Алтынбек Мерсадық. Меланхолия
Бөлісу:
БОЯУ
Мендегі бояу
сендегі түстермен егіз,
Алайда...
Әуезі басқа ғой, замандас.
Уақыттың жалына жармаса беретінің несі,
Ол да бір арғымақ емес пе, жүйрік?
Өткен жол қисық сызықтарына қарамас.
Мендегі бояудың ар жағы үміт,
Сендегі бояудың ар жағы ыза.
Сондағы,
өзіңді қызылды-жасылды түстерге сендіру —
санада орныққан жалған.
Сондықтан, біздегі болмыстың бояуы —
Жылқылар кісінеген жусанды далада қалған...
Әр демнен үзілген уіл,
Нотаға сыймайтын дауыс,
Алыстай береді бізден.
Бәлкім, жоғалып кетуі де мүмкін,
Тым қою түстерден көре алар емеспін сені...
Бояумен әрлеген мағынасыз қиялын,
Ажырата алар емеспін, бұл кім?
МОЙЫНДАУ
Күнәға бату – өлең, күнәһар екеніңді сезіну де...
Ал, оны жариялау – ақымақтық.
Болмайды Ар алдында езіліп-егілуге,
Ғұмырын кешсе де адам жапырақтың.
Жұқтырған Түннен қайғы, Күннен тылсым,
Үнсіздік жүрегімде, шексіздік тек ішімде.
Мейірім жұпары аңқып, қасқайып сүлдем тұрсын
Келерде топырақпен келісімге.
Шарасыз қалуыма ақталар себебім көп,
Суарғам өткенімді көзімнің жаңбырымен.
Өзгелер есеп қылған байлықтың керегі жоқ,
Өмірім өлшенеді жан мұңымен.
Дүбірден көңіл қажып, кеш сайын іштей жылап,
Басамын өксігімді Ғаламды қаламға елтіп.
Ғайыптан санасына сезіммен түскен құлап,
Жыр жазу – ақындардың шығарған жаман дерті.
АҚЫНХАНАДАҒЫ ӘҢГІМЕ
— Даяшы қыз, есепті әкел, кел бері!
Мендегі жыр – Ғасырлардың кермегі.
Империя мен хандықтарды құлатқан,
Бұлқынысы емес пе еді ақынның?
Зәу көктегі қиялы мен күрсінісі жердегі?..
Лықа тойып, шарап ішсем көземнен,
Айықпайтын алып күшті сезем мен.
Том-том қылып кітап жазсам деймін де,
Ағаларды қатты аяп кетемін...
(Өздері емес, сөзі өлген.)
Бақытымды іздеп бірге бағымен,
Таппаған соң сенделемін жаныма ем.
"Мен ақынмын!" дегендерден шаршаймын,
"Мен ұлымын!" дегендерден шаршаймын,
Бәрінен...
Кейде безіп, қашқым келіп бұл маңнан,
Кеткім келіп бәз бір елге нұрланған...
Еркіндікті "ессіздік" деп танимын,
Пенделерді көзім шалып құлданған.
Сонда,
Тірлік кешкен жөн бе жан сақтап?
Қолы жетпей жүр ғой көбі мансапқа.
Тұманды ойдың тесіп түпсіз қабатын,
Күмәнді ойлар жүгіртеді сан-саққа.
Сөз киесін даналардан ұрлаған,
Сөз ұқпайтын пақырларға жынданам.
— Мені ешқашан түсінбейді.
— Түсінгісі келмейді – деп налимын,
Мүшәйрашыл бұл қоғам.
Құдай бөліп берген нұрдан таралған,
Талай алдап, сан соқтырды сан арман.
Мен күтемін, күту үшін жаралғам,
— Бір құдірет жолығар! – деп әлі алдан...
АППЕРЦЕПЦИЯ
Өмір.
Өлең.
Өлім – менің тағдырым!
Тағдырымнан кейде теріс айналдым.
Басқа түскен сордың санап әрбірін,
Көз ұшында өткен жолға байландым.
Ойсыз жаны мейірімге қанбаған.
Сұм ғасырдың балын, уын жұтқам мың.
Мені, сені – бәрімізді алдаған,
Өмірімнің "өтірігін" ұққанмын.
Қанды жастың қасиеті ұмыт қап,
Тексіздерге, бәлкім, текке кектендім.
Күнә басқан Ойларымды құлыптап,
Қара жерге көміп тастап кеткенмін.
Аққан тамшы – бәз біреудің тағдыры...
Тамшы-ғұмыр тылсымын да кезгенмін.
Көктен жауған "нұр" дейді жұрт жаңбырды,
Мен жаңбырдан Ажал иісін сезгенмін.
Сезіп мәнін, кезіп бәрін Ғаламның,
Өзімді-өзім "өлтірмеуге" ұмсындым.
Зор сенімін артып бойға Адамның
Ар алдында ауық-ауық күрсіндім.
Келген жолдан енді кері қайта алмай,
Өмір бойы Өлең жазып өтермін.
"Ақын болам" деп жүргенде байқамай,
Жерден ауыр жебір мұңды көтердім.
...Мен бір бейбақ екенмін
АЙЫҒА АЛМАУ
Сан мыңдаған жылдар,
миллиондаған айлар,
миллиардтаған күндер
Бәрі-бәрі де:
"Еркіндік" атаулының құлдыққа айналғанын сезбейтін секілді.
Жаға жыртысқан айқастар, саясиланған сезімдер,
Өтірік-шыны аралас бас пайдасын көздейтін секілді.
Теориялық қағидалар, пропорциялық қатынастар –
"Ғұмыр" формуласын логикалық өлшеммен сызатыны секілді.
Батыстан соққан үскірік жел,
Сана толқынын улап, дала даналығын бұзатын секілді.
Бағыты жоқ жолдар, желігі басылмаған сөздер,
Қайғысы қалың жұртымды арзан мұңға жеңдіргісі келетін секілді.
Үңгірінде қамалған айғай, қып-қызыл эмоция...
Қасіретке құмарлығымды
жалған ұранға сендіргісі келетін секілді.
Бұғауда жатқан жаным, бұрмаланған хәлім...
Ұзақ та мәнсіз түстерден жүрегі айнып, құспайтыны секілді.
Мен және Менің түйсігім –
семіп қалған райхан гүлінің тағдырына ұқсайтын секілді.
Amor fati
Жанды қинап не түрлі,
Еркіндікке ұмтылғым келіп еді.
Ал, еркіндік...
Жүректің
"түрмесіне" тоғытылған тұтқын ғой.
Шығу үшін сол бір алып түрмеден,
Қашу үшін надандықтың кебінен,
Ең әуелгі, мөлдір жаратылыстан
табылсыншы ұтқыр Ой.
Тауқыметті көп көрген,
Адамдардың арсыздығын жек көрген,
Болмысымда –
Зауқым да жоқ Құдаймен
бір шеңберге сыятын.
Күнә сүйген көздерімді жұмғызып,
Тәуекелге талпынған жан қалауын тұсаулап,
Құлдықта ұстап тұр мені Обал менен Ұятым.
Санасының саңылауы ескірген,
Ақыл-ойы өзінен соң кеш кірген,
"Ұлылардың"
Маңайында ұялайды сан күдік.
Тым ұраншыл, тым даурықпа қоғамның
Айғайы да – айғай емес, жаңғырық!
Қауырсындай жеңіл ойлар мазалау,
Діннен артық өлшемі үшін жазалау,
бәрі, бәрі:
Жамылудың тәсілі, өлілердің мүрдесін.
Болашағы жоқ істен бақыт іздеу, бақ табу,
Есі ауысқан кісідей масайрау һәм шаттану.
Ессіз тобыр үшін ғана
Білем, оңай "күн кешу".
Ғасыр мүжіп, жылдар жеген санамды.
Мен сондықтан, ұлы Уақыт алдында, –
Дәрмені жоқ байғұспын.
Бұл Өмірді "сүйемін" деп жүргенде,
Бұл Өмірдің өзгермесін білгенде,
Өлшеуі жоқ, мөлшері көп қайғы іштім...
МЕЛАНХОЛИЯ
Құмыраға құюлы менің сірі жанымның
Шеңберіне қол созып,
Сен де бәлкім, жаныңа айықпастай қайғы алдың.
"Өмір үшін күрестің түбі – өлім" екенін білген кезде,
мәнсіздік тұтқынына айналдым.
Жанарыңа тұп-тұнық батып кеткен сәтімде,
Ұрғылайды санамды жеткен лебі бейістің.
Арлы азапты арқалап,
...жалт қарасаң жақұттай
Сенде қалған бейкүнә,
Сезім үшін Өлеңге айналуға тиіспін!
Мезеттерге жасырдым жүрек қылын қозғаған,
Саған деген кіршіксіз мейірімнің аңсарын.
Дәру болды дәл маған көздің жасын тыюға,
Тағдырымдай аяулы қоңыр түсті саусағың.
Ию-қию жолдарда бағытынан жаңылған,
Құс жолымен адасқан
ойлар – менің төбемде ойнақтаған мыстаным...
Сағы сынған сүреңсіз сәттерімді елеумен,
Бізді қайда апарар бұ Дүниенің пұшпағы?!
Кеңістіктің ішінде тербетілген Уақыт
және менің алдамшы үмітімнің сорабы.
Жылдарым да,
жаным да,
тағатым да таусылды.
Күнге өртеп жібердім
Жүрегі жоқ болмыспен
Естеліктер бұрқырап, есімді алған Маусымды.
БЕТХОВЕН. АЙ СОНАТАСЫ
Қайтадан, тағы қайтадан,
"Ай сонатасын" қой, панам!
( Т. Ешенұлы)
Әуенін естіп, иілсем меңіреу Айдың,
Болмыстың арғы шетінен көрінер қайғым.
Түн болып сөзден бүрлесе естеліктерім,
Мұң болып көзден ып-ыстық төгілер айдын.
Кірпік ұшына ілініп бозамық сәулем,
Топырақ – жаным, ұялса сазарып жерден.
Шомылып Айдың мөп-мөлдір шұғыласына,
Мертіккен ойдан айығар, тазарып кеудем...
Көл толқып, тербеп... Түйсігім ымдаса маған,
Жамалын Айдың жанарға ұрласа санам.
Қажыған бір сәт көңілдер нұрланар ма еді?
Бетховен үнін жүрекпен тыңдаса Ғалам.
Көктегі тәнім зерлі аспан төсінде жатса,
Балқиды жаным жұлдыздар көшіне батса.
Елесін кезем осылай ессіз сұлбаның,
Жабырқау көше жарығын өшірген шақта.
Назды саз елтіп, құлаққа төгілген тұста,
Қолымды созам қанатсыз көрінген құсқа.
Кеудеде жатқан тереңнен өрілген бұл үн –
Өлімнен биік болғанмен, өмірден қысқа!
Тұманды ойлар тұмшалап, торықтырғанда,
Жалғыздығымды жолдағы жолықтырғанда,
Тыңдағым келе береді "Ай сонатасын",
Төбемнен сары уыз Ай төніп тұрғанда...
КҮЗГІ ӘУЕН
Көңілсіздік жаулаған сиқым күзгі,
Түн ішінде құлазу...
Ұйқысыздық...
Бүгін тағы біреуде өшім қалып,
Сәл мұңайдым өткенді есіме алып.
Кейде мұңым жанымнан үркігендей,
Айна алдында отырмын кірпік ілмей...
— Тәңір, кімді жаратқан мұңсыз етіп?
— Бұ жалғаннан кетем бе үнсіз өтіп?
Көзім сүзіп күмән мен ақшыл ойға,
Терезеден телмірем тақсыр Айға.
Түннен ауып, сезімге тұнады ішім,
Өлең ғана – өмірлік жұбанышым.
Мейірлене тарайды көзімнен нұр,
Ғашық жанның бәрі де — сезімге құл.
Түйсік сезіп, бір ғана білетінім:
— Ести алады екенмін "жүрек үнін"
Жанарымның ішінде аласарып,
Шақырады қай жаққа қала шамы?..
Жиегіне жасырын Өлең қонған,
Үнсіз қолын бұлғайды керең жолдар...
ПАРАДОКС
Сөздерім табан астында тапталуы үшін де,
Айыбымды өтеп, арымның ақталуы үшін де,
Көңілді талай жылаттым.
Ойымнан кетпей, басыма сор болуың үшін бе?
Қайғы жұқтырып, алдыңда қор болуым үшін бе?
Не үшін сені ұнаттым...
Күлімдеп көктен қанқызыл күн шығуы үшін де,
Сезімдер іште құмығып, тұншығуы үшін де,
Жанымды тілдім, неше мың?..
Әр атқан таңым сыйлаған бақыт үшін бе?
Тоналған жылдар, өртелген уақыт үшін бе?
Кім үшін ғұмыр кешемін...
СЕЗІМ ШАРАБЫ
Сезімді құйғызып бокалға,
Қылғытып жұтамын. Түбіне үңілем.
Бейнеңді сыйғызып түсіме жатарда,
(Сені ойлап)
Аунақшып шығамын түнімен.
Аяулы сәттерім өзіңде,
Кеудеме қысып ап, жылаған һәм күлген.
Тамшы жас іркіліп тұр әлі көзіңде,
Қосылып кетердей жаңбырмен...
Қараңғы көшеде сүрініп,
Шатастым жолдардан, адастым ізіңнен.
Бөлмеде тұр екен суретің ілініп,
Шошыдым ажарсыз жүзіңнен.
Бір әуен ойнайды нотада,
"Жалғыздық" билеп жүр менімен вальсті.
Сен жоқсың қасымда... Неліктен, о тоба!
Мен неге шарапты тауыстым?..
Vasumitra
Сырға толы сөзінен Түн ағардай,
Мұңға толы көзінде күнә бардай.
Жан сыздаған жүрегі іштей ұлып,
"Арсыз тәнін қара жер, Құдай алмай",
Заңдылыққа жазылған бағына алмай,
Азапты ойдан, үрейден арыла алмай.
Жаңбыр болып құйылған көз жасында,
Тағдырға айтар наласы, зары қалмай,
Көп ішілген, шегілген қасіреттей,
Қартаюға, сүюге жасы жетпей,
Өзегіне қан құйған қасиеттей,
Дүниеге айтылған өсиеттей,
Ол кетті...
Ол кетті Өмірден...
Бөлісу: