«Ақбала - Боздақ» дастаны табылды
Бөлісу:
Әсет Медеуханұлы - Абай ауданы Архат ауылында 1953 жылы қыркүйек айының 19 күні дүниеге келді.Семейдегі пединституттың филология факультетін 1974 жылы бітірген. Бірер жыл мұғалім болып, онан соң 1975 жылдан – 2015 жылға дейін 40 жылдай мемлекеттік қызмет атқарды. Оның ішінде 16 жылдай Абай ауданының мәдениет саласында басшы қызметінде жемісті еңбек етті. 2015-2017 жылдары Жидебайдағы музейде басшылық қызмет істеді. «Енбегі еленіп 3 медальмен марапатталған. Мәдениет саласындағы қызметі үшін «Республикаға еңбегі сіңген үздік қызметкер» атағын иеленді. Жыл басында республикалық «Үздік өлкетанушы» төс белгісіне ие болды.
2008 жылдан бері әдебиетші, зерттеуші, драматург ретінде шығармашылықпен шұғылданған Әсет Медеуханұлының «Абайдың әдеби хатшысы», «Ұлы Абай елінде», «Абай жолымен», «Абай аманаты» атты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Әнім мен күйім – халқыма сыйым» «Дала данышпаны Құнанбай», «Дүбірлі даланың дарабозы» атты жинақ кітаптарды басып шығаруға еңбек етті.
ӘСЕТ МЕДЕУХАНҰЛЫ. ТАҒЫ ДА БІР ДАЛА ДАСТАНЫ
Бұл жалғанда сүйгеніне қосыла алмай, өкінішті күй кешіп, өмірден аһ-ұрып өткен ғашықтар аз ба?
Ежелгі Рим еліндегі әйгілі Ромео мен Джульеттадан бастап, Шығыстың Ләйлі мен Мәжнүні, Тахир мен Зухрасы, қазақ даласындағы Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Қыз Жібек пен Төлегеннің ғашықтық хикаялары соның дәлелі емес пе?
Абай елінің өткен тарихында өшпес із боп қалған, сонау ескі заманнан зар боп, жыр боп бізге жеткен «Еңлік пен Кебек», «Қалқаман мен Мамыр» оқиғаларын бүгінде бар қазақ баласы жатқа біледі.
Сондай ұмыт боп қалған, елдің көбі біле қоймайтын, қос ғашық Ақбала мен Боздақ туралы да әңгіме бар екен.
Тіптен, ол Шыңғыстаудың сырт бөктеріндегі Бақанас, Байқошқар өңірінде, дәлірек айтқанда Шақпақ тауларының алдын кесе өтетін қара жол бойындағы Керуенбұлақ деген жерде болған дейді айтушылар.
Бұл әңгімені ертеректе бір естіп, күйбең тіршілік, қызмет бабы, бітпейтін жұмыспен жүріп, ұмыт боп қала берген-ді.
Ойда жоқта, Семейге жолаушылап автобуспен бара жатқан сапарда Көкбай ауылының тұрғыны, Кеңестік дәуірде Бақанаста бөлімше басқарушысы болған, бұл күнде алпыстан асқан, елдің арғы-бергі әңгімесін айтар жасқа жеткен Аманғазы Рақымжановтан қайталап естідім.
Сөйтсек, Ақбала мен Боздақтың хикаясын Бақанас, Байқошқар бойын жайлаған Тобықты, Керейдің үлкендері біледі екен. Білгенде, екеуінің ғашықтық хикаясынан туған айтысы барлығын, дастан –жыры мен «Боздақтың зары» деп айтылатын ән туғандығын, тіптен, Керуенбұлақ бойында бүгінде орны ғана қалған, ертеректе күмбезді зираты болғандығын Аманғазы қағазға қарағандай жатқа соқты.
Сонымен, Ақбала мен Боздақ кімдер болған, оқиғаға не себеп болған, айтыс пен ән жыр қалай туған деген сұрақтар еріксіз мазалады.
«Іздеген жетер мұратқа» деген, ел ішінде қос ғашық туралы сақталған әңгімелермен қоса нақты жазба деректер де бар болып шықты.
1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Айтыс» жинағының бірінші томында «Ақбала мен Боздақ» айтысы беріліпті. Жазушы, академик С. Мұқанов көп томдық осы «Айтыс» жинағына алғы сөз жазып, «Ақбала мен Боздақ» айтысы – халықтық айтыс үлгілерінің жақсысы деп баға берген екен.
Айтыстың басына: «Бір Боздақ деген жігіт Ақбала деген қызбен асық болып қосылыпты, қосылған соң екеуінің қосылғанын әкесі біліп, «осыған қызымды бермеймін» деп айырыла көшіпті. Алысқа кеткен соң, Боздақтың әкесі жігітті бұрынғы айттырған қайнына жіберді. Қайнына қайтып, қызының жеріне келді, келсе қызы өліп қалыпты, бейітінің басына жатып өлең айтты жігіт» - деп түсіндірме беріліпті. Әрине, бұрынғы баяндау тәсілі солай болғандықтан кітапты қалай жазылса, дәл солай ұсынып отырмыз.
Енді осы уақиғаның біздің ел айтып жүрген бір нұсқасы бар.
Оған сенсек, бұл уақиға 1840-1850 жылдары болған, яғни атақты Қоянды жәрмеңкесі ашылып, оңтүстік пен солтүстік арасында Керуен жолы тартылып,сауда-саттық арқасында елдің алыс-берісі ұзарып, қарым-қатынасы қызған тұста болса керек.
Шақпақ таулары бауырынан ұзарып ағатын бір бұлақ - «Керуенбұлақ» деп осыған орайлас қойылған. Осы арада ертеректе Қояндыға апарар қара жол болған, оңтүстіктен төрт түлік мал мен сан түрлі тауарларын түйеге артқан керуеншілер тобы осы араға тоқтап тынығып, айдаған малдары қоң жинағанша аялдаған.
Дәл осындай керуенмен келе жатқан Боздақ деген жас жігіт, өзі ақын, өзі әнші, сері екен, Ақбала деген көркем қызды көріп, екеуі бір-біріне ғашық болған.
Аз күнгі жастық желік, махаббатқа ұласқан.
Жігіт пен қыз уәде байласып, керуеннің қайтар жолында жігіт қызды аламын, қыз қосыламын деп қол алысып, «жә» дескен-ғой.
Алайда, қыздың айттырған жері бар екен. Қыз әкесі бұл уақиғаны естіп, оны тез арада ұзатпақ болады. Алайда, қайғы-уайым ба, әлде ғашықтықтың жан азабы ма, кім білсін, көркем айдай жарқыраған Ақбала қыз айықпас дертке ұшырап, кенет қаза болады.
Сұлу қыздың соңғы аманаты бойынша, денесі керуен көші жүретін жол бойындағы Керуен бұлақ бойына жерленіп, басына мазар тұрғызылады.
Бұл жайттан хабарсыз Боздақ күзде қыз еліне асыға келсе, уәделескен ғашығы дүниеден өтіп, оның қарқара бөрікке ұқсас күмбезді мазарын көріп, «аһ» ұрып өкінеді.
Жігіт ақын екен, өзінің мұң-зарын, ғашықтық қайғысын тірі мен өлінің айтысына ұқсатып, Ақбала мен Боздақ айтысын шығарады.
Енді сол айтыстан үзінді келтірейік:
Боздақ:
Қайда екен, Ақбала қыз, қолаң шашың,
Көрінген жабылыңқы, қиғаш қасың.
Ақбала, әлің келсе көтер басың,
Тіріде еске түсті берген асың.
Ақбала:
Орнынан жидеген-ді қолаң шашым,
Көрінген жабылыңқы қара шашым.
Басымды әлім келіп көтере алман,
Теңгерген қаншамаға қайран басым.
Боздақ:
Қайда екен, Ақбала қыз, екі көзің,
Аян-ды бір құдайға еткен сөзім.
Ақбала, әлің келсе көтер басың,
Үйіңе апарайын сені бүгін.
Ақбала:
Орнынан олқы түсті екі көзім,
Аян-ды бір құдайға айтқан сөзім.
Басымды әлім келіп көтере алман,
Бейіттен мына тұрған шықпайды үнім, - деп әрі қарай жалғаса береді(«Айтыс» жинақ 1988 жылы, «Жазушы» баспасы 33-36 бет).
Жинақта жарияланған «Ақбала мен Боздақ» айтысына келсек, ол136 өлең жолынан тұрады. Айтыстың тұтас бойынан нақтылы жер-су аттары кездеспегенімен, Бөртенің баласы - Боздақ, Қырғидың баласы – Ақбала деген дерек қана ұшырасады.
Ал, осы айтыстың қайдан алынғаны туралы төмендегідей дерек берілген: «Ақбала мен Боздақ» айтысы түркі халықтары әдебиеті нұсқаларында (2 том. С. Петербург, 1870 жылы бастырған В. Радлов) 1923 жылғы «Темірқазық» журналында, 1965 жылғы «Айтыс» жинағының бірінші томында жарияланған.
«Бұл нұсқа жоғарыда айтылған В. Радловтың жинағынан беріліп отыр»,-делінген.
Алайда, атақты тюрколог ғалым В. Радловтың ол әдебиет хрестоматиясымен таныс болмағандықтан, «Ақбала мен Боздақ» айтысын ел аузынан жазып, ұсынған кім екені белгісіз.
Осы арада бір ой айтсақ, ол осы түйткілді мәселенің шешілуіне себеп болмас па екен?
Абайдың оқыған інісі, Омбы кадет корпусын, кейіннен Москвада әскери училище бітірген Халиолла Өскенбаев 1868-1870 жылдары өз оқытушысы Н. Костылецкий арқылы профессор В. Березинге көптеген халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде «Еңлік Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» үлгілерін жазып жолдаған. Халиолла Ақбала мен Боздақ әңгімесін жақсы біліп, жазып алып, Радловқа жолдауы мүмкін емес пе? Әрине, ол пікірді дәлелдеп жазу уақыт еншісінде.
Осы оқиғаға байланысты тағы бір дерек көзі бар екен. 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің тікелей қатысуымен латын әрпімен Абайдың өлеңдер жинағы басылып шыққан. Жинақтың соңында Көкбай ақынның Абаймен алғаш жақын таныстығы қалай басталып, өмір бойы бірге жүргені туралы Әуезов жазған естелік берілген. ( «Абай» журналы №1 1992ж. 48 б) Осы естеліктен үзінді келтірейікші:
«Өзі (Абай) біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын. Сол ретпен «Ақбала-Боздақты» айтқанымызда, осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көрді де «мынаны шығарған кісі ақын»деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз дәмді сөзі табылса, сол үшін қатты риза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде: Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, үйігіп жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:
Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды.
Адам түгіл хайуан мал да ойнайды.
Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме.
Алдымыздан кез келген аң да ойнайды... депті».
Демек, «Ақбала мен Боздақ» атты ғашықтық жыр болған және ол жырды Абай айналасындағы Көкбай, Шәкерім, Ақылбай, Мағауия сынды шәкірттері жақсы білген.
Абай назарын аударған, әзір қолда жоқ, ол дастан табылып жатса дала фольклорының бір үлгісі табылып, ел оқып танысып қалар еді деп аса ынтық болғамыз.
Сөйтсек, ел аузындағы осындай ұмыт бола бастаған жыр дастан ұқыпты адамдардың жазуымен хатқа түсіп, тіпті ғылыми орталарға тапсырылыпты.
Интернет парақшаларының анықтамасына қарағанда «Ақбала Боздақ» айтысы мен жырының нұсқалары Қазақстан Ғылыми Академиясы Орталық Ғылыми Кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы екен.
Сол ғылыми орталыққа сұрау салып, сирек кітаптар қорында 695 жолдан тұратын «Ақбала Боздақ» жары мен «Ақбаланың тақия сыйлап айтқаны» деген өлеңі барлығын айтқан жауап хатын алдық Іле қайта хат жазып, ақысын аударып асыға күткен ол материалдар қолымызға тиді-ау.
Арапша жазылған бұл жыр дастан нұсқасын 1946 жылы Бәдел Тұрсынбаев деген кісі жазып тапсырған екен.
Ол жыр нұсқасын осы кітапта Абай еліндегі Құнанбай қажы мешітінің бас имамы,қажы, осы заманға сай білімді жас Болат қажы Самырбаев тұңғыш жариялап отырмыз.
Бұл жыр нұсқаның мазмұнын қысқаша айтар болсақ.
Ақбала мен Боздақтың о бастағы ғашықтық хикаясы Жайсаң(Зайсан) өңірінде болған. 5-6 ата жақындығына қарамай, екі жас бірін-бірі сүйіп қалады.
Бұл оқиғаны сезіп қалған Ақбала қыздың әкесі Қырғы Жайсаң-Алтай өңірінен үдере көшіп, он күн жүріп қазіргі Шыңғыстау(жырда Ұлытау делінеді) жеріне кеп, Бақанас өңіріне табан тірейді. Бірақ, дертті болған Ақбала қыз кенет қайтыс болады да, қыз өтінішіне орай оның моласы қарқара бөрікке ұқсас, мұнарлы зират боп салынады.
9 ай арып-ашып келген Боздақ моланы көріп Ақбаланың өлгеніне көзі жетіп, ғашығымен мұңдасып, қоштасып өзіне-өзі қол салып, мәңгілік сүйгенімен жер қойнында табысады.
Жырдың құрылымы қызық, баяндау әдісі өзінше бөлек. Жыр дастанның он бойында халық жырларының небәрі тамаша үлгілері кездеседі.
Бір есептен оқиға мейлі Алтайда басталып, бір кездері қалың найман елінің тұрағы болған қарт Шыңғыстауда жалғасса да, әйтеуір ерте кездегі қазақ халқының ғашықтық қисса дастандарының озық бір нұсқасы деп қабылдаған жөн.
Айтпақшы, ғашығына қосыла алмаған әнші жігіт моланы құшақтап, екі көзден жасын көлдей төгіп, зарлы, мұңды ән шығарады.
Ақын жігіттің бұл әнін ел іші көп біле бермейді. Алайда, ән сөзін, әуенін еске сақтаған әжелеріміз бар екен. Ол әннің сөзі мынадай:
Боздақтың зары:
Үш қайнаса қосылмас мыс пен қола,
Ақын жігіт сөз сөйлер аузы тола.
Мен кеткенде жайлауда түк жоқ еді,
Жапан түзге орнапты жалғыз мола.
Жатырмысың, Ақбала, судай тасып,
Керуен кеткен жотаның үстін басып.
Мен келгенде басыңды көтермедің,
Қара жерге қалдың ба бауыр басып?
Жеткенше өзіңе болдым асық,
Шыныаяқтан бал берген, қайран ғашық.
Ақбаладан айырылып неге қалдым?
Енгізсеңші, қара жер, қойныңды ашып!
Шыңғыстау елінде болған, тағдырдың жазуымен қосыла алмай, арманда кеткен қос ғашық Ақбала мен Боздақтың оқиғасы осы.
АҚБАЛА - БОЗДАҚ
(дастан)
Ақбала күндіз жылқы бағады екен,
Боздақ та іздеп келіп табады екен.
Бірін-бірі көрмесе тұра алмайды,
Жылқыны терең сайға салады екен.
Ел жұрты Ақбаланы қыз деп білмей,
Қыздармен Ақбала да жүр ойнап күлмей.
Бұралып тал шыбықтай мың майысып,
Түрленіп көк майса да қызыл гүлдей.
Бұларды ел сөз етеді сырттай мақтап,
Боздақ жүр сүйгендігін іште сақтап.
Ойлайды бірін - бірі күндіз түні,
Кете алмай сол күндегі салттан аттап.
Қырғи - Бөрте ағайын алыс емес,
Бұл жұмыс екеуіне таныс емес.
Ақбала мен Боздақ жүр іштен тынып,
Сыйласып майда тілмен құрып кеңес.
Қырғи біліп, кетпей ме елге шығып,
Жасырып жүре ала ма, ішке тығып.
Сырдың беті ашылып кетпесін деп,
Жүреді бірін - бірі көзбен ұғып.
Бір күні Ақбалаға келіп Боздақ,
Сөйледі шер жүрегін қайғы қозғап.
Ақбала іштен тынып жүргенімен,
Құр босқа күндер өтіп, мезгіл озбақ.
Боздақ:
-Ақбала, таң қаламын мінезіңе!
Зар болып талай адам жүр өзіңе.
Мен сендік, сен мендіксің деп айтайын,
Жүрмін серік іздеп бір өзіме.
Дүниеге адам болып біздер келіп.
Жаратылыс заңы бұл керек серік,
Жүректе көптен жатқан терең сыр бар,
Арманды айтар едім берсең ерік?
Ақбала:
-Сөйлесең әрбір сөзді Боздақ серім,
Ерік берсе кім айтпас іште шерін.
Шынымен ойландырды мына сөзің,
Сен менен алмақпысың қазір сенім?!
Түбінде ажал жетіп өлмек болсақ,
Ісіне құдіреттің көнбек болсақ.
Қиямыз қасіретке басымызды,
Әке-шеше, туғандар не айтады?
Біріміз-бірімізді сүйген болсақ.
Неше жыл құрық алып, жылқы бақтым,
Жорға мініп, басыма үкі тақтым.
Ашуланып қалдырсам көңіліңді,
Білместік ісі болар ақымақтың.
Боздақ:
-Ақбала, жан екенсің тілің шешен,
Айтпас ем, осы сөзді бекер десең.
Сырымыз тірі жанға сезілмесін,
Білсе өлтірер, тегінде әке - шешең.
Ақбала:
-Боздақ-ау, ескертесің оның несін,
Ойласам ондай жайды шығады есім.
Естуің ел ішінде жоқ па Боздақ?
Қалқаман мен Мамырдың әңгімесін.
Боздақ:
-Ақбала сөз айтасың, маған жайлап,
Дерттенер жүрегіміз қайғы ойлап.
Тарқатып іштегі шер көңіл күйді,
Жүрелік әзірінше күліп ойнап.
Ақбала:
-Боздақ-ау, осы сөзде тұрар болсаң,
Бейнет пен қияметті сұрар болсаң.
Мен сен үшін жанымды қияр едім,
Сен мен үшін жаныңды қияр болсаң.
Боздақ:
Жанымды мен қайтемін сенен аяп,
Сен үшін арманым жоқ жесем таяқ.
Әр сөзді уайымдап айта бермей,
Ақбала не бар, бізге тұрған таяп?
Сүйісіп екі қыршын, алысып қол,
Қашанда ғашықтықтың қайғысы мол.
Арасын бес-алты ата аралаған,
Бұл елде қыз алысқан жоқ еді жол.
Ойлайды, уайымдап ата жолын,
Жүректе ғашық оты алған орын.
Екеуі кешке жақын үйге қайтты,
Қалдырды тәуекелге істің соңын.
Байқасып жас жүректер сөз түйінін,
Ұйықтамай ойлап шықты іс қиынын.
Жасырып жасаудағы теңін шешіп,
Ақбала буып түйді, өз киімін.
Ерте тұрып жылқыға Боздақ барса,
Ақбала тұр киіп ап, қыз киімін.
Боздаққа кішілікпен амандасып,
Ұялып қыз өзінен бетін басып.
Түні бойы сағынысып қалған жүрек,
Сүйісіп, ләззаттана аймаласып.
Боздақ:
Ақбала, бір назым бар өзіңізде,
Тілек бар қоятұғын бізден сізге.
Менің сізден алатын тоятым бар,
Біздерді кім көреді жапан түзде?
Ақбала:
Кеп тұрмын Боздақ саған киіп киім,
Ғашықтық екеумізге бірдей қиын.
Сабырсыз жігітке ұқсап асықпаңыз,
Сіздікі мендегі бар барлық бұйым.
Өзім айтам, мезгілі толған күні,
Жағдайы жас тілектің болған күні.
Асықпасаң жетерсің сері Боздақ,
Неке қиып меншіктеп алған күні.
Ей, Боздақ жігіт жоқ сенен өзге,
Сен сүйікті көріндің көрер көзге.
Біз айуан немесе құс емеспіз,
Дұрыс па қолқа сұрау жапан түзде.?
Ғашықтық екеумізді қосты қайдан,
Тағдырдың жазуы да бір құдайдан.
Жапанда жан көрмейді деп ойлайсың,
Аспанда ұяламын күн мен айдан.
Жүрелік ойнап күліп бұрынғыдай,
Болмайды бүгін таңда күткен пайдаң.
Сөзіне Ақбаланың Боздақ тоқтап,
Адам жоқ бұл екеуін іздер жоқтап.
Көрмесе бірін - бірі тұра алмайды,
Жүректе шын сөнбейтін ғашық от бар.
Екеуі бірін - бірі сүйіп жүрді,
Дертіне ғашықтықтың күйіп жүрді.
Күн сайын неше түрлі киім әкеп,
Далада Ақбала қыз киіп жүрді.
Кей күндер апарады далаға айна,
Ақбалаға Боздақтай жігіт қайда.
Ақбала қыз киімін ұнатады,
Жасырмай ашық киер заман қайда?
Ақбала:
-Бір үйдің еркекшора жалғызымын.
Берместей боп әкем жүр мені байға.
Боздақжан, бір ақыл тап, не қылсаң да?
Кетелік көрмес жерге осындайда.
Жарасқан қос ғашыққа мінез көрік,
Көрінеу қосылуға бола ма ерік.
Екеуіне жол нұсқап жіберетін,
Таппады ел ішінен ақыл серік.
Бір күні Ақбаланың шешесіне,
Бір аңшы айтып келген сырттан көріп.
Шешесі Ақбаланың қайғыланды,
Қызыма бітті ме деп сондай желік.
Кешке Ақбала үйіні келді қайтып,
Аңшыны байқаған жоқ қойған айтып.
Шешесі алдан шығып сүюші еді,
Сүймеді Ақбаланы көңілі тайқып.
Алдынан шығушы еді Ақантайлап,
Күндіз күлкі көрмейтін Ақанды ойлап.
Ақанды пәк сәбидей көруші еді,
Жігітпен жүр деген жоқ, далада ойнап.
Анасы ызаланды іші күйіп,
Дүниеде анасы үшін Ақан биік.
Жылады құсаланып сорлы ана,
Жазылмас жүрегіне улы оқ тиіп.
Ана мейірі түспеді баласына,
Ақбала таң қалады анасына.
Аялап мауқын басып әлпештейтін,
Кім жеткен Ақбаланың бағасына?
Ақсұлу Ақбаланың анасы екен,
Сол кез қоңыр күздің шамасы екен.
Жеткізген бұл хабарды ол бір аңшы,
Қонысқа Қырғименен талас екен.
Боздақтың әкесінің аты Бөрте,
Аңға шығып жүреді күнде ерте.
Әкесі Ақбаланың аты Қырғи,
Ашуы қатты, ақырса сөзі келте.
Ақсұлу ақылды адам аптықпайтын,
Сабырлы кең мінезді шаптықпайтын.
Жаймайтын сырды сыртқа шыдамды еді,
Абыройды сақтайтын, ап шықпайтын.
Қоймасын деп ойлайды Қырғи біліп,
Жұрт білсе егер мазақтар бізге күліп.
Жалғызымның атағы жайылса елге,
Тірлікте не қызық бар бүйтіп жүріп?
Ақсұлу Қырғиға айтты сөзін мәндеп,
Сен шіркін болмайсың ғой, бәрін жөн деп.
Жылқышы ал, күндіз жылқы бағатұғын,
Далада жүдеп кетті Ақанжан көп.
Бұл жерде Қырғи қалды ішін жыйып,
Еркелеп Ақан отыр, Қырғи сүйіп.
Ал бүгін ақырғы рет өріске шық,
Ұйғарсын жамандыққа қайтып қиып.
Ақбала осы сөзге елеңдеді,
Боздақты ақырғы рет көрем деді.
Ішінен қайғыланып құса болып,
Енді көп тірі жүрмей өлем деді.
Сол күн барып қоштасып жыласады,
Аймаласып, көк шалғынға құласады.
Қоштасып қол алысып, ақырғы рет,
Саулықпен көрісуді сұрасады.
Ақбала:
-Боздақжан, менде кетті-ау аманатың,
Некелі мен емеспін жамағатың.
Алдында әке-шешем сүюші еді,
Болғаным дұрыс емес, үйде қатын.
Шешеміз осы жайды сезген болды,
Біреу айтып малтасын езген болды,
Егерде бұл жұмысты әкем білсе,
Ел жұрттан көрмес жерге безген болды.
Ал сонда біз қайтеміз жаным Боздақ,
Жайлады жас жүректі қайғы қозғап.
Тірі де сенен басқа сүйгенім жоқ,
Егіліп дүниеден өтем боздап.
Боздақ:
-Ақбала, атамашы жаманатты,
Болушы ем күндіз көріп, қанағатты.
Ақбала, бір жібісін шерлі жүрек,
Қайтеді беріп кетсең аманатты?
Ақбала:
-Боздақ ау, айтқан сөзді ұғамысың,
Құлындай мені тауда жығамысың.
Дүниеде сенен басқа жан көрмеген,
Ақ денемді жаманатқа қиямысың.
Боздақтай, қызығымды ер көреді,
Әйтпесе бір тұңғиық сел көреді.
Көрсетті аяғымен теуіп тұрып,
Болмаса осы қара жер көреді.
Қиянат әкел қолды, етпесіме,
Адамға сенен басқа кетпесіме.
Сенімнен кетер болсам, әлдеқалай,
Серт етем келер күзге жетпесіме.
Мінезі әкеміздің қатты кісі,
Көз жете ме қайғымен өтпесіме.
Тірі күнде қалмаспын деп ойлаймын,
Сүйікті Боздақжанның өкпесіне.
Екеуі бірін - бірі тұрды қимай,
Сорғалаған көзінің жасын тыймай.
Арманы жүректегі орындалмай,
Барады қайғы шіркін ішке сыймай.
Қош десіп айырылысты бірнеше рет,
Көріспей ғашық жандар қалай жүред.
Бұрылып қарай-қарай бір - біріне,
Езілген өкпе бауыр, қолқа жүрек.
Арада үзілмейтін күш тұрғандай,
Айқасқан айрылмайды екі жүрек.
Таза өмір, таза тілек бұзыла ма,
Тек болмаса сүйісіп қызыға ма.
Баланың ойыншығы секілденген,
Өмір емес боялған қызыл ала.
Бесінде айырылысып өшпес өмір,
Тағдыр жетсе кімдерден көшпес өмір.
Өмірге келгеннен не пайда бар,
Тілекті жүректегі шешпесе өмір.
Қайғы басқан, көңілде мұңлы қабақ,
Қайғылыға ас болмас ішкен тамақ.
Егілген екі жастың қайғысына,
Жасаурап күннің көзі тұрды қарап.
Боп кетті шомылғандай дала жасқа,
Жас тамғанда балқыды қара таста.
Шыққан күндей қызулы екі жасты,
Қамығып жаратылыс аямас па?
Тау тасынан қайғылы шығады үн,
Екеуін аяп кетті сол ашық күн.
Екі жасты құрметтеп, жаны ашып,
Басынан қарап тұрды бір құзар шың.
Өмірде қайғы бар ма мұнан асқан,
Жер мен көк қайғысына араласқан.
Әркім-ақ өз теңіне қосылуға,
Талпынып, талаптанып жанталасқан.
Қош айтысып, бір - біріне зар жыласып,
Қос ғашық қимастықпен аймаласқан.
Бір басында ерік жоқ сол бір өмір,
Тағдырды басқара алмай тайталасқан.
Ақбала қайғы басып үйге келді,
Енді үйден шыға алмасқа көңілі сенді.
Боздақты көре алмаса тірі күнде,
Үміт жоқ тіршіліктен күтер енді.
Қырғи жүрді әредік аңға шығып,
Бір тастан түлкі көрді жатқан бұғып.
Садақпен дәлдеп тұрып атып қалды,
Түлкіні оғы кетті, түйреп жұлып.
Ар жақтан айғайлады тағы мерген,
Түлкіні іліп алды, қағып жерден.
Түлкіні менікі деп жанжал салды,
Атқалы жатыр едім, бұрын көргем.
Арамза қызыл көздің бірі еді,
Елге мәлім, есімі Сары мерген.
Қырғи айтты жоқ менің оғым тиді,
Кім берер саған мұндай артық сыйды.
Алтайдың қызыл орман түлкісі екен,
Мергеннің сол түлкі үшін іші күйді.
Түлкіні Қырғи отыр белден басып,
Даулары шиеленісті жанжалдасып.
Сары мерген мынаның қорлығы үшін,
Масқара қылмақ болды сырын ашып.
Сары:
-Қырғи сен жасап па едің, бұрын жорық,
Рас-ақ, оқ сенікі кеткен орып.
Бөртенің Боздағына тимек болған,
Қызыңды неге алмайсың содан қорып.
Тірі болса есе алар төрт - бес ұлым,
Қызды еркек қып өсірген қандай ырым.
Боздаққа сенің қызың тигелі жүр,
Салсаңшы соған тыйым қубас зұлым.
Шыдамай мұны естіп Қырғи кетті,
Ашумен тау төбеден ырғи кетті.
Барлығын сен ұлыңның көрсеттің, деп,
Бөртеге ашуменен келіп жетті.
Қырғи:
-Ағайындас кісіміз Қырғи Бөрте,
Неге айтпадың сен мұны сезіп ерте.
Жаман айғыр шабады жатырына,
Деген сөз бар, қазақта білсең, Бөрте.
Пышағын босағаға алды жанып,
Үйіне кіре Қырғи ойран салып.
Ақсұлу бұл жағдайды сезіп қойды,
Ақ бүрікті тостағанмен алып барып.
Көтерді сонда Қырғи жерден басын,
Ақ кіріп, қырау басқан, сақал шашын.
Өлгенім жақсы еді деп жер таянып,
Ағызды сақалынан көздің жасын.
Қырғи:
-Ақбала тірімісің кеттің қайда,
Боздаққа қалай қиып берем байға.
Жасынан әлпештеген сені сүйіп,
Еңбегі ата анаңның деді қайда.
Көзіме күйік қылмай өлтіремін,
Көргем жоқ тірлігіңнен ешбір пайда.
Ақсұлу Қырғиға кеп күлімдеді,
Жарығым Ақан менің күнім деді.
Немене түс көрдің бе, не айтасың,
Шығады жаман - жаман үнің деді.
Ақаным шошымасын деді Ақсұлу,
Сыртынан ашу сыры білінеді.
Ақсұлу:
-Бір дұшпан айтқан шығар саған жалған,
Дұрыс па дұшпан сөзін көңілге алған.
Ақанды ауызға алдың не бетіңмен,
Ашуыңды бір сапар, берші маған.
Қырғи да, болар емес, қиғаштанып,
Пышағын жалақтатып алды жанып:
-Қолымды салсам деп ем, қанға малып.
Жайратам жалғызыңды әкел бері,
Қанына бір тояйын шөлім қанып.
Ашуланды Қырғиға сонда Бөрте:
-Нансаң маған, сезгем жоқ мұны ерте.
Жанымды босқа неге күйдіресің,
Аулақ кет бақылдамай қубас неме.
Менде емес, кінә сенде әуел бастан,
Қызыңды еркекшора қылдың ерке.
Қызыңды неге қойдың еркелетіп,
Кеш келеді, Боздақ та ерте кетіп,
Тыйып ал керек болса өз қызыңды,
Қоя алман жалғызымды желкелетіп.
Атына ашуланып Қырғи мінді,
Қаңтардағы бурадай болып жынды.
Қызымды үйге барып өлтіремін,
Бөрте сенен аламын сонда құнды.
Төлейтұғын жөнің бар Бөрте сенің,
Бір емес екеуіне екі құнды.
Ашуменен жөнелді Қырғи шауып,
Мас жандай қала жаздап аттан ауып,
Артынан іле шала Бөрте келді,
Бұл жазған ала ма деп қызын қауып.
Қырғи айтты:
-Білесің бір оңбаған Сары мерген,
Ол көптен аң аулаған кәрі мерген.
Жүрекке оның сөзі оқ боп тиді,
Қазақтың бола бермес бәрі мерген.
Бөрте айтты:
-Білдім, дұшпан Сарының сөзі жалған,
Сен барған жерге Сары неғып барған.
Ақбаладай бір бала бермедің деп,
Алты ұлын құрбан қып, етеді арман.
Алты ұлы жақ-жақ болып күнде жанжал,
Жетпейді ұшан теңіз жинаған мал.
Ақылсыз Қойтыңы да үйге симай,
Әкесі мен шешесін қылады сал.
Үлкен ұлы осындай бір есерсоқ,
Қылып шешесінің аузын дал-дал.
Дұшпаның Сары сені көре алмайды.
Сендің оған несіне, сен байғұс шал.
Ежелден өш емес пе бізге Сары,
Сарының ауылының түгел бәрі.
Ауылы күнде дырду, күнде жанжал,
Қылсын бұл сұмдықтың бетін әрі.
Ақыл жоқ бір адамға ауысарлық,
Ит емес шошқа үрердің келер кәрі.
Сылқ етті Қырғи барып төсегіне,
Бұл істің жетпедім деп есебіне.
Үйді жық бұл арада отырмаймыз,
Ұшырап ағайынның кеселіне.
Ақсұлу үйды жықпай тайсақтады,
Қия алмай ағайынды жалтақтады.
Ақырды шапшаң жық деп сонда Қырғи,
Жүрегі Ақбаланың жай таппады.
«Қой» деп басу, ағайын айта алмады,
Еш адам Қырғи тілін біле алмады.
Бұл істен жұрттың бәрі құлақтанды,
Ашылған сырды ішке тыға алмады.
Бөктерлеп АЛТАЙ тауын түстей көшті,
Қомдарын түйесінің шешпей көшті.
Жалынып ағайындар сұраса да,
Өкпесін жүректегі кешпей көшті.
Ақбала ата тілін қайтармады,
Беттеген жақтан Қырғи да жалтармады.
Ішінде шер, Боздақ үшін қайғысы көп,
Ешкімге терең сырын айта алмады.
Кетті Ақбала, артында қалды Боздақ,
Қайғыға Ақбаланы салды Боздақ.
Ақбала өқініштен дертті болып,
Алады оңашада боздап - боздап.
Сол көшкеннен Қырғи шал он күн көшті,
Он күн көшіп түйенің қомын шешті.
Сарғайған Ақбаланың дерті асқынып
Ақыры жоғалтты ақыл есті.
Ауруы Ақбаланың болды қатты,
Күннен күнге әлсіреп төсек тартты.
Сарқылды көздің жасы жылай-жылай,
Бұл жағдай Ақсұлуға қатты батты.
Ақсұлу қыздың жайын көп ойлайды.
Қайғысын өмірінің жеп ойлайды.
Бәрін іші сезеді Ақсұлудың,
Сол жерден бекер көштік деп ойлайды.
Қырғимен оңашада кеңеседі,
Көшпесе Қырғи қайғы жемес еді.
Жалғыздың халы нашар, байғұс сорлы,
Ежелден ерді өлтірген егес деді.
Ақсұлу (зар жылап):
-Алтайдай бізге енді жер бола ма,
Ақантай адам болмас деп ойлаймын,
Тірі жүрсе ешкімнен кем бола ма.
Қайтпайтын осы сенің шорт мінезің,
Өмірде саған ақыл ем бола ма.?
Жатады кейде Ақбала көзін жұмып,
Кейде сұлық жатады, кейде бұғып.
Кей кейде сандырақтап ұйқы сұрап,
Кетем деп ұмтылады үйден шығып.
Ақырын сандырақтап Боздақ дейді,
Дертті болдым жүректі қозғап дейді.
Жүзіңді тірі күнде бір көре алмай,
Дүниеден өткенім бе боздап дейді.
Естісе Қырғи қалар ашуланып,
Кетеді күйіп, лаулап, от боп жанып.
Мынау бір сұмның атын неге атайды,
Құдайым күйік қылмай кетсін алып.
Мұратыңа жетерсің,- дейді Ақсұлу,
Ақаным өлген күні шөлің қанып.
Бағады күндіз түні Қырғи малын,
Ақсұлу Ақбаланың тілер жанын.
Арада олай - бұлай екі ай өтті,
Көшті іздеп Боздақ сорлы тентірепті.
Қайда көшіп кеткенін біле алмай,
Қыс өтіп, екі арада жазда жетті.
Көк шығып, тоғай гүлдеп күлімдеді,
Боздақтан хабар ошар білінбеді.
Төсектен Бөрте тұрмай жатып алды,
Қайда кеткен жалғыз ұлым деді.
Бөрте:
-Зарыққанда көргенім Боздақ еді,
Жүрегімді қуанышпен қозғап еді.
Боздақ тірі тұрғанда, алты ұлы бар
Қай жерден менен Сары озбақ деді.
Жыландай шағып тілмен дұшпан Сары,
Жоқ еді ежелден-ақ беттің ары.
Айырдың ағайыннан, жалғызымнан,
Құдайдың саған тисін барлық кәрі.
Боздағым, сарғаямын бір сен үшін,
Тумайды сендей болып ұлдың бәрі.
Зар жылап көшті қарап Боздақ кетті,
Бес - алты ай қысыменен бейнет көрді.
Көрдім, білдім деген еш жан жоқ.
Іздеп жүр, дамыл таппай Боздақ көшті,
Сорлы Боздақ жылайды,
Іште қайғы дерті бар.
Жыламай қайтіп шыдайды,
Ақбаламен серті бар.
Елсіз, күнсіз даладан,
Ағынды су, тау тастан,
Ақбала көші бар ма деп,
Тұра қалып сұрайды.
Аты аталса Ақбаланың,
Кетеді еріп, сел болып.
Бұл маңайда жоқ десе,
Құлайды егіліп, жер болып.
Боздақ боздап келеді,
Көп қиындық көреді,
Ат арықтап, тон тозып,
Талып келіп шатқалға,
Бір күні Боздақ түнеді.
Боздақ жатқан шатқалда,
Жыртқыш аңдар көп еді.
Қиындық жастан көрмеген,
Не көрмейді, өлмеген.
Шыбын жанын пида ғып,
Қиын шағыл шатқалда.
Түн қатып талай өрлеген.
Үңгірге кіріп түнеді,
Боздақ кімге сенеді,
Қалжырап шаршап ақыры,
Тәтті ұйқыға енеді.
Түн ортасы ауғанда,
Ырсылдап келіп бір хайуан,
Бүрісіп жатқан Боздаққа,
Келе салып төнеді.
Ақыра мінді басына,
Басып алды астына,
Қарамай көздің жасына,
Боздақ сорлы ойлады,
Өлді деген осы ма?
Сонда Боздақ тұншықты,
Арс-ұрс еткен гүрілдеп,
Өте жаман үн шықты.
Қиналып қатты терледі,
Азғантай ғана өлмеді.
Болысуға Боздаққа,
Қасына ешкім келмеді.
Бір уақытта қолынан,
Бір қатты күш үйірді.
Көзінің оты жарқ етті,
Көргендей бір қиырды.
Оқтай зырлап атылды,
Жаңылды, естен шатылды,
Әр жерінен Боздақтың,
Судай қаны атылды.
Бір жерге кеп құлады,
Ақыл ес бойда қалған жоқ,
Түскен жерден тұра алмай,
Келгенін қайда біле алмай,
Есінен танып, сұлады.
Байқаса таң атыпты,
Бір жыраның ішінде,
Жантая суға жатыпты.
Сау жері жоқ етінде,
Қызыл қанға батыпты.
Сонда Боздақ боздады:
-Далада қалдым панам жоқ,
Мен сорлының артынан,
Іздеп келер ағам жоқ.
Бір ажалға кез болдым,
Қиыннан шығар шамам жоқ.
Қаңғып өлдім далада,
Өмірден алған бағам жоқ.
Жалғызынан айрылып,
Аңырап қалды-ау анамыз.
Тірі менен айырылып,
Сорлап қалды-ау бабамыз.
Құрт құмырсқаға жем болдым,
Сүйгеніме қосылмай,
Тірі болсам жалғанда,
Ақбаланы алармын.
Шыға алмасам қиырға.
Құсқа жем боп қалармын,
Ақбала тірі болмаса,
Ол барған жерге кешікпей,
Мен де жылжып барармын.
Күн түс ауып кеткенде,
Бесінге таман жеткенде.
Жатқан жыра ішінен,
Боздақ әзер шығады.
Өзінің қайда қалғанын,
Сонда барып ұғады.
Күндіз көрер күлкі жоқ,
Түнде көрер ұйқы жоқ,
Ақсаңдап басып аяғын,
Тау мен тасты кезеді.
Бірнеше күн жүргенде,
Тоғыз ай мөлшер деген де,
Ұлы таудан оқшаулау,
Көрінді биік кезең де,
Кезеңнің шықты басына,
Алмаған жолдас қасына,
Бір мола тұр бауырында,
Жүгірді соған асыға.
Моланы сәнмен сырлатқан,
Ағашын жонып қырлатқан,
Біреуді жұтқан секілді,
Мола емес тегін құр жатқан.
Күмістен ай қақтырған,
Алтыннан күн қойыпты,
Төбесін жапқан тақтайын,
Әшекейлеп ойыпты.
Мұнарасын қараса,
Тақия тұр басында.
Жылұшырап тақия,
Ерік берді көз жасына.
Жығылды Боздақ жанұшыра,
Еш адам жоқ қасында.
Есін жиып қайтадан,
Молаға тұрды асыла,
Мұнаралы мола жуылды,
Көзден аққан жасына,
Ақбаланы шақырып,
Сөйледі Боздақ асыға.
Боздақ:
-Жапанда жалғыз тұрған моламысың?
Кеш батты Боздақ мұнда қонамысың,
Асығып мені тоспай қаза тапқан,
Асығым сен Ақбала боламысың?
Ақбала Боздақ үшін құсалы ма?
Мен дағы жалынайын пышағыма.
Бірге өлетін уәде қайда Ақбала?
Алсаңшы Боздағыңды құшағыңа.
Жүрегім алабұртып, қарап тұрмын,
Дертіңнен жалын соққан жанып тұрмын,
Ауызым бармай тұр өлді деуге,
Ақбала тақияңды танып тұрмын.
Барады Боздағыңа қайғы батып,
Ақбала зеріктің бе жалғыз жатып,
Зарығып бірнеше айда әзер таптым,
Тым болмаса жұбатшы бір тіл қатып,
Уәде бар өткен күнде бір жататын,
Не болды саған Ақан құр жататын,
Боздаққа жаны ашып Ақбаланың,
Жағдайға келді сонда тіл қататын.
Ақбала:
Жалғызы Қырғи шалдың Ақбаламын,
Несіне өлгеніме мақтанамын,
Елден қыз Боздақ саған табылмай ма,
Неге аруағын тербетесің Ақбаланың?
Боздақ-ау, сенің әкең еді Бөрте,
Келмедің тым болмаса бір ай ерте,
Несіне ұзақ сөзбен жұбатасың,
Тірі де айтпап едім, сөзді келте,
Боздақжан, бір сен үшін жаным қидым,
Қызы едім мен бір байдың жүрген ерке.
Қайтейін жаным сүйген Боздағым-ай,
Аруақты өліп жатқан қозғадың-ай,
Дүниеден қайғыменен жастай кетіп,
Қараңғы көрде шіріп тозғаным ай.
Боздағым сен мен үшін өл демеймін,
Ұйқыға мәңгі баттым, шөлдемеймін,
Құрт құмырсқа жем қылды ақ тәнімді.
Бұл пәниден, енді сені іздемеймін.
Сонда Боздақ боздайды,
Қайғыны терең қозғайды,
Тас моланы құшақтап,
Көздің жасын бұлайды.
Боздақ:
Суға біткен жалбызбын,
Артымда бауырым жоқ,
Бір атадан жалғызбын,
Аспанда ұшқан қоңыр қаз,
Қонар болсаң, міне, саз,
Найман деген елім бар,
Алтайдай асыл жерім бар,
Барсаң сәлем айта бар,
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Айдын шалқар көлім бар.
Ей, қоңыр қаз, қоңыр қаз,
Менен сәлем айта бар.!
Әкем Бөрте сұраса,
Қайда деп балам жыласа,
Ақбаланы тапты де,
Ғашықтық нұрға шомылып,
Сүйгенімен бірге жатты де,
Құшағында сұлудың,
Қызығына батты де,
Тыныштық тауып денесі,
Рахат таңы атты де,
Қоштасуға жан таппай,
Бізбенен тіл қатты де,
Тойына сойып жатыр де,
Құзғын қарға шуласып,
Етінен дәм татты де.
Жетпегені жемтікке,
Жатыр де шулап таласып,
Ақбаланы Боздағың,
Тапты де әзер адасып.
Қармаққа шаншар еті жоқ,
Елге барар беті жоқ.
Ақбаланы іздеп Боздағың,
Келмеске кетті дегейсің,
Қоңыр қаз-ау, қоңыр қаз,
Анам шықса алдыңнан.
Атам шықса артыңнан,
Айтайыншы соңғы наз.
Ақ сүтін ішкен анамыз,
Қатемді кешсін айта бар,
Айтты де сәлем балаңыз,
Ақсақалды туған атамыз.
Сәлем де, қайран қоңыр қаз,!
Сәлем де, қайран қоңыр қаз.!
Астына мінген атын құрбан шалды,
Таласып құзғын - қарға мәз боп қалды,
Қанжарын қыннан алып мойнақталған,
«Қош өмір» деп жүрекке бірақ салды.
Ақбала үшін Боздақтың сөнді күні,
Ғашықтықтың дертіне жанып - күйді.
Құлады қабіріне Ақбаланың,
Сұлуды тұрмастай боп мәңгі сүйді.
Қазақстан Ғылым академиясына 1946 жылы араб нұсқасын жазып тапсырған ұстаз Бәдел Тұрсынбаев
Төте араб жазбасынан қазақшаға аударған, Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Болат қажы Самырбаев
Бөлісу: