Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Экокритицизмнен Майкл Райанның «мәдени орта» пайым...

15.10.2024 940

Экокритицизмнен Майкл Райанның «мәдени орта» пайымына дейін... 14+

Экокритицизмнен Майкл Райанның «мәдени орта» пайымына дейін... - adebiportal.kz

Біз бұл мақаламызда  2018 жылығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ана тілімізде тәржімаланған әлемдік 100 кітаптың ішіндегі  Джули Ривкин мен Майкл Райанның бірлесе даярлаған «Әдебиет теориясы» туралы бес томдық  еңбегіндегі көтерілген кей тақырыптарға қатысты оқырманға  аз-кем мәлімет бере кетсек пе дейміз. Әрине,  әдебиеттің сан түрлі  тақырыптарын қамтыған мұндай бес том еңбек жайында бір  ауыз сөз жазбасақ  өзімізге сын болған болар еді. Енді түгелдей дерлік болмаса да осы еңбектердегі көтерілген кей мәселелерге қатысты, қысқаша ғана  шолу жасай кетейін. 

Алғашқы сөзді әдебиеттегі экология  тақырыбынан таратсам деймін.  Экология дегеннен шығады, осы бес томдық еңбекке енген, ағылшын әдебиеттанушысы Пиппа Марлэндтің «Экокритицизм» атты  көлемді мақаласы бар. Автор онда былай дейді. «XX ғасырдың басында нәсіл мен таптың  ең өткір тақырып болғаны мәлім. Ал Жердің өз тіршілігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен елеусіз қалып, тіпті оның  бар екені есіңізден шығып та кеткен болар» дейді.  Батыс қоғамында 1960 жылдардан бастап экологиялық сананың жолға қойылғанын, ал 1992 жылы АҚШ-та «Экокритицизмнің экологиялық тұңғыш кәсіби ұйымы құрылып,  оның «Әдебиет пен қоршаған орта туралы, пәнаралық зерттеулер» деген арнайы журналы жарық көргендігін де тіліне тиек етеді. Жалпы батыс қоғамында экологияға қатысты  мұндай  әдеби еңбектер  «Жасыл жазулар» деген  дербес атаумен мәлім. Енді экологияны сөз еткенде сол «Жасыл жазулардың» ең негізгі нысандарының бірі жан-жануарларға да кеңінен тоқтала кетпесек болмайды. 

Ағылшынның  тағы бір әдеби зерттеушісі Дженнифер Мак Донелл  «Жануарларға бетбұрыс, әдеби зерттеулер және академия» деген мақаласында 1975 жылы жарық көрген австралия ғалымы Питер Сингердің «Жануарлар азаттығы» сондай-ақ АҚШ философы Том Риганның «Жануарлар құқықтары» деген еңбектеріне кеңінен тоқтала келе,  мынадай ой қорытады.  «Жалпы жануарларды әдеби зерттеудің басты мақсаты – басқа да тіршілік иелерінің өмірімен эмпатиялық тұрғыдан үндестік табу. Жануарлардың бар мәселесі (Даймондтың сөзімен айтқанда) қарсылықты тілмен жеткізе білу қабілетінің жоқ екені. Әгәрәки, аянышты әуенге салып, қыңсылаған итке тіл бітсе, оның тағдыры не болар еді? Бәлкім олар сөйлей алғанда... біз оны етене түсіне алар ма едік?» деп мақаласын түйіндейді. Автордың жоғарыда сілтемеге алып отырған әлгі «Жануарлар азаттығы» мен «Жануарлар құқықтары» деген  қос кітаптағы жан-жануарларға деген ерекше қамқорлық пен мейірімді көріп, біздегі аң мен құсқа қатысты түсінігіміздің тым аяр екендігін шын түсінгендей боласың. Айтыңызшы, бізде аңды қойып адамның «азаттығы» мен «құқықтары» бар ма екен өзі? 

Автор өз жазбасында аңдатқан,  аталған кітаптарды оқығанда кешегі отарлық жүйедегі оспадарлықты айтпағанда, осы отыз жылдағы сұраусыз кеткен небір айтулы тұлғалар тағдырының тым болмағанда өркениетті елдің бір қояны  құрлы да қадірі  болмаған екен-ау деген ойға бекідім.  Ал аталған әдеби мақаладағы адамның аярлығына  қатысты  Джойс Солсберидің «Іште жайғасқан аң» атты еңбегіне жасалған танымдық талдауды оқығанда, есіме әл-Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактаты түсті. Сонау қайнар бастауы  Аристотель мен Платон хакімдерден  таған тартқан «Мінсіз мемлекет» идеясын одан ары дамытқан әл-Фараби:  «Әрбір адам екінші адамның өмір сүруіне қажетті үлесін беретін, бір-біріне жәрдемдесетін адамдарды біріктіру арқылы ғана, жетілу дәрежесіне ие болуға болады.  Бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесетін халық – қайырымды халық.  Егер  халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ»  дейді. 

 

                  Біздегі жан-жануарларға деген түсінік қандай? 

 Әл-Фарабиді не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Әрине мақаланың негізгі  мәні мен тұздығы үшін айтып отырмыз. Ел басқаруды «қайырымды» және «қайырымсыз» деп екіге бөліп қараған данышпан, адамның ақыл ой қабаттарындағы «қайырымды» және «қайырымсыз» деген екі түсінікті барынша  ашалап көрсетеді. Бұл әл-Фараби трактатының ең басты кредосы десек те болады. 

Фарабидің бұл жердегі «қайырымды» деп отырғаны өркениетті қоғамның парасатты адамы. Ал «қайырымсыз» деп отырғаны ақыл-ой дамуынан кенжелеп, артта қалушы мейірімсіз қоғам. Ендеше  осы «қайырымды» қоғамның жетілген  таным өресінен қарасақ, табиғат атаулы  өмірдің ең  басты мәні мен тірегі. 

Олар үшін жап-жасыл орман ағашы тіршіліктің негізгі  оттегі көзі.  Ал артта қалушы мейірімсіз  қоғам үшін, әлгі ағаш атаулы тек отқа жағатын отын есебінде. Ендеше артта қалған қайырымсыз қоғамның адамы тұрмақ,  ұшқан құсы мен жүгірген аңы да бақытсыз деген қорытынды жасауымызға болады.   

Жақында Лондон қаласының ішінде жайбарақат  ғана жортып жүретін түз тағылары мен аталған осы шаһардың шетінде тұратын қарт әженің қолынан күнделікті жем жеуге келетін даланың он бұғысы туралы бейнебаянды көргенде шынымен-ақ,  қайран қалдым. Осыны көріп, махаббат пен  мейірім  атаулының алдында, тек адам баласы ғана емес, аң мен құстың да бас иетінін бағамдайсың. Әрине, қайырымды қоғам үшін бұл қалыпты жағдай. Ал біздің аяр санамыз үшін  бұл бұғы емес, буы бұрқыраған қуырдақ,  немесе  көзімізге соғым болып көрінетіні еш өтірік емес қой.  Рас, кеше  мейірімнен ада кеңестік казармада тәрбиеленген біздің сырқат санамыз үшін, аң мен адамның ізгілік сұхбаты әзірге бола қоймас. Ендеше  Англия көшелерін шимайлап, ерсілі қарсылы кезіп жүрген сол елік пен түлкі  біздің шаһарда неге жүрмейді? Бұл бәлкім Джойс Солсберидің ишаралап отырған біздің ментальдық санамыздағы әлгі «Іште жайғасқан аң» атаулыдан олардың, біржола  безіп кеткендігінен болған жоқ па екен?  Енді бұл сауалдарды  әркімнің өз ұждан алдындағы  ішкі салауатына қалдыра тұрайық.

Айтпақшы аталған, осы бес том еңбектің ішінде Джозеф Кэрролл  есімді  профессордың  «Адам табиғаты және әдеби мазмұн» деген ерекше мақаласы бар. Джозеф Кэрролл өзінің  бұл әдеби зерттеуінің  басты нысанасын, әйгілі Дарвин идеясының негізінде тұжырым жасайды. Ол бір сөзінде «Тіршілік циклының тәрбие стратегиясы адам анатомиясына, сондай-ақ мінез-құлқы мен жүріс тұрысының барлық әдетіне сіңеді» деп жазады. 

Осыбір  ойды қуаттаған, біз сөз етіп отырған  бес томдық  кітап авторының бірі Майкл Райан: «Мидың жетілу сипаты мынадай: қоршаған мәдени ортаның рухани атмосферасы қалыптаспайынша, ол өз кемеліне дейін еш көтеріле алмайды» дейді. 

Осы жердегі сөз болып  отырған «мәдени орта» пайымы білген адамға үлкен мәселе. Бұл жағынан келсек, адамның қан сөліндегі (дұрысы генетикасындағы) ақпарат  қоршаған ортаға  тікелей тәуелді.  

Мұны енді барынша ашалап айтар болсақ, адамның қан түйіршігіндегі ақпараттар қорының қоршаған ортаның алдында тым дәрменсіз екендігі.  Абзалы жақсы адамның пайда болуы мен қалыптасуы оның ата тегінен гөрі,  айналадағы ақпараттар ағысының негізінде түзіліп шығатындығын дәлелдейді. Ендеше жаман адам, кедей ел ұғымы көбіне  жаман жүйе басқаруынан  пайда болады. Жалпы бір халықтың бақытты һәм бақытсыз болуының 97 пайызы сол халықтың тікелей басқару жүйесіне тәуелді. Енді сол жүйе ақиқаттан алыстап, кері кетейін десе,  түрлі өтіріктерге толы жалған ақпараттар айласымен өзі көздеген қоғам, қалаған адамын кез келген сәтте қолдан жасап шығара береді.

Сонымен жоғарыдағы сөз болып отырған «мәдени орта» пайымы қалай, және қай кезде қалыптасады? Оны болдыртпайтын факторлар бола ма?  «Мәдени орта» мәселесіне керағар келетін  дүниенің бірі діни фанатизм мен ескі әдет-ғұрып. Мұны ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов та ілгері де жетер жеріне жеткізіп жазған екен.

 «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп  діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді» -дейді. 

Әрине, «мәдени орта» атмосферасын қалыптастыру  үшін ұлтты рухани сауықтыру жұмысы ұдайы жүргізіліп отыруы тиіс. Сол рухани сауықтыру жұмысының бірі,  жоғарыда тақырыбымызға тиянақ етіп  отырған әлемдік жүз кітаптың тәржімалануы дер едік.

Ең қызығы, ана тілімізге аударылған осы 100 кітаптың көбі батыс елдерінде шамамен 1960-1970 жылдары  жарыққа шыққан.  Дәл қазір қазақ  тілді оқырманның  бұл еңбектердегі  ғылыми мәліметтермен содан, аттай алпыс  жыл өткеннен кейін  танысуының өзі де аянышты емес пе? 

Ойлап көріңізші, батыс қоғамындағы 1960 жылдардың басындағы  әдебиеттегі жасалған сан түрлі эксперименттерді есептемегенде, жаратылыстану  ғылымындағы осынау ойлау өресінен бүгінгі  Билл Гейтс пен Илон Маск секілді  технограттардың өсіп шықпауы еш мүмкін бе?  Ендеше «Тақыр жерден тау тұрмайды» қағидасына салсақ, кез келген ойдың  түп тамыры мен ғылыми сабақтастығы болады десек, олардың  бүгінгі жеткен жетістігі кешегі өзіне дейінгі іргетасы қаланған мол тәжірибелер мен мәдени қабаттар үстінде салтанат құрғандығы айдан анық қой.  Ақын, Олжас  Сүлейменовтың «Шекспирі  жоқ  елдің Ньютоны  да болмайды»  деп ашалап айтып  отырғаны да осы емес пе? Енді сол рухани  сабақтастық нәтижесінде  жаңа есімдер мен жаңа идеялар үнемі алға қарай қарыштап дамып отырады.

Осы жерде намысымызға тиіп,  өтіміз жарылса да мына бір нәрсені мойындағанымыз жөн секілді. Тілдің байлығы мен перспективалық даму болашағы оның мақалы мен мәтелінің, я тұрақты сөз тіркестерінің көптігіне байланысты емес, ең бастысы ғылыми жаңалығының молдығына байланысты. Ал бұл жағынан келсек, кез келген ұлттың тұтынып отырған танымының ғылыми жаңалағымен  ақпараттық қоры аз, кедей болса ол ұлттың санасы да кедей деген қорытынды шығаруымызға болады.

Ендеше біздің бірдей ойлайтынымыз бен консерваторлығымыздың негізгі себебіне келсек, қазір түрлі баспаханалардан  жарыққа  шығып, қолымызға тиген қазақ тілді кітаптардың (бұл еңбектерді  шартты түрде тарихи, танымдық  дей салайық)  тоқсан тоғызының фабуласы мен идеясының  біріне-бірінің қатты ұқсайтыны, әрі олардың дені өткен өмір туралы  жазылатындығы еш өтірік емес қой. 

Жалпы бір халықтың өткен өмірінен иллиюзия жасауының мынадай қос түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, авторитарлы жүйенің елді өткен шағымен алдарқатып әдейі қолдан есейтпеудің айлакер тәсілі болса, екіншісі аталған ұлттың  жаңа ақпараттар жиілігіне, дәлірек айтсақ қазіргі кросс-мәдени динамикасына ілесіп кете алмауының салдарынан туындайды. 

Сонымен қайыра қаперлеріңізге салайын, кез келген кітаптың құны мен бағасын арттырып тұрған  негізгі өлшем  оның  жаңа ақпараты  мен  жасампаз идеясы десек, өз уақытынан қалған, архаикалық ақпарат бәрібір  ескі танымның  жақтаушысы мен қорғаушысы болып мәңгілік қала береді.  Жас көзқарас қашанда  жаңа ақпарат негізінде түлеп, түзіліп отырады десек, біздің кімнен қалыс, кімнен озық келе жатқанымызды көрсететін бір ғана рухани бағдар  ол   тәржіма мәселесі. Сонымен ілгеріде аударылған 100 кітап оның ішінде арнайы сөз болып отырған Джули Ривкин мен Майкл Райанның бірлесе даярлаған «Әдебиет теориясы» туралы  бес томдық  еңбек ішінде көтерілген кей тақырыптармен ондағы мәтіндерге өз тарапымыздан үн қатқандағы көзқарасымыз мінекей, осылай болды.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар