешкім көрген емес. Басшы Ахмет мырза оны «біздің жарқанатымыз» деп атайтын. Байғұстың «ұйқысыздық» ауруын кереметке жорығандар да болатын.

Құру Қади бойын Зигетварға тағы бір мәрте көз салып еді, үстіңгі жақтағы бір бөлігін мыстан жасалған бір лас қаңылтыр басып тұрғанын байқады. Қарқылдаған қарғалар аспанға шашып жіберген бір қап көмір күліндей көрініп кетті. Қарғалар тыныштықты бөлген өткір де ащы дауыстарымен қарқылдап, шартарапқа ұшып барады. Жүрегін ауыр бір мұң басқандай болды. «Тыныштық болар, иншалла...» деді де, екі қолын қусыра ұстап, басын алға қарай иген күйі аяқ астындағы ұсақ қара тастарға зер сала қарап, асықпай жүріп, қараңғы бір терең құдыққа ұқсайтын сатының тар баспалдақтарында ғайып болды.


***


...Ел ұйқыда жатқанда, ол әдеттегідей ояу еді. Намазхананың алдындағы тас астауға бүгіліп, дәрет алып жатты. Әлі таң ата қоймаған. Бақшаға шығар есіктің босағасында асулы шырағданның күңгірт жарығымен қабырғалар дірілдеп тұрғандай болып көрінді.

– Әй, жасауыл... Әй!..

Қолындағы құманын жерге қойып, құлағын тосты. «Жау!» Бұл қамалдағы қарауылдың даусы еді. Сатыда жасауылмен соқтығысып қалып, оны итере сала, ары қарай жүгіре жөнелді. Қарауылдың жанына келіп:

– Не хабар бар? – деп сұрады.

– Дұшпан қамалды бетке алып келе жатқандай.

Қызғылт тарта бастаған қараңғылық ішінде түнерген қара жартас сияқтанған Зигетварға қарады. Жартастан көрінген қою, ұзын қара көлеңке бекініске қарай ағылып келеді екен.

– Бізге келе жатыр!.. – деп, жасауылға бұрыла сала:

– Тез, газилерді оят. Құрбан айтты бүгін бастаймыз. Жүгір. Маған тез арада зеңбірекшіні жібер, – деп, әмір етті.

Жасауыл мыс дулығасын қолына ұстап, жүгіріп кетті. Құру Қади алыстан қара дақ тәрізді ұлғайып, баяу ілгерілей бастаған дұшпан шеруіне зер сала қарады. Араларында бірнеше зеңбірек те бар еді. Адам саны мыңнан асатындай. Ал, қамалдағылар болса, өзімен бірге небары жүз он үш-ақ адам еді... «Біз үстем боламыз!», – деді өзіне-өзі. Оянғандар жоғары қарай жүгіре бастады. Қорғанның қақпасын жақсылап жауып, бекітуге әмір берді. Сәлдесі мен шекпенін, қылышы мен мылтығын алдыртты. Қарт зеңбірекші келгеннен кейін, «хабар беру зеңбіректерін» атуға әмір берді. Бұл қалыптасқан бір ереже болатын. Қоршауда қалған бекініс дереу белгі беру зеңбірегін атып, айналасындағы мұнараларды көмекке шақыратын.

Біршама уақыт өткеннен кейін, дұшпан әскері қорған алдында соғысуға сақадай сай болып, дайын тұрды. Басы жоқ айдаһарға ұқсаған зеңбіректерін қамалдың дуалына бұрды. Түрікше айқайлап:

– Ұсынысымыз бар. Елшімізді ішке алыңдар, – деді.

Құру Қади:

– Жіберіңдер, келсін! – деп жауап берді.

Қамал дуалдары қалқанды, қарулы, жебелі жауынгерлерге толды. Бекіністің рухы мен көңіл-күйіне айналған екі дос дәл осы кезде әзілдерімен жиналған жауынгерлерді күлдіртіп жатқан еді. Бұл екі дос екеуін де «делі» деп кеткен – Делі Мехмет пен Делі Хұсреф еді. Балқан соғысында таңғажайып ерліктерімен ертегі қаһармандары тәрізді адам сенгісіз атақ-абыройға ие болған бұл екі «делі» ешбір тәртіп пен шектеуге бағынбайтын, ешқандай қарсылыққа мойынсұнбайтын, дүниеқұмарлықтары жоқ Анадолының атақты дәруіштері еді. Әр жеңістен кейін қолбасшылары оларға шен, атақ, асыл тастармен безендірілген қылыш сынды бағалы заттар ұсынғанда, «қаламаймыз, фәни денеге кебін керек. Атақ-шен надандарды қуантар» дейтін. Алланың нәсіп еткен күш-қуаттарына баға, сый-сыяпат, қошеметтерді қабылдамайтын. Соғыс олар үшін бір думан еді. Жебелер зу-зу етіп , зеңбіректер гүрсілдеп, қылыш-қалқандар жарқылдай бастады ма, бойлары күш-қайратқа толып, шабыттанып, айқай сап, дұшпан сапына атылған оқтай лап беретін. Отты көздері жарқ-жұрқ етіп, маңайларына ешкімді жақындатпайтын. Ұрыс даласында жан біткен бір найзағай сынды жарқылдайтын. Екі «Делі» жанындағыларды күлдіргі әңгімелерімен мәз ғып тұрғанда, Құру Қади олардың жанына елшіні ертіп әкелді. Екі Делі де езулерін жия қойып, салмақты күйге түсті. Бәрі құлақтарын түрді. Түрік тілін білетін елші жүзі қарайып, қабарып тұрып ұсыныстарын айтты.

Бекіністі қоршаған Зигетвар қолбасшысы Қырачын еді. Жанында екі мыңнан аса жауынгері бар-тұғын. Грижгалдың берілуін қалады. Отпен, сумен, крестпен, Інжілмен, Забурмен ант етті: шыққан кезде, жауынгерлерге ешбір зиян тигізбейтіндеріне сөз берді.

Құру Қади:

– Жарайды!.. Енді бара беруіңе болады. Біз өз арамызда ақылдасып, жауабымызды түстен кейін береміз, – деп, елшіні төмендегі қақпадан шығарып жіберді. Жанындағыларға қайта оралып, бәріне бір қарады да:

– Газилер, естідіңдер ғой! Қырачын біздің жүз он үш адам екенімізді білген болуы керек... Әрқайыссымызға екі жүз адамнан келеді. Берілу ұсынысын қабылдайтындар болса, қолдарын көтерсін!

Ешкім қолын көтерген жоқ.

– Олай болса, ұрысқа дайындалайық...

Айнала жауынгерлердің гүрілдеген дауысына толды:

– Дайынбыз...

– Бәріміз, бәріміз...

– Ұрысқа сақадай саймыз.

– Қылыштарымыз, қалқандарымыз майланған.

– Жебелеріміз байлаулы.

– Семсерлеріміз өткір.

– Бүгін жеңіс біздікі.

– Әмин, әмин...

Құру Қади:

– Рәббиләләмин... – деп, қос қолын көтеріп, дұғасын оқи бастағанында, алмас қылышын жалаңдатып Делі Мехмет жанына таяп келді де, ұзын мұртты, көк көзді жалпақ ақ жүзі жаңа туған Ай сияқты жарқырап тұрып:

– Дұғаны қоя тұр, мырзам, – деді. – Жиһад дұғадан жақсы. Рұқсат ет те, бізге мына қақпаны ашып бер. Жүрегіңдегі үрейді ұмыт. Көргеніңдей, бәріміз дайынбыз. Алдымызға өзі келген мынау жиһад мүмкіндігін жіберіп алмайық.

Құру Қади екі қолын төмен түсірді. Делі Хүсреф те досының жанына келіп тұрған еді. Барлық жауынгерлер екеуінің жанына жинала бастады. Бәрі кенеттен Делі болып кеткендей еді... Бірауыздан:

– Аш бізге есікті, аш... – деп айқай сала бастады. Құру Қадидің шатынаған үлкен көздері жасаурап, өңі боп-боз боп кетті. Ұзын қара сақалын қимылдатып, алдындағы екі Делінің өзін түршіктірген, бүкіл газилердің шаштарын төбесіне тік тұрғызған діни әуен ұйқасын қолдана отырып, әсерлі даусымен:

– Ей, Майдан ерлері! Ей, ержүрек жауынгерлер! Падишахымыз Сүлейман үшін сөзімді тыңдаңдар. Менің мақсатым сендердің ғазауатқа қатысуларыңа кедергі жасау емес. Осы шайқаста жанымыз пида... Алайда мынаны да ұмытпаңдар – ертең Құрбан айт... Тыңдаңдар, батырлар! Бүгін жұма... әрі Арафа күні... Бүгін қажыларымыз Арафатта, барша мүминдер мешіттерде біз сияқты жауынгерлердің басым түсуі үшін дұға етуде... Бұған күмәні барлар бар ма?

– Жоқ.

– Жоқ, мүлдем жоқ...

– Жоқ.

– Олай болса, ең дұрысы біз де намазымызды оқып, көз жасымызды төгіп, дұға етейік. Бір-бірімізбен қош айтысып, ғазауатты бастайық. Аман қалғандарымыз гази, қаза болғандарымыз шеһит болсын! Бұл фәни дүниеде жақсы атпен есте қалайық. Ақыретте Пайғамбарымыздың ақ туының астында жиналайық... Бұған не дейсіңдер?

– Жөн сөз!

– Дұрыс айтады...

– Мақұл!

Барлық жауынгерлер бұған разы болып, түске дейін бәрі де дәрет алып, намаз оқыды, тәкбір айтып, бір-бірімен қош айтысты. Қырачынның әскері өздері қоршап алған бекіністің ішінен шыққан у-шуды берілу шарттарын талқылауға қатысты шыққан дау-дамайға балаған еді.


***


Кенет түріктердің мұнараларынан зеңбіректердің белгі беру даусы естілді. Қамал қақпасын Құру Қади өз қолымен ашты. Грижгал жауынгерлері «Алла! Алла!» деп үрейлі бір зор дауыспен ұрандатып, шаба жөнелді. Екіге бөліне шабуылдады: бір бөлігін Делі Хұсреф, екіншісін Делі Мехмет бастап шықты.

Грижгалға барар жолдағы жазықта аспанға бұрқырап шаң көтерілді. Мыңдаған атты әскер келе жатқандай көрінді. Мұны көрген дұшпан аң-таң болып, екі оттың арасында қалғандарын түсінгендей абдырап қалды. Алайда жердің шаңын аспанға көтере, аламандап шауып келе жатқандар небары жүз шақты гази болатын.

Шайқас басталды. Делі Мехмет пен Делі Хұсреф бастаған екі топ дұшпанды жіберіп алмас үшін оларды қоршауға ала бастады. Құру Қади шекпенін шешіп тастады. Қолында қылышы бар ол өзі рухтандырған газилердің артынан жүріп келеді. Делі Хұсрефтің көздері оттай жарқылдап, бейне бір масайраған адам сияқты дұшпандарын кескілеп жатты... Адам сенгісіз жылдамдықпен қимылдап қашқандарды қуып жетіп, екіге бөліп жатты.

Құру Қади көздерімен Делі Мехметті іздей бастады. Дұшпан сапына араласып, қайнап жатқан ұрыс алаңының ішінде бір алып дене жерге құлап түскен еді... Өзінен елу-алпыс қадам жерде... Бұл Делі Мехмет пе еді?! Жүрегі аузына тығылды. Құйғытып шауып келіп, атынан түсе сала бір рыцарь ұзын құрықты жерге түскен денеге байлап жатыр.

Құру Қади алға қарай жүгірген еді. Аяғы бір тасқа шалынып, жерге екпетінен құлап түсті. Қылышы ұшып кетті. Лезде бойын жинап, орнынан тұрды. Жердегі қылышын алып, жүгіруі керек жаққа көз тастап еді, рыцарь қылышын жарқ еткізіп,құлаған шеһиттің басын кесіп алды. Басты қолына ұстаған күйі құдды бір жын тәрізді алдына ойқастай шауып келіп тұра қалған қара жорғасына секіріп мінді де, құйындатып шаба жөнелді. Құру Қади бар күшін салып, оны қуып жетуге тырысып баққанымен онысынан түк шықпады.Табаны жерге шегеленіп қалғандай. Сол сәтте Делі Хұсрефтің қолындағы қалқанын жоғары көтере құйқа шымырлатар ащы дауыспен:

– Ей, Мехмет, Мехмет!.. Жаныңды бердің!.. Басыңды берме, Мехмет!.. – деп айқай салғанын естіді.

Бұл айқай соншалықты сұмдық, соншалықты құдыретті, соншалықты күшті айқай еді... О, тоба! Сол сәт! Бассыз дене жерден көтерілді. Құру Қади өң мен түстің арасында тұрғандай белгісіз бір күй кешті. Бассыз дене қарыштап алға жүріп барады. Жүріп барады емес, ұшып барады. Басын алып құйындатып шауып бара жатқан аттылыға жетіп алды. Сауыт киген рыцарды ат үстінен жұлып алып, қолымен бір ұрып жерге домалатты. Өлген рыцардың қолындағы кесілген бас топ етіп жерге түсті. Делі Мехметтің бассыз денесі жаны бар сияқты иіліп, жерден өзінің басын алды да, қалжыраған бір қаһарман тәрізді ұзыннан сұлап түсті. Мұны Құру Қадиден басқа ешкім көрген жоқ. Бәрі қашып бара жатқан дұшпанды қуып жетуге тырысты. Делі Хұсреф қана: «Жүзің ақ болсын, жігітім!» – деп ақыра бір айқайлады да, Құру Қадиге қарай бұрылып:

– Қалай, көрдің бе ер жігітімізді? – деп сұрады.

– ...

– Көрген жоқсың ба?!

-...

Құру Қади өз көзімен көрген көріністен есін жия алмай мелшиіп қатып қалды. Делі Хұсреф оны бір сілкіп алды.

- Не болды саған, қане, майданға оралу керек... Дұшпан қашып барады.

Делі Хұсрефтің демеу сөзі Құру Қадиге жаңадан бір күш бергендей болды. «Алла, Алла» деп алға қарай шауып, мүджахиттермен араласып кетті.

Ұрыс кешке дейін созылды. Майдан ерлерінің қанға боялған жүздеріне қара түннің пердесі жайылған сәтте:

– Газилер, қамалға қайтыңдар! – деп шақырған дауыс естілді.

Құру Қади жаралыларды ішке тасытып, шеһит болғандарын санатқызды. Бұлар он тоғыз қаһарман еді... Дұшпан алпыс төрт өлік қалдырыпты, қалған өліктерді өздерімен бірге алып кетіпті. Құру Қади шеһиттерді қамалдың алдындағы алаңға жинады. Шеһит болған Делі Мехметтің денесін өзі тауып алды. Ол кесілген басы қолтығында, уайымсыз бір ұйқыға батқандай қалыпта жатыр екен. Жатқан жеріне жерлетті. Сосын жанындағыларды жіберіп, жаңа қабірдің басында отырып, «Ясин» сүресін асықпай оқи бастады. Айнала тым-тырыс, жанында ешкім жоқ, тек алыстағы бекініс қақпасындағы қарауыл ғана ары-бері жүрген еді. Құру Қади дұға оқып жатқанда, алдындағы қабірдің кенеттен жасыл нұрға бөленгенін аңғарды. Даусы шықпай, ернін қимылдата алмай қалды. Жасыл нұр ішінде Делі Мехметтің қанды мойнына оралған ақ қанатты періште һәм оны нұрлы қолдарымен аялап, һәм ашық маңдайын сүйіп тұрғандай. Жасыл нұр үлкейіп, таси бастады. Бүкіл әлем осы нұрдың ішінде қалғандай болды. Құру Қадидің көзі қарауытып, есінен танып қалды.


***


Оның мұндай терең ұйқыға батқанын бұрын-соңды көрмеген жауынгерлер әзер тұрғызып, қолтықтап:

– Қане, ішке кір, қақпа жабылады, – деді.

Құру Қадидің тілі байланып, жауап бере алмады. Буынынан әл кеткен адамша теңселе қамалға кірді. Денесі әлі дірілдеп тұр. Бекіністің ішінде Делі Хұсреф тұрағының алдынан өтіп бара жатып тоқтай қалды. Дыбыс естіді. Жылап жатыр ма, әлде ыңылдап ән айтып жатыр ма деп құлағын тосты. Делі атының жалын шықыр- шықыр тарап, көңілді бір ән айтып жатқан еді. Дауыстап шақырды:

-Хұсреф!...

-Иә?

Есік ашылды. Қолында аттарағы, жеңі мен балағы түрулі қазанбас Делі Хұсреф құлағына еңкейіп:

-Делі Мехметтің ақылын көрдің бе? – деді. – Сіз де мен сияқты көрдіңіз ғой ?! Сыр сақтайтын көз игі, – деді де, әнін жалғастырып, жұмысына кірісіп кетті.

...Құру Қади бекіністе таңның атуын асыға күтумен болды. Күн шықпай тұрып Делі Мехметтің басына барды. Енді күн ұзаққа осы мазардың басында уақыт өткізетін. Бұл жерге күнде келіп тұратын болды. Үлкен бір тасқа атын жаздыртып, басына орнатты. Тіпті бес уақыт намазды жамағатына осы қабірдің басында оқыттырғысы келген еді. Енді қандай тілегі болса да, алдына қандай да бір мақсат қойса да, орындалып жатты.

Грижгалда, көршілес орналасқан бекіністерде Құру Қадиді «Делі болды» дейтін. Ол өлімсіздік шарабын татқан бір мас тәрізді жігерленіп, соңы жоқ бір шаттыққа кенелгендей, көңілі алабұртып, жанына дамыл таба алмай шалқып жүретін еді. Алайда «бір теңіздің табаққа сыймағаны» сияқты оның үлкен сыры бойына сыймай, сыртқа шығып, төгілді. Арафа күні көрген кереметті айналасына айта бастады. Біреулер сенді, біреулер сенбеді. Біреулер таңырқады, біреулер қорықты. Біреулер «есінен алжасқан ба» деп те ойлай бастады. Көңілі алып-ұшқан Құру Қади теңіздей тебіреніп, «Мәуліт-и Шериф» мақамымен сол күнгі көрген ғажайыбын өлеңге айналдырып, дастан жазды.Алайда уақыт өте келе ол бұл қалауларынан арылды. Өнбойын қалың мұң басты. Көмейіне ащы бір өксік тығылды. Жүрегіне ауырлық қонақтады. Жалғыздан жалғыз терең ойдың құшағында тербелетін болды. Енді Делі Мехметтің жасыл нұрға бөленген мазарындағы бойын баураған илахи рахатты сезіне алмайтын болды. Бұл жағдай оның аласұрып есалаң күй кешуіне алып келді, жеп-ішуден тыйылды. Сондай шерленіп жүрген бір күнінде, Делі Хұсрефті кезіктірді. Ол қолындағы шыбықпен Құру Қадидің арқасынан ақырын түртті.

-Ақымақ, көргеніңді жалпақ елге жайып салғаның не? – деді. – Адам көргенін сыртқа жайып салса, қол жеткізген жетістігінен айрылады. Егер тіліңе тыйым салғаныңда, көрген ғажайыбыңа өле-өлгенше куә болып өтер едің...

Құру Қади жерге тізерлей отыра кетіп, еңіреп жылап жіберді:

-Кешіршi мені, өтінемін, – деді көзінің жасы жерге тамып. Ішіме кіріп, ақылымнан адастырған бұл ұлы күш не еді?! Екеумізден басқа оны көрген біреу болды ма?

-Көрген тағы біреу бар. Бірақ ол «жан» ешкімге көрінбес.

-Кім ол?

-Біле алмайсың...

-Неге басқалары көрмей, екеуміз ғана көрдік?!

-«Шеһит сүйіншісі» бұл. Екеуміз де міндетті түрде шеһит боламыз!..


***


Құру Қадидың халі күннен күнге қиындай түсті. Көңілі аласұрып, бір орында тұра алмайтын болды... Өзінен өзі жылайтын, үрейленетін. Мазасыз бір күйгелек күйге түсті. Тіпті оны соншалықты жақсы көретін Ахмет мырза Будинден келген соң оның бұл халін түсіне алмады. Соңында «Бұл адам ақылынан алжасқан. Бекіністегі қызметін дұрыс атқара алмайды» деп, кері қайтаруға мәжбүр болды. Арада біраз жылдар өтті. Шекара соғыстарында ғана емес, тіпті Грижгал қамалындағылар да Құру Қадидің атын ұмытты. Оның өмірде бар-жоғы да әңгіме болмайтын. Тек ерен батырлық туралы жазған дастаны ғана ауызға алынатын...


***


Он екі жылдан кейін...

Зигетварды басып алған күні кешке жаралыларды жинап жүргенде, атақты қаһарман Делі Хұсрефтің оқпен бөлшектенген өлі денесінің жанында ұзын бойлы, ақ шашты, ақ сақалды, жасыл шекпен киген бір шеһит жатқан еді. Құбылаға бетін бұрып жан тапсырған бұл шеһиттің басындағы үлкен жасыл сәлдесі әлі бұзылмаған екен. Жанында да ешқандай қаруы жоқ еді. Қай жерінен жараланғаны да көрінбейді. Бірнеше айға созылған қоршауда болғандардың ешқайыссы да бұл адамды көрмеген.

...Газилер «ғайып ордасынан жәрдемге келген бір әскер» деп ойлаған еді ол кезде. Бұл шеһит мүмкін Грижгал қамалының бұрынғы Құру Қадисі ме еді?..