Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қыпшақ Қоңыр» – түркі әлемінің ортақ қазынасы...

11.10.2024 1364

«Қыпшақ Қоңыр» – түркі әлемінің ортақ қазынасы

«Қыпшақ Қоңыр» – түркі әлемінің ортақ қазынасы - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершудің «Қыпшақ Қоңыр» атты кітабының таныстырылымы өтті. 

Жиын мажар ғалымы, түркітанушы Қоңыр Мандоки Иштван жайлы видеороликтен басталды. Ғалым сөзінен үзінді келтіре кетсек. «Бір қыпшақ туғандарымызды тапсаң бақытты боламыз, халқымызды қайтадан байланыстырсаң өте риза боламыз деген еді, бұл аманат сөзге құлақ салып, бала кезімнен осыған байланысты іздене бастадым. Сөйтіп ең бірінші совет қазақ әріптестермен танысып, аптада 2-3 рет кездесіп біраз сөздерді үйрендім, совет одағынан қайтып келгеннен кейін газет-журналдарды оқуды бастадым, бара-бара Қазақстанға келгім келді, бірақ рұқсат берілмеді, 1976 жылы Қазақстанға келуге ресми түрде рұқсат берілді, одан бері жыл сайын келуге тырысам Алматыға. Жалпы мажар тілінде түркі тілімен ұқсас не бірдей сөздер саны аз емес, бір мың жарым сөз бар, арқан, алма, балта... мажарша сөйлесек те, біздің тіліміз таза әдеби емес. Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақтар тілін таза сақтауға тырысады, қыпшақтар тілден айырылды, бұл адамзат баласына ең зияны - бір ұлт өз ана тілінен айырылса, ол өліммен бірдей. Бірнеше жылдан бері Қазақстан жеріне келіп байқағаным, қазақтармен таза қазақша сөйлесу өте қиын. Алматыдағы жастар қазақша білсе де сөйлескісі келмейді не қазақша сөйлескенде жартылай орысшалап кете береді. Қазір тілге рұқсат берілді, тіл жағынан тазалану керек. Тіл бәрінің негізі ғой, егер қазақ тілі болмаса,  онда бір халықтың  рухы таза бола алмайды. Ой-пікірді жалғыз қазақ тілмен жеткізуге болады. Бала-шағасына таза жеткізсе, кейінгі ұрпақтары бақытты болады»,- деген екен ғалым өз сөзінде. 

Жиынды ақын, журналист, халықаралық  «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Ол көпшілік қауымға арналған бұл туынды Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына арналып отырғанын, кітапқа белгілі түркітанушы, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандоки мен тілші-ғалым атыраулық  Оңайша – Айша Мақсымқызының  сан тарау өмір жолы, тағдыры, махаббаты, еңбек жолдары, арман-мұраттары  арқау болғанын айта келіп, «замананың желі соққанда әртүрлі жағдайлар болды, түркі елдерінің үлкен дүниесінде бір-бірін жау көрген, бірімен бірі араласпай қалған кезеңдер болды, ал Қоңыр ағамыз жалпы түркінің бір екенін, түбіміз бір екенін өле-өлгенше дәлелдеген жанкешті азамат болды. Мына кітапта ол кісінің ғұмыры, бастан кешкені, бәрі деректі проза үлгісімен жазылған екен, өзім сүйсініп оқыдым, өте тамаша», деп пікір білдірді. Айта кету керек, кітаптың алғысөзін қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жазған екен.

Тілші-ғалым, Қоңыр Мандокидің жары  Оңайша – Айша Мақсымқызы осы кітаптың жазылуына себепкер болған кітапхананың бұрынғы басшысы Үмітхан Мұңалбаеваға, Будапештке арнайы барып еңбектенген автор Маржан Ершуге, осы кезге дейін Қоңыр Мандоки еңбектеріне құрметпен қарап, ғалым еңбегінің елге жетуіне, насихатталуына еңбек сіңірген, ғалым жайында ағылшын, мажар, қазақ тілінде кітап жазылуына бастамашы болған, ауқымды конференциялар өткізген Дархан Қыдырәліге  алғысын білдірді. «Бұл кітаптың шығуы қазақ, қыпшақ, мажар үшін де маңызды болып отыр. Чехия, Словакия ғалымдары, Қоңырдың достары «Қоңыр туралы кітаптың қазақшасы шығыпты ғой, неге мажарша шықпайды» деп жатыр. Мажар мен қазақ арасындағы саяси, мәдени байланыстардың дамуына қол ұшын беріп, екі ел арасындағы азаматты жоқтатпай жүрген азаматтарға рахмет» деді. Бұдан кейін «Дарын» жастар сыйлығының иегері Бекзат Смағұлов Қоңыр Мандокидің мерейтойын тойлауға қатысты іс-шаралар жөнінде айтып өтті.

Әрбір әдеби-мәдени жиынның салмағын көтеретін ондағы айтылған салиқалы сөз бен ойда қалар орнықты әңгіме екені анық. Осы орайда өзімізге ұнаған сөзді диктофоннан ықшамдап түсіріп алып ұсынып отырмыз. 

Академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі:

- Қазақтың қыздары батыр ғой, Оңайша апамыз Қоңыр ағамыздың қасында жүріп, мажар жұрты мен қазақ даласының арасын жалғаса, Маржан замандасымыз осындай жақсы дүние жазып шығарып отыр. Маржан қай істі қолға алса да жеріне жеткізеді ғой, кейіпкерімен сұхбаттаса жүріп, архив құжаттарын ақтара жүріп жазған екен, құтты болсын! Қазіргі жас ұрпақ Қоңыр ағамызды білуі керек. 2019 жылғы Карабах оқиғасынан кейін түркі әлеміне деген қызығушылық қатты артты. Біз Түркі Академиясында жыл сайын әлеуметтік зерттеу жүргізетінбіз, қазір біздің аудиторияда негізінен жастар, түркі әлеміне қатысты кез келген жаңалықты толқыныспен қабылдайды. Осыдан он жыл бұрын түркі әлемі туралы айта бермейтін. Қоңыр ағамыз осыны айтуды бастаған жылдар алпысыншы жылдары түркі әлемі деген сөзді айтқан адамдар түрмеге кететін. Түркі әлемінде қысқа уақыттың ішінде қаншалықты жол жүріп өткенімізді байқауға болады. XX ғасырдың соңында Еуразия кеңістігіндегі әлемді дүр сілкіндірген оқиға – кеңес одағының тарауы және Алтайдан бастап, Байкалдан Балқарға дейін, кешегі Дешті-қыпшақ мұрагерлерінің қайта бас қосуы десек, соның түп бастауында осы Қоңыр ағамыз тұр. Мен өзім ұлы деген сөзді қолдана бермеймін, бірақ, Мандоки ағамызды ұлы тұлға деп бағалауымыз керек. Ол ел мен ел арасында алтын арқау бола алды. Қаймықпай қазақ даласымен келіп, әуелі хат алысып, байланысқа шыққаны ерлік. Олжас ағамыз бар, Қазақ Ғылым Академиясы араласып, Телғожа ағамыз әлі тірі, алдымен хат жазысып, алғаш аэропорттан қарсы алған кісі, хаттары біздің академияда сақтаулы тұр. Олжас Омарұлының Шыңғыс Айтматовпен байланысып, Қырғызстанға жіберткенін білеміз. Моңғолияға барған, қай жерде қыпшақтың, түркі кіндігінен жаралған халық бар, соның бәрін іздеп, арасын байланыстырып, фольклорын, әдебиетін, мұрасын зерттеп, Еуропадағы түркі халықтарын оятуға тырысқан, тарихқа да, түркологияға  да барып, жұлдызсыз қараңғы түнде із салған Қоңыр ағамыз жанталасып тоқсаныншы жылдарға жетті. Өте жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Құман кім, құмық кім, балқар кім, соның бәрін түгендеп, насихат жүргізіп жүргенде секем алған жүйенің құрбаны болды деп ойлаймын мен. 

Қоңыр ағамыздың таңдауы қазақ даласына түскені таңғалдырады, өзінің болашағын, ұрпағын қазақпен байланыстырды, ақырғы сөзін «мені қазақ даласына жерлеңдер» деп, Алатаудың баурайына мәңгілік мекенін сайлап кетті. Оның бәрі бекер емес, Ол кісі жалпы осы үлкен пассионарлық күштің, түркі әлеміндегі жалпы байланыстардың осы интеграцияның қара шаңырағы ретінде қазақ даласынан бастау алып жалғасатынын сезгендей көрінеді. Ол кісі тек ғалым емес, қайраткер. Көп дүние жинаған. Ол түркі халықтарын оятуды ең басты мақсат деп білген.  Қаншама жерді аралаған, тілдескен. 

Біз Түркі Академиясы құрылғанда бірінші Мажарстанның үлкен түркологтары бар, сол мектепті жалғаған Қоңыр ағамыздың отанына барып, тағзым етіп, амандасудан бастадық. Будапешттен бастап, Айша апамыздың қолында кітапханасы бар екен, соны сұрайық дедік. Әрине, апамыз басында бергісі келген жоқ, көзі, сөзі, қатталған мұрасы, «айналайын, бұл кітапхананы Иманғали сұрады, Мырзекең сұрады, бере алмаймын» деді. Апамыздың есінде шығар, сонда мен: «Ағамыздың тәні мен рухын айырмаңыз, тәні қазақ даласында жатыр, рухы сіздің үйде, біздің ел ертең түркологияның орталығы болады, ағамыздың рухы сол жерге құт болып қонады» дедім. Айша апамыз енді сөз қонған адам ғой, «әй, өзің сөз тауып кеттің, бердім» деді. Артынан «кітапхана біздің елде тұру керек» деп  Мажарстаннан хабарласты, олар қарманғанша кітапхана ол елден шығып кетті.  Тамыз айында ағамыздың 70 жылдығына байланысты халықаралық форум өткіздік. Жиынға алаштың абызы, Қоңыр ағамыздың қайынағасы деуге болады, Әбіш ағамыз келді. Ұлының қайғысы бар, денсаулығы сыр беріп жүрген кезі болса да келіп, абыздық сөзін айтты. 

Біз бір түнде кітапхананы өзгертіп, Қоңыр Мандоки деп атап, орнына 16 мың кітаптан тұратын кітапхананы жайғастырып үлгердік. Түнгі 12-де көлік келді, таңғы 8-ге дейін орналастырып үлгерді. Венгриядан делегация келді, Қоңыр ағамыздың біраз достары келді.  Айта кетерлігі Түркі Академиясының бірінші сапары Мажарстанда болды, халықаралық бірінші меморандумға қол қою Мажарстанмен жасалды, бірінші үлкен форум да сол елмен өтті, ең алғашқы медаль Қоңыр медалі болды, номері біріншісін Әбіш ағамыз кеудесіне тақты. Қоңыр ағамыздың мұралары келгеннен кейін Академияның жолы ашылды, Моңғолияға барды, бүкіл Түркі әлемімен байланыстары жолға қойылды. Академияның жалпы түркі әлемімен интеграциясының жандануына Қоңыр ағамыздың рухы жәрдем берді дер едім. «Үзілмеген үміттер» кітабы шықты. Библиографияға қатысты еңбегін шығаруға Бабағұмар Қинаятұлының еңбегін айту керек. Қоңыр Қадыралы, Лаура Әбенова бар, бірақ негізгі қызметті Айша апамыздың өзі жасады. Мажарстан Түркі Кеңесінің толық мүшесі болды. Кітапхана келгеннен кейін Мажарстан бізбен байланысын нығайтты, Түркі Академиясына бақылаушы, кейін мүше болды. Міне, Шығыс пен батыс түркілерінің байланысының нығаюына Қоңыр ағамыздың үлкен үлесі бар. Оның досы Александр Лежак қазір Мажарстан парламентінің көсемі деп айтуға болады, Мажарстандағы демократияның басында тұрған тұлға. «Шығысқа жол» деген бағдарламасы арқылы түркі әлеміне қатынасын нығайтты, кафедраларын күшейтті, екі мыңға жуық қазақ баласына стипендия беріп жатыр, Қазақстанмен алыс-берісі көбейді, соның бәрінің басында апамыздың кітапхананы берген оқиғасы тұр.  

Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі Қоңыр ағамыздың ескерткіші осы Астанада тұруы керек деген бастама көтерді.  

Жиында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Ровшан Кязимов,  жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург, эссеші Айгүл Кемелбаева және тағы басқалар сөз сөйлеп, ғалым еңбегін насихаттау, тіл ғылымының дамуына қатысты ой-көзқарастарын білдірді 

Соңында «Қыпшақ Қоңыр» атты кітабының авторы Маржан Ершу сөз алып, тоғыз жылдан бері ойында жүрген дүниесін қалай жазғанын, бұл тақырыпқа қалай келгенін, қандай оқиғалар болғанын келістіріп жеткізді. Маржан Ершу   «Қыпшақ Қоңыр» кітабы арқылы көпшілікке  Қоңыр Иштван Мандоки туралы беймәлім мағлұматтарды ұсынуды, тұлғаны кеңірек таныстыруды мақсат еткен. «Қазақ тілі – қыпшақ тілі, қазақ – менің бауырым» деп қазақ тілі қыпшақ тілінің негізі екенін деп дəлелдеп берген Қоңыр Иштван Мандоки жеті ғасырдан бері үзіліп қалған ұрпақтар байланысын жалғады. Қазақ қызы Оңайшамен бас қосты. Қоңыр Мандокидың  артында қалған мол тарихи-ғылыми еңбегі – бүкіл түркі жұртына мұра» деген ой айтты.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар