Бердібек Соқпақбаевтың "жеңгелері"

Бөлісу:

10.07.2024 734

«Мен біреуіне біреуі ұқсамайтын неше түрлі жеңгелерді бастан кештім. Шешемнің науқасы күннен күнге асқына берді. Ары қарамаса, бері қарамайтын болды. Басын да жөндеп көтере алмайды...». 

Бұл – қазақтың қарымды жазушысы, ұлы суреткер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің салақ жеңгем» әңгімесінің басталған тұсы.

Автор суреттеген жеңгелер – қарапайым ауыл адамдары, қоңыр тіршілік кешіп жүрген, ешкімге белгісіз «кішкентай» кейіпкерлер. Кіші ұлттың кіші ғұмырын зорайтып, оқырманның қолына шам ұстатып, дара әлеміне жетелейді. 

Айналдырған жалғыз үй, жалғыз үйдің ішінде күнделікті болып тұратын оқиғалар авторға қалам алдырды. Туабітті байқампаздығы мен сезімталдығының арқасында «келіп-кеткен» жеңгелерінің түрлі қылықтарына, шартпа-шұрт мінезіне қайран қалады. Ол өз өмірін шығармаға, жақындарын кейіпкерлерге айналдыруға қорыққан емес. 

Әйелсіз үй – берекесіз шаңырақ. Қаңыраған бос кеңістік. Сол бос кеңістікке нарратор да (автор), ағалары Смағұл да, Сатылған мен Ыдырыс та сыймайды. Қайбір іс істесе де, соңы мардымсыз шығатынын әуелден біледі. Сондықтан баяндаушының көңілі тоқ емес, бір үмітті күтеді. 

Әңгіменің дамыған сәті – үлкен ағасы Смағұлдың үйленем деп шешім шығарып, кенеттен қаладан әйел әкелуі. Шығармада сол эпизод былайша сипатталады: «Қайдан қалай тауып әкелгені есімде жоқ, тәтем бір күні қалбиған бір қара әйел алып келді. Шектен шыққан олақ та, салақ та жан екені көрініп тұр. Шаш дегенің таралмай, дудырап, орамалдың жан-жағынан шығып кеткен, бөренедей аяқ-қолы қап-қара. Беті балшықтан жасағандай быттиған май бет. Үстіндегі киімдері әрі лас, әрі тозып біткен. Қап-қара күс шынтағы көйлектің жыртық жеңінен көрініп жүреді».

Әйелдің аты – Бибіжамал, ал онымен бірге ілесіп келген бес-алты жасар қызының аты – Айгүлсім. Автор «...Оның да аты осал емес» дей отыра, аты жақсы адамның өзі жақсы болатынына қанша сенгісі келсе де, сене алмайды. Өйткені түр-келпеті әлгіндегідей: «шаш дегенің таралмай», «бөренедей аяқ-қолы қап-қара», «беті балшықтан жасалғандай», «киімдері лас». Қыз балаға жараспайтын қылықты көрген соң, көңілі бірден суып қоя береді. Өйткені сыртқы келбет – ішкі бейненің айнасы іспетті. Екеуі егіз. Осы орайда, мәтінге сенгеніміз соншалық, біз де біртіндеп «жаңадан» қосылған екі кейіпкерді жек көре бастаймыз. 

Сарказмды ұсынудың да түрлі жолдары бар ғой. Соның барлық жолын Б.Соқпақбаев меңгерген секілді. Өйткені кейіпкерлердің әрбір болмашы ісін, микродетальдарын жіті танып, шығармаға әкеледі. Сондай бір деталь – Бибіжамалдың басындағы бит. Сол битті сығу жұмысы қызына бұйырған. Бұл сүйікті істі қызы айызы қанып істейтінін суреткер былайша берген: «...Тырнағы найзадай болып өсіп кеткен, саусақтарымен шаштың арасын бір-бірлеп ашып, қанішер мақұлықтарды быртылдатып аяусыз қыратын».

Қос кейіпкердің осынау шолақ ісіне біртүрлі қайран қаласың. Одан кейін қалайша езу тартып, күліп отырғаныңды да сезбей қаласың. Суреткер әлемі бізге жаман әдеттен де тазарудың катарсисін ұсынып тұрғандай.

Қысқа әңгіменің шиеленісі – Өмірбек милиционердің Бибіжамал жеңгейге пима бастыруы. Өз күшіне сенбесе де, жеңгей сол жауапты жұмысты мойнына алып, икемсіз әрекет етуі оқырманның есінде болар. «Пима» жыры бастала салысымен-ақ бір берекесіздіктің боларын бәрі білді. Білсе де, ешкім үн қатқан жоқ. Себебі бір күні Бибіжамал жеңгей оңалар деді. Оңалар деп жүріп, үміт оты қалайша өшкенін ешкім байқамапты. Жеңгей мен милиционер Өмірбектің арасындағы диалогтары тартысқа, қызыққа толы. Уәде берген күнде де, ертесін де іс бітпеген. Серт бұзылған. Сосын уақыт тығырыққа тіреген соң, Өмірбек те ызаланған. «Пима дайын» деген күні барса, сыңарлары бір-біріне ұқсамайды. Бірі – қысқа, бірі – ұзын. Ебедейсіз жасалғаны тайға таңба басқандай көзге ұрып тұр. Ақыры Өмірбек пиманы бір теуіп, «адырам қалғыр» үйден жұлқынып шығып кетеді. 

Шыдамның шынысы шытынады. Үміттің балауыз шамы сөнді. Өмірбектің сол ашуымен шығарманың шарықтау тұсы да білінеді. Осы сәтте автор жеңгейдің ішкі психологиясын ұтымды әрі дәл суреттеген:

«...Жеңгем енді бырқылдап ұрсып, Өмірбекті соңынан тілдеп жүр:

Өй, қараң қалғыр, о несі! Жарты қап жүнім шығын болды деп өле ме! Алмасаң, адырам қап! Өзім киіп алам. Қызым киеді. Соншама еңбектеніп, мен енді бұларды лақтырып тастар деймісің!»

Қаншама пафосты сөздерден соң, кейіпкердің шын болмысы, шын бейнесі ашылады. Ойы жеткен жері – Өмірбекті қарғау. Басқа ештеңе істей алмайды. Жалпы, адамдар – өзінің ішкі эгосының анық құрбаны. Бірдеңе ұнамай қалса, жақпай қалса, өзінен емес, өзгереден көретін өрекпіген көңіл көбінде бар. Соңында Абай айтқандай, «Боталы түйе секілді, қорадан шықпай өледі».

Қора – бір сананың кеңістігі. Егер кеңістік соншалықты тар болса, одан шығатын сөз де, іс те сондайлық деңгейде болмақ. Б.Соқпақбаев осы идеяны алға тартқандай болып көрінеді. 

Десек те, Б.Соқпақбаев жеңгейлердің бір жағын ғана емес, екінші нұсқасын да шебер ұсына білді. «Менің салақ жеңгем» әңгімесінің жалғасы іспетті тағы бір туынды бар. Оның аты – «Менің өнерлі жеңгем».

Әңгіменің қысқаша баяны былай: жағымсыз кейіпкер ретінде танылған Бибіжамал үйден кеткеннен кейін, Смағұлдан кейінгі ағасы Сатылған үйленбек болады. Жаңа жеңгейдің есімі – Әлиман. Сатылған мұны Нарынқол жақтан түнделетіп алып қашып келеді. Күйеуі қайтыс болған келіншек болса да, жасымаған, мұнтаздай таза, әдепті болады. «Жыртық киім оның қолынан өткенде, бүтін киім болып шығады», «Жоқты бар етіп, ұқсата білетін алтын саусақ», «Ол қуырған арпа-бидай еш уақытта жалындамайды, бадырайып әдемі қуырылады. Ол тартқан талқан ұндай майда әрі аппақ. Ол пісірген нан алмадай қып-қызыл», бір сөзбен айтқанда нағыз жар болуға лайық жеңгей.

Бірақ ол да бұл шаңырақтың түтінінің түзу шығуына жаралмаған екен. Қазан-ошақты қанша айналса да, қайран тағдыр сыртқа тебеді екен жат адамды. Сатылған мен Әлиманның арасын суытқан жалғыз ғана мәселе бар. Ол – ел-жұрттың сыбыры, қаңқу сөзі. Орманда адасып, жалғыз қалған адамға жан-жақтан үкі-үрей бадырайып қарап тұрғандай әсер. Өсек – бәрін де бұзады. Мөлдір сезімді лайлап, жүрекке дақ түсіреді. Сол дақ бір күндері ұлғайып, тұтас денеге жайылатынын Сатылған білген жоқ.

«Сатылған жігіт болмай, жидіп қалсын! Осы елде қыз құрып қалғандай, байы өлген қатынды алғаны несі? Өз теңі табылмағандай, сарқарын қатынды алып, не басына күн туды? Шеше ете ме?», «Е, Әлиманның көрпе-жастық, дүниесіне қызыққаны да...» 

Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жас жігіт бұған, әрине, намыстанады. Шаңырақтың құлауына себеп болған да осы сөздер. Әйтпесе, екі жүрекке бір ғұмыр дарығалы тұрған еді.

Бибіжамал да, Әлиман да – жиынтық бейнелер. Бірақ әркімнің өзіне тән шынайылығы мен өзіне тән әлемі бар. «Типтік» шеңберден шыққысы келеді. Осылайша, өмірге айналған мәтін «бұлқынып», «менін» байқатады. 

Сондай-ақ, екеуі бір-біріне кереғар бейнелер. Біреуі – ақ, біреуі – қара бояу секілді. Мүлде ұқсамайды. Қалай десек, қос кейіпкер қазақ әдебиетіндегі әйелдер образының галереясына енді. 

Шығарманы оқи отырып, ауылдағы жеңгелеріміздің, әпке-қарындастарымыздың характері, болмыс-бітімі, сөздері еріксіз еске түседі. Көркем мәтіндегі бейне мен өмірдегі бейнені бейсаналы түрде салыстырып отырасың. «Менің жеңгем де сондай еді ғой» деген санадағы таңбалық сәуле жылт етеді.

Б.Соқпақбаевты балалар жазушысына жатқызсақ та, шын мәнінде, оның туындылары ересек оқырманға арналды. Бәлкім, ересектер ішінде жасырынған бала көңілді меңзеді ме екен? Әйтеуір бір анығы – сарказм мен шынайы өмірді қатар өріп, өз стилін, өз танымын қалыптастыра білді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар