Әлемдік әдеби орта жоғары бағалап жатқан туындылар несімен өзекті болып тұрғанын зерттеу мақсатында тағы бір Нобель сыйлығының иегері швед Юн Фоссенің «Трилогиясын» сараптап көрдім. Диаметралды екі жағдайды, шығыс пен батыс халқының санасын салыстыру әсерлі де қызықты іс. Корей жазушысы Хан Ган арсын-гүрсін, ашық мінез бен көп ашылуды құптамайтын, барынша кішіпейіл, ізетті шығыс елінің жан-дүниесінің жай-күйін түсіну үшін түсі арқылы бейсанасына үңіліп, тым тереңге сүңгуіне тура келсе, Юн Олав Фоссе кейіпкерінің ойлау жүйесі, әрекеті арқылы батыс халқының ішкі дүниесін жеткізіп бере алған. Юн Фоссенің кейіпкері Асле не ояу, не ұйқыда емес, сомнамбулада жүрген біреу тәрізді. Тіпті сезімдері өшіп қалған. Санадағы жүріп-тұру бағдарламасы бойынша ғана күнін көріп жүргендей тіршілік иесі.
Шығарманы оқыған кезде басында өзіңді зорлап оқисың. Санасы сансыраған, сезімі өлеусіреген адамның ішкі дүниесінде қызық таппай, мына еңбекті бағалағандар бұдан қандай құнды ой тапты екен деп таңқаласың. Шығарманың соңына жеткенде автордың тегін адам еместігін, өмірдің терең қабатына үңіле білген, ойы ми-ботқаға айналып, мағынаны жоғалтқан, санасы балдыр-батпақ адамның хәл-жағдайын шеберлікпен жеткізіп, тіпті тағдыр деген тылсым дүниенің бір бұрышын ашып көрсете алған алғыр да көреген ойдың иесі екенін мойындайсың.
***
Хан Ганның шығармасында кейіпкер рационалды ақылдан қол үзіп алса , Юн Фоссенің кейіпкері саналық пайымнан ажырап қалған. «Вегетариан әйелде» рационалды пайымды өшіріп тастағанда адам қандай күйге түсетіні суреттелсе, «Трилогияда» адам сананы өшіріп тастаса қандай өмір сүретіні баяндалған. Тек екі шығарманың кейіпкерлері жүректің қалауын өшірмеген. Вегетариан әйел жанын тазартуға жанталасса, екінші шығармада жігіт сүйгеніне ең қымбат дүниені сыйлауға, әйелі мен ұлына қамқор болуға ұмтылады.
Бозбала жігіт мида қалыптасқан әдетпен жүріп, өз әрекетіне баға бере алмайды. Тіпті былай қарасаң қылмысын саналы түрде жасап жатқан жоқ. Ең бірінші құрбаны болған жас жігіт ерлі-зайыпты өмір кешіп жүрген екі жасты тұрып жатқан қайыққа арналған қораш сарайынан айырады. Өзі әке-шешесінен айрылып, тірексіз қалған бозбала айы-күні келіп отырған екіқабат келіншегі екеуін далада қалуға мәжбүр еткен адамды өлтіріп, қайығын пайдалануға алады.
Одан қорғансыз күйде пана сұрап келген кезде енесі өздері балалықтан ажырамаса да дүниеге алғашқы немересін әкелейін деп отырған екеуіне тасбауырлық танытқандықтан, ақшасын шарасыздықтан ұрлап жатқан кезінде байбалам шығарғаны үшін тұншықтырып кетеді.
***
«Трилогияның» бас кейіпкерлері он жеті-он сегіз жастағы, өмірде тірексіз қалған бірін-бірі шынайы сүйетін «бейкүнә» жастар. Ал енді осының бірі үш адамды өлтіріп, ал жанынан екі елі қалмай жүрген қосағы жарының қанішерлік қылмысынан қалайша хабарсыз болды дегенге келсек. Бозбала жігіт қылмысқа байып кету үшін немесе қаніпезерлік (қатыгездік) болмысын қанағаттандыру үшін емес, амалсыздан барады. Өзінің адам өлтіріп жүрген әрекетінің салдарын, зардабын, қылмысының жүгін сезіне алмайды. Келіншегінің алдындағы міндетін, жүрегінің қалауын ғана біледі. Оны жүзеге асыруда қандай құн төлеп жатқанын терең түсіне алмайды. Қылмыс екенін, жасырыну керектігін біледі. Бірақ біреудің тәтті жанын алдым-ау, өмірін қидым-ау, осы дүниедегі ең қымбат нәрсесінен айырдым ғой, келмеске мезгілінен ерте жібердім ғой деген ойлар өзіне келіп жатқан жоқ.
Қазіргі көпшілік те бұрыс әрекеттері зұлымдыққа әкелетінін ұғынбай, зиянды әрекет жасап жүрмін-ау деп сезініп жүрген жоқ. Себебі сана тұманда адасып жүр. Мәңгірген сананың терең ойларды тануға мұршасы жоқ.
Бірақ бұлай жалғаспау керектігін, бірнәрсені өзгерту керектігін жігіт сезеді. Тек сол не нәрсе екенін ұға алмауда. Далбасалап, тағдырын өзгерту үшін әулетінен тұқым қуалай берілген музыкалық өнерінен бас тартпақ. Туа біткен дарынын, сүйгенінің жүрегін жаулап, қол жеткізуге көмектескен өзінің асқан қабілетін бағалауға мұршасы жоқ. Басқа кәсіп арқылы нан тауып, балам мен әйелімнің жанында боламын, әкемнің, атамның тағдырын кешкім келмейді дейді. Ал асқан шеберлікпен ойнаған музыкасы тыңдаушыларын тамсандыратынын, сүйіктісі екеуін көкте қалықтатқанын, екі ғашыққа бар қайғыларын ұмыттырғанын, сүйіктісі музыкасынан үш жасынан айрылған әкесінің үнін (әнін) естіп, ғажайып бақыт сезіміне бөлене алғанын қадірлей алмайды. Кейіпкердің жұбайы жүрек үнін қалтқысыз еститін, аса сезімтал болғанымен жарының адам өлтіріп жүрген қанішер екенін ұғуға мұршасы жоқ. Оның жағдайды сараптап, саналы пайымдауына кедергі келтіріп жатқан дүние – ол зорыққан жағдайы. Біресе аштан, біресе шаршап-шалдығудан, біресе толғақтан қиналған бейбақтың ойлануға мұршасы жоқ. Әлемде жалғызсырап қалған екеуіне өз шешесінің қаттылығының себебін таба алмай, бізге азғантай ақша, жолға азық беріп жібергенде өз үйімнен соларды ұрламас едім ғой деп қапаланады. Бар ойы шешесінің көзіне күйік болмай, тезірек кетсем ғой дегенде болып, қайық тауып әкелген жігітінің әлемтапырақ түрін ескермейді. Басқа қалада айы-күні тақалып, әрең жүріп келе жатқанын көрсе де ешбір адам босағасынан аттатпай, суық жаңбырдың астында қалып, бір кемпірдің сарайына тоқтамақ болғанда үйдің егесі ол жерді де қимай қумақ болғанында жігіт оған күш көрсетіп, үйге әйелін кіргізеді. Әл дәрмені қалмай ұйқыға кеткен екіқабат келіншек оянғанда толғағы қысып, бір жағдайдан екіншісі жалғасып үйдің иесі қайда жоғалып кеткенін сұрауға да мұрсасы келмейді. Зорықпаған сәттерінде адамның ниетін жүрегімен сезе алатын, жаны таза, ойы пәк жан. Әкесінен айрылған жігіті анасының өлі денесін көргенде есеңгіреп, шарасыз қалған қайғылы күнде - асқан жанашырлығынан қыз жоқ деп тоқтата алмай - сезім жетегінде кеткен екеуі бірге болады. Оның үстіне сүйгенін қиянатқа қимайды. Себебі жары әлемдегі жалғыз жақын жаны, бір-бірін алғаш көрген кезде жан-дүниелеріне көзі бірден түскен, бір-бірін тани алған, бір жүректің жартылары. Қанша дәлел келтіріп жатса да сүйіктісінің адам өлтіргенін мойындамай кетеді. Тіпті балалары да адам өлтірді деген сөз тек қауесет деген сенімде. Басқалар айып тағып, дәлел келтіріп жатса да сүйгенінің қылмыскер екенін қабылдай алмайды. Жүрегі таза жан сүйгенінің ойын, тілегін сөзбен естімей-ақ, қасында болмаса да естуге қауқарлы. Жерден тауып алған білезікті сүйгені сыйлағанын жүрекпен сезеді. Ара-тұра өзіне біреу жоғалтып алған шығар деген ой келгені жас әйелдің өз ойына сыни көзқарасын жоғалтпағанын, адамилықтың жібін аттамағанын көрсетеді. Сол себепті де шығар өзіне жеңілдеу тағдыр бұйырғаны. Сүйген жарының әруағы келісім бергенде ғана басқа ер-азаматтың ұсынысына көнеді. Сүйгені сыйлағанына сенімді болған білезікті өмір бойы қолынан шешпей өтеді. Өлім сағаты жақындағанда сүйгенін өзеннен іздегендей үйден алыстап, өлі денесі өзеннің жағалауынан табылады. Екінші рет сәтті отбасын құрып, басқа да бала сүйіп, мейірімді ана бола алғанымен, жас жанымен қалаған сүйіктісіне деген адалдығын мәңгілікке бірге алып кетеді.
***
Таңқаларлығы шығармада жігіттің адамды қалай өлтіргені еш сипатталмайды. Расымен тек қана күдік бар, екі жас кеткеннен кейін артынан сол жерде жансыз адамның денесі табылатыны. Бірақ бұл күдікті растайтын жігіттің ары. Асле өзі мойындағысы келмегенімен, Төреші рөлін алған қарттың өзіне таққан айыбынан басын алып қашқанымен, Зауал күшінің қылышын өзін шақырып алғандай. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасында Роскольников қылмысының күнәсын жууға өз аяғымен сот төрелігіне келсе, Асле де жазасын беретін Төрешінің қасына арқандап қойғандай кете алмай, айналшықтап жүреді де қояды.
Санаммен ұғынбай, амалсыздан жасаған күнәм үшін жазамды ертерек беріп, осы өмірде көрмеген қызығымның орнына бақи өмірде сүйгеніммен бірге болуға рұқсат бер дегендей. Қылмысқа байып кету үшін немесе қанішерліктен барған жоқ. Мейірім танытпағандарды ғана өлтірді. Әйелінің жүкті екенін, екеуінің барар жері жоқ екенін көре тұра қайық тұратын жаман сарайды босатыңдар деп қайтыс болған әкесінің дүниесін іздеп келген жас жігітке ызасы ұстайды. Екінші құрбаны айы-күні жетіп, босанайын деп отырған қызына, қаңғып келген екі жасқа азғантай уақыт қамқор болуға жарамай, беймәлім алыс жолға амалсыздан ақшасын ұрламақ болған әрекетін көріп қойып, у-шу шығарар деп қорыққанынан барған шығар.
Бьергвин қаласында Жазалау тобының қолына түседі. Әрекетінің салдарын түсінбесе де, қылмысқа жататынын біліп, ешқандай қарсылық көрсетпейді. Фәни өмірмен есеп айырасатын сәті жеткенде бұл жалғанда бір ғана тілегі бар. Ол әлемдегі жалғыз жақын жаны - сүйгеніне қолындағы ең керемет сыйлығын табыстап кету. Адам қанын мойнына жүктеген ауыр күнәсі болса да жаратылысты Бақылаушы күш ниетінің шынайылығын ескеріп, тілегін қабыл алғандай. Білезікті сүйіктісіне әкеле жатқанда алдынан жеңіл жүрісті қыз шығып, әңгімеге тартып, аңғартпай қалтасынан қымбат білезікті ұрлап алады. Бұл сыйлық иесіне жету үшін ұрлықшы қыздың білегінен түсіп қалып, оны жерден жігіттің жары тауып алады. Жазаға тартушылардың құрсауынан шыға алмай сүйіктісіне жете алмаса да Әлем төрешісінің кеңдігі бойынша жігіттің тілегі салдақы қыздың қолымен жүзеге асады.
***
Шығармада жігіттің сезімі суреттелмейді. Оған кедергі дүние, ол жүректің сезім тудыратын, тіршілікті сезіндіретін функциясы өшіп қалғандығы. Жандандыруға болар еді, алайда жүрек оты жанса, сананы оятып жіберетін қаупі бар. Сананы ояту кейіпкер үшін қорқынышты. Бұл жерде қылмысыңды мойындауыңа мәжбүрсің. Онсыз да бүкірейген шал түріндегі Ар-сотынан құтыла алмай жүр. Көшеде жүрсе де, сыраханаға кірген сайын өзінің кім екенін айтатын, қылмысын бетке басатын шал алдынан шыға береді. Сананың титімдей болса да бір бұрышы ашылып кетуінен қорқады. Тұрмыс кешу үшін қандай күнаға барғанын санамен ұқса, жүректегі сезімдерге қалай төтеп бермек? Жүрек тек жағымды сезімдерді ғана емес, теріс әрекетіне сай ауыр сезімдерді де тудырады ғой. Кінә, өкініш сезімдер психикасына сыймай, жынданып кетуі мүмкін.
Сол себепті қазіргі адамдар дамылдауға, миға тыныштық беруден қорқады. Тоқтаусыз ойлар, қан айналымын қамтамасыз ететін мүшеге ғана айналған жансыз жүрек өмірді сезім арқылы қабылдатпайды. Рационалды ақылы ғана қалған. Ал сезім болмаса адам қимылдайтын роботқа айналмай ма?
Қазіргі адам баласының көпшілігі де осы күйде. Жыбырлап жүргені болмаса тірі адам деуге келмейтін, өмірге келгесін өлместің амалын жасап жүрген бейбақтар. Бірақ өлместің күйі деп те айта алмайсың, дәмді ас жеп, жақсы дүниеге ие болғысы келеді, жәйлі үйде тұрғысы келеді. Тіпті түгі жоқ Асленің өзі жарына ең қымбат дүниені сыйлағысы келеді.
Бірақ адам баласы сол жақсы дүниенің қандай құнмен келіп жатқанын пайымдауға қауқары жоқ. Бозбала жігіт өмірдің өзі мәжбүр етті ғой деп ақталар, алайда қазіргі көпшілік өз әрекеттерінің қалыптасқан жүйе бойынша басқаларға қысастық тудырып жатқанын саналы түрде ұға алмауда. Қиянаты тікелей болмағандықтан, өз қолыммен ешкімді өлтіргенім жоқ қой деп әрекетінің зардабын ойлаудан қашады.
Немесе Асленің жағдайы сияқты, мен не істей аламын, бұл өмір мейірбандық танытпаса, өліп кетуім керек пе, отбасыма қамқорлық жасамай әрекетсіздік танытуым керек пе деу арқылы ақталатын шығар.
Автордың шеберлігі, көрегенділігі осыда. Қазіргі адамзаттың әрекетінің түбірін ашып көрсете алуында. Қылмыс жасап жатқанымызды Асле сияқты аңғарып жатқан жоқпыз дегенді жеткізуде. Автордың тылсымдық қабілеті ол санасы ұйықтап жатқан адамның ойлау жүйесін дөп көрсету. Үздіксіз келіп жатқан ойларды тежей алмайтындығын шығармадағы сөйлемдер үтір арқылы бір беттен бірнеше бетке дейін созылып, тоқталатын нүктенің сиректегінен байқаса болады. Қайталана беретін ойдың құрсауында жүр.
Еркек рационалды ақылдың үнін өшіре алар емес. Тоқтаусыз «сөйлеп» тұр. Нүкте деген атымен жоқ. Сол себепті ұзын-созар, собалаңқы, тоқтаусыз ойды қорыта алар емес. Шығармадағы сөйлемдер де сондай шұбалаңқы, нүкте сирек қойылған... Асленің тірегі жоқ ойы сияқты.
***
Кейіпкер Аслеге қандай ой келсе, соның жетегінде кетуге мәжбүр. Ойына, сол арқылы өз әрекетіне сыни көзқарас тастауға мұршасы жоқ. Себебі ойдың жетегі таусылмайды, миға бір тыным бермейді. Сол себепті әрекетін саралауға қауқарсыз. Өз күйін сезінуге, сезімдерді бастан кешуге мұршасы жоқ. Тек қана тоқтаусыз ойлар. Әйтеуір жүрегінің қалауын ғана жоғалтпаған. Сүйіктімді қуантсам, қамқор болсам, ең керемет сыйды ұсынсам деген жүрек үнін ғана ештеңе өшіре алмаған.
Арқасында екі дорбасы және скрипкасымен басқа қалаға жүкті келіншегімен көшіп келгенде жағдайы көтермегендіктен некесін қидыра алмаған-ды. Ұлы дүниеге келіп, жұмысқа орналасқан кезінде ең құрығанда неке сақинасын алып, жұрт көзіне ерлі-зайыпты болып көрінетін жағдайға жетпекке тырысады. Жолда бейтаныс біреуді көріп, қолындағы алты білезікті көріп, керемет қымбат затқа көңілі кетіп, осындай жауһар дүние келіншегімнің қолына жарасымды ғой деп ойлайды. Оны сатып ала алады да.
Қазіргі адамзаттың санасымен ұға алмай жатқаны кез келген дүниеге қол жеткізе алады, әлемдегі ең қымбат дүние болса да, тек қиындық кезде сынаққа төтеп бере алмай мәжбүрлік жағдайда қалғанда адам өлтіруге болады деген ұғымның қателік екенін мойындай білгенінде ғой.
Әйтпесе Асле дарға асылған кезде келіншегі емізулі баласымен қалып кетеді ғой. Бірақ тағдыр оған жақсы адамды жолықтырады. Ер азамат «мен бір әрекет істеуім керек, тағдырдан күткенім шарасыздық» деген дұрыс ойы бұрыс әрекетті істеуге жетелеуінде бар гәптың түйіні. Санада біреуге қиянат жасауға болмайды деген тұжырым жоқ. Біреу маған қиянат жасаса мен де ендеше сондай жауап қайтаруға құқым бар деп есептейді. Бірақ қиянат жасаған адам өзіңе қиындық туғызғаны рас болғанымен, өміріңді қиятын әрекетке бармады ғой. Расымен жаман сарайдан қуып шыққан жігіт те, келіншегінің безбүйрек шешесі де, суықта үйіне кіргізбек түгелі, даладағы сарайына түнеп шығуға рұқсат бермеген кемпір де мейірбандықтан жұрдай, мейірімсіз жандар.
Алайда олардың жазасы өлім болуы керек деп оларға Төреші болу құқығын өзіне кім берді? Адамилықтан жұрдай адамның жазасы өлім десе, ол жазаны жүзеге асыратын адамның өзі адамилықтан (мейірбандықтан) аттап өтуге тиіс қой. Олай болса, өзің айыптаған адамнан артықшылығың неде?
Өліп кетсем де біреудің ала жібін аттамаймын, біреудің қанын төгуге себепші болмаймын деген тұжырым санада болуы үшін адамда не сана ояу болуы керек немесе әрбір әрекетке жауап беретін Сын-сағаты туатынын, қиямет күнінде Құдырет күші жауап алатынын, оған дейін ол құқықты өзіне алып қоюдан қорқатын иманы терең болуы керек.
***
Адамзатқа көмектесер бір амал бар еді. Ол Жаратқанның әрбір адамның несібесін әрқилы жолмен тауып беретін құдыреті. Күйеуін дарға асып, өзі құндақтағы баламен аш қалған келіншекке мейірбан еркекті жолықтырады. Бірақ бұған сенуге өмірдегі басқа жағдайлар кедергі келтіруде. Мысалы, біреулер аштан өліп жатыр, біреулер әділетсіздіктің теперішінен көз аша алмауда, ал енді біреулер қылмыс жасаса да асып-тасып шалқып өмір сүріп жүр. Әлемдерді қадағалайтын күш болса неге бұл зұлымдықты тыймайды, неге әділетті орнатпайды дейді бәз біреулер. Бұл жерде әділдікті, махаббатты орнату құқығы адамның өзіне берілгенін ескермей. Әркімге жөнделуіне мүмкіндік бермей, әр бұрыс әрекетіне Құдырет күші араласа беретін болса бұл жерде адамның өз үлесі, еңбегі, қажыры қайда қалады? Сана иесі, мораль иесі ретінде өсе ала ма?
Қисық істеп жатсам да істей берейін, қатемді жөндейтін біреу бар деп еш қорытынды шығармайды ғой. Қатесін өзі түзеуге мүдделі болмайды. Ал бірақ әрекетіне жауап беретін Сын-сағаты туады. Адамға берілген жүз жыл Мәңгілік иесіне қас қағым сәт қой.
Дегенмен осы өмірде де зауал қайтады, бірақ бірден емес. Түзелуге уақыт беріледі.
Зауалдың қайтатынын адам түйсігімен сезеді, сол себепті атеисттің өзі адамилық қағидадан аттап кетпеуге тырысады. Рационалды пайым бойынша да адамилық заңмен жүру тиімді екенін ұғады. Кейде өзіне тиімсіз болса да, мысалы әлі жетіп тұрса да біреуге озбырлық жасап, қолындағы қымбат дүниесін тартып алу түбірінде жақсылыққа апармайтынын түсінеді.
Бұл жерде қылмыс жасауға жетелейтін нәрсе, ол кейбір әрекетінің зардабы бірден емес, уақыт өте келе туатынын біле алмау және өзінің бұрыс әрекеті басқаны қылмысқа итермелегенін түсіне алмау. Тікелей қылмыс істемесе де мейірімсіз не ойсыз әрекеті басқаға зиянын тигізіп, түбірінде қиянатты дүниеге негіз (себеп) болатынын ұғына алмауда.
Мысалы, жаңбыр астында малмандай болып, барар жеріміз жоқ деп тұрған жерінде қалжырап ұйықтап кетейін деп тұрған екі жасты жалғыз басты кемпір кепесінде паналап шығуға да рұқсат бермейді. Ақшасын төлейін, келіншегімнің аяғы ауыр екенін, әл дәрмені жоқ екенін көріп тұрсыз ғой десе де жүрегі дір етпейді. Өзі бала босандыратын адам болса да безбүйректік танытады. Себебі қаншама жеңіл жүрісті қыздарды көріп, бейкүнә балаларынан арылуға «көмектесіп», жүрегі тас болып қатып қалған шығар.
Адамдар түзеледі дегенге сенімі жоқ. Адамға деген сенімі жоғалған. Кемпірдің сондай ойда болғаны да бекер де емес. Шығармада жеңіл жүрісті қыздың өзін шешесі жөнге шақыра алмайды. Әкемнің кім екенін білмейсің де ғой, өзің де осылай жеңіл өмір сүрдің емес пе деп шешесінің бетінен алады. Байғұс анасы жастық шақтың өтпелі екенін, қалауыңмен өмір сүре беретін кезеңнің бір кездері бітетінін жеткізе алмайды. Қалауыммен өмір сүруге құқылымын деген қыз арада біршама жыл өткенде қандай жағдайда болатынын елестете де, болжамдай да алмайды. Қазіргі қалауы ғана бар. Ол кезең келгенде көріп аламын, не себепті маған өз тағдырыңды телисің деп түсіне алмауда. Басқаға зиян келтіріп жатқанын ұқпай, өз өміріме өзім жауаптымын, өзіме зиян істеп жатсам да бұл өз еркім деген пайымда.
Жас буын өмірден алған игіліктері басқаға қиянат жасаумен келетінін жастығымен аңғармауда. Он жеті жастағы бозбала жігіт бұны санасымен ұқпаса, ересектер басқаға жасаған қиянаты тікелей жасалмағандықтан, арада бірнеше қадам болатындығынан жете ұға алмауда.
Юн Фоссенің шығармасының құндылығы осыда. Адам санасы тұманда адасып жүргенін көрсетуінде.
Тоқтаусыз сөйлеп тұрған ақылдың үнін өшірсең, жадыдағы ауыр естеліктер, өмірдегі қателіктеріңнің елесі айналып тұрған пластинка сияқты қайта-қайта мазалап алдыңнан шыға береді ғой.
Одан да ештең ойламай миға дамыл бермей, теледидар, тик-ток, ютуб көрген әлдеқайда жеңіл емес пе.
Сананы қоссаң нені тірек етіп, неге үміт арта аласың?
Жадыдағы қайшы ойларды ретке келтіру оңай емес. Қайшылықтың түбірін қайдан іздеп табарсың, егер бір қате тұжырымың ондаған басқа тұжырымдарыңа негіз болып, бәрі шырмасып кеткен болса. Сондықтан оларды жадының түкпіріне тығып тастап, аузын буып тастаған жеңіл ғой. Бірақ бұл ретте санадағы ескі тұжырымдардың, олар қате болса да жетегінде кетуге мәжбүрсің. Қисық дүниені табу үшін жадыны қопару, ақтару керек. Жадыда естеліктер өзің қалаған тәртіппен шықпайды. Аузын буған қаптың жібін босатсаң болғаны, алдымен ең ауыр естеліктер, қателіктерің зып беріп шығады. Сол себепті де Асле ойын тоқтатуға қорқады. Тоқтаса, оны қорыту керек. Ойды қорыту үшін сана деген жерге баруға мәжбүрсің. Сана оянып кетсе, жүректің үні де іске қосылады. Сана мен жүректің бір-біріне әсері тым күшті. Не жүректің үні сананы оятады, не сана жүректегі ар-ұяттың иесін оятатын.
Рационалды ақыл ғана ешкімді қажетсінбейді. Оған септігін тигізетін – Эго. Ақылыңды кеңінен пайдаланған сайын өзіңе деген сенімділігің артып, Эгоң масая бастайды. Эгоның қажеттілігін жоққа шығаруға да болмайды, жетістікке жетуіңе жеткізетін күш бар онда. Бірақ тепе-теңдік жағдайда ұстау үшін, шектен шығарып алмау үшін сана іске қосылу керек еді. Тек сананың жүректі оятып жіберетін «кемшілігі» болмағанда.
Ар-ұят иесі оянса өзіңді қоярға жер таппайсың. Осы күнге дейін ақылды пайдаланып жеткен жетістігіңнің құнын түкке тұрғысыз етеді.
***
Шығармада тағдыр және ғылым мойындамаса да қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан тектану концепциясы да қозғалған. Атадан мұра болып өнерге қабілеті ғана емес бас кейіпкерлерге ұқсас тағдыр да бұйырған. Әкем сияқты отбасымнан жырақта болмаймын, сол себепті музыкалық кәсібімнен бас тартамын деген дарынды музыкант бәрібір әкесінің тағдырын кешіп, ұлы мен сүйгенімен қартайғанша өмір кеше алмайды. Алида әкесінен үш жасынан айырылса, сүйген жарынан да ерте айырады. Одан ұлына да үйден кету тағдыры бұйырып, шаңырақты тастап алысқа кетеді. Шаңыраққа мұра болып қарындасы қалады. Жастық шағында жеңіл жүріске мәжбүр болған ана туған қызына өз қателігін жеткізе алмай, жеңіл жүрісті тағдырын мұра етіп қалдырады.
Өзенге кетіп өлген Алиданың қызы қартайып, өлім сағаты тақаған сәтте үйінде тыпыршып отыра алмайды. Анасының елесі көз алдынан кетпей қойғасын, анасының әруағына үйге кірмесең, мен өзіңе баруым керек болғаны ғой деп ол да өзен жағалап кетеді.
Мына дамылсыз заманда бір сәт тоқтап, өткенімізге көз жүгірте алсақ, өмір сызығымызды бейне-біреу қолмен сызғандай, ондағы әрбір әрекетіміз бекер болмағанын ұға алар едік.
Тағдырдың бұл сызығы арғы тегіміздің (әке-шеше, ата-бабамыздың) өмір жолындағы сызығының шеңберінде болатынын байқар едік.
Тек саналы түрде, ерік-жігерді қоса отырып сол сызықты өзгертетін басқа қадамды жасамасаң, ата-бабаң мұра етіп қалдырған санадағы сызықтың шеңберінен алыстай алмайсың. Заман өзгеріп, басқадай себеп әрекетіңе негіз болғанымен айналып келгенде ұқсас тағдырды кешесің.
Адамның жағдайын тағдыр деп қабылдаса да болады. Адам бір нәрсеге бейімділікке, мінезіне, бір кәсіпке құштарлығына әуел бастан ие болады. Өзіңе бұйырған жолмен жүріп отырсаң өмірің жеңіл болады, ал қателесіп бұрыс жолға түссең, басыңа тиетін таяқ көбірек болмақ.
Бұйырған жол әуел бастан қабілетімізге, жанымызға жақын болғандықтан өз таңдауымыздай көрінеді. Ал адассаң, шырмалаң сансыз жолдың ішінен өзіңе бұйыртылған тура жолды табу қиын. Ең құрығанда ата-бабаң сол жолға бағыт сілтеп кетсе жақсы ғой. Олар да адасып, бұрыс жолдардың ішіндегі ең тәуірін дұрыс көруі мүмкін. Бірақ уақыт өте бастаған сайын ұрпағы тура жолдан алыстай береді. Асле сияқты бірнәрсені өзгерту керектігін түйсігімен сезеді, бірақ нені екенін ұғуға мазасыз ойы кедергі келтіреді.
Өзіне бұйырған бақыт жолына түсуі үшін өмірінде алапат дауыл тұрып, өмірдің тізгінінен мықтап ұстадым деген ойының күл-талқаны шығып, ұстаған шылбырынан ажырап, біткен жерім осы-ау дегенге келеді. Асле сияқтыға расымен бақи дүниедегі келген жері сол болады да, ал жары Алида сияқтылардың тағдыры күрт жақсы жаққа өзгеруі мүмкін. Тағдырды өзгертетін Жаратушы. Бірақ қауым, яғни сол қауымды құратын адам өзі өзгермей, Жаратушы оның жағдайын өзгертпейді...
Тек ойды тоқтатып, әрбір әрекетің біткенде нүкте қойып, қорытындысын шығарудан қашпасаң...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.