«Тастұма» рухани танымдық залы ашылды

Бөлісу:

05.09.2024 844

Сол күні күн жарықтық та маужырап, әсем күйге түсіп тұрды. Шығыстан самал жел соғып, дүниенің реңі айрықша күйге түсті. Шіркін өмір-ай!  Өтіп бара жатқан уақыттың жүрісінде шектеу жоқ. Кеше ғана еді. Арамызда жүрген ардақты асыл жан, ғазиз адам Заман Төлеуовтың ортамызда жүргені.  Ой деген у дейтұғын. Қаншама көркем дүниелер жазып, қалың оқырманына, қазақтың әдебиетіне мұра қалдырған Зәкең,  жалған дүниені артқа тастап, қайтпас сапарға аттанып кете барды. Бәрі де көрген түстей. Баянсыз өмірдің, тұрлаусыз тіршіліктің айқын айғағы осы...

Қалың ел жиналды «Бүгін  біз жазушы, аудармашы, өлкетанушы Заман Төлеуовтың есімін ұлықтап, өзі біраз жыл еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан Қойлық ауылдық Мәдениет үйінде «Тастұма» рухани-танымдық залының ашылу салтанатына жиналып отырмыз» деген жүргізушінің саңқылдаған қоңыр үніне еріксіз назар аудардық.

Ердің елге бағасы-қаны бір болуынан емес, жаны бір болуында деген алаш алыптары. Рас, ой тілі сөз деп аз ғана тіршілігінде ойдан мүсін орнатып қаншама көркем дүниені жазып, қалың қазағына, ардақты оқырманына сыйлап кеткен Заман Төлеуовтың жақындары, әріптес достары, оқырмандары жиналып салтанаттың іс-шараның ашылуын асыға күтті. 

Алдымен алғашқы сөз Сарқан ауданының әкімінің орынбасары Алмас Байгунысовке берілді «Жарықтық Заман Самалбекұлы не жазса да, қандай көркем дүниеге қалам сілтесе де айрықша етіп жазған, ол кісінің тақырыбы қазіргі уақыт ахуалы, заман демі, уақыт желі әттеген-ай дейтұғын кемшіліктерді жүрек көзімен көріп, халықты адамгершілікке, имандылыққа  насихаттаған жан»,-деді.

«Заман аға» әні шырқалды. Сөзін жазған Жангелді Немеребай, әні Нұржан Ахметбековтыкі. Қазақстан Жазушылар одағының  Жетісу облысының өкілі ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Жангелді Немеребай сөз алып жазушының шығармашылығына айрықша тоқталды.  Көз көргенді ой таниды демекші, Заман Төлеуовтың қай әңгімесін оқысаңыз да, ол кісі тек шынайылықты жазатын еді.  Көп сөзге әсте құмар болмайтын. Ақылға салатын. Ойға сап таразылайтын. Иә, бүгін ғалымның хаты, әлімнің аты өлмейді демекші, «Тастұма» танымдық залының ашылуы үлкен жаңалық,-деді ақын бауырымыз.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы кафедра меңгерушісі Филология ғылымдарының докторы, профессор Раушан Авакова ханым сөз алып,  ХХІ ғасырда қазақ әдебиетінің қорына   сүбелі үлес қосқан, уақытпен үндесіп отырып, көлемді көркем дүние жазған Заман Төлеуовтың шығармашылығына айрықша тоқталып, ол кісінің жарқын бейнесі келесі ұрпаққа сабақтасып, мол мұрасы елдің жадында мәңгілік қалады деген тамаша түйінді ойларын ортаға салды.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Раушан Абдикулова сөз алып, жазушы жайлы өзінің жүрек түбінде жатқан салмақты да, тартымды пікірлерін ортаға салып, Қарақуыс романын толығымен зертегенін,

Қазіргі алмағайып заман мен заман адамының келбетін шынайы таныта алар қасиет нағыз өнер туындысына тән белгілі деген ойлы сөзбен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің түйіп берді.

«Сарқан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Сарқан ауданының құрметті азаматы Игіман Жомарт  Мақатұлы сөз алды. Қара сөзге келгенде  су шайқалмас жорғадай тайпалай жөнелетін Игіман Жомарт, жазушының шығармаларындағы басты кейіпкерлерге айрықша тоқталып,  бір демі әрі, бір демі бері боп тұрған заманда, жазушы адамгершілікті басты бағытқа алып, құндылыққа, ұлылыққа  көңіл дүрбісін сала білді. Ол кісі не жазса да,  көңілмен, жүрекпен жазды. Сосын барып оны оқырмандары іздеп жүріп оқиды,-деді өз сөзінде.

Алаш зиялысы. Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті мүшелерінің бірі, заңгер Базарбай Мәметовтың  шөбересі Нүрсейіт Нүркен, Бердібек Соқпақбаев қорының президенті, Ұлы Дала қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғабиден Жәкей, Құрмет орденінің иесі, ҚР мәдениет қайраткері Академик,Дархан ұста,Түрік дүниесі сыйлығының иегері Махмұт Құлментегіге салтанатты түрде сөз беріліп, жазушының өткен ғұмыр-дерегінен, шығармашылығынан  сөз алғандар өз ойларын ортаға салып, рухани танымдық залдың ашылу салтанатымен құттықтады.

Иә, жазушының шығармаларын елге кеңінен насихаттап жүрген Заман Төлеуовтың жары Гүлмира Ажиханова сөз алып, қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында Заман Самалбекұлы тек қана шығармашылықпен айналысты. Алла сүйген құлына  ерекше қасиет пен қабілет береді ғой, әрдайым ой үстінде жүріп, қиял қанатымен ғаламшарды шарлап, өзінің күнделікті ортасында көргеендерін жүрек қалтасына жинаған Заман Самалбекұлы, соңғы жылдары қолынан қаламы түскен жоқ. Бәлкім қысқа ғұмырында халқының жүрегінен мәңгілік орын алайын деп жанталасқан шығар. Әйтеуір қаншама кітаптары ел жадында, қазақ әдебиетінің қорында қалды. Бүгін міне «Тастұма» рухани  танымдық залының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Асылы адам өмірінің суретшісі деген  сөз зергерлері, барлықтарыңызды осы салтанатты іс-шараға қатысып отырғандарыңызға мың да рахмет!  деп өзінің жан жарына деген ыстық ықыласын, махаббатын, сағынышын айтып түйіндеді.

«Тастұма» рухани танымдық залында жазушының шығармалары қойылған. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл залда танымдық, мәдени іс-шаралар өтіп тұратығы жайлы айтылып лентасы салтанатты түрде қиылды.

 Көркем сөздің хас шебері атанған, мыңдаған оқырманына өзінің көркем дестеленген ойларымен танымал Заман Төлеуовты  елі, халқы, әріптестері мен замандастары оқырмандары ешқашан ұмытпайды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар