Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Жұмат пен Қасымхан Шаниндер...

16.10.2024 1251

Жұмат пен Қасымхан Шаниндер 14+

Жұмат пен Қасымхан Шаниндер - adebiportal.kz

15 қазан бүтін бір ұлттың театр өнерінің қалыптасуына еңбек сіңірген қос тұлға Жұмат Шанин мен Қасымхан Шанинның туған күні. Актер, музыкант, жазушы-драматург болумен бірге театр режиссерлігін қатар алған ұлыларды әсте ұмыт қалдыруға болмас. Қазір еліміздің театр өнері дамып жатқаны айтылса, оның бастауында Шаниндер әулетінен шыққан Жұмат пен Қасымхан тұрғанын ескерген абзал. Атаулы күнге орай бүгін тұлғалардың болмысына үңіліп, тарихты шолуды жөн санадық.   

Жұмат Шаниннің тайталасқа толы тағдыры

Тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шанин 1892 жылы қалың қазақтың думанды ортасы, ән мен күй, сән мен өнер ту тіккен, табиғаты әсем Павлодар облысы Баянауыл ауданы Желтау маңындағы Қаратау қыстауында Шанаұлы Тұрғынбайдың шаңырағында дүниеге келген. Тарихи деректерде арғы атасы Қожамберді батыр екені айтылады.

Оқу мен өнерге жаны құмар Жұмат Шанин 1913 жылы ежелгі мақсаты білім алу ниетін іске асырмақ ойымен Омбы қаласына келеді. Зауытқа жұмысшы болып орналасып, тапқан ақысына оқу оқып, білімін жетілдіреді. Орыс тілін меңгеріп, аз уақыттың ішінде қазақтың домбырасы мен қобызынан бөлек мандолин, скрипканы жақсы тартып кетеді. 1915 жылдың жазында тұрақты оқу орны – бухгалтерлік курске түсіп, оқуын ойдағыдай аяқтап, Омбыдағы Машинский зауыты бас бухгалтерінің көмекшісі болады. Кейін 1916 жылы Жұмат патша үкіметінің жарлығымен қара тізімге ілініп, майданға жіберіледі. Ресейдегі Ақпан төңкерісі оны қайтадан өз еліне алып келеді. Туған жерге оралған Жұмат әртүрлі мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, өзінің өмірлік арманы, жүрегінің төрінен орын алған театр өнерімен айналысуды бастайды.

Осы тұста Жұмат Шанин алашордалықтармен терезесі тең тұлға болғанын айта кеткен жөн. Қазақ сахнасына "Гамлетті", Пушкин шығармаларын әкеліп сахналаған, өз замандастары С.Сейфуллин мен Б.Майлиннің, М.Әуезовтің шығармаларын қойған кәсіби режиссер. Ол алғашында Семей қаласында "Ес аймақ" деп аталатын театр тобын құрады. 1924 жылы оның режиссура саласындағы алғашқы еңбегі "Арқалық батыр" пьесасы қала сахнасында қойылды. Ол кездегі қазақ зиялыларының бәрі дерлік театр төңірегіне жиналатын. Хамиди, Брусиловский, Затаевич секілді музыканттармен де тығыз байланыста болған. Сондай-ақ Жұмат Шаниннің жазушылық қабілеті болғанын да айта кеткен жөн. Оның театрға, драматургияға, режиссураға арналған мақалалары мен пьесалары газет беттерінде жарық көріп, еліміздегі драма театрлардың сахнасында қойылды. 10 перделі, 2 кеш қойылатын 2 сериялы "Арқалық батыр" трагедиясы спектаклі 1924 жылдан бастап, қазақ театрларының сахнасында 10 жылға жуық уақытта 300 рет қойылды. Сонымен қатар "Торсықбай мен Айдарбек" комедиялары күні бүгінге дейін Павлодар, Шымкент қалаларындағы өзге де театрларда сахналанып жүр.

Ал 1925 жылы Жұмат Шанин Оқу-ағарту Халық Комиссариатының қаулысымен Қызылорда қаласына тұңғыш кәсіби қазақ театрының режиссері әрі директоры болып тағайындалады. 1927 жылы Мәскеудегі этнографиялық концертте қазақ театры мен музыка өнерінің жұлдыздары атанған атақты актерлер Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, әйгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов пен Құраманбек Жандарбековтер өнер көрсетеді. Осы сапарда жол үстінде жары, актриса Жанбикенің омыраудағы баласы мезгілсіз шетінеп кетеді. Осынау ауыр қайғыға қарамастан Жұмат Шанин онкүндік сапардан қалмай, қазақ өнерін өз жан арпалысынан биік қояды.

Бойындағы терең, байыпты білім, тасыған талант, алғаусыз қабілет оны өз заманының алдыңғы қатардағы тұлғасына айналдырды, замандастары, достары қызыға қарайтын беделді жан болды. Содан болар, Қазақ КСР-ның  халық әртісі атағы бірінші рет 1931 жылы Жұмат Шанин мен Елубай Өмірзақовқа берілген.

Абай атындағы Опера және балет театры, қазіргі Лермонтов атындағы орыс театрын, Қырғыз драма театры, Орал қаласындағы облыстық драма театры, Зайсандағы драма театрдың және тағы да басқа театрлардың ашылу-қалыптасуына Жұмат Шаниннің қосқан үлесі зор. Осынша дарындының жолында заманның бұралаңы көлденең тұра берді. Алматыда абақтыға жабылып, 1938 жылдың 26 ақпанында 46 жасында "халық жауы" деген жаламен атылды. Олардың қатарында Ұзақбай Құлымбетов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және т.б. болды. Ж.Шанин араға 20 жыл салып, 1958 жылы ақталды.

Қазақтың Шоқанын сомдаған – Қасымхан Шанин

Режиссерлік дарыны жарқырай ашылған, еңбегі қазақ, қырғыз, ресейлік көрермендерінің әділ бағасын алған Жұматтың дарыны жақындарында да бар еді. Ж. Шаниннің жұбайы, қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі – Жанбике де театр актрисасы болған. Ұлы Қасымхан Шанин де театр мен киноның актері, режиссер, музыкант және жезтаңдай әншілігімен елге мәлім.

Отыз жетінші жылғы нәубеттен кейін Жұматтың туған інісі Әкішті бала-шағасымен жер аударды. Тағдыр тауқыметін көрген отбасы Шымкент шаһарына келіп қоныс тепті. Міне, дәл осы шаһарға Жұматтың ұлы Қасымхан да Әкішпен бірге келген. Жұмат пен Әкіштің өнерге құштарлығы Қасымханға ауысты. "Ат тұяғын тай басады" демекші, киелі өнерді өмірінің мәніне айналдырып, өзінің актерлік қабілетін қарапайым сахнада шыңдаған Қасымхан білім іздеп, Ленинградтағы Островский атындағы театр көркемөнер институтының режиссерлық бөліміне оқуға түседі. Тәжірибелі ұстаздар Гинзбург, Гутманович, Радун сынды өнер иелерінен дәріс алып, сахна сырын ұққан ол Шымкентке қайта оралады.

Қасымхан қала сахнасында Шәкен Аймановтың "Абай" спектаклінде Михайлов, Ғабит Мүсіреповтің "Амангелді" спектаклінде Мұңайтпас, Константин Симоновтың "Прага каштаны аясындасында" Жокич, Әбділда Тәжібаевтың "Майра" пьесасында Дүрбіт рөлдерін шебер ойнады. Белгілі тұлғаның сомдаған әрбір спектаклі (С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" 1955-1958 жж., "Аршин-Малалан" 1965 ж., "Жалбыр", "Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу", "Қыз Жібек", "Асауға тұсау", “Шұға”, “Тау қызы”, “Амангелді”, “Жаяу Мұса”, “Біздің үйдің жұлдыздары” т.б.) өзінің ғажайыптығымен, қайталанбастығымен, бейнелілігімен ерекшеленетін.

Актер Қасымхан Шаниннің шоқтығы биік жұмысы Сәбит Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" спектакліндегі Шоқанның бейнесі болатын. Осы рөлі үшін ол қазақтың Шоқанын сомдаған актер ретінде тарихта қалды. 1958 жылы Алматыда өткен "Театр көктемі" фестивалінде бұл қойылым ерекше бағаланып, Қасымхан Шанин фестиваль лауреаты атанған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, театр сыншы Әшірбек Сығай Театр журналының 2014 жылы 9 санында шыққан мақаласында Қасымхан Шанин туралы былай деген болатын.

– Марқұм Қасымхан Шанин өнерін ойласам жаным жүдеп қалады. “Алдар Көсе”,  “Ботагөз”, “Қараш-Қараш оқиғасы” фильмдерінде жарқ-жұрқ еткен ғаламат ойынымен өнер отын жалындатқан еркін де ер Қасағамды тағы бір қимасымыз, асылымыз Шәкен Айманов ағамыздың маңынан жиі ұшырататын сол бір дәуренді де аңсайтынымыз табиғи да, заңды нәрсе. Сахна серілері бірін-бірі риясыз танып жатқан, 55 жылы Шоқан Уәлиханов спектаклінің тұсаукесеріне авторы Сәбит Мұқанов қатысты. Шоқан Қасымханның ең алғашқы, ең басты рөлдерінің бірі болды. Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың бейнесін театр сахнасында тұңғыш сомдаған Қасымхан Шанин. Шоқан – Қасымханның ең алғашқы, ең басты рөлдерінің бірі болды Қасымхан сомдаған Шоқан театр сахнасына бірінші шықты, – деп еске алды театр сыншысы.

Актер Қасымхан Шаниннің кинода сомдаған рөлі өте көп. Мәселен, "Қазақфильм" студиясы түсірген Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" фильмінде Бүркітбайдың, Мұхтар Әуезовтің "Қараш-Қараш" оқиғасы фильмінде тілмаштың рөлін шебер ойнайды.

Ал 1960 жылдан бастап Қасымхан режиссер ретінде "Шұға", "Жаяу Мұса", "Тау қызы", "Амангелді" сынды сүбелі шығармаларды тамаша сахналап, театр даңқын арттырады. Суреткердің музыка сырын терең игергені театр өнеріне қосқан үлесі десе де болғандай.

Жетісай театрының негізін қалап, халық театрының дайындаған "Қыз Жібек" спектаклін Кремль сахнасына көрсетуіне, "Жалбыр" спектаклімен аймақтық фестивальде жеңімпаз атануына күш-жігер жұмсаған Қасымхан Шанин өз заманының өнер жанашыры, жаңалық жаршысы болды. Қасым шығармашылығының айырықша парағы оның кинематографиядағы жұмыстары болды. Ол қазақ кинематографиясының Алтын қорындағы бірқатар фильмге түсті.

Қасымхан шебер актер әрі режиссер болуымен қатар, әуелетіп ән салатын әншілік өнерімен ерекшеленген. Ол Әміре шырқаған "Ағаш аяқ" пен "Бүркітбайдың" әнін шебер орындаған.

Алыстаған сайын асылға айналған тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, өнер өкілдері Жұмат пен Жанбикенің, Әкіш пен Мәкіштің соңынан ерген Қасымхан Шанин досқа адал, өнерге шын берілген, бала-шағасына аса қамқор жан еді. Небәрі 44 жаста дүниеден озып, өзімен бірге арман-мұратын арқалап кеткен өнер иесінің өмірі мен өнері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары даусыз.

Жанат Шанина


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар