Соғыстың соңғы көктемі

Бөлісу:

09.05.2020 5263

Қасым Аманжолов. Үстімде сұр шинелім

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.
Қағып -соғып жығар ма
Оңайлықпен мен өлім.

Үстімде сұр шинелім,

Ақсандай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім,өлеңім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсандай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім.

Әбу Сәрсенбвеа. Авал шыңында

Мұнартып Авал тұр биік,
Шаншылып көкке найзадай.
От өріп аспан төсінде
Жалтылдайды найзағай.

Қары алды бізді бұл тұста
Түн қатқан бір топ партизан.
Толықсып кеткен жас қызға
Өмір тілеп қарт имам,

Үш саусағы маңдайда
Күбірлейді: «Тәңірім,
Қызымды емес, өзімді ал,
Жетеді ғой әмірің!

Бүлдіршін еді, не көрді ол?
Солдырма гүлін бақшаның!
Өшірме тәңірім, өтінем,
Жалғызымның ақ таңын!

Оқ атты рас дұшпанға ол,
Абырой-арын қорлаған...
Күнәкәр ме екен алдыңда
Өз бақытын қорғаған?..»

Қарт имам солай зарлайды,
Жас жауып аппақ сақалын.
Ал, бірақ, тәңірі меңіреу...
Ұққан ба зарын атаның!

Қызыл гүл солып барады,
Күн еңкейген ұяға.
Қасірет бұлтын бүркеніп,
«Тас батыр» тұрды қияда.

Жаралы жатыр талықсып,
Ұмытып келер қызығын.
Батар күн ұрлап кеткендей
Беттегі нұрдың қызылын,

Бейне бір аппақ шүберек.
Барады демі тарылып.
Көкірегінде жау оғы
Тоналып біткен бар үміт!

Уа, дәрігер,- дейді қарт әке,
Тәңірден мүлде түңіліп...
Соңғы рет көзін ашты да,
Жас өмір кетті үзіліп.

Мүмкін, ол әлгі қараста
Авалдық шолды асқарын.
«Тас батыр», қыз да қызықты
Халқына қиды ақ таңын!

- Әділетсіз тәңір! Еңіреп
Жалғызын құшты қарт имам.
Жасыңды тый да дұшпаннан
Кек ізде, кәрі партизан!

... Аруды жерлеп Авалға
Біз ілгері ұмтылдық.
Төменде Белград қаласы
Көк түтінде тұр тұнып.

Жау оғы жолды кессе де,
Бөгелер емес партизан.
Сақалы тудай желбіреп,
Кек іздейді қарт имам!

Авал, 1944

Мұқағали Мақатаев. Соғыстың соңғы көктемі

Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі...

Сырбай Мәуленов. Соғыстан қайтқан солдаттар

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе үлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!

Ғафу Қайырбеков. Жеңістің философиясы

Майданда қайтыс болған жалғыз ағам — Әбдікәрім Қайырбекұлы Сәрсембаевқа

1


Есімде — бес өріп сөз — соғыс атты,
Ұмытпан ес аманда со бір шақты.
Барым мен бақытымды бала күнгі
Жұлып ап,
жалғыз сәтте қан қақсатты.
Жібек жал құлыншақ ем шапқылаған,
Көсіліп көз алдымда жатты далам.
Ақ аспан «а» дегенше қап-қара боп,
Тал түсте нажағайын атты маған.
Мен жаттым мерт боп дала омырауында
Үзіліп түсті жерге қоңырауым да,
Естілді анам даусы тым алыстан
Өрт шалған бір ойпаттың қойнауында.
Үйірім,
қайда менің жолдастарым?
Мен неге сендерменен жалғаспадым?—
Қос сұрақ қос шырақта қалды қатып,
Білмедім қан басқанын,
шақ басқанын.
Барғанда дауыл айдап жар басына,
Болмады тұяқ тірегі қалмасыма,
Ат болып шыға келдім жас құлыншақ
Жегілген ауыр тұрмыс арбасына.

2

Есімде бес әріп сөз — жеңіс деген.
У бар ма сол сөз үшін мен ішпеген.
Қан бар ма сол сөз үшін тегіспеген! —
Жас бар ма сол сөз үшін төгіспеген!
Айқайы қуаныштың кеуде жарып,
Қалып ек сол айқайдан естен танып,
Үстінде туған жердің аунай бердік.
Жараны жапырақпен жауып, таңып.
Аңқыған темір исі, түтін дәмі,—
Тоғысты нанның исі, сүттің дәмі.
Тоғысты көктем исі, жаздың лебі
Адамның «жеңіс» деген шықты да әні.
Адамның «жеңіс» деген күйі дарып
Күн нұрын бізге текті жиып алып,
Боз қырда шапқылады аман ұрпақ
Әкенің пилоткасын киіп алып.
Әсем жыл шыға келді арада аттап.
Оралды басымызға махаббат, бақ.
Әр үйде туып жатты сәби өмір —
Есімі «Жеңіс» деген бала қаптап.

3

Отыз жыл қанды майдан жол баспадық,
Отыз жыл ортақ бақыт қолға ұстадық,
Жеңістің дәл өзіндей құдіретті
«Жеңістер» отыр кәзір ел басқарып.
Ойласаң, бойласаң бір пәлсапаға,
Айналар деген осы сан сапаға,
Жеңістің ұрпақтары кетеді әлі
Қажымай қанша буын, қанша атаға.
Жеткенше ақ жолына ағалықтың,
Қаншама қайғыны ұқтым, наланы ұқтым,
Бас жағын жастық шақтың бейнет жұтып,
Көйлегі отқа кетті балалықтың.
Жасырман жараланғыш мінезімді,
Жоғалтқам жалғыз аға — бір кезімді,
Балама: «сен, ағама ұқсайсың!» - деп,
Мәз қылам, жұбатамын және өзімді.
Қой, көңіл! Ұшшы биік қайта самғап.
Жеңістің үлесі бар менен алмақ.
Сол еді аман еткен, ақын еткен
Жүрсін — деп, атымды атап өлең арнап.

Әбділдә Тәжібаев. Жол салып күнбатысқа қан мен терден

Жол салып күнбатысқа қан мен терден,
Жөнеген жойқын ерлер жеңістермен,
Жайрата жау ордасын кірді басып,
Босатып бостандықты неміс бүрген.
Жауыздың оқпен жыртып көкірегін,
Қақ жарып Германия сұм жүрегін.
Табысты әділеттің батырлары
Төккен қан, тартқан азап кетпей тегін.
Қуан, дос, қуан, бауыр, қарындасым,
Жаныңда шаттық оты жалындасын!
Жалғыз – ақ қиялыңнан шығарма сен
Ағарған ағалардың әрбір шашын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар